Accessibility links

"Күнде өліммен бетпе-бет келеді". Қара жамылған Қарағанды


Қаза болған кеншілердің жақындары президентпен кездесу кезінде сөйлеп тұр. Қарағанды, 28 қазан 2023 жыл.
Қаза болған кеншілердің жақындары президентпен кездесу кезінде сөйлеп тұр. Қарағанды, 28 қазан 2023 жыл.

Қазақстандағы кеншілер астанасы – Қарағанды қаласы қара жамылып отыр. Костенко атындағы шахтада болған жарылыс пен өрттен ондаған адам қаза тапты. Қалаға президент, премьер-министр мен үкімет мүшелері келді. Азаттық тілшісін президентпен кездесуге кіргізбеді. Жиында кеншілердің жақындары жыларман болып, азаматтарын жұмысқа жіберуге қорқатынын, жер астындағы адамдардың қауіпсіздігі ешкімнің қаперіне кіріп-шықпайтынын айтты.

"ӨЛІ-ТІРІСІ БЕЛГІСІЗ"

Шахтаға өткізу пунктінде жер астында қалған жақындарының тағдырын білуге асығып, қарбаласқан жұрт. Жарылыс аумағынан жедел жәрдем және полиция көліктері шығып жатыр. Журналистер оқиғаның жай-жапсарын біле алмай, ақпарат іздеп, сабылып жүр. Костенко атындағы шахтада сенбі күн осылай өтті.

28 қазанға қараған түні шахтада жарылыс болып, өрт басталған. Ауысымдағы жұмысшылардың басым бөлігі — жер астында 252 адам болған — сыртқа шығып үлгерген. Алайдаондаған адам шахтада қалып қойған. Таңертең 7 адам қаза болғаны белгілі болды, кешке жақын құрбандар саны 33-ке жетті. Жексенбі таңертең олардың саны 35 болды. Тағы 11 адамды іздестіріп жатыр.

Шахта маңында кеншілердің отбасы уайымнан өлердей болып, тағатсыздана күтумен болды.

Апат болған Костенко атындағы шахта маңында тұрған полиция көліктері. 28 қазан 2023 жыл.
Апат болған Костенко атындағы шахта маңында тұрған полиция көліктері. 28 қазан 2023 жыл.

— Немере інім осында. Өлі-тірісі белгісіз. Қаза тапқандардың көбінің аты-жөні анықталған жоқ, — деді көптің ішінде тұрған ер адам.

Түске қарай кеншілердің туыстарын шахта аумағына кіргізді.

— Әріптестерімнің жайын білуге келдім. Өзім де осы шахтада істеймін. Қазір еңбек демалысында жүрмін, — деді кеншілердің бірі дауысы дірілдеп.

— Бәрі осылай аяқталады деп айттым ғой, — деді жанында тұрған кісі күрсініп.

Түстен кейін шахтаға президент Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол кеншілердің туыстарымен кездесті. Шахтаның бақылау-өткізу пунктінде тұрған Азаттық тілшісін кездесуге кіргізбей қойды. Ішке билікке адал ақпарат құралдары мен баспасөз қызметкерлерін ғана шақырды. Қалған журналистер бірнеше сағат бойы көшеде тұрды.

"ЖЕР АСТЫНА ТҮСІП, ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ МӘЖБҮРЛЕГЕН". ТОҚАЕВПЕН КЕЗДЕСУДЕГІ ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІНГІ ЖАНАЙҚАЙ

Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың кеншілердің отбасымен кездесуінен 4 минуттық видео жариялады. Онда президент сөйлеп, залдағылар тегіс тыңдап отыр. Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын, Костенко атындағы шахта мен Қарағанды көмір бассейніндегі басқа да кен орындарының иелерін «ең сорақы» инвестор деп атап, мемлекет олармен әріптестігін тоқтататынын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахтерлардың отбасымен кездесіп тұр. 28 қазан 2023 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахтерлардың отбасымен кездесіп тұр. 28 қазан 2023 жыл.

Кейінірек желіде кездесу қатысушыларының телефонға түсірген видеосы тарады. Бейнежазбада Тоқаев «Осындай апат болған екен, материалдық көмек береміз, отбасылар ештеңеден тарлық көрмейді. Кәсіпорын басшылығын ауыстырамыз» дейді.

Осы сөзден кейін залда жылап отырған әйел "Қазақстан" шахтасындағы апаттан кейін ештеңе өзгермеп еді!" деп айқайлайды (2,5 ай бұрын "Қазақстан" шахтасында апат болып, 5 адам қаза тапқан). Бірақ оның дауысы естілмей қалған болуы керек, президент сөзін ары қарай жалғайды.

Бюрократтар ақшаны аз жымқырса, бұлай болмас еді, — дейді тағы бір әйел.

Қандай жағдайда жұмыс істеп жатқандарын көріңізші! — деп оған залдағылардың бірі қосыла кетті.

Күнде өліммен бетпе-бет келеді! — дейді тағы бір кісі.

Әкем — 61 жаста, өлі-тірісін білмеймін. Бұл — ең қауіпті жұмыс, — дейді кеншінің туысы.

Тоқаев кеткеннен кейін түсірілген видеода залдағы әйел «Өмір алма-кезек, осыны ұмытпаңдар!» дейді. Оның сөзі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өкілдеріне қарата айтылған сияқты.

Алғашқы жарылыс естілген кезде кеншілерді жер астына түсіп, жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Олар ажалына түсті, деп жылады тағы бір әйел.

Костенко атындағы шахта.
Костенко атындағы шахта.

«АрселорМиттал Теміртау» шахталарында жиі қайталанған апаттардан кейін құрылған «Кеншілер отбасы» қоғамдық бірлестігі кездесуге қатыспаған, олар президент келгенін кеш естіген. Ұйым өкілі Дмитрий Сенявский осындай апат болары белгілі еді, өйткені осыған дейінгі апаттардан ешкім сабақ алған жоқ дейді.

— "Қазақстан" шахтасында болған апаттан кейін үкімет комиссиясы жүргізген зерттеу қорытындысын оқыдым. Олар сертификатталмаған лентаны ең соңғы себеп етіп көрсеткен. Басты себебі сол еді. Бұл лентадан 50 километр сатып алып, жартысын басқа шахталарға беріп жібергенін естігенде таңғалдым. Мұндай апаттардың әлі талай қайталанатыны белгілі еді. Бұл мемлекеттік органдардың дәрменсіздігі сияқты, — дейді бұрынғы кенші, «Кеншілер отбасы» қоғамдық бірлестігінің еріктісі Дмитрий Сенявский.

«ЖАРЫЛЫС ДҮМПУІ ЕКІ ШАҚЫРЫМҒА ЖЕТКЕН»

Алдын-ала ақпарат бойынша, Костенко шахтасындағы апат лавадан шыққан өрттен басталған. Биліктің дерегінше, газ бен ауа аралас қоспа жарылып, өрт шыққан. Салдарынан көп адам қаза тапқан. Бұл ақпарат 28 қазан күні кешкісін Қарағанды облысының әкімі, төтенше жағдайлар министрі мен апатты-құтқару қызметінің өкілі қатысқан брифингте айтылды. Олардың қатарында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының менеджерлері болмады. Журналистердің оларға қояр сұрағы көп еді.

— Басында шахтадан өрт шыққан, жұмысшыларға эвакуация туралы хабар берілген. 7-8 минуттан соң жарылыс басталған. Жарылыс толқыны 2 километрге жеткен. Өрт ошақтары да болған. Бес адамды шығардық, өкінішке қарай, қалған кеншілерге көмектесе алмадық. Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, — деді «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің республикалық орталық штабы» серіктестігінің Қарағандыдағы филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский.

Брифингте шахтада кеншілердің жүрген жерін көрсетіп, диспетчерлерге хабар беретін жүйе болмағаны айтылды.

"АРСЕЛОР" КЕТЕ МЕ? ОРНЫНА КІМ КЕЛЕДІ? НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Сенбі күні Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басиннің «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына оралып, көмір департаментін басқаратыны белгілі болды. Ол жергілікті билікке келмей тұрып, компанияның атқарушы директоры болып істеген. Тоқаев кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді деп, үкіметке компаниямен инвестициялық әріптестікті тоқтатуды тапсырды.

Қазақстан үкіметі кәсіпорынды Қазақстан Республикасының меншігіне қайтару жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.

28 қазанда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы өкілетті тұлғалармен бірге кәсіпорын болашағын талқылағанын растап, жақында тараптар алдын-ала келісімге қол қойғанын айтты. Келісім бойынша, меншік құқығы Қазақстан Республикасына өтеді.

Үкімет мүшелерінің айтуынша, әзірге кәсіпорынды басқа шетелдік инвесторларға беру мәселесі қаралып жатқан жоқ.

Қарағандыда өткен брифингте журналистер облыс әкімінен «АрселорМиттал Теміртау» кеткен соң, не өзгереді?» деп сұрады. Әкім билік жаңа меншік иесін іздеп жатқанын жеткізді.

— Жаңа инвесторға болат және көмір департаментіне инвестиция құю, техникалық жаңарту және қауіпсіздік деген талап қойылып отыр, — деді әкім Ермағанбет Бөлекпаев. Ол кәсіпорынның жаңа иегері кім болуы мүмкін екенін айтпады.

«АрселорМиттал Теміртау» кетеді деген ақпарат пен кәсіпорын болашағы қарағандылықтарға қосымша жүк болды. Бұл кейінгі 3 айдағы екінші апат. Оған дейін де көп жарылыс пен өрт болған, бірақ ештеңе өзгерген жоқ.

— Көп туысым шахтада істейді. Күнде уайымдап отырамыз. Өйткені апат болмайды деген кепілдік жоқ. Жалақылары ештеңеге жетпейді. Қазақстанда кеншілердің еңбегі бағаланбайды. Осыған дейінгі апаттардан кейін неге мемлекет тиісті шаралар қабылдамады? Бұл немқұрайды көзқарас па, әлде бетімен кеткендік пе? Тау-кен өндірісінде тәртіп орнауы үшін тағы қанша отандасымыз қаза табуы керек? — дейді Қарағандыдағы жергілікті өзін-өзі басқару мүшесі Мұрат Нұрғалимов. Ол да кеше кеншілер туралы хабар күтіп, шахта алдында тұрды.

Костенко шахтасына Қарағанды көмір бассейнін алғаш игерген жұмысшылардың бірі Иван Костенконың аты берілген. Бұл кен орны — «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі 8 көмір шахтасының бірі. Қарағандыға жақын орналасқан шахта өңірдегі ең ірі кен өндіруші кәсіпорын саналады. Тау-кен жұмыстары 800 метр тереңдікте жүреді, шахтада 1400 адам жұмыс істейді. Кен орны 1942 жылы игеріле бастаған. 1996 жылы Қарағанды көмір бассейніндегі басқа шахталармен қатар «Испат Интернейшнл» (кейін атауы «АрселорМиттал Теміртау» болып өзгерді) компаниясы көмір департаментінің құрамына кірген. Компания тегі үнді британдық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі. Компанияға шахталардан бөлек, ірі металлургиялық комбинат, тау-кен байыту фабрикасы, инфрақұрылымдық нысандар мен Теміртаудағы трамвай паркі қарайды.

Ресми дерек бойынша, кейінгі 15 жылда «АрселорМиттал Теміртау» шахталарында бүгінгі апатты қоспағанда, 120 адам қайтыс болған. Ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, салдарынан 41 кенші көз жұмды. Костенко шахтасындағы төтенше жағдайдан қаза тапқандар саны бұдан асып түсуі мүмкін. Қазірдің өзінде 35 кеншінің қазасы тіркелді. Қалған 11 жұмысшының тірі табылуы екіталай.

29 қазан Қазақстанда жалпыхалықтық аза тұту күні болып жарияланды.

XS
SM
MD
LG