Елдегі ең ықпалды отбасы — Назарбаев әулетінің күйеу баласы атанып жүрген, «ҚазТрансГаз» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев, ресми ақпарат бойынша, ешқандай бизнеспен айналыспайды. Алайда Азаттық Шәріпбаевқа тиесілі болған, кейін «сенімді серіктесіне» өтіп, әлі күнге дейін табысты жұмыс істеп жатқан бірнеше компанияны анықтады. Сондай-ақ Шәріпбаев басқа адам атынан компания ашып, «ҚазТрансГаздағы» лауазымын пайдалану арқылы байып отырған болуы мүмкін.
Қараңғы бөлмеде жиырма шақты адам сап түзе екі топқа бөлініп, билеп тұр. Әдетте келін түсіргенде айтылатын ән қосулы: «Жас келінді көруге асығуда, жар-жар...» Аздан соң ортаға Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, қазіргі мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева шығады. Жұрт «Ура! Ура!» деп қуана айқайлайды. Қарсы беттен оны қолына гүл ұстаған Қайрат Шәріпбаевқа ұқсайтын адам күтіп алды. Ол Дариға Назарбаеваны көтеріп алды да, алып кетті. Ысқырық, шапалақ, «Ура-а-а!»...
Бұл рәсім қашан, қайда болғаны белгісіз, бірақ видео желіде алғаш былтыр көктемде жарияланды.
Шәріпбаев пен Назарбаеваның отау көтергені интернетте 2013 жылдан бері айтыла бастады. Желіде екеуінің той-томалақта бірге жүрген видеосы жарияланып тұрады. Жұрт алдына да бірге шыққан: 2019 жылы қыркүйекте «Томирис» фильмінің тұсаукесеріне Назарбаева мен Шәріпбаев бірге барып, қатар отырды. Кейбір басылымдар Дариғаның 10 жасар ұлы барын да жазған.
Назарбаева да, Шәріпбаев та екеуінің отбасы құрғанын растамаған, жоққа да шығармайды. Назарбаевтар әулетінен бұл туралы тек Дариғаның жұмбақ жағдайда қаза тапқан бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевпен некесінен туған ұлы, былтыр көз жұмған Айсұлтан Назарбаев айтқан. Ол Шәріпбаевты «анамның қазіргі күйеуі» деп сипаттаған..
Қайрат Шәріпбаев 1963 жылы тамызда Алматы облысындағы Ақтерек ауылында туған. Ресми өмірбаянында оның үйленгені айтылады. Бірақ ұлттық компания қызметкерлері мен олардың туыстары жазылған базаларда әйелінің аты-жөні көрсетілмейді. Бір ұл, бір қызы бар.
Шәріпбаев 1985 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Оқуын аяқтай сала Алматы облысындағы Іле ауданында совхоз агрономы болды, кейін көкөніс қоймашысы қызметін атқарды. Газ саласындағы еңбек жолын 2000 жылдары бастаған. 2002-2003 жылдары жылы ол «Интергаз Орталық Азия» жабық акционерлік қоғамы бас директорының маркетинг және коммерция бойынша бас директоры болды. Ашық деректерде Шәріпбаевтың 2003-2008 жылдары немен айналысып, қандай қызметте болғаны көрсетілмейді. Бірақ 2009 жылы Шәріпбаев «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының бас директоры болып тағайындалып, сол уақыттан Қазақстандағы ықпалды адамның біріне айнала бастады. Шәріпбаев карьерасының күрт өсуін Дариғамен отау құруымен байланыстыратындар бар.
Қазақстан халқының жартысынан көбін газбен қамтамасыз ететін «ҚазТрансГаз» компаниясының басқарма төрағасы лауазымына былтыр, 2020 жылдың қарашасында тағайындалды.
Газ саласындағы ұлттық оператор, монополист компанияның ықпалы мен ондағы ақша айналымы қаншалық зор екеніне баға беру қиын емес: «ҚазТрансГаз» газ тасымалдау мен жеткізу бойынша орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады, шетелге тасымалдаумен айналысады, ішкі-сыртқы нарықта газ сатумен айналысады, құбыр жасап, газ сақтау қоймаларын соғып, кен орындарын тауып, оларды қаржыландырады, сосын пайдаланады. Оның құрамында еншілес және бірлесе басқарылатын 12 компания бар. «ҚазТрансГаздың» 2020 жыл бойынша қаржы есебіне қарағанда, компанияның жалпы активі — 2,3 триллион теңге.
2021 жылдың наурызында компания «ҚазМұнайГаздан» бөлініп шықты да, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы жеке компанияға айналды. «ҚазТрансГазға» еншісін беріп, бөлек шығаруды оның «қайын атасы», «Самұрық-Қазына» басқарушылар кеңесінің төрағасы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр қарашада тапсырған.
Шәріпбаев түрлі жылдары «Эксимбанк», Qazaq banki және RBK банктерінің акционері болған. Алғашқы екеуінің лицензиясын 2018 жылы Ұлттық банк тоқтатты.
Ашық үкімет порталының дерегі бойынша, Қайрат Шәріпбаевтың атына ешқандай компания тіркелмеген. Ешбір компанияға да, ресми дерек бойынша, ол құрылтайшы емес. Алайда бұған дейін оның атында бірнеше компания болған. Олар ғимараттарды жалға берумен, көтерме саудада тауар не газ техникаларын сатумен айналысады.
Мысалы, 2014 жылы қаңтарда тіркелген, бес адамнан аз қызметкері бар «Innovation Invest» шағын компаниясы. Ол көтерме саудада түрлі тауар сатумен айналысады.
Компания алғаш тіркелген 2014 жылғы қаңтарда оның жалғыз басшысы да, құрылтайшысы да Қайрат Шәріпбаев еді. Сол жылы қазанда Шәріпбаев «ҚазТрансГаздың» бас директоры болып тағайындалды. Бір айдан соң «Innovation Invest» компаниясының құрылтайшысы өзгерді де, әлдебір Әсет Нұрдос есімді азамат басшы болып келді.
Бірақ бұл ауыс-түйістен «Innovation Invest» еш зиян шеккен жоқ. Керісінше табысы арта түсті. 2014 жылы бір тиын салық төлемеген компания 2015 жылы қазынаға 611 миллион теңге аударады. Бір жылдық салығының өзі жарты миллиардтан асқан компанияның табыс көзін ашық дереккөзден анықтау мүмкін болмады.
«Innovation Invest» компаниясының заңды мекенжайы ретінде Нұр-Сұлтандағы «Болашақ» бизнес орталығы көрсетілген. Бұл орталықта қазір Шәріпбаев басқаратын «ҚазТрансГаз» да отырады.
Нұрдос пен Шәріпбаев серіктестігінің басы да, соңы да — бұл емес. Азаттық Әсет Нұрдостың кім, оның тағы қандай кәсібі барын зерттеп отырып, кезінде Шәріпбаевқа тиесілі болған, бірақ әлі де табысты жұмыс істеп жатқан бірнеше компанияны анықтады.
Қазір Әсет Нұрдос басқаратын тағы бір компания — «Capital Trade Line» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания әлі бар болғанымен, жұмыс істемейтін сияқты: тіркелгелі салық төлемеген.
Бірақ оның жалғыз құрылтайшысы — «Qazaq Business Group» — өте табысты компания. 2015 жылдан бастап қазірге дейін алты жылда 835 миллион теңгеден аса салық төлеген.
«Qazaq Business Group» компаниясының екі құрылтайшысы бар. Соның бірі — «Astana group KZ» компаниясы. 2014 жылы қаңтарда алғаш тіркелгенде бұл компанияның басшысы да, құрылтайшысы да Шәріпбаев еді.
Шәріпбаевтан соң компания басшылығына Әсет Нұрдос келді. Біршама уақыттан соң компания құрылтайшысы Сингапурдегі оффшорлық «Tian-Shan Holding Pte.Ltd» компаниясы болды. Ал биыл қаңтарда бұл компания толықтай Қайрат Шәріпбаевтың қызы, 37 жастағы Қорлан Шәріпбаеваның иелігіне өтті.
«Astana group KZ», ресми дерек бойынша, тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада сатумен айналысады. Жұмысы өте табысты. Биыл бес ай ішінде 14 миллион теңгеден аса салық төлеген. 2015-2021 жылдар аралығында төлеген салығы 153 миллион теңгеден асады.
Табысының бір бөлігін мемлекеттік тапсырыстан да тауып отыр. «Astana group KZ» 2016 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың мамырына дейін тікелей мемлекетке қарайтын екі компаниямен — «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» және «СК-Фармациямен» құны жүздеген миллион теңге болатын жиырма шақты келісім-шарт жасасқан. Бұл екі компанияға «Astana group KZ» ғимарат — Нұр-Сұлтанның сол жағалауындағы «Қонаев көшесі, 14/3» мекенжайында тұрған 13 қабатты үйді жалға береді. Жалға алу бағасы айына 9,3 миллион теңге тұрады. Жылына — 102 миллион теңге.
2003 жылы. Астана. Елдің бас қаласында зәулім ғимараттар құрылысы қарқынды жүріп, мәдени-көпшілік нысандар бірінен соң бірі ашылып жатқан кез. Сол жылы мамырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ТМД елдерінде баламасы жоқ» «Думан» океанариумын салтанатты түрде ашты. Акула, балықтар... Жұрт алып аквариумды көруге ағылды.
Бұл нысанмен қатар сол жерде океанариуммен аттас — «Думан» қонақүйі де ашылуы керек еді. Бірақ оның құрылысы тоқтап қалды. Қонақүйді салып бітіруді президент Назарбаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тапсырды. Мемлекеттік компания бюджет есебінен 44 мың шаршы метрді алып жатқан 18 қабат зәулім ғимаратты соғып бітіп, төрт жылдан соң, 2007 жылы ашты. «ҚазМұнайГаз» қонақүй құрылысына қанша теңге жұмсағаны ашық деректерде көрсетілмейді. Қонақүй қарқынды жұмыс істей бастады.
Бірақ жекешелендірудің екінші толқынында, 2014 жылдың күзінде «ҚазМұнайГаз» «Думан» қонақүйін жеке компанияға сатып жіберді. Нысанды шетелдік аудиторлық компания жерді жалға алу құқығының бағасын қоспай есептегенде 5 миллиард теңгеге бағалаған. Бірақ қонақүй бұдан әлдеқайда төмен бағаға, 4 миллиард теңгеге сатылды. Сатып алған — сол уақытта құрылғанына бір жыл болған «Армания» компаниясы.
Қазақстандық Ratel.kz тәуелсіз сайты осы сауда жайлы: «Төрт жұлдызды қонақүй «Армания» компаниясына ешбір тендерсіз, тікелей өтіп кетті. Бір метрі 98 мың теңгеге жетер-жетпес сомаға сатылды. Жаман емес, иә. Енді арманы оп-оңай орындалатын «Армания» компаниясының артында кім тұрғанын білу ғана қалды» деп жазды. Азаттық бұл компанияның түпкі қожайындарына Қайрат Шәріпбаев пен «әйелі» Дариға Назарбаеваның жанама қатысы барын анықтады.
«Арманияның» басшысы — ендігі белгілі Әсет Нұрдос. Оған екі компания құрылтайшылық етеді.
Бірі — «Stroy System Engineering» компаниясы. Ол Сингапурдегі оффшорлық «TIAN-SHAN HOLDING PTE.LTD» компаниясына тиесілі. Бұл оффшорлық компания бір кездері Шәріпбаев басқарған, кейін Әсет Нұрдосқа өткен, ақыры Шәріпбаевтың қызына қайтқан «Astana group KZ»-ке де иелік еткен.
«Армания» компаниясының екінші құрылтайшысы — «DLS Group Kazakhstan». Оның да екі иесі бар. Соның бірі — «DLS Group» компаниясы. Ресми ашық дереккөздерде компания басшысының ғана аты көрсетіледі. Бір құрылтайшысы бары жазылғанымен, оның аты-жөні болуы тиіс баған бос. 2015 жылы онда Дариға Назарбаеваның аты жазулы тұр еді.
Ресми дерек бойынша, «Армания» компаниясы ғимараттарды жалға берумен айналысады. 2015 жылдан бері алты жылда 222 миллион теңгеге жуық салық төлеген. Компания мекенжайы Шәріпбаевтың қызмет орнынан алыс емес: «Армания» мен «ҚазТрансГаз» бір кеңседе — «Болашақ» бизнес-орталығында отырады.
Бай компанияларды басқарып отырса да, 34 жастағы Әсет Нұрдос туралы ашық дереккөзде ақпарат аз. Ол қол қойған құжаттар мен келісім-шарттар бар, бірақ Нұрдостың өзі туралы дерек мүлдем жоқ деуге болады.
Әсет Нұрдос «ҚазТрансГазға» қарайтын «Интергаз Орталық Азия» компаниясына қатысы бар азаматтар арасында Шәріпбаевпен бірге аталған. Ол «Интергаз Орталық Азияның» не оған қатысы бар компаниялардың «лауазымды адамы» екені жазылған. Бірақ «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Азаттыққа «[Әсет Нұрдос] қоғамға қарайтын ешбір компанияда жұмыс істемейді» деп жауап берді.
Азаттық ашық дереккөзден Нұрдос пен ол басқарған компаниялардың бірнеше телефонын тапты. Бірақ ешбірімен байланысу мүмкін болмады: операторлар «нөмірдің тіркелмегенін» айтады.
Әсет Нұрдос пен Қайрат Шәріпбаевтың ықтимал серіктестігі тауар сатып, қызмет көрсететін шағын болса да табысты компанияларда ғана емес, газ өңдеумен айналысатын миллиондаған долларлық зауыттарда да жалғасып жатқанға ұқсайды.
Мұнай өндіру кезінде кен орындарынан ілеспе газ бөлінеді. Ол — метан, этан, пропан, бутан мен изобутаннан тұратын газдар қосындысы. Мұнай зауыттарының мұнарасынан лапылдаған от көрінсе, жанып жатқан ілеспе газы болуы мүмкін. Бұл атмосфераға, қоршаған ортаға өте зиян. Әлем елдері ілеспе газын жағып жібермей, оны пайдаға жаратуға тырысып жатыр. Қазақстан да мұнайдан шығатын шикі газдан дайын өнім шығару жолдарын қарастыра бастады. Кейінгі жылдары Қазақстанның батысында ілеспе газ өңдеу зауыттары салынып жатыр.
Мысалы, 2018 жылы желтоқсанда Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Қожасай кен орнында осындай зауыт ашылды. Оны Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді индустриализациялау күніне орай өткізілген телекөпір кезінде ашты.
Зауыт Қожасайдағы мұнай кен орнынан ілеспе газын алады да, өңдеп, ішкі-сыртқы нарыққа шығарады. Кешен 300 миллион текше метр іліспе газын өңдеп, одан 270 миллион текше метр дайын газ шығарады. Өнімнің 70 пайызын шетелге сатады. Билікшіл бұқаралық ақпарат құралдары кешеннің экологияға пайдасы туралы айтуға бейіл. Үкімет те, жергілікті билік те, «ҚазТрансГаз» да зауыт жұмысына мүдделі екенін еш жасырмайды.
Бір қызығы, зауыт иесі — «Gas Processing Company» кешен құрылысына кіріскенде оның құрылғанына бір-ақ жыл болған. Соған қарамастан жобаға 42 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция құйған. Мұндай жас компанияның осынша қаржыны қайдан алғаны белгісіз. Бірақ мұнда да «ҚазТрансГаздың» басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаевтың «сенімді серігі» жүр. «Gas Processing Company» алғаш тіркелгенде оның құрылтайшылар қатарында ендігі оқырманға таныс Әсет Нұрдос болған.
Шәріпбаев басқаратын «ҚазТрансГаз» компаниясы газ өңдеу зауытының өнімдерін сатудан табыс тауып отыр. Мұны Азаттыққа «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры растады. Бірақ нақты соманы айтқан жоқ. Қор мұны «қызметтік, коммерциялық құпия» деп санайды.
Шәріпбаевтың «сенімді серіктесі» басшылығында болған зауыт иесі — «Gas Processing Company» компаниясының да қандай пайдаға кенеліп отырғаны белгісіз. Бірақ ол зауыт іске қосылғалы бюджетке 1 миллиард 685 миллион теңге салық төлеген.
Экологияға деген қамқорлық па, әлде тегін келген ілеспе газын өңдеп сату тиімді табыс көзі болғандықтан ба — белгісіз, бірақ қазір батыста тағы бір газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Атырау облысы Қашаған кен орнындағы құрылыс салтанатты түрде биыл 8 маусымда басталды. Рәсімге премьер-министр Асқар Мамин, энергетика министрі Нұрлан Ноғаевпен бірге «ҚазТрансГаздың» басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев та қатысты.
Қазақстан үкіметі Қашағанда газ өңдеу зауытын салу идеясын бастапқыда Eni, Total, Shell, Exxon Mobil, CNPC және Inpex сияқты алпауыт энергетикалық компаниялармен талқылаған. Бірақ кейін Мамин зауытты жергілікті «GPC Investment» атты компания салатынын хабарлады.
Құны 860 миллион долларға бағаланған зауыт құрылысын қаржыландыруға әзір екенін айтқанда «GPC Investment»-тің құрылғанына бар-жоғы бір жарым жыл болған. Ол 2019 жылдың ақпанда бес адамға дейін жұмыс істейтін шағын компания ретінде тіркелді. Мұнай-газ саласындағы ірі нысандар салуда тәжірибесі жоқ. Мұндай компанияға ірі нысан құрылысы тапсырылғанда жұрт таңқалған.
Зауытқа ие компанияның құжаттары арасында Шәріпбаевтың «жақын серіктесі» жүр: алғаш тіркелгенде «GPC Investment» басшысы Әсет Нұрдос болған.
Мемлекет бұл компанияға қолайлы жағдай жасап отыр. Мысалы, 2020 жылы 29 желтоқсанында Қазақстан үкіметі «ҚазТрансГазды» Қашанған кен орнынан жылына 1 миллиард текше метр шикі ілеспе газды мемлекеттен жеке меншігіне алуға болатын компания деп тану туралы қаулы қабылдады.
Екі күннен соң, 31 желтоқсанда құрамына «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясы мен бірнеше шетелдік энергетикалық компания кіретін NCOC концорциумы «ҚазТрансГазбен» келісім жасасты. NCOC ұлттық газ операторына 2023 жылдан бастап 2042 жылға дейін «ҚазТрансГазға» ілеспе газын тегін беріп отырады. «ҚазТрансГаз» оны «GPC Investment» компаниясының зауытына жібереді. Олар шикізатты өңдеп, күкірт, сұйытылған газ бен газ конденсатын шетелге экспорттайды да, табыс табады. Жоспар бойынша, кешен жыл сайын 1 миллиард текше метр ілеспе газын алып, жылына 815 миллион текше метр газ шығарады. Ондаған мың тонналап сұйытылған газ, күкірт пен газ конденсатын да дайындайды.
«GPC Investment» бұл жұмысты тегін істемейді. Биыл ақпанда Шәріпбаевтың қатысы бар болуы мүмкін деген бұл компания қазір Шәріпбаев басқаратын «ҚазТрансГазбен» ірі келісім жасасты. Шарт бойынша, «GPC Investment» мемлекеттік монополиске «шикі газды алу және өңдеу бойынша» қызмет көрсетеді. Бұл үшін «ҚазТрансГаздың» қанша төлейтіні көрсетілмеген, бірақ соманың аз емесі анық. Ашық дереккөздегі құжатта келісім-шарт сомасы «ҚазТрансГаз» активтерінің жалпы құнының елу не одан көп пайызына тең екені жазылған.
«GPC Investment» «ҚазТрансГазға» қызмет көрсетіп қана ақша таба ма, әлде ілеспе газды өңдеп сатудан тағы пайда көре ме — белгісіз. «Самұрық-Қазына» қоры «коммерциялық құпияға» сілтеп, Азаттыққа жауап бермеді. Бірақ зауыт құрылысына кіріскеннен-ақ инвестор компанияның табысы артты. 2019-2020 жылдары 400 мың теңгеге жетер-жетпес салық төлеген «GPC Investment» биыл алты айда жарты миллиард теңгедей салық төлеген.
Материалды дайындау барысында «ҚазТрансГаз» да, «Самұрық-Қазына» да Азаттық қойған бірнеше сауалға жауапсыз қалды.
Редакция Қайрат Шәріпбаевтан:
Шәріпбаев бұл сауалдың ешбіріне жауап бермеді.