Наурызда Семейде ресейлік "Вагнер" жалдамалы әскер тобының қатарында Украинадағы соғысқа қатысқан тағы бір қазақстандық жерленді. "Вагнер" тобына қосылуға шақыратын онлайн-ресурстар жұмысына неге тыйым салынбайды? Қазақстанда шетелге соғысқа кеткен азаматтарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанына қарамастан, ел азаматтарының "Вагнерге" жалданып, жұмысқа кетуінің сыры неде? Бұдан Қазақстанға қандай қауіп бар? Азаттық осы сұрақтарға жауап іздеп, 30 жылдан астам уақыт Орталық Азиядан хабар таратып жүрген журналист Брюс Панниермен сөйлесті.
СЕМЕЙДЕГІ ЖЕРЛЕУ РӘСІМІ
Наурыздың басы. Семейдегі шағын үйдің ауласында үстіне қызғылт түсті жамылғы жабылған ағаш табыт тұр. Жанына марқұмның аты-жөні, өмір сүрген жылдары мен шағын портреті бедерленген металл крест қойылған. Үй маңында он шақты адам жүр. Әйелдердің бірі дауыстап жылап, көп ұзамай сап тыйылды.
Креске жазылған ақпаратқа қарағанда, марқұм 33 жаста болған. 2022 жылғы 17 желтоқсанда қаза тапқан. Туыстарына суық хабарды Ресей президенті Владимир Путиннің досы, олигарх Евгений Пригожин құрған жекеменшік "Вагнер" әскери тобы жеткізген. Жалдамалы әскерден құралған топ әртүрлі елдегі әскери қақтығыстарға қатысады. Қазір олар Украинада соғысып жатыр. АҚШ "Вагнер" тобын трансұлттық қылмыстық ұйым деп таныған.
– Артиллериялық шабуылдан қайтыс болды, – дейді жерлеу рәсімінде жүргендердің бірі.
Жақындарының мәліметінше, Семей тұрғыны қарашада Ресейге кеткен. "Вагнер" тобы жіберген хабарламаға қарағанда, бір айдан кейін Украинаның оңтүстік-шығысындағы Бахмут қаласының түбінде қаза тапқан. Бірнеше айдан бері Ресей әскері мен Украина күштерінің арасында Бахмут қаласы үшін қиян-кескі шайқас жүріп жатыр. Ресей жағында "Вагнер" тобы да соғысып жүр.
Әпкесінің сөзінше, марқұм Қазақстанда маусымдық жұмыс істеген. Ресейге кеткеннен кейін сирек хабарласқан, "нан тауып жүрмін" дегеннен артық ештеңе айтпаған. Туыстары оның "Вагнер" тобына қосылу ниеті барын білмеген.
– Әлеуметтік желіден көрген шығар. Құпия ақпарат емес. Бәрін жаппай шақырып жатты ғой, – дейді марқұмның туысы.
"ВАГНЕР" ТОБЫ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ТҰРҒЫНДАРЫ
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін 2022 жылғы наурыздан бастап "Вагнер" тобы белсенді түрде адам жинай бастады.
Пригожин Ресей түрмелерін аралап, жазасын өтеп жатқандарды Украинада соғысуға шақырды. Келіскендерді түрмеден босатып, ақша төлейміз деп қызықтырды. АҚШ барлау қызметі Украинадағы "Вагнер" әскерінің саны 50 мыңға жуықтайтынын, олардың 90 пайызы түзеу колонияларынан алынғандар екенін, арасында ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлер барын айтқан.
"Вагнер" тобының жарнамасы Орталық Азияны да айналып өтпеді. Азаттықтың Тәжік, Өзбек, Қырғыз редакциялары Украинада Ресей түрмелерінен жиналған адамдар қырылып жатқанын жазды. Озоди радиосы (Тәжік редакциясы) қаза тапқан азаматтар қатарында 20 тәжік барын анықтаған.
Жалдамалы әскер жинау күштеп жүргізілген кездер де болды. "Вагнерге" ғана емес, Ресей әскеріне адамдарды, оның ішінде Орталық Азия азаматтарын алдап, қорқытып-үркітіп тартып жатыр деген ақпарат тараған.
Әскерге адам жинау науқаны Орталық Азияда да астыртын хабарландырулар арқылы жүрген.
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті "Вагнер" қатарында соғысып жүрген қазақстандықтар туралы ақпарат бермеді. Комитет бұл деректерді "шектеулі ақпаратқа" жатқызады. Бірақ Украинада майданда жүрген адамдар бары сөзсіз: ара-тұра олар туралы хабарлар шығып тұрады.
Ақпанда Азаттық Ресей үшін соғысуға кетіп, майданда қаза тапқан қарағандылық екі азамат туралы жазған. Туыстары олардың ерікті түрде соғысқа баруын "ақша табу үшін және идеологиялық көзқарасына байланысты" деп түсіндіреді.
2023 жылы наурызда "Вагнер" жауынгерлері жерленген зираттардан ақпарат жинап жүрген краснодарлық белсенді Виталий Вотановский Қазақстаннан да туысын іздеп хабарласқандар барын мәлімдеді. Оның айтуынша, әлгі адамдар аты-жөнін атамады. Белсендіге жазған кісі Вотановскийдің Telegram-дағы арнасына зират басынан жарияланған суреттерден жақын адамы туралы ақпарат көріп қалғанын айтқан. Ол мәйітті Қазақстанға қалай алдыруға болатынын сұраған. Кейін әлгі жазғандарын өшіріп тастаған. Сәуірдің басында Вотановский күш құрылымдары қысым көрсеткеннен кейін Ресейден кетуге мәжбүр болғанын айтқан.
Аноним ақпарат көздері Азаттыққа солтүстіктегі Ресеймен шекаралас өңірлерде "Вагнер" тобына қосылып, Бахмут түбінде қаза тапты делінген бірнеше адам туралы ақпарат берді.
"БАВАРЕЦТЕН ЖҰМЫСҚА КЕЛДІМ"
Статистикаға сәйкес, Қазақстанда Google-дан "Вагнер" тобы туралы ақпаратты көбіне Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облысынан желі қолданушылар іздейді.
Биыл ақпанда "Вагнер" тобына шақыру офлайн жүре бастады. Байқоңыр қаласының ресейлік әкімшілігі Украинаға соғысқа баруға келіскен адамдарға 260 мың рубль көлеміндегі бірреттік төлем беріледі деген қаулы шығарды.
Құжатта бұл ақша "Байқоңыр қаласында тұратын, Украина, Донецк Халық Республикасы, Луганск Халық Республикасы, Запорожье және Херсон облыстарында ерікті түрде арнайы әскери операцияға қатысып, әскери қызмет атқару бойынша келісімшартқа отырған азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін көтеру мақсатында" берілетіні жазылған. ("Донецк Халық Республикасы", "Луганск Халық Республикасы" – Украинаның шығысындағы өзін өзі жариялап алған сепаратистік құрылымдар – ред.)
Байқоңыр кешеніндегі Қазақстан президентінің арнайы өкілдігі "Әлеуметтік желіде қала тұрғындарына соғысқа қатысқаны үшін ақша төлейміз деген жалған ақпарат тарап жатыр" деп мәлімдеді. Қазақстан бұл хабарландыруды Ресей азаматтарына арналғаны үшін ғана "жалған" деп отыр.
Қазақстанда "Вагнер" тобына қалай қосылуға болатыны тәптіштеп жазылған ақпаратты интернеттен оңай табуға болады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі арналарда осындай хабарландырулар өріп жүр. Мұндай топтардың админдерімен байланысқа шықсаңыз, кандидаттарға қандай талап қойылатыны, әскери топқа қалай қосылуға болатыны жөнінде жазбаша және аудио түріндегі нұсқаулық келеді.
Осы ақпаратқа қарағанда, "Вагнер" тобы Еуроодақ, НАТО мен Украинадан басқа кез келген елден әскер жинайды. Ал Қазақстанда жалдамалы әскер қатарын толықтырумен кемі екі адам айналысады.
Кандидаттардан қазақстандық кей зертханаларда жасалған медициналық сараптама қорытындысы мен біраз құжат сұралады. Топқа қосылуға ынта білдірген адамның жасы, мамандығы, бұрын сотталған-сотталмағаны, түрмеде отырған болса, қандай қылмыс үшін жаза өтегені маңызды. Одан басқа да мән беретін дүниелер бар.
Талапқа сай келген адамға әлеуметтік желідегі парақшасын өшіріп, Ресейдің Краснодар қаласынан 40 шақырым жердегі "Вагнер" базасына келуді тапсырады. Ол адамға өзімен бірге сөйлесуге ғана жарайтын ескі телефон алуға болады. Бұл процесс "жұмысқа тұрғызу", ал соғысқа жіберу алты ай не одан көп уақытқа созылатын "іссапар" деп аталады. Ресей жағында соғысуға келіскендерге жол-көлік шығыны, жалақы, сыйақы, тұратын жердің ақысы төленеді, компания тарапынан әскери жабдық беріледі.
"Бақылау-өткізу пунктінде (полигонға кіретін орталық қақпа) сарбаздардан "Пионер лагеріне қалай барамын?" деп сұрайсыз. Ал Казарь ауылының жанындағы бақылау-өткізу пунктінде "Баварецтен жұмысқа тұруға келдім" дейсіз". Хабарламада осылай жазылған. Осыдан кейін жұмысқа шақырған адаммен байланыс үзіледі. Әңгімені ары қарай жалғастыру үшін кандидат телефон нөмірі мен жеке деректерін жіберуі керек.
Админ "Қазақстанда соғысқа барғаным үшін түрмеге отырғызбай ма?" деген сұраққа жауап бермейді.
ҚЫЛМЫС ПЕН ЖАЗА
Бірақ бұл сұраққа жауап табу қиын емес. Қазақстанның қылмыстық кодексінде 170-бап бар. Онда "жалдамалы әскер қатарына қосылу, осындай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі" деп жазылған. Ондай қылмыс жасаған адамды 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырып, мүлкін тәркілейді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттықтың "Вагнер" тобының қызметіне байланысты сұрағына берген жауабында 172-бапты ("шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу") атады. Бұл бапқа сәйкес, Қазақстан азаматы жалдамалы әскер қатарына қосылмай, өз бетінше шетелдегі әскери қақтығысқа қатысса, тоғыз жылға дейін түрме жазасы берілуі мүмкін.
Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілді.
Ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа қарағанда, кейінгі жылдары елде жалдамалы әскер қатарында соғысқаны үшін ешкім жауапқа тартылмаған.
Бірақ "шетелдегі әскери қақтығысқа қатысу" бабы бірнеше рет қолданылды.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің дерегінше, 2015 жылы 172-бап бойынша 15 қазақстандық жауапқа тартылған (комитет оларға шығарылған үкімдегі нақты жаза мерзімін хабарламады – ред.). 10 азамат 1 жылдан 3 жылға дейін, төртеуі 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылған, бір адамға шартты жаза берілген. 2019 жылы үш азамат сотталған. Біреуі 8 жылдан 10 жылға дейін, екіншісі 5 жылдан 8 жылға дейін, үшіншісі 1 жылдан 3 жылға дейін бостандығынан айырылды. 2021 жылы шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін бір адам істі болды. Оған жаза ретінде заңнамада белгіленгеннен де аз мерзім берілді.
2022 жылы бұл бап бойынша бірде-бір іс қаралмаған. Қазақстандықтарды "Вагнер" тобына шақыруға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Азаттыққа берген жауабында "Салалық органдар шетелдегі қақтығыстарға қатысқан азаматтарды тауып, жауапқа тартуға тырысып жатыр" делінген.
Ақпанда комитет 172-бап бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Редакцияға 25 наурызда түскен хатқа қарағанда, қазірге дейін дәл осындай жеті азаматтың үстінен іс қозғалған.
"ЖАЛДАМАЛЫ ЖАУЫНГЕРДІҢ ЕШ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ"
Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазақстанда азаматтарды "Вагнер" қатарына шақыратын ресурстар қызметіне неге тыйым салынбайды?" деген сұрақты жауапсыз қалдырды. Мекеменің жауабында "қалған сұрақтарға жауап беру құзыретімізге кірмейді" делінген.
Азаттық "Вагнер" тобының Қазақстандағы қызметіне қатысты сұрақтарды 35 жылдан бері Орталық Азиядан хабар таратып келе жатқан журналист Брюс Панниермен талқылап көрді.
– Кез келген интернет ресурсты бұғаттауға қауқары жететін ұлттық қауіпсіздік комитеті "Вагнер" қатарына шақыратын арналарды неге жауып тастамайды? Осындай хабарландыру таратып жүрген адамдарды неге қылмыстық жауапкершілікке тартпайды? Мұның себебі тағы да Қазақстанның Ресейге қарсы келуден жасқануы ма?
– Ондай сайттарды бұғаттау үшін Қазақстан "Вагнерді" заңсыз ұйым деп тануы керек. Ресейде бұл топ "жекеменшік күзет фирмасы" деп тіркелген. Басқа мемлекеттер "Вагнерге" қосылған азаматтарды "жалдамалы жауынгерлер" немесе "террористер" деп атайды. Сондықтан топ мүшелері "заңсыз комбатант" немесе "террорист" ретінде жазаға тартылуы мүмкін.
Қазақстанда "Вагнер" тобы заңсыз, террористік ұйымдар тізіміне енбеген болса, оған қосылған адамдарды не деп айыптайды? Қазақстан билігі Ресейдегі жекеменшік компанияға жұмысқа тұрған адамның елден шығуына қалай тыйым салады? Техникалық тұрғыдан алғанда, бұл азаматтар шетел әскерінің не Қазақстан террористік деп таныған ұйымның қатарына қосылып жатқан жоқ.
Ресейде жекеменшік компания деп аталатын ұйымға адам тартатын сайттардың бұғатталуын мемлекет қалай түсіндіреді?
Мұндай топтар туралы заңдарда нақтылық жоқ. АҚШ Иракта әскери операция жүргізгенде, америкалық Blackwater қатысқан. Соңында Ирак үкіметі бұл топтың қызметін заңсыз деп тапты. Blackwater АҚШ-тағы жекеменшік әскери топтар сияқты басқа елдердегі қақтығыстарға қатысты. Топ тарағаннан кейін басқа атпен қайта құрылды. Blackwater тобының негізін қалаған Эрик Принс әлі де әлемді еркін аралап жүр.
Қазақстан "Вагнер" тобын жалдамалы әскер деп таныса... Ресей президенті Путин "Вагнер" әскери тобының басшысы Евгений Пригожинмен жақын араласқанын білеміз. Кей адамдар "Вагнерді" Путиннің жеке әскері деп те атады. Кремль әртүрлі айла-тәсіл қолданып, бұл топқа қатысы барын жоққа шығаруы мүмкін. 2022 жылы Новоросийск порты төрт рет түсініксіз себептермен жабылып қалды. Бұл Қазақстанның мұнай экспортына зардабын тигізді. Қазақстаннан шетелге шығарылатын мұнайдың 80 пайызы Ресей арқылы тасымалданады.
– Қазақстандықтар елде қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупіне қарамастан, "Вагнер" тобына не үшін қосылып жатыр?
– Бұл – қиын сұрақ. Украинада соғысуға қанша қазақстандық кеткені қызық. Олардың нақты санын ешкім білмейтін сияқты.
Барлық елде мүмкіндік болса, соғысқа барып, күшін көрсеткісі келетін жастар болады. Сондықтан әлемдегі қақтығыстардың көбі шетел жастарының қатысуымен өтеді.
Туған еліндегі өмірі тас-талқан болған адамдар бар. Олардың айырылатын дүниесі, болашақтан үміті жоқ. Кей азаматтар қылмыс жасап, жұрт көзіне қарай алмайтын жағдайға жеткен.
Олар үшін осындай топтарға қосылу – қашып кетуге, өткен өмірінен құтылып, батыл қадам жасауға мүмкіндік. Францияның шетелдік легионында да жаңа өмір бастағысы келетін адам көп.
Қазақстан азаматтарына шетелдегі әскери қақтығысқа қатысуға болмайды. Бірақ "Вагнер" тобына мүше болу көп ел үкіметі үшін шешілмеген мәселе күйінде қалып отыр. Қарулы қақтығыс аймағында қызмет көрсеткен жекеменшік компанияда күзетші болсаңыз, ресми деңгейде кім деп есептелесіз?
– Орталық Азиядан Украинаға соғысқа барып, майданда қаза тапқан азаматтардың туыстары марқұмның күмәнді ұсынысқа келісуін ақша табуға талпыныс және идеологиялық көзқарас деп түсіндіреді. Сіздің ойыңызша, қазақстандықтардың "Вагнер" тобына еруінің негізгі себебі не?
– Жақсы сұрақ. Адамды ерікті түрде соғысқа баруға итермелейтін себептерді түсіну қиын.
Ықтимал факторлардың бірі – ақша. Ресей әскері мен "Вагнер" тобы жауынгерлерге жоғары жалақы ұсынатынын бәріміз естідік. Бұл Сирия мен Иракта болған жағдайды еске салады. Ол кезде де "Ислам мемлекеті" (әлемнің көп елі, соның ішінде Қазақстан да экстремистік ұйым деп таныған – ред.) өз қатарына қосылған адамдарға көп ақша төледі. Орталық Азиядан идеология емес, ақша не әскери жеңіс қуып келгендер туралы көп айтылды.
Орталық Азиядағы көрші мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстан азаматтарының жағдайы тәуірлеу. Бірақ бұл Қазақстанда кедей жоқ дегенді білдірмейді. Туған жерінен жұмыс таба алмаған жастарға Ресей әскері мен "Вагнердің" жалақысы тартымды көрінеді.
"Вагнер" тобына Ресейді қолдағаны үшін қосылатындар аз деп ойлаймын. Бірақ анығын ешкім білмейді. Кей жауынгерлер өзін Ресеймен байланыстырып, әскерге көмектескісі келуі мүмкін.
Қазақстандағы Ресей пропагандасы
Қазақстандағы жағдайды талдаған сарапшылар халықтың көбі Ресей пропагандасының ықпалына ұшыраған дейді. Көрші мемлекет пропагандасының негізгі көзі – Қазақстан аумағында еркін көрсетілетін ресейлік мемлекеттік телеарналар.
2022 жылы қарашада Demoscope қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жариялаған сауалнама қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың үштен бір бөлігінің санасын Ресей пропагандасы улаған. Ұйым дерегінше, респонденттердің 33 пайызы Кремльдің позициясын қолдаған (15 пайызы "Ресей Украинадағы нацистерге қарсы арнайы әскери операция жүргізіп жатыр", 18 пайызы "Ресей Украина жерінде Батыс және НАТО елдерімен соғысып жатыр" деп ойлайтынын айтқан). Сауалнамаға қатысушылардың 45 пайызы соғысқа баға беруге қиналған. 22 пайызы "Ресей Украинаны оккупациялап, өзіне қосып алу үшін соғыс бастады" деген.
– Қазақстандықтардың жалдамалы әскер қатарына қосылуы елдің ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер ете ме?
– "Вагнер" тобына қосылған Орталық Азия тұрғындарының бір бөлігі соғыстан тірі оралады. Біразы Ресей азаматтығын алып, сонда қалатын шығар. Бірақ туған еліне қайтатындар да болады. Олар соғыстан психикалық жарақат алып келеді. Өз отбасына немесе айналасындағыларға зорлық-зомбылық көрсетіп, қауіп туғызуы мүмкін. Бірақ ұлттық қауіпсіздікке кері әсер етеді деп ойламаймын.
– Идеал әлемде мәселелерді қалай шешу керек?
– "Вагнер" тобының қызметіне халықаралық деңгейде тыйым салу керек. Бұл қазірдің өзінде қолға алынып жатыр.
Соғыс жүргізу тәртібін бекітетін Женева конвенциясының 47-бабы I хаттамасында "Жалдамалы жауынгердің комбатант немесе әскери тұтқын болуға құқығы жоқ" деп жазылған.
Басқаша айтқанда, жалдамалы жауынгер болып, қарсы тараптың қолына түсіп қалсаңыз, еш құқығыңыз болмайды. Жалдамалы топ мүшелері ұсталған жағдайда сот пен тергеусіз атып тастауға болады деген түсіндірме де бар.
Бірақ "Вагнерге" қосылғысы келген азаматтарға бұл да тосқауыл болып отырған жоқ. Әр елдің үкіметі жалдамалы жауынгерді ешқандай заң қорғамайды, ол азаптауға ұшырап не ұсталған жерде өлтірілуі мүмкін, ал олардың қазасына жауаптылар ешқашан жазаланбайды деп түсіндіргені жөн.
Орталық Азия елдерінің "Вагнер" тобына қосылған азаматтарға деген көзқарасы 10 жыл бұрын Таяу Шығысқа кеткендерге қатынасты еске салады.
Ол кезде өңір мемлекеттері "Сирия мен Ирактағы экстремистік топқа қосылғысы келетін адамдарды елде қалдыруға құлықсыздай көрінді. Бұл адамдардың соғыстан тірі келуі неғайбіл, сондықтан бара берсін дегендей болды.
"Вагнерге" қосылуға бел буған азаматтарға қатысты да дәл осындай көзқарас байқалады. Билік олар "соғысуға құлшынып тұрса, басқа жерге барып соғыссын" деп ойлайтын сияқты. "Вагнер" тобы Украинада жаппай қырылып жатқанын ескерсек, мұндай адамдардың Қазақстанға тірі оралуы екіталай.
ПІКІРЛЕР