Accessibility links

Пандемия деген не және коронавирус қаншалықты қауіпті?


Ғалым Айдын Қыдырманов: Коронавирустың келуін болжау - көріпкелдік емес
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:56 0:00

Видео: Азаттық коронавирус пен оның қандай қауіп төндіретіні туралы вирусолог ғалым Айдын Қыдырмановтан сұхбат алды.

Еуропадан оралған үш қазақстандықтың COVID-19 коронавирусын жұқтырғаны анықталды. Олардың екеуі Германиядан, біреуі Италиядан келген. Үшеуі де ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы билік өкілдері наурыздың 13-і күні хабарлады. Елде вирустан сақтану үшін көпшілік шара өткізуге тыйым салынды. Наурыздың 16-сынан бастап мектеп оқушылары жиырма күндік демалысқа шығып, жоғары оқу орындары онлайн оқуға көшеді. Азаттық коронавирустың жаңа түрі жайлы вирусолог ғалым Айдын Қыдырмановтан сұхбат алды.

Наурыздың 13-і күні Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Германиядан келген екі қазақстандықтың (бір әйел, бір ер адам) коронавирус жұқтырғаны анықталып, екеуі де ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді.

- Олар Алматыдағы жұқпалы ауру ауруханасына жатқызылды. Клиникалық белгілері жоқ, халі жақсы. Қажетті шаралардың барлығы қабылданып жатыр, - деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, бұл екі адам Алматыға наурыздың 9-ы және 12-і күні Германиядан ұшақпен келген. Бейсенбінің кешінде науқаспен бірге ұшақта келген адамдардың барлығы карантинге жіберілді деп хабарлады министр. Жолаушылар 14 күн карантинде болмақ.

- Ал наурыздың 9-ы күні келген рейсте болған 73 жолаушыны тауып, карантинге жатқызу жағын қарастырып жатырмыз, олардың тізімі бізде бар, - деді Біртанов.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Германиядан коронавирус жұқтырып оралған екі қазақстандықтың бірі 1974 жылы, екіншісі - 1984 жылы туған.

Арада бірнеше сағат өткенде министр Елжан Біртанов Италиядан елге оралған тағы бір қазақстандықтан коронавирус табылғанын хабарлады.

- Әйел адам наурыздың 12-і күні Миланнан Мәскеу арқылы Нұр-Сұлтанға келген. Ол борттан түсе салысымен карантинге жатқызылды. Қазір ол адаммен байланыста болғандарды анықтап жатырмыз. Бұл кісі отырған бортта 90 жолаушы: 37 қазақстандық, 42 ресейлік және тағы 11 елдің азаматы болған, - деді Біртанов.

Алматы халықаралық әуежайына келген жолаушылардың дене қызуын алыстан өлшеп тұрған адам. 21 қаңтар 2020 жыл.
Алматы халықаралық әуежайына келген жолаушылардың дене қызуын алыстан өлшеп тұрған адам. 21 қаңтар 2020 жыл.

Үш ай бұрын Қытайда тарай бастаған COVID-19 коронавирусын, қазіргі мәлімет бойынша, әлемде 120-ға жуық елде 134 мыңнан астам адам жұқтырған. Қайтыс болғандар саны 5 мыңға таяды. 69 мыңнан астам науқас аурудан айыққан. Қытайдан бөлек бұл дерттен Италия, Иран, Оңтүстік Корея, Франция, Испания, Германия, Нидерланд, Дания мен АҚШ сынды елдер зардап шегіп жатыр. Наурыздың 11-і күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл коронавирусты пандемия деп жариялады.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда бұған дейін COVID-19 вирусы қатты тараған елдерден келген және олармен араласқан бірнеше мың адам карантиндік бақылауға алынған. Коронавирус ондаған елге тарай бастағаннан-ақ Қазақстанда бірнеше қалада дәріханаларда медициналық маска тапшылығы байқалды. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов наурыздың 12-сі күні "Қазақстанда азық-түліктің негізгі 19 түрі бар. Бұл қор жарты жылға дейін өзімізді қамтамасыз етуге жетеді. Азық-түлік қауіпсіздігін бақылауда ұстап отырмыз" деп мәлімдеді. Бірақ сол күні кешке Алматыдағы кей дүкендерде азаматтардың азық-түлікті жаппай артығымен сатып алып жатқаны туралы хабар тарады.

Азаттық коронавирустың жаңа түрі жайлы, бұған дейін Қазақстанға төнген эпидемиялар қаупі мен COVID-19 пандемиясының қалай анықталатыны туралы Алматыдағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының Вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы Айдын Қыдырмановпен сұхбаттасты.

Азаттық: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 коронавирусын пандемия деп таныды. Бұл нені білдіреді?

Айдын Қыдырманов: Эпидемия деген – аурудың халық арасына тарауы. Ал пандемия дерттің дүние жүзіне таралуын білдіреді. Айырмашылығы – сол. "Пан" деген сөз "жалпыға таралу" деген мағына береді.

Вирусолог ғалым Айдын Қыдырманов. Алматы, 11 наурыз 2020 жыл.
Вирусолог ғалым Айдын Қыдырманов. Алматы, 11 наурыз 2020 жыл.

Азаттық: Бірер күн бұрын Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин "Болжам бойынша, 11-16 наурыз аралығында елде коронавирус тіркелуі мүмкін" деп мәлімдеген еді. Вирустың келу-келмеуін болжауға бола ма?

Айдын Қыдырманов: Бұл жерде коронавирус болсын, басқа вирус болсын – болжам жасағанда сүйенетін эпидемиологиялық алгоритмдер болады. Статистикалық тәсілдер бар. Деректер жиынтығын есептеп, дүние жүзіндегі жағдайды ескеріп, әр вирустың таралу жылдамдығына, ерекшелігіне байланысты болжам айтылады. Қазір оны адам емес, компьютер жасайды. [Бекшиннің сөзі] – схемалармен, әдістермен статистикалық анализ жасап, соның негізінде қорытындылай жасалған болжам. Өздерінің де таратуы, түсіндіруі солай ғой. Ол – көріпкелдік емес.

Вирус деген не?

Вирус деген не?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:32 0:00

Азаттық: Індет Қазақстанмен шекаралас Қытайдан басталып, қазір бізге таяу жатқан біраз елге тарады. Соңғы кезге дейін Қазақстанға келмеуіне не себеп?

Айдын Қыдырманов: Қазақстан ғана емес, Орталық Азияның ешбір елінде тіркелген жоқ. Мысалы, Қырғызстанда жоқ. Өзбекстанда тіркелмеген. Тәжікстанда жоқ дегендей. Билік өкілдерінің "COVID-19 вирусы жоқ" деп келгені жасырып отырғаны емес. Бұған дейін ауру белгісі бар науқас тіркелмеген. Тіркелмей, дәрігерге келмей, ауырып, артынан айығып кеткендер бар ма – белгісіз. Сырқаттанған адамдар дәрігерге қаралмаған болуы ықтимал. "Тұмаумын" деп ойлауы да мүмкін. Жазылып та кетеді ғой.

Азаттық: COVID-19 несімен қауіпті?

Айдын Қыдырманов: Ол маусымдық тұмауға ұқсас. Тек айырмашылығы – өлім-жітім деңгейі одан 2-2,5 есе жоғары.

Covid-19 коронавирусы. Компьютер көмегімен жасалған сурет.
Covid-19 коронавирусы. Компьютер көмегімен жасалған сурет.

Вирус мутацияға ұшырайды. Бұларды РНҚ-сы (Рибонуклеин қышқылы – ред.) бар вирустар дейді. Олар мутацияға жиі ұшырағандықтан бұған вакцинаны уақытында дайындап үлгере алмайды. Вакцина дайындау 1,5-3 жыл уақыт алады. Қазір мына үлгісіне дайындап қойса, ол мутацияға ұшырайды да, вакцина вирустың жаңа штамына қарсы қолдануға жарамсыз болып қалады. Бұл вирустың егде, иммунитеті әлсіз адамдарға зардабы көбірек.

Азаттық: Адамның COVID-19 вирусын жұқтырған-жұқтырмағаны қалай анықталады? Қазақстанда арнайы құрылғылар бар ма?

Айдын Қыдырманов: Вирусты жұқтырған болуы мүмкін деген күдік тудырған адамнан нуклеин қышқылы алынады. Онда коронавирустың РНҚ-сы бар-жоғын тексереді. Бар болып шықса – жұқтырғаны. Қазақстанда мұндай праймерлермен – диагностикалық жиынтықпен жабдықталған орталық бар. Мемлекет өзі сертификатталған бір жерді анықтаған. Жалпы оның технологиясында қиын ештеңе жоқ. Арнайы жасайтын аппараттар вирусология орталықтарының біразында бар.

Азаттық: Коронавирустар деген не өзі? Ол қалай тарайды?

Айдын Қыдырманов: Әлемде адамдар арасында тарайтын жұқпалы аурулардың 80 пайызын вирустар тудырады. Қалған 10-20 пайызы бактериялық аурулардан пайда болады. Мысалы, қарасан, бруцеллез, туберкулез сияқты аурулар бар. Ал тұмау, СПИД, гепатит дегеннің бәрі – вирустық аурулар. Бірақ тұқымдастық сипаты әр түрлі. Әрқайсысының клиникалық белгісі түрліше өтеді. Аурудың өршуі де, жылдамдығы да басқаша. Зақымдайтын жерлері де – тыныс жолдары, асқазан, ішек жолдары, бауыр сияқты алуан түрлі болып келеді. Вирустар өз ішінде де бөлінеді. Зиян келтіретіні, организмде бұйығып тыныш жататыны, зияны азы бар – өзара жіктеледі.

Видео: Covid-19 вирусы қалай жұғады?

Covid-19 вирусы қалай жұғады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

Ал коронавирустың табиғатта кең тарағаны вирусология дамығалы бері белгілі. Жануарлар арасында, құстарда да жиі кездеседі, адамда да болады. Адамдар жалпақ тілде "ОРВИ" (Жедел респираторлық вирустық аурулар – ред.) деп жүр ғой. Емханада диагноз қойғанда тұмау не ОРВИ дейді.

Негізі көп адамға жиі қойылатын диагноздардың бірі. Соның ішіне коронавирустар да кіреді. Бірақ жұрт шатаспауы керек. Бұл COVID-19 емес. Адам арасында коронавирустың екі түрі бар. Жұғып, тарап жүре береді. Ауру жеңіл түрде өтіп кетеді. Тұмау сияқты көрінеді. Коронавирустар ит-мысықта, сиырда да кездеседі. Жалпы, бұл вирустар кең тараған.

Азаттық: Бұл вирустар қашаннан бастап жіті зерттеле басталды?

Айдын Қыдырманов: 2000 жылдардан кейін әлемде коронавирусқа жіті назар сала бастады. Бұрын да белгілі болған. Бірақ 2002-2003 жылдары SARS деген вирус шықты. Атипиялық пневмония. Содан бастап медицинада, вирусологияда соған назар аударды. Өйткені бұл вирус табиғаттағы көздерінен тікелей адамға жұққан оқиғалар тіркелді. SARS-пен ауырғандар ішінде өлім-жітім көп болды. Науқастың 10 пайызға жуығы қаза болды. Ауруды дер кезінде тоқтатты, бірақ сол сәтте 8 мыңнан аса адам ауырып, соның 700-ден астамы көз жұмған. Екінші шыққаны да осы коронавирустар тұқымдастығынан тарады. 2012 жылы Сауд Арабиясында MERS дейтін түрі тарай бастады. Ауру түйелерден жұқты. Түйелерден кейін антиденелер (адам мен жануар организміне енген бөгде ірі молекулалы протеиндік заттарға қарсы иммундық реакциялар нәтижесінде түзіліп, олардың зиянды әсерін жоятын заттар – ред.) табылды. Түйелер ауырса да белгілері жоқ. MERS эпидемиясынан науқастардың 40 пайызға жуығы қаза болды. Біраз елге тарады. Онымен ауырғандар саны 2 мыңнан асты. Әлі күнге дейін адамдардан да, түйелерден де оқта-текте анықталып жатады.

Азаттық: Бұған дейін Қазақстанға пандемия қаупі төніп пе еді?

Айдын Қыдырманов: 2009 жылы Н1N1 деген Доңыз тұмауының пандемиясы болды. Ол Мексикада шығып, Америкаға тарады. Сосын Қазақстанға да келді. Қазір маусымдық тұмау сияқты жүреді. Ол да жануарлар арасында шыққан. Құс, шошқа және адам тұмауы вирустарының үйлесуімен осы – доңыз тұмауы шықты. Ол пандемия кезінде де осындай шу болды, бірақ оған да үйреніп кеттік.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

Видео: Коронавирустан сақтаныңыз. Қолды қалай жуу керек?

Қолды қалай жуу керек?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG