Accessibility links

Иракта тәжік әйелдер өмірлік түрме жазасына кесілді


Иракта сотталған тәжік әйелдері және олардың балалары. 31 қаңтар 2019 жыл
Иракта сотталған тәжік әйелдері және олардың балалары. 31 қаңтар 2019 жыл

Ирак соты "Ислам мемлекеті" террористік тобына "мүше болды" деген айыппен бес тәжік азаматын соттады.

Бұл ақпаратты Азаттықтың Тәжік қызметіне Кувейттегі Тәжікстан елшісі Зубайдулло Зубайдзода хабарлаған.

Өмірлік түрме жазасына кесілген әйелдер Тәжікстанның Соғды, Фархор және Хатлон облыстарында туып өскен. Тәжік дипломатының айтуынша, Садорат Қурбонова, Мафтуна Маджидова, Гулрухсор Алиева, Гулбахор Сайфуллоева және оның қызы Махфуза Курбоноваға шығарылған сот үкімі 31 қаңтарда оқылған. Сот залында Ирактағы Тәжікстан елшілігінің өкілі де болған.

Тәжікстанның тағы бір азаматы Максуда Жахбарованың үкімі аудармашының жоқтығына байланысты кейінге шегерілген. Пенжикент қаласының тумасы Жахбарованың екі баласы бар.

2018 жылы қыркүйек айында Бағдад соты Тәжікстанның сегіз азаматын дәл осындай айыппен 20 жылға соттаған. Одан бірнеше айы бұрын сәуірде Бағдад соты төрт тәжік азаматын "Ислам мемлекеті" тобына "мүше болғаны үшін" өмірлік бас бостандықтарынан айырған.

Ирак сотында үкімнің оқылуын күтіп отырған тәжік әйелі. Көрнекі сурет
Ирак сотында үкімнің оқылуын күтіп отырған тәжік әйелі. Көрнекі сурет

Ресми дерек бойынша, Иракта "терроризм" бойынша айыпталған Тәжікстанның 43 азаматы түрмеде отыр. Ең аз дегені 16 жылға сотталған.

Бұған дейін Тәжікстан билігі күйеулері мәжбүрлегендіктен көп тәжік әйелдерінің Сирия мен Иракқа кеткенін хабарлаған. Ресми дерекке сәйкес, 400-ден астам тәжік әйел мен бала Таяу Шығыс елдеріндегі қақтығыс ошақтарында болған.

Бұл мәселеге байланысты Тәжікстанда жүргізілген әлеуметтік зерттеу де әйелдердің күйеулерінің нұсқауларымен "Ислам мемлекеті" тобына қосылғанын көрсеткен.

Өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын террористік топ бұрын Сирия мен Ирактың кейбір аумағын басып алып, "халифат" жариялаған. Батыс елдерінің әскерінен құралған коалиция Таяу Шығысқа әскерін жіберіп, олармен соғысты. Кейінірек Сирияның үкімет күштеріне Ресей мен Иран әскері қосылды. Осылайша террористік топ 2017 жылы жеңіліске ұшырады.

"Ислам мемлекетінің" содырларынан тазартылған аумақтағы әйелдер мен балалар қазіргі кезде Ирак түрмелерінде немесе Сириядағы БҰҰ-ның босқындар лагерін сағалап жүр.

Ресми Душанбенің дерегінше, Сирия мен Иракта "Ислам мемлекеті" тобы жағында шамамен 1900 тәжік азаматы соғысқан. Олардың басым бөлігінің тағдыры белгісіз.

Зерттеушілер "Ислам мемлекеті" тобының тәжік азаматтарын қанды шабуылдарда сарбаз ретінде, сонымен бірге "өзін-өзі жаратын террорист" ретінде қолданғанын айтады.

Гаагадағы Терроризммен күрес бойынша халықаралық орталық мамандарының пікірінше, олардың террористік топқа мүше болуына "Тәжікстанда ресми бағытқа жатпайтын исламды ұстанатын азаматтардың қуғындалуы", "азаматтардың күнкөріс қамымен өзге елдерге кетуі" сияқты факторлар ықпал еткен.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы аударылып басылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG