Accessibility links

Жауабы жоқ сұрақтар. "Арқанкерген" оқиғасына – 10 жыл


"Арқанкерген" оқиғасында қаза болған шекарашыны жерлеу рәсімі. Ақтөбе қаласы, 9 маусым 2012 жыл.
"Арқанкерген" оқиғасында қаза болған шекарашыны жерлеу рәсімі. Ақтөбе қаласы, 9 маусым 2012 жыл.

2012 жылы 28 мамырда Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Арқанкерген" шекара бекетінде 15 адам – 14 әскери қызметкер мен сол маңдағы аңшылық шаруашылығында істейтін қорықшы өлтірілген. Бұл қылмысқа қатардағы жауынгер Владислав Челах айыпты деп танылып, сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырған. Ол екі рет БҰҰ-ға хат жазып, жақында президенттен істі қайта қарауды сұраған. Қанды оқиғадан бері 10 жылдан өтсе де, қылмыстық істе ақ-қарасы ажыратылмаған деректер көп.

ТОҚАЕВҚА ХАТ

Қарағандылық Владислав Челах сот үкімі оқылған кезде 20 жаста болған. Ол әскерге барардың алдында кәсіби лицейде «тепловоз машинистінің көмекшісі» мамандығы бойынша білім алған. 2011 жылы қарашада әскерге шақырылған. Жақындарының айтуынша, Владислав әскери борышын шекара қызметінде өтегісі келген. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа тұрамын деп жоспарлаған.

Челах 2013 жылдың наурызынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған «Қара бүркіт» деп аталатын мекемеде жазасын өтеп жатыр. Сот процесінен кейін Владиславтың анасы Ресейге көшіп кеткен. Қаза тапқан шекарашылардың отбасы да жан-жаққа тарап, ақпарат құралдарымен байланысын үзген. Кейінгі жылдары көп ақпарат жасырын болғандықтан, Челахтың туыстары журналистерге сұхбат беруді қойған.

Тергеушілердің дерегінше, шекара қызметінің жауынгері Челах «ішкі келіспеушіліктерге» байланысты қолына қару алып, әріптестерін қырып салған. Бірақ айыпталушының жақындары бұл нұсқаға сенбейді. Олар Владиславтың «Шекара қызметінде жүргеніме қуанамын. Бұл жақ өте әдемі: бір жағынан Қытайдың, екінші жағынан Қазақстанның таулары көрініп тұрады» деп жазғанын еске алады.

Челахтың туыстары қаңтар оқиғаларынан кейін бұрынғы президенттің жақындары биліктен шеттетіліп, жоғары шенді тұлғалар тұтқындалып, мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» құруға уәде бергеннен кейін іс қайта қаралатын шығар деп үміттенген. Биыл наурызда Владислав Челах Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзі куә болған, бірақ сотта айта алмаған жайттарды баяндап, хат жазған. 12 парақтан тұратын хатта Челах президенттен істі қайта қарауды сұрайды. Владиславтың жақындары да президенттен, бас прокуратурадан, жоғарғы сот пен парламенттен көмек сұраған, бірақ мемлекеттік органдар хат қабылданғаны жөнінде хабарлама жіберумен ғана шектелген.

29 наурызда Владиславтың атасы Владимир Челах немересін көруге түрмеге барған. Жақындары онымен жылына үш рет екі сағаттық қысқа кездесуге барып, түрмеге үш рет сәлем-сауқат жібере алады. Владиславқа таксофон арқылы туыстарымен сөйлесуге рұқсат берілген. Атасының айтуынша, Челах түрмеде Қылмыстық кодексті жаттап алған, метеорологтың оқуын тәмәмдаған. Атасы жіберген кітап бойынша грек тілін үйренген. Владислав бос уақытында кітап оқып, шығармашылықпен айналысады: қамыр мен бояудан әртүрлі бұйымдар жасайды, сурет салады.

Владиславтың атасы Владимир Челах.
Владиславтың атасы Владимир Челах.

– Бекем болуға тырысып, үмітін үзбей келеді. Бірақ жақындарымен кездесуден кейін жылап қалатынын естідік. Сондықтан туыстары ауырып қалса, айтпаймыз. Ай сайын ақша жіберемін. Ол дәмді тағам, шығармашылыққа қажетті заттар сұрайды, кейін жасаған дүниелерін бізге жібереді. «Ата, жасаған жақсылығыңның өтеуін осылай ғана қайтара аламын» деп айтады, – дейді Владимир Челах.

Сот үкіміне сәйкес, Челах қаза тапқан төрт шекарашы мен қорықшының отбасына бес миллион теңгеден төлеуі керек. Қалған жәбірленушілер материалдық өтемақыдан бас тартқан. Одан бөлек, тұтқын әскери бөлімге келген залал мен сот сараптамасының шығынын (жалпы сомасы – 800 миллион теңге) өтеуге міндеттелген. Атасының сөзінше, Владислав «Ешкімді өлтірмедім, сондықтан ешкімге ақша беруге міндетті емеспін» деп, өтемақы төлеуден бас тартқан.

Владимир Челах немересін көріп, тергеуге қатысу үшін әскери бөлімге барғанында Владиславтың аяғы түгел көгергенін, тырнақтары дәкемен оралғанын, бүйрегі ауырып отырғанын көрген. Кейін Владислав бүйрегін үш жыл бойы емдеткен. Атасы «Немеремді бүйрегінен әбден тепкілеген» дейді.

Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл.
Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл.

– Әлі есімде: анасы құшақтаған кезде Владислав «Мама, ештеңе істеген жоқпын» деп, жылап жіберді. Көзінен жас аққанда беті көгеріп, қарайып кеткенін байқадық. Оған дейін бетіне грим жағып қойған екен. Немерем астанадан келген полковник «Осылай дейсің, айтқаныма көнбесең, өлесің» деп қорқытқанын айтты. Басында ұлттық сипатқа байланысты жеккөрініштен туған қылмыс деп көрсетуге тырысты. Бірақ бұл барып тұрған сандырақ. Тергеушіге немерем жазған хаттарды көрсеттім. Онда Владислав жанындағы достарын мақтап, жігіттердің мекенжайын сақтап қоюды сұрап, кейін олармен хат-хабар алмасып тұрғысы келетінін жазған. Жауынгерлер мектебінің басшысы да «Дәл мұндай ұйымшыл топ көрген емеспін» деді. Жігіттер өз күшімен концерттер, мерекелік шаралар ұйымдастырған, – дейді Челахтың атасы.

Осыған дейін Челахтың адвокаты ақпарат құралдарына берген сұхбатында күш құрылымдарының қорғауындағы азаматқа қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан. Челах тіпті сот залында денесін тіліп, өзіне зақым келтірмек болған. Ол «Мені соттан алып кетіңдер! Бұл сот заңсыз! Заң арба жегетін ағаш сияқты. Қайда тартса, сол жақтың ырқына жығыла береді» деп айқайлаған.

Владислав Челахтың ата-әжесіне жазған хаты.
Владислав Челахтың ата-әжесіне жазған хаты.

– Сотта Владиславтың сөзін ешкім тыңдаған жоқ. Оған бір психотропты зат беріп қойғандай көрінді. Ол сөйлегісі келді, бірақ оған мүмкіндік бермеді. Сот үкімі шыққанда Владислав «Хайуандар, мені ақымақ сияқты алдап-соқтыңдар!» деді. Камерада Владиславты алдап, әртүрлі дыбыстық жазбалар дайындаған. Владиславтың сол жақ құлағының төменгі бөлігінің жартысы жоқ. Суреттерді көрсеткенде «Бұл Владислав емес, фотодағы адамның екі құлағынан да ақау көрінбейді» дедім. Челахтың туыстары 2012 жылы сотта жасырын камераға түсірілген, тұтқынның камерадағы серігіне айтқан әңгімесі жазылған видеода Челахтың өзі емес, оған ұқсайтын адам отырғанын айтып, видеоны сараптамаға жіберуді талап еткен; сараптама видеоны шынайы деп тапқан. – Ред.). Жақсы әскерилер де болды. Біреуі тіпті «Челах жалғыз куәгер, оны қорғау керек» деді. Бірақ әзірге ештеңе өзгермейтін сияқты. Президенттің өзі басында болған оқиғаны «теракт» деп, кейін шешімін өзгертті. Бұл нені білдіреді? Мүмкін қазіргі президент істі қайта қарап, Владислав бостандыққа шығар, – дейді Владимир Челах.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН?

Челахтың жақындары көп сұрақ жауапсыз қалды деп есептейді. Адвокат шекара бекетіне шабуыл жасалғанын, оқиға орнынан шетелдік қару-жарақ пен оқ-дәрі табылғанын, от шығаратын қоспа дайындауға арналған зат қолданылғанын, брондалған сейф мен төсектерді өрт шалғанын айтқан. Бірақ адвокаттың сөзі елеусіз қалған.

Владислав Челахтың түрмеден жасап, туыстарына беріп жіберген заттары.
Владислав Челахтың түрмеден жасап, туыстарына беріп жіберген заттары.

– Владтың сөзінше, көрші заставамен байланыс үзілген соң, ол байланысшы ретінде тексеруге барған. Байланысты өшіріп тастаған екен. Ол заставаға жақындай бергенде жауынгер Ағанас «Қаш, бізге шабуыл жасалды!» деп айқайлаған. Осы кезде Ағанастың қақ маңдайына оқ тиген. Кейін оның денесінен пышақ жарақаты да табылды. Кереев Владқа құжаттарды, ноутбук пен картасын беріп үлгерген. Влад шабуыл жасағандар ізіне түсіп, қуғанда жартастың түбіне тығылып, аман қалғанын, олардың дауысын естігенін айтты. Ол бір тәулік бойы тауда жүрген. Көрші заставаға барып, қолындағы заттарды берген, – дейді тұтқынның атасы.

Владимир Челах немересі көрші заставадағы кезекшіге Кереев тапсырған заттарды беріп, сақтап қоюды сұрағанын айтады. Осыдан кейін Владты қыстауға апарып, азаматтық киім – футболка мен сымы жоқ спорттық шалбар беріп (туыстары оның шалбарының белін қолымен ұстап жүргенін көрген), тастап кеткен. Жақындары Владты әскери полиция емес, ішкі істер министрлігінің өкілдері алып кеткеніне назар аударады.

Тергеуші мен айыптау тарабының дерегінше, Челахты 4 маусымда Арқанкергеннен 24 километр жердегі шопандардың қыстауынан тапқан. Оның қолында жауынгер серіктерінің ұялы телефондары, ноутбук пен Кереевтың табельдік тапаншасы, 12 мың теңге ақша болған. Тергеу нұсқасы бойынша, Челах қорықшы мен әскерилерді өлтіріп, казарманы өртегеннен кейін ізін суыту үшін осы заттарды алып кеткен.

Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.
Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.

Ресми дерек бойынша, «Арқанкерген» бекетінен 14 шекарашының, жақын маңдағы аңшылар үйінен қорықшының мәйіті табылған. Кеден бекетінде тұрған Қамбар Ағанас казармадан алыс жерден табылған, оның мәйіті өртелген, бірақ толық жанбаған. Іс материалдарына сәйкес, қалған шекарашылар өртелген ағаш казарманың ішінде мерт болған. Жауынгер Денис Рей мен Мейірхан Именовтың мәйіті түгелдей жанып кеткен. Тергеушілер мәйітті тану мүмкін емесін айтып, жауынгерлерді із-түзсіз жоғалғандар тізіміне қосқан. Денис Рейдің анасы журналистерге «Бір де бір сараптама шекара бекетінен табылған мәйіт қалдықтары ұлыма тиесілі екенін анықтай алмады» деген. Екі жылдан кейін сот үкімімен Рей қаза тапқандар қатарына жатқызылған. 2014 жылы Рейдің анасы мен туыстары ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен және қаржы министрлігімен соттасып, моральдық өтемақы талап еткен. Бірақ олар сотта жеңіліп қалған. 2016 жылы сот Денис Рейдің анасының ұлттық қауіпсіздік комитеті мен бас прокуратурадан моральдық өтемақы талап ету туралы арызын қанағаттандырмаған.

Сот құжаттарында «Оқиға орнынан өртелген мәйіт қалдықтары табылды. Молекулярлық-генетикалық сараптама нәтижесінде бұл қалдықтардың 13 сүйек кемігінің 11-не сәйкес келетіні анықталды» деп жазылған.

– Ресейден шақырылған тәуелсіз сарапшылар болды. Олардың сараптамасы шетелдік қару мен шабуылдаушылар болғанын көрсетті. Капитан Алтынбек Кереев жігіттерді бастап, оқ таусылғанша қорғанған сияқты. Бірақ оларды сыртынан өртеп жіберген. Владтың қорықшыны өлтіргені айтылды. Ал қорықшы екі күн бұрын өлтірілген екен. Тәуелсіз сарапшылар осындай қорытындыға келді, бірақ сот оны мойындаған жоқ. Сараптама нәтижесіне сәйкес, 19 мәйіт анықталды, бірақ кей ДНК-сараптамасы сәйкес келген жоқ, – дейді Челахтың атасы.

Челах отбасының альбомынан.
Челах отбасының альбомынан.

БҰҰ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Челах пен оның адвокаты БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінен көмек сұраған. Комитет жариялаған құжатта Челахтың бұйрық бойынша Қазақстан-Қытай шекарасындағы Сарыбөктер шекара заставасының құрамына кіретін «Арқанкерген» уақытша бекетіне жіберілгені айтылады. 2012 жылы 10 мамырда Владислав Челах жауынгер серіктерімен бірге шекара бекетіне барған. Челахтың айтуынша, бәрі тыныш басталған, ол басшылықпен және басқа жауынгерлермен жақсы қарым-қатынаста болған. 28 мамырдан бастап бекет негізгі заставамен байланысқа шықпай қалған. 30 мамырда застава командирі шекара бекетіне әскери байланыс мамандарын жіберген. Олар өртелген ғимараттарды көрген. 31 мамырда тергеу тобы келіп, жарылған гранатаның бөлшегін, қару мен автомат оғын, гильзаларды тапқан.

БҰҰ құжатындағы ақпаратқа сәйкес, Челах өзін шопандардың үйінен тапқан патрульге 28 мамырда белгісіз адамдардың шабуылына ұшырағанын, қатарластары өлтірілгенін, өзі қашып құтылғанын айтқан. Өзінің сөзінше, сол күні кезекшілікте болған. Таңғы бестер шамасында ол «Қаш, бізге шабуыл жасады!» деп айқайлаған жауынгерді көріп, қаша жөнелген. 4 маусымда Челахтың қолына кісен салып, алып кеткен (оны тұтқындау туралы сот шешімі 6 маусымда бір-ақ шыққан). Челахтың отбасына хабарласуға, қорғаушы таңдауға мүмкіндігі болмаған. Айыпталушыға мемлекет тарапынан қорғаушы берілген. Маусымның 4-нен 5-не қараған түні Челахты тергеген. Ол кінәні мойнына алуға мәжбүр болғанын, өзіне психологиялық қысым көрсетіліп, азапталғанын айтқан. 25 маусымда кінәсін мойындаудан бас тартып, алдыңғы түсініктеме жалған әдіспен алынды деп мәлімдеген. Сотта да азаптауға ұшырағанын қайталаған.

БҰҰ комитеті Қазақстан Челахты әділ әрі объективті сот процесіне қол жеткізу құқығынан айырды деген қорытындыға келген. БҰҰ шешіміне сәйкес, мемлекет Челахқа құқығы бұзылғаны үшін өтемақы төлеуі керек. Комитетке шағымды адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро мен Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов (ол 2018 жылы наурызда ұзақ уақыт ауырып, қайтыс болған) дайындаған.

БИЛІК ПЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Сот алқасы Челахтың шағымын қарап, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті сот процесінің әділдігі мен үкімнің заңдылығына күмән келтіреді деп шешкен. Сот үкімінің күшін жоюға негіз табылмаған.

Владислав Челахтың түрмеде салған суреттері.
Владислав Челахтың түрмеде салған суреттері.

Қазақстан Челахтың адвокатының қылмыс мотиві анықталып, дәлелденген жоқ деген сөзін жоққа шығарады. Билік БҰҰ-ға жауабында жауынгерлер Челахты «ұлттық сипатына байланысты жиі қорлап, балағат сөздер айтып келген» деп есептейді. Челах бұл мәлімдемені жоққа шығарып, шекара бекетінен түр-тұлғасы анықталмаған адамдардың мүрдесі табылғанын еске салып, әскери нысанға шабуыл жасалғанын айтқан. Қазақстан қылмыс жасалған кезде шекара аумағында болған, қорықшылар журналына тіркелген алты адамның да куәгерлері барын мәлімдеген, бірақ олардың аты-жөнін жарияламаған.

Адам құқықтары жөніндегі бюроның заңгер Светлана Хижниченко мен Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов дайындаған сараптамасында Қазақстанның ресми жауап берумен ғана шектелгені көрсетілген. Жауапта тергеу барысы мен сотта 16-19 нөмірлі мәйіттерге неге сараптама жүргізілмегені, азық-түлік қоймасынан табылған мәйіт қалдықтарына баға берілмеу себебі түсіндірілмеген (адвокат зерттелмеген сүйек кемігінің қалдықтарын белгісіз адамдардың № 16, 17, 18 және 19 мүрделері деп белгілеген). Адам құқықтары жөніндегі бюро соттың әскерилер 5,45 мм калибрлі бір автоматтан өлтірілген деген қорытындысы сараптама нәтижесіне қайшы келетініне назар аударған.

ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ЖҰМБАҚ ҚАЗАСЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛҒАН ТҰЛҒАЛАР

Шекара бекетіндегі оқиға туралы хабар тараған кезде бірнеше журналист ақпарат көздеріне сілтеме жасап, тірі қалған шекарашы бекетке өзі келген, оның психикасы бұзылған деп жазды. Кейінірек ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Челах «қыстаулардың бірінен табылды» деп мәлімдеді. Қайғылы оқиғадан кейін екі аптадан соң шекара қызметінің директоры, генерал Нұржан Мырзалиев отставкаға кетті. Оның орнына уақытша полковник Тұрғанбек Стамбеков тағайындалды.

2012 жылдың соңында Стамбеков пен шекара қызметінің басқа да жоғары шенді офицерлері әуе апатынан қаза тапты: олар мінген әскери ұшақ Шымкентке жақын маңға құлады.

Шымкент маңында апатқа ұшыраған Қазақстан шекара қызметіне тиесілі Ан-72 ұшағы. 25 желтоқсан 2012 жыл.
Шымкент маңында апатқа ұшыраған Қазақстан шекара қызметіне тиесілі Ан-72 ұшағы. 25 желтоқсан 2012 жыл.

2013 жылы қаңтарда Алматыдағы шекара қызметі академиясының басшысы, генерал-майор Талғат Есетов жұмыс кабинетінен оқ жарақатымен өлі күйінде табылды. Ресми дерек бойынша, оның өзіне қол салғаны айтылды. Бірақ халық бұл нұсқаға сенген жоқ.

Бірнеше басшы мен офицер қызметінен босады. «Сарыбөктер» заставасының басшысы Алексей Фомин «Арқанкерген» бекетімен байланыс үзілгенін жасырып, ешқандай шара қолданбағаны, оқ-дәрі қорын заңсыз сақтап, қызметтік қулық жасағаны үшін үш жылға түрмеге жабылды. 2014 жылы Фомин бостандыққа шықты. Дәл сол жылы шекара қызметі директорының бұрынғы орынбасары Алим Хасенов шекара заставасын салуға бөлінген 300 миллион теңгені жымқыруға қатысқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. ​

БОЛҒАН ОҚИҒАҒА КІМ КІНӘЛІ?

Шекара әскерінің ардагері, запастағы полковник Роман Құрманбаев «Арқанкерген» бекетінде болған жағдай – қызметкерлер таңдау, ішкі тәртіпті бақылау, жарғы ережелерін сақтауға қатысты көп кемшіліктің салдары деп есептейді. Ол бір қылмыскер он бес адамды өлтіруі мүмкін дегенге күмәнмен қарайды. Бірақ жас шекарашының қылмысқа қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ардагер істің қайта қаралатынына сенбейді.

– Кінәлілердің бәрі жауап берген жоқ, негізсіз айыпталған адамдар зардап шекті. Мысалы, шекара өңірлік басқару штабының басшысы, полковник Серік Отарбаев әділетсіз қызметінен босатылды. Челах жалғыз өзі сонша адамды өлтірді дегенге сенбеймін. Жарғыдан тыс қарым-қатынас нәтижесінде ереже бұзылып, қорлық көргендер тобы қолына қару алған. Олардың бірі – Челах. Кейін ол жауапкершіліктен қорқып, сыбайластарын атып тастаған болуы мүмкін. Сырттан шабуыл жасалуы мүмкін емес. Шетелдік оқ-дәрінің табылуын кеден бекетінің аңшылар базасына жақын орналасуымен түсіндіруге болады. Бұл база (аңшылар үйі) кеден бекетінен 30 метр жерде орналасқан. Президент атаған нұсқаны оған жағдайды толық білмейтін кеңесшілері айтқан сияқты. Бұл оқиғаны терактіге жатқызуға болады, сондықтан мемлекет басшысы қателесті деп ойламаймын, – дейді Роман Құрманбаев.

1990-жылдардың соңында қорғаныс министрінің орынбасары болған запастағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов (2020 жылы шілдеде қайтыс болған) 2012 жылы маусымда ақпарат құралдарына берген пікірінде Челахтың ісінде логикаға сыймайтын сәттер бар деген. Оның пікірінше, кеден бекетіне арнайы дайындықтан өткен топ шабуыл жасаған. Бұл есірткі трафигі болуы мүмкін, ал Челах сахна сыртындағы істердің құрбанына айналған сияқты. Бірақ Тоғысов бұл істің артында кім тұрғанын нақты атай алмады. Ол Челах қорқып, шекара бекетінен қашып кеткен болуы мүмкін деп топшылаған.

Кейінгі 10 жылда қоғамда Арқанкерген оқиғасына қатысты сырттан шабуыл, контрабандистер, террористік топ сияқты әртүрлі болжамдар айтылған. Тіпті бұл қантөгісті күш құрылымдары арасындағы бәсекемен байланыстырғандар да болған. Ол кезде (28 мамыр – Шекарашылар күні) заставаға жақын маңдағы аңшылық шаруашылығына жоғары шенді тұлғалар демалысқа барған, олардың арасында кикілжің туып, оның соңы қантөгіске ұласқан деген нұсқа да бар.

– Істі қайта қарап, шын кінәлілердің аты жарияланады деп үміттенеміз. Ол күнге де жетерміз, – дейді тұтқындағы шекарашының әжесі Елизавета Челах.

XS
SM
MD
LG