Азаттық радиосы

"Тозаққа барасың деп қорқытады". Құқығы сақталғанын армандайтын ЛГБТ өкілдерінің хикаясы

Азаттық радиосы

10 желтоқсан 2021

10 желтоқсан – Адам құқығының халықаралық күні. Қазақстанда тұрып жатқан гей жігіт пен лесби қыз туған елінде адам құқығы қорғалып, ешкімнің хақы бұзылмағанын қалайды. Екеуі Азаттыққа атаулы күн қарсаңында сұхбат беріп, басынан өткен жайтты, елдегі ЛГБТ өкілдерінің жағдайын айтып берді.

"ЕЛ БІЛІМІМДІ ЕМЕС, ЖҮРІС-ТҰРЫСЫМДЫ СӨЗ ҚЫЛАДЫ". САНЖАРДЫҢ ХИКАЯСЫ

35 жастағы Санжар (жеке басының қауіпсіздігіне байланысты аты-жөні толық өзгерді) ғылым қуып, шетелдегі белді университеттердің бірінде білім алған. Оқуын бітіріп елге оралған ол Батыс елдерінің біріне қайта кеткісі келеді. Гей жігіт Қазақстанда менің ғылымға деген қызығушылығым, білімім емес, жүріс-тұрысым, сөйлегенім, болмысым көп сөз болады дейді. Азаттық гей жігіттің әңгімесін қаз-қалпында ұсынады.

"Қазақстанда гей екенімді біліп қойса не боларын елестету қиын. Жұмыстан айырыламын, жақындарым да теріс айналады, көшеде ұрып кетуі де мүмкін, яғни, қоғамдағы сүйкімсізге айналамын. Ондайға жол бермес үшін таңертең үйден шыққанда "екінші бетпердемізді" тағып алып, өзге адамның кейпіне енеміз. Осылай рөл ойнаудан, "бетперде тағудан" шаршап кеттім.

Болмысымнан дауысым жіңішке, қыз сияқты сөйлеймін, жүрісім де солай. Қоғам талабына сай келемін деп, жүрісімді өзгертемін деп актерлік шеберлік курсына да бармақ болдым. Қымбат болған соң бара алмадым. Кейін спорт залға барып, жүрісімді түземек те болдым, болмады... Бұл табиғи болмыс-бітімім екенін түсіндім.

Екі жыл ЛГБТ құқығы жақсы қорғалған елде тұрып келген соң сол жаққа кеткім келеді де тұрады. Қазақстанда өзімді толымды тұлғамын деп сезіне алмай жүрмін. Күнде қоғамға, көшеге ғылымды сүйетін тұлға ретінде шыққым келеді. Өзімнің табиғи, шынайы бейнемді жасырмай өмір сүрсем деп армандаймын. Ғылымдағы потенциалымды, шетелден алған білімімді елдің, қоғамның дамуына қосар едім. Себебі мен ең алдымен ұстазбын.

Осы айтқанымды оқып отырғандар арасында "білімі, шетелдегі оқығаны өзіне, мұндай адам қоғамды дамытпай қойсын" деп айтатындар табылады. Осындай ойлардан соң Қазақстанда маған тыныш өмір жоқ. Қазір білімімді жетілдіру, ғылымды дамытуды емес, бас амандығымды көп ойлаймын. Қоғамдағы негативпен күреске көп күш жұмсаймын.

Оңтүстік өңірде туып, консеративті отбасыдан, ауылдан шыққандықтан отбасыға рухани тәуелдімін. Баласын барлық болмысымен қабылдайтын ата-ана өте аз. Оқыған, әлем көрген, заманауи ой-пікірі бар ата-ана ғана баласын қолдар. Егер баласының ЛГБТ өкілі екенін білсе, көп ата-ана перзентінен бас тартуға дайын. Қорқынышты. Қоғам баланы ата-анаға қарыздар етіп қояды. Ата-анасынан кетіп өмір сүре алмайды. Тәрбие солай берілген, сондықтан ата-анамызды да көп алдаймыз.

Қазір ата-анам үйлен деп мазалайды. Оларды "ғылыммен айналысамын, ғылымда жетістікке жетіп алайын" деп алдаймын. Басқа амалым жоқ. Шетелге докторантураға оқуға түсем деп жоспарлаймын. Бірақ кейде "Осы докторантура керек пе?" деп те ойлаймын. Себебі докторантура қысымнан құтылу үшін басыма құйып алған ойым сияқты көрінеді. Басымда мың түрлі ой.

Көп қысымнан соң гей жігіттердің біразы үйленіп тынады. Үйленген соң ажырасып кетеді. Ондай таныстарым да бар. ЛГБТ құқығы тапталмаса, біз тығылып өмір сүрмесек бүлінген отбасы саны азаяр ма еді. Қоғам мен ата-ана қысымынан соң ЛГБТ адам үйленеді де, жарының, бір қыздың, дүниеге келген баланың өміріне балта шабады. Мұндайды ойласам денем түршігеді...

Университетте ғылыммен айналысып жүргенде жұмыспен өте консервативті ауданға материал жинауға бардық. Сол кезде жолда, жұмыста жүрісімді сөз қылып, тисе бастады. "Неге қатын сияқты сөйлейсің?", "еркек сияқты жүрсеңші" деп тергеді, тозаққа барасың деп қорқытады. Мұндай сөздер балалық шағымды еске түсіреді. Осыдан соң қорқып, жұмыстан шығып кеттім.

ЛГБТ деген әріп ғана емес, бұл – адам. ЛГБТ дегенде оларға адам деп қарауымыз керек. Қоғамда ешкім болмысына бола тығылып өмір сүрмеуі тиіс. Бізге эмоционалды, менталды, психикалық қысым өте көп. Маған да мұндай қысым көп жасалды. Бірнеше рет суицид туралы ой келді. Ішкі дүнием, білімім аман алып қалды деп ойлаймын. Мысалы, өткенде сабаққа бір ата-ана келіп, "неге майысып сөйлейсіз?" деп ауыр сөз айтты. Үш күн ұйықтай алмай, қиын жағдайға түстім. "Неге қалай сөйлейтініме, жүріс-тұрысыма шұқшияды? Берген білімім маңызды емес пе?" деп қиналдым.

Елде мектепте, университетте оқып жүргенде де эмоционалды, физикалық қысым көп көрген едім. Сыныптастарым, жоғары сынып оқушылары, үй жақтағы балалар жүрісіме, сөзіме шүйлігетін. Сол кезде ауылдан қалаға кетсем деп армандадым. Университетте де жүрісімді сөз ететін, сыртымнан әңгіме қылатын. Бірде кафеде бір-екі жігіт жүрісіме тиісіп, мені қуалап, ұрмақшы болды. Сол кезде такси ұстап қашқам. Ішіп алған адам да ұрмақ болған еді. Қатты қорланатынмын, жігерім құм болды.

Шетелде психологқа бардым, өзімді гей ретінде қабылдауды үйренейін, бала кезде алған психикалық жарақаттарымды емдетейін деп бардым. Кейін гей екенімді ата-анама айтсам ба деген ой келді, тіпті ондайға дайын да болдым. Бірақ әкем бір рет ЛГБТ туралы аса ауыр сөз айтты. Сол кезде айтпағаныма қуандым.

Ориентациям туыстарыммен араласқанда да қатты әсер етеді, өзімді көп шектеймін, отбасымдағы келеңсіз жағдайға, мәселелерге өзімді айыптайтынмын. Өз-өзімді кінәлау әлі де бар, сабырға келе алмаймын, бұл өте қиын, сенімділігіме әсер етеді.

Қазақстанда өз қауіпсіздігім үшін бірнеше танысыма каминг аут жасадым. Қазір қиналсам соларға телефон шалып, дер кезінде көмек сұрай аламын. Гей екенімді жасыратын болсам менің жан-дүниемді түсінетін адам да болмайды. Кім екенімді білетін достарым өзімді тұлға ретінде жақсы көруге көмектеседі, ментальды көмекшің, қолдаушың болады.

35 жыл бойы қиналып өмір сүрдім, өзіме адал болған жоқпын, өзгелердің қалауымен өмір сүрдім. Шетелге кетіп, сол жақта жұрттан жасырынбай, ашық өмір сүргім келеді. Адамзаттың дамуына үлес қоссам деймін. Өзімді жақсы көргім келеді. Өзіңді жақсы көрмесең өмірің мәнсіз болады екен.

"ЖАНАЗАСЫНДА ЖАСЫРЫН ЖОҚТАДЫМ". АЙГҮЛДІҢ ХИКАЯСЫ

25 жастағы Айгүлді (аты-жөні өзгертілді) Feminita ЛГБТ және әйелдер құқығын қорғап жүрген бастамашыл тобы өткізген шарада жолықтырдық.

Ауылдағы қарапайым қазақ отбасынан шыққан қыз әңгіме барысында өзге түгілі ең жақын туысына да айтуға батпайтын ішкі сырын ашты. Алматыдағы жоғары оқу орнында соңғы курста оқитын Айгүлдің сөзінше, биылғы жыл оған ауыр тиген.

– Мамыр айында құрбы қыздан айрылып қалдым. Жай ғана құрбым емес, сүйіктім еді, қазасы қабырғамды қайыстырды, – дейді ол мұңайып.

Айгүл Қазақстанда өзі секілді ЛГБТ өкілдеріне өмір сүру оңайға түспейтінін, қоғамда ондай жандарды адамның қоры санап, кемсітіп, мінеп, шеттетуге бейімдердің дауысы қаттырақ естілетінін айтады. Сол себепті сүйіктісін ақтық сапарға шығарып салуға барып, сырын сыртқа шығара алмай, іштей егілуге мәжбүр болған.

– Туған ауылына жерлеуге алып барғанымызда екеуміздің қарым-қатынасымызды білетін достарымыздың өзі "өзгелерден ерекшеленбеуімді" өтінді, яғни ол менің сүйікті адамым болғанын басқаларға білдіртпеуімді сұрады. Бұл маған өте ауыр тиді. Сүйгеніңді жасырын жоқтаудың өзі азап екен, – дейді ол.

Сүйіктісінің мезгілсіз қазасы есеңгіреткен Айгүл жан жарасын сыртқа шығара алмай, іштен тынуға мәжбүр болып, ақыр соңында күйзеліске түскен.

– Сұмдық депрессия басталды. Психолог іздедім, біреуі ЛГБТ-ға қарсы болып шықты. Екіншісі діндар адам екен, маған "дұрыс өмір сүріп жатпағанымды, сол себепті осындай жағдайға тап болғанымды" айтумен болды. Осының бәрі мені есеңгіретіп тастады, Қазақстанда ондай қарым-қатынастағы адамдарға өмір сүру өте қиын, – дейді ол.

Айгүлдің айтуынша, мектепте жүрген кезінен-ақ кемсітуді басынан өткерген. Өзімен қатар ұл-қыздардың оны болмыс-бітіміне бола шеттеткенін, соларға қарсы шығам деп кибербуллингке де тап болғанын айтып берді.

– Кішкентайымнан денем толық болып өстім, қанша тырысып, тыраштансам да арықтай алмай-ақ қойдым. Бірнеше жыл бұрын өзімді қорсыну сезімінен арылудың бір жолы ретінде өзімді видеоға түсіре бастадым. Бірде Тик-токта бодишеймингке (адамды дене бітіміне бола кемсіту – ред.) қарсылық білдіру үшін ішкиімшең видеоға түстім. Сол видеоны біздің ауылдың балалары көшіріп, желіге таратып жіберіпті. Кейін оны туған ауылым ғана емес, көрші ауылдың барлығы көргенін білдім. Анам мен ағам қатты ұрсып, ақыр аяғында мені үйден қуып жіберді. Әлі күнге шейін ауылға, үйіме баруға жасқанам. Жұрттың мені осы бітім-болмысыммен қабылдағанын қалауыма, ойымды еркін білдіруіме хақым жоқ па сонда? – дейді Айгүл толқи сөйлеп.

Айгүлдің сөзінше, жан-дүниесін тек әкесі түсініп, қызына қолдау білдірген. Ол жайлы әңгімелеген кезде өзіне сенім артқан әкесін мақтан тұтатыны сезілді.

Биыл 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні Алматыда Feminita, "КазФем", "SVET", "ФемАгора", "ФемСреда" секілді бірнеше қоғамдық ұйым мен белсенділер гендер теңдігін ұран еткен шеру өткізді. Ел тарихында алғаш рет билік келісімімен өткен шеруді ЛГБТ-ны қолдау акциясы деп сөккендер де болды.

Айгүл сол шеруден кейін "сен адам болмайсың" деп сөккен туыстарымен байланысы үзілгенін айтады. Әйткенмен өзгені жыныс я басқадай ерекшелігіне бола шеттетпейтін ортада тағдыры ұқсас жандармен танысып, өз болмысынан қорынбай, өзіне және өзі секілділерге құрметпен қарап, құқығын қорғай білудің маңызды екеніне көз жеткізген.

– Мені осы қалпымда қабылдап, еш айыптамай, бекем болуға көмектескен психологты да таптым. Қазір соның жәрдемімен ептеп ес жиып келемін, – деді Айгүл.

Айгүлді әсіресе ауылды жерде тұратын өзі тәрізді қыздардың тағдыры толғандырады.

– Ең қынжылтатыны – біз қалада қалаған кезімізде жиналып, түрлі мәселені талқылап, өзімізге серік таба аламыз. Ал ауылдағы қыздар жапан түзде жалғыз қалған адамдай оқшау өмір кешіп жатыр, оларға көмектесетін ешкім жоқ, – дейді ол қапаланып.

Айгүлді қазіргі Қазақстан қоғамында сексуалдық азшылық өкілдерін түсінбейтін және қабылдамайтын, тіпті оларға деген өшпенділікті қоздыратын көзқарас басым екені қынжылтады. Соның салдарынан өзі секілділер шынайы сезімін жасырып, өзін еркін сезінбей, бүркеншік өмір кешіп жатқанын айтады.

Өткен аптада Алматы әкімдігі фем-белсенділердің 2022 жылғы 8 наурызда әйел құқықтары бойынша марш және митинг өткізуіне келісім бермеді. Белсенділердің айтуынша, билік өкілдері олардан марш өткізу жайлы әкімдікке берген өтінішті қайтарып алуын сұраған. Белсенділер оған көнбей, биыл 12 желтоқсанда әйел құқықтарын қорғау акциясын өткізетіні жөнінде хабарлама қалдырған.

Мақаланы жазуға Мәншүк Асаутай атсалысты