БИЛІК ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ҚЫЗМЕТІН НЕГЕ ТОҚТАТПАДЫ?
Азаттық: Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарға қарсы қозғалған әкімшілік істерді жауып, олардың қызметін тоқтату туралы бұйрық пен айыппұлдардың күшін жоюға не себеп болды деп ойлайсыз? Бұл жағдайға қандай баға бересіз?
Мира Риттман: Салық органдарының үкіметтік емес ұйымдарға қарсы [жаңа] әкімшілік іс қозғамау туралы шешімге келгеніне, Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның, "Халықаралық құқықтық бастама" және "Эхо" қоғамдық қорының қызметін тоқтатудан бас тартқанына қуаныштымын. Негативті реакция, оның ішінде Қазақстанның халықаралық серіктестерінің тарапынан айтылған сын биліктің бағытын өзгертуге көмектескен сияқты. Бірақ "Салық органдары құқық қорғаушы топтарды негізсіз айыптармен неге қудалады?", "Мұндай жағдай қайталанбауы үшін не істеу керек?" деген сұрақтар жауапсыз қалды. Үкімет бірлестік еркіндігін құрметтеп, құқық қорғаушы топтардың заңды әрі маңызды қызметіне негізсіз араласуға жол бермеу үшін үкіметтік емес ұйымдардың қаржылық және басқа да есеп беруін реттейтін заңды қайта қарауы керек.
Азаттық: Бұл оқиғаны біраз уақыт кейінге шегерсек, 10 қаңтардағы парламент сайлауынан бұрын осындай тергеу бастап, жақында істі жапқанға дейін созуға не түрткі болды деп ойлайсыз?
Мира Риттман: Қудалауға ұшыраған үкіметтік емес ұйымдардың кейбірі сайлауға бақылау жүргізумен айналысады. Мүмкін билік аталған ұйымдардың сайлау кезіндегі және одан кейінгі қызметіне кедергі жасағысы келген болар. Өйткені билік тәуелсіз бақылаушылар сайлаудағы заңбұзушылықтарды анықтауы мүмкін деп қорықты. Бірақ бұл толық картина емес. Қудалауға ұшыраған құқық қорғау ұйымдарының бәрі бірдей сайлауды бақылаумен айналыспайды.
Салық органдарының үкіметтік емес ұйымдарға қозғаған ісі тоқтады
Қазақстан билігі жақында [Орталық Азия] өңірінің басқа бөлігінде болған наразылыққа байланысты біраз алаңдаған болуы мүмкін. Бұл жерде 2020 жылы қазанда Қырғызстанда болған парламент сайлауының нәтижесіне қарсы наразылық акцияларын меңзеп отырмын. Қате жауап осындай болды: Қазақстандағы құқық қорғаушы топтар нысанаға алынды. Бірақ түбінде азаматтық қоғамның, құқық қорғау ұйымдарының басындағы жағдайды Қазақстандағы бірлестік еркіндігін шектеу тұрғысынан қарастыру өте маңызды.
Қазақстан билігі заң арқылы және іс жүзінде діни, оппозициялық топтарды, кәсіподақ ұйымдарын қатаң бақылауда ұстайды. 2016 жылы биліктің арнайы заң (үкіметтік емес ұйымдардан шетелден қаржы алғаны туралы есеп беруді талап ететін нормалар – ред.) қабылдауы бекер емес. Енді осы заңның іс жүзінде қалай қолданылатынын көріп отырмыз. Бұл – бірлестік еркіндігін шектеу деген үлкен мәселенің бір бөлігі ғана.
САЛЫҚ ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ МЕН САЯСИ АСТАР ТУРАЛЫ
Азаттық: Демократиялық қоғамда салық органдары саясатқа қаншалықты араласады? Қазақстанда салық қызметкерлерінің әрекетінен үкіметтік емес ұйымдар жабылуға шақ қалды…
Мира Риттман: Басқа мемлекеттік қызметкерлер сияқты салық органы өкілдерінің де [өз] жұмысы бар. Бұл жерде мәселе салық органдарының қызмет міндетінде емес. Үкіметтік емес ұйымдардан шетелден түскен қаржы мен оның қайда жұмсалғаны туралы есеп беруді талап ететін заң 2016 жылдың ортасында қабылданды. Заңға сәйкес, салық органдары қаңдай әрекетті есеп берудегі заңбұзушылық деп тануға болатынын өзі шешіп, әртүрлі санкциялар қолдана алады. Тіпті, ұйым қызметін тоқтатуы да мүмкін. Осы жолы салық органдарының құқық қорғау ұйымдарына қарсы осы заңды қолдануының саяси астары бар сияқты.
Қазақстанның бірнеше қаласындағы салық қызметі оннан астам құқық қорғау ұйымының есебінен үш не төрт жыл бұрынғы техникалық сәйкессіздіктерді тапқан. Осыдан "Неге шенеуніктер есеп берілген кезде немесе содан кейін күмән туғызатын тұстарды нақтылап алмаған? Неге олар үкіметтік емес ұйымдардың есеп тарихын қазбалап отыр? Неліктен ұйымның қызметін тоқтатуға осы қате себеп болды? Неге үкіметтік емес ұйымдарға ескерту жасалмаған? Неге оларға қатесін түзетуге мүмкіндік берілмеді?" деген сұрақтар туады. Салық органы шенеуніктері Қазақстанда ашық пікір білдіретін бірнеше құқық қорғау ұйымының қызметін тоқтатуға түрткі болған агрессивті шараларға жүгінді. Бұл аталған ұйымдардың жұмысына араласып, оларды қудалаумен тең. Оның үстіне, бұл салық органдарының құзыретін асыра пайдалану болып саналады.
Азаттық: Сіз заң туралы бірнеше рет айттыңыз. Осы туралы толығырақ тоқталсаңыз. Бұл норма мен Ресейдің "шетелдік агенттер" туралы заңының арасында ұқсастық бар ма?
Мира Риттман: Қазақстан Ресей сияқты "шетелдік агенттер" туралы заң қабылдаған жоқ. Тіпті Қырғызстан сияқты бұл қадамға талпынып та көрмеді. Оның орнына 2015 жылғы желтоқсанда Қазақстан қоғамдық сынға қарамастан, заң өзгерістері пакетін қабылдады. Оған сәйкес, үкіметтік емес ұйымдарға есеп беру бойынша қосымша міндеттеме жүктелді. Алты айдан кейін Қазақстан жеке тұлғалар мен үкіметтік емес ұйымдар сияқты заңды тұлғаларға шетелден қаржы алғаны және оны қалай жаратқаны туралы қосымша есеп беру формасын енгізді. Бұл заңдар үкіметтік емес сектор үшін қолайсыз құқықтық орта қалыптастырады.
Ресейдегі "шетелдік агенттер" туралы заңмен ұқсастығына келсек, екі заң да адам құқықтары саласындағы бірлестік еркіндігіне қатысты халықаралық нормаларға сәйкес келмейді, шектеулер көп, бұл нормалар шетелден қаржы алатын құқық қорғау ұйымдарына қарсы қолданылуы мүмкін. Екі жағдайда да билік бұл заңдарды мемлекет мойнына алған халықаралық міндеттемелерге сәйкес келетіндей етіп өзгертуі керек.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕМОКРАТИЯҒА ЖЕТУ ЖОЛЫНДАҒЫ ТРАЕКТОРИЯСЫ
Азаттық: Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстанның демократияны дамыту және адам құқықтарын қорғау саласындағы стандарттарды сақтау жолын қалай сипаттар едіңіз?
Мира Риттман: Осыған дейін жарияланған жыл сайынғы есептерді қарасаңыз, бізді (Human Rights Watch ұйымын) Қазақстанда адам құқықтары саласындағы негізгі мәселелерді шешуде прогрестің болмауы қынжылтатынын түсінесіз. Қазақстанда жұмыс істеген жылдары азаматтық қоғам мен бірлестік еркіндігі мәселесінде оң өзгерістерге куә болдым деп айта алмаймын. 2009 жылы Қазақстан дін туралы жаңа заң қабылдады. Бұл ресми тіркелмеген діни топтардың қызметін қиындатып, олардың жабылуына ықпал етті. 2011 жылы Қазақстанның батысында басталған ұзаққа созылған ереуіл мен желтоқсан айында Жаңаөзен қаласында болған зомбылықтан кейін 2014 жылы билік кәсіподақтар туралы жаңа заң қабылдады. Бұл заң Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақ қозғалысының жойылуына әкеліп соқты. Біз тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарын қалай жапқанын, оларға тіркелуге рұқсат бермегенін көрдік. Одан кейін 2015 және 2016 жылдары жоғарыда аталған үкіметтік емес ұйымдардың есеп беруіне қатысты заңдар қабылданып, қазіргідей жағдайға жол ашты.
Кейінгі жылдары Қазақстанда "Алға!", ҚДТ ("Қазақстанның демократиялық таңдауы") және "Көше партиясы" сияқты тіркелмеген саяси оппозициялық топтардың қызметіне тыйым салынды. Осы жылдар ішінде Қазақстан адамдардың наразылық білдіру құқығын бұзатын бейбіт жиындар туралы заңы үшін сынға ұшырап келеді.
Қазір билік үкіметті сынаған азаматтарға қарсы көрінеу жалған ақпарат тарату туралы бапты қолданып отыр. Осының бәрін біріктірсек, Қазақстандағы заңдар мен оларды іс жүзінде қолдану тұрғысынан алғанда негативті көрініс қалыптасады. Бірқатар оң өзгерістер барын, олар шынымен маңызды екенін атап өткім келеді. Бірақ мәселе бірлестік еркіндігі сияқты құқыққа келгенде, билік топтарды [бұрынғыдан да] қатты бақылауға алып, оларға әрекет ететін ашық орта қалдырмай отыр. Бұл траекторияның өзгергенін қалаймыз. Үкіметтің адам құқықтарын бұзатын жолды таңдағанын мойындап, азаматтардың құқықтарын құрметтейтін, әлдеқайда жетілдірілген заң қабылдауға қашанда болсын мүмкіндігі бар.
Азаттық: Human Rights Watch сияқты ұйымдарды басқа қандай мәселелер алаңдатады?
Мира Риттман: Қазақстанда сөз бостандығы мен ақпарат құралдарының еркіндігі қатаң шектелген. Тәуелсіз журналистер мен ақпарат құралдары қудалауға ұшырап, кәсіби қызметін атқару кезінде кедергілерге тап болады.
Қазақстандағы тағы бір маңызды мәселе – тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Қазір парламентте тұрмыстағы зорлық туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл тұрмыстағы әлімжеттіктен жапа шеккен адамдарды қорғауға мүмкіндік беріп, кінәлілерді жазалау шараларын күшейтеді деп үміттенеміз.
Біз мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын бұзу мәселесі бойынша жұмыс істеп, олардың инклюзивті сапалы білімге қол жеткізуде көп қиындықтарға кезігетінін түсіндік. Балаларды отбасында, қоғамда басқалармен тең дәрежеде өмір сүру мүмкіндігінен айырып, арнаулы мекемелерге жатқызу мәселесін зерттедік. Қазақстанды мұндай балаларды арнаулы мекемелерге жатқызу тәжірибесінен бас тартуға үндеп, қоғам деңгейіндегі қамқорлыққа көшуді ұсындық. Осы салада прогресс болғанын қалаймын. Өкінішке қарай, әзірге ілгері қарай өте баяу жылжып жатыр.
Жоғарыда кәсіподақтармен жұмысымыз туралы айттым. Одан бөлек, осыған дейін тіркелген, біздің алаңдаушылығымызды туғызған жұмысшылар құқығына байланысты ауқымды мәселелер де бар. Оң өзгерістер туралы сұрадыңыз ғой. Былтыр Қазақстан кәсіподақтар туралы заңға өзгерістер енгізді. Енді кәсіподақты тіркеу процесі жеңілдеп, төменгі деңгейдегі кәсіподақтар жоғары деңгейдегі ұйымдарға кіруі керек деген талап жойылды. Халықаралық еңбек және Халықаралық кәсіподақтар ұйымы көп жыл бойы Қазақстанды сынап келген. Араға көп жыл салып, ұзақ күткен құқықтық өзгерістерге қол жеткіздік.
Бір қызығы, заңға өзгеріс енгеннен кейін билік өндірістік кәсіподаққа қарсы іс қозғап, оның қызметін тоқтатуға тырысып жатыр (бұл жерде "Отын-энергетикалық кешен қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы" туралы айтылып отыр. 5 ақпанда Шымкенттегі соттың шешімімен кәсіподақ қызметі жарты жылға тоқтатылды – ред.). Бірқатар оң өзгерістер болуы мүмкін екенін көріп отырмыз, бірақ сондай-ақ адам құқықтары саласындағы бірнеше мәселе бойынша кері кету де байқалады. Сондықтан беделін ойлайтын ел ретінде Қазақстан өз іс-әрекетіне, адам құқықтарының бұзылуына назар аударғаны дұрыс. Қазақстанның адам құқықтары саласында қазіргіден де көп жетістікке жетуге мүмкіндігі бар.
Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.
ПІКІРЛЕР