Accessibility links

Қазақстанды дін еркіндігін шектеуді тыюға шақырды


Айт намазына мешітке жиналған жамағат. Көрнекі сурет.
Айт намазына мешітке жиналған жамағат. Көрнекі сурет.

АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі бойынша комиссиясы (USCIRF) дін бостандығы жөніндегі жыл сайынғы есебін жариялады. Құжатта АҚШ мемлекеттік департаментіне Қазақстанды дін бостандығы саласында құқықтардың бұзылуына жол бергені үшін "арнайы бақылауды қажет ететін мемлекеттер" тізіміне қосу тапсырылған.

"БІРШАМА ОҢ ӨЗГЕРІС БАР"

Сәуірдің 28-і күні жарияланған комиссия есебіне сәйкес, 2019 жылы Қазақстанда дін бостандығы саласында біршама оң өзгеріс байқалған. Мәселен, 2019 жылдың басында билік "Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы" заңға бір жарым жыл бұрын ұсынылған, бірқатар елеулі шектеу енгізуді көздейтін толықтырулардан бас тартты. Былтыр қаңтарда парламенттің қос палатасы да мақұлдаған заң жобасы белгісіз себеппен кейін қайтарылған.

Комиссия есебіндегі деректерге сүйенсек, Қазақстанда діни көзқарасы не қызметіне байланысты қозғалған әкімшілік істер саны 2017 жылы – 284 болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 160-қа дейін төмендеген. Баяндама авторлары Қазақстан билігінің Қытайдың Шыңжаң өңірінен келген босқындарға қатысты саясатында да өзгеріс барын жазады. Мысалы, Қазақстан соты кей босқынның ісі бойынша депортацияға тыйым салатын шешімдер шығарған.

ПРОБЛЕМАЛАР МЕН ҚУДАЛАУ ФАКТІЛЕРІ

USCIRF дін саласындағы жағдайдың біршама жақсарғанына қарамастан, Қазақстанда әлі де шешілмей келе жатқан проблема көп екенін, ал биліктің "дінді қауіп көріп, оны бақылауда ұстауға тырысатынын" айтады.

Қазақстан астанасындағы мешітте Айт намазын оқып жатқан адамдар. 1 қыркүйек 2017 жыл. Көрнекі сурет.
Қазақстан астанасындағы мешітте Айт намазын оқып жатқан адамдар. 1 қыркүйек 2017 жыл. Көрнекі сурет.

Баяндама авторлары 2011 жылы күшіне енген "Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы" заңда бекітілген діни ұйымдарды тіркеу ережесін, құрылтай құжаттары мен діни әдебиетке міндетті түрде "сарапшы" пікірін алу талабын сынаған. Аталған заң қабылданғаннан кейін елде тіркелген діни ұйымдар 48-ден 16-ға дейін күрт қысқарған деп жазады олар.

Есепке сәйкес, Қазақстанда 2019 жылдың соңына қарай ондаған адамға діни көзқарасы үшін айып тағылған. Олардың қатарында онлайн-чатта сөйлескені үшін "терроризмді насихаттау" бабы бойынша түрмеге қамалған тоғыз азамат, елде эктремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымының жақтасы деп айыпталған 24 адам мен қазір шетелде жүрген, елде діни қызметі үшін сотқа тартылған "Новая жизнь" діни бірлестігінің бұрынғы үш пасторы да бар.

Баяндамада "Қазақстанда діни топ өкілдерін әртүрлі әдіспен қудалайды, ал биліктің қолында діни ұйымдардың негізін салған адамдар туралы деректер базасы бар" деп жазылған.

USCIRF сондай-ақ білім министрлігінің мектептерде хиджаб киюге тыйым салғанын, қамау орындарында діни сенім иелерінің азаптауға ұшырап, оларға құлшылық жасауға мүмкіндік берілмейтінін сынаған.

Баяндама аавторлары Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы мұсылмандар саны басым этникалық топтарға, оның ішінде "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" жабылған қазақтарға қарсы әрекетіне байланысты Қазақстан билігінің саясатына ерекше назар аударған.

Зерттеушілер "Билік ұзақ уақыт Қытайға қарсы тұру идеясын мойындамауға тырысып, бұл мәселені көтерген белсенділерді қудалап келді" деп жазады. Олар Қазақстан наурыз айында Қытай саясатын ашық қолдап, оны "терроризм, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрес" деп атағанын еске салған.

"Қамауда денсаулықтан айырылдым". Қытайдың саяси лагерін көргендер жиыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Баяндама авторлары Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесін көтерген белсенді Серікжан Біләшқа қарсы қозғалған іске де тоқталған. Былтыр үстінен "араздық туғызу" бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынған Біләш кейін "халықаралық қысымның арқасында" бостандыққа шыққан.

КЕҢЕСТЕР

АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Қазақстанға мынадай кеңестер береді:

  • Діни ұйымдарды тіркеу ережесін өзгерту немесе алып тастау және ұйым құруға қажетті мүше санын 10 адамға дейін қысқарту;
  • Құрылтай құжаттары мен діни әдебиетке міндетті түрде сарапшы бағасы керек деген ережені жою және бұл процесті реформалау;
  • "Бейбіт түрде діни көзқарасын білдіргендерді" ұстап, түрмеге жабуды доғару;
  • Діни көзқарасына байланысты міндетті әскери борышын өтеуден бас тартқан азаматтарға оның балама әдісін ұсыну;
  • АҚШ билігіне – Қазақстан азаматтарын цензураға ұшырамаған ақпаратпен (оның ішінде дін бостандығы тақырыбында) қамтамасыз ету үшін Азаттық радиосын (Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі) қаржыландыруды жалғастыру.

Қазақстан USCIRF есебінде құрамында Куба, Никарагуа, Судан, Өзбекстан, Ауғанстан, Алжир, Әзербайжан, Бахрейн, Орталық Африка Республикасы (ОАР), Египет, Индонезия, Ирак, Малайзия мен Түркия сияқты 14 мемлекет бар екінші санатқа кірген.

USCIRF дін бостандығы өрескел бұзылатын, билігі "жүйелі түрде жалғасып келе жатқан заң бұзуға жол беретін" елдер санатына 14 мемлекетті кіргізген. Олардың арасында Мьянма, Қытай, Эритрея, Иран, Солтүстік Корея, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Тәжікстан мен Түркіменстан, Үндістан, Нигерия, Ресей, Сирия және Вьетнам бар. USCIRF сараптамасына сәйкес, Үндістанның көрсеткіштері биыл "күрт" нашарлаған.

АҚШ-тың халықаралық діни еркіндік бойынша комиссиясы – Конгрестің бастамасымен шетелдегі дін бостандығына төнген қауіпті бақылап, сараптап отыру үшін құрылған тәуелсіз ұйым. Ол 2008 жылдан бері Қазақстандағы дін бостандығы жөнінде жыл сайын есебін жариялап келеді. 2013 жылы Қазақстан бірінші рет дін бостандығын бұзатын мемлекеттер қатарына кірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG