ҮКІМЕТТІҢ ТАРАУЫ
Ағылшын тілді Eurasianet.org сайты Қазақстан үкіметінің отставкаға кетуін талқылаған.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев "министрлерді қызметінен босата берер, бірақ сарапшылардың пікірінше, ол Қазақстандағы негізгі экономикалық проблемалардан қашқақтап отыр. Аяқ астынан үкіметті тарату туралы шешім шығарған Назарбаев экономиканың бойына шұғыл түрде қан жүгіртіп, өмір сүру сапасын жақсарту қажеттігін айтты. Бірақ сарапшылар қауымы команданы ауыстыру арқылы мәселені шешуге болады дегенге күмән келтіреді" деп жазды Eurasianet.org.
Қазақстандық сарапшы Талғат Исмағамбетовтың пікірінше, үкімет отставкасына Астанада бес бала өрттен қаза тапқан соң қоғам наразылығының артуы себеп болды. Қайғылы жағдай кезінде балалардың ата-анасы түнгі кезекте жұмыс істеген.
Eurasianet.org жазуынша, қоғам "трагедияны бір рет болған оқиға емес", кедейлік кесірінен ата-аналардың балаларын қарауға мүмкіндігі жетпейтіндей деңгейге түсуінің көрінісі ретінде қабылдаған.
Исмағамбетовтың айтуынша, Назарбаев халықтың ашу-ызасын өзінен қарамағындағыларға қарай бұру үшін үкіметті таратып, көптің наразылығын басуға тырысқан.
Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтанушысы Эльмира Отар Eurasianet.org сайтына қазақстандық қоғамда алаңдауға тұрарлық екі құбылыстың белең алғанын айтқан: бай мен кедей арасындағы алшақтықтың ұлғаюы және орта тап өкілдері санының азаюы. "Астанадағы өрттен кейін бұл мәселе БАҚ назарын аударды" дейді Отар.
Eurasianet.org жазуынша, оппозициялық журналист Сергей Дуванов үкіметтің ауысуы адамдардың өміріне ықпал етпейді деп санайды, себебі елдегі көптеген мәселенің туындауына жемқорлық себеп болып тұр.
"Шенеуніктер ұрлауын қояр емес, елдің тәуелсіздік алғанына 30 жылға жуықтаса да олар тиімді жұмыс істейтін жүйе қалыптастыра алмады" деген Дуванов.
"Назарбаев бір кездері "болашақтықтар" (шетелде тегін білім алуға мүмкіндік беретін, мемлекет қаржыландыратын "Болашақ" студенттік бағдарламасы - ред.) арқасында елде жаңа идея таралады деп сенді. Ол осыған дейін билікте отырған советтік шенеуніктердің көзқарасы мен дағдысын сіңірмеген көшбасшыларды тәрбиелегісі келді. Бірақ бұл толқын көңілін қалдырды. "Болашақ" бағдарламасының түлегі, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев соған мысал бола болады. Наурыз айында оны "жемқорлық жасағаны" үшін 10 жылға соттады" деп жазды Eurasianet.org.
Америкалық Bloomberg жаңалықтар агенттігі де үкіметтің тарауы мен Назарбаевтың Конституциялық кеңеске жолдаған сауалы (президент өкілеттігінен мерзімінен бұрын бас тарту процедурасын анықтау) туралы жазған.
"Өкілет мерзімі келер жылы аяқталатын мемлекет басшысы сәл кейінірек Конституцияда президенттің қызметінен өз еркімен кету шарты анықталмағандықтан, кеңестен соны анықтап беруді талап еткенін айтып, қазақстандықтарды "алаңдамауға шақырған" деп жазды Bloomberg.
Дегенмен агенттік екі жағдайды бөліп қарауға келмейді деп санайды. "Бұл жолғы үкімет отставкасы Қазақстан саясатына тән әдеттегі "артық орындық ойнынан" бөлек нәрсе. Қазіргі кезде мемлекет президент билігінің ауысу алдындағы бастапқы кезеңде тұр" деп Bloomberg агенттігі лондондық Prism Polit Risk Management компаниясының сарапшысы Кейт Маллинсонның пікірін келтірген.
"КЕРШЕТАСТАҒЫ НҰРБОТТАР"
Diplomat басылымы Қазақстандағы "тролльдер фабрикасы" туралы жазған. Нақты жағдайда мәселе "нұрботтар" жайлы болып отыр. Қазақстанның жаңалықтар сайтында "мақала мазмұнына қарамастан үкіметті мақтап жазатын" мыңдаған пікірлерді солай атайды.
Diplomat пікірінше, ресейлік және қытайлық интернет секторындағы баламасымен салыстырғанда "нұрботтарға" БАҚ айтарлықтай көңіл бөлмеді.
Басылым жазуынша, Қазақстандағы "тролльдер фабрикасын" іздеуді елдің оңтүстігіндегі Кершетас (бұрынғы Антоновка) ауылынан бастау керек. 2009 жылы ауылда 1766 адам тұрған, Қазақстан президентін іздеу жағынан Google-де бірінші орынға осы ауыл шыққан екен. Diplomat пікірінше, "нұрботтар кеңсесі" Кершетаста орналасқанын соған қарап білсе болады.
Diplomat Кершетастан тағы қандай интернет сұраулар салынатынын анықтапты. Басылым жазуынша, "шағын зерттеу" Кершетастың Назарбаев, теңге, ішкі істер министрлігі және мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасы, спорт, соның ішінде боксшы Геннадий Головкинге қатысты жаңалықтар немесе "Барыс" хоккей клубына қатысты жаңалықтарды көп іздейтінін көрсеткен.
Diplomat жазуынша, "нұрботтардың" басты мақсаты – "адамдардың көңілін дағдарыстан басқа жаққа бұру немесе спорт жұлдыздарын айту немесе басқа да амал-тәсілдер арқылы елдің табысты екені жайлы әсер қалыптастыру және Назарбаевты мақтау".
Басылым жазуынша, "боттар қолданушылардың пікірін өзгертіп, адастыра алмаса да, бір жақты пікірлерімен онлайн-пікірталастардың берекесін қашырып, балама көзқарастың ерекшеленуіне мүмкіндік бермейді. Осылайша онлайн талқылауды өнімсіз етеді".
Басылым Қазақстан билігі интернет кеңістікті "басқарудың" басқа да әдістерін пайдаланатынын айтады, соның ішінде "веб-сайттарды уақытша және тұрақты түрде бұғаттау, интернет жылдамдығын азайту" сияқты әдістер бар.
"Интернетті бұғаттау тез нәтиже береді, бірақ жиі қолданса экономикаға зиянын тигізеді. <…> Онлайн-троллинг интернеттегі қызу пікірталасты әлсіретудің тиімді әдісі, себебі ол сайтты жапқан кездегідей азаматтардың теріс реакциясын тудырмайды" деп жазды Diplomat.
ШЫҢЖАҢДАҒЫ АҢДУ
Америкалық "New York Times" газеті Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да мұсылман азшылық өкілдері шығарған әлеуметтік желідегі #MeTooUyghur хештэгі туралы жазған.
Газеттің жазуынша, Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" туыстарының қамауда отырғанын ашық мәлімдеп, Қытай билігінен олардың қайда екенін айтуды талап еткен азаматтар саны көбейе бастаған.
"Диаспора өкілдері үнемі осылай ойларын ашық айтты дей алмаймыз. Ұйғырлар мен қазақтардың көбі қамаудағы достары мен туыстары туралы айтқан соң Қытай билігі өш алады деп қорқады" деп жазды New York Times.
Газеттің жазуынша, этникалық ұйғырлар мен қазақтар арасындағы кейбір белсенділер мұндай ашық үндеудің маңызды екенін айтады. Соның арқасында Пекинге қысым жасап, жоғалған адамдардың дерекқорын жасауға болады деп санайды. Кейбір азаматтар бұл кампания қазірдің өзінде жағдайды өзгерте бастағанын мәлімдейді.
Этникалық қазақтардан құралған "Атажұрт" ұйымы жүздеген видеоүндеу жариялады. Оннан астам адамның пікірінше, осындай қоғамдық үндеуден соң Қытай олардың туыстарын босатқан. Олардың ішінде 31 жастағы аспаз Жарқынбек Отан да бар. Ол 2017 жылдың қаңтарында қамауға алынған, лагерьде жеті айдай жатқан. Жарқынбек Отар әйелі (Қазақстан азаматы) Шынар Қылышеваның талпынысы арқасында бостандыққа шыққанын айтқан.
Бірақ көп алдында қамаудағы туыстары жайлы мәліметті жариялау керектігін құптамайтындар да бар. Жақында бір топ қазақстандық зиялы қауым "Атажұртты" жабуға шақырған. Олардың пікірінше, ұйым Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасына кері әсер етеді. "Атажұрт" басшысы Серікжан Біләш тіркелмеген ұйымға басшылық жасағаны үшін Қазақстанда сотқа тартылды" деп жазады New York Times.
Этникалық қазақ Ғазиз Орныханұлы New York Times газетіне берген сұхбатында "Атажұртқа" әйелін ұстағандары туралы видео көрсеткен соң оны лагерьден босатқандарын, бірақ Шыңжаңнан кетпегенін айтқан. Орныханұлының айтуынша, әйелі Қытайда қалғысы келетінін айтып, "Атажұртпен" байланыс үзуін сұраған.
Америкалық Washington Post газеті кибер қауіпсіздік саласы бойынша голландиялық зерттеуші Виктор Геверстің таңғаларлық жаңалық ашқанын жазған.
"Қытай батысында 2,5 миллион адам туралы дерекқор бар, олардың орны GPS-координат көмегімен үнемі жаңартылып тұрады. Аты-жөні, туған күні және жұмыс орны жазылған адамдардың қазір қай жерде болғаны (мешіт, қонақүй, мейрамхана) туралы дерек те көрсетіліп тұрады. <…> Бұл Қытайдың адамдардың бет-жүзін тану технологиясын қолдануда тым шектен шыққанын көрсетеді <…> және технология компанияларының жаһандық деңгейде тыңшылық жасау үшін құпия ақпаратқа соншалықты дәрежеде оңай қол жеткізе алатынын тағы бір мәрте еске салады" деп жазды Washington Post.
Геверстің жазуынша, дерекқорға ілінген адамдардың 54,9 пайызы – қытайлар, 28,3 пайызы – ұйғырлар және 8,3 пайызы – қазақтар. Washington Post этникалық қазақ әйел Гүлзияны мысалға келтіреді. Ол Associated Press агенттігіне 2017 жылдың соңынан бері бақылау камерасының барлық жерге, тіпті зират басына орнатылғанын айтқан.
Қазір Қазақстанда тұратын Гүлзия Қытайда үйқамақта болғанын, полиция бөлімшесіне биометрикалық деректерін алу үшін апарғанын, бет-әлпетін түсіріп, көзінің қарашығын, дауыс үлгісін және саусақ таңбасын алғанын айтқан.
"Шыңжаңдағы қауіпсіздік шарасы Қытайдың басқа аудандарына қарағанда қаталырақ. Бақылаушылар мен құқық қорғаушылар мұнда сынақтан өткен түрлі аңду тәсілдерінің кейін елдегі басқа аймақтарда қолданылуы мүмкін екенін айтып қауіптенеді" деп жазды Washington Post.
ПІКІРЛЕР