"ШАРУАЛАРДЫҢ ШЫДАМЫ ШЕГІНЕ ЖЕТТІ"
Мемлекет бір қолымен көмек беріп, екіншісімен қайтарып алады. Қарағанды облысындағы аяқ астынан "заңбұзушылық жасады" деп танылған ондаған шаруа осылай деп, наразылық білдіріп отыр.
Наразылардың бірі, мал бордақылайтын қожалық иесі Айдос Құлмағанбетов өз кәсіпорнына көп ақша салып, асыл тұқымды бұқалар сатып алған. Ол мал бордақылап, асыл тұқымды бұқаларды ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші кәсіпкерлерге жалға беріп, осы үшін мемлекеттен субсидия алған. Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы берілетін мемлекеттік субсидия азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу саласында жұмыспен қамтылу деңгейін және еңбек өнімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Шілдеде Құлмағанбетовке мемлекеттен алған ондаған миллион теңге субсидиясын бюджетке қайтаруы керегі жөнінде ескерту келген. Ол неліктен барлық ережеге сай берілген өтініш әуелі мақұлданып, кейін "шаруалар ақшаны заңсыз алды" деп отырғанын түсінбейді.
– Онда өтінішімізді қабылдамай-ақ қоюы керек еді. Субсидия алмай, жай ғана ет бағасын өсіріп, өз шығындарымызды жабар едік. Мемлекет бізді алдап-соқты: "ет бағасын көтермеңдер" деп субсидия беріп, есегі судан өткеннен кейін ақшаны қайтарыңдар деп отыр. Шаруалар – еңбек адамдары. Олар өз еңбегінің құнын және не үшін күресетінін жақсы біледі. Осындай қиын шақта шаруаларды жан-жақтан талап, біресе алаяқтар алдап кетеді, біресе мемлекет жауапқа тартқысы келеді. Жемқорлықпен күрес қызметі мен прокуратура субсидияны қайтаруды талап етіп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының да бізді қолдайтын түрі жоқ. Шаруалардың шыдамы шегіне жете бастады, – дейді Айдос Құлмағамбетов.
Ақшаны қайтару туралы талапқа прокуратураның тексерісі негіз болған. Тексеру барысында ұрғашы мал басын ұстамайтын шаруаларға субсидия берілмеуі керек деген қорытынды жасалған. Ұрғашы мал басын ұстамайтын шаруалардың қатарында Құлмағанбетов те бар. Былтыр шаруа мемлекеттен қаржы алуға өтініш бергенде ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға субсидия бөлу туралы ережеде мемлекеттік қолдауға ие болу үшін бордақылау алаңында міндетті түрде ұрғашы мал болуы керек деген талап болмаған. Бұл ереже бірнеше рет өзгеріп, 2020 жылы желтоқсанда құжатқа тағы да өзгеріс енгізілген. Осылай "етті мал шаруашылығындағы операторларға", яғни, мал бордақылау алаңдарына қатысты бұл талап қолданылмайды деген бөлім ережеден түсіп қалған. Нәтижесінде ондаған шаруа "заңбұзушылық жасаған" болып шыққан.
– Қазір не істерімізді білмей отырмыз. Бізге ақшаны қайтар десе, үнсіз отырмаймыз, бұл мәселені қоғам назарына шығарамыз. Отбасымызды асырап, қысқа мал азығын дайындау үшін қарыз алып, мүлкімізді сатып жатырмыз. Субсидия алған шаруаларды ауыл шаруашылығы басқармасы басқарады, біз соларды тыңдаймыз: олар бізге бордақыланған бұқаның таза салмағы үшін көтерме бағаны өсірмеңдер деген шектеу қояды. Субсидия болмаса, өз бағамызды қоямыз. Мал бордақылау алаңдарының бәрі осылай жасайды, әйтпесе оларға тиімсіз болады, – дейді шаруа Айдос Құлмағанбетов.
Ол басқа шаруалармен бірге бастамашыл топ құрып, субсидияның заңды негізде берілгенін, ал мемлекеттің ақшаны қайтару туралы талабы кәсіпорындардың жабылуына әкеліп соғуы мүмкін екенін дәлелдеуге тырысып жүр. Шаруалар әртүрлі мемлекеттік органдарға, оның ішінде ауыл шаруашылығы министрлігіне де жүгінген. Бірақ министрлік шаруалардың хатына жағдайды түсіндіретін мардымды жауап бермеген.
"БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН ИЕМДЕНІП АЛУ ЖӘНЕ ТАЛАН-ТАРАЖҒА САЛУ ТУРАЛЫ" ТЕРГЕУ
Шілденің соңында Қарағандыда шенеуніктермен және прокуратура өкілдерімен өткен кездесуде бастамашыл топ мемлекет қаржысын қайтаруға келіспейтіндерін айтқан. Кездесуге қатысып отырған аудандық прокурор сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлап, қылмыстық тексеру органдары заңсыз әрекет жасамайды деп уәде берген.
Азаттық тілшісі Қарағанды облыстық жемқорлықпен күрес қызметіне ресми хат жолдады. Тамызда ведомство 30 маусымда басталған тергеу әлі жалғасып жатқанын айтқанымен, істің жай-жапсарын құпия қалдырды.
"Жемқорлықпен күрес қызметі қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тармағының 2-тарауы бойынша (аса ірі көлемдегі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу. – Ред.) 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаржысын иемденіп, талан-таражға салғаны үшін мемлекеттік мекеменің өкілетті тұлғалары мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қарсы сотқа дейінгі тергеу ісі басталған. Тергеу жалғасып жатыр", – деді облыстық жемқорлыққа қарсы күрес қызметі басшысының орынбасары Нұржан Есеналин.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ: "БҰЛ МӘСЕЛЕ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ ДЕП ҚАБЫЛДАНҒАН"
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі ережелерге сәйкес, субсидия асыл тұқымды бұқаларды тауарлық және қоғамдық табынға жалға беретін, бордақылауға бұқашықтар сатып алумен айналысатын бордақылау алаңдарының иелеріне беріледі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаровтың Азаттыққа жіберген жауабында "Етті мал шаруашылығындағы оператор асыл тұқымды бұқаларды тауарлық және қоғамдық табындарға тегін жалға беру арқылы қарапайым шаруалар жоғары өнімділікке қол жеткізуі үшін селекциялық және ірі қара мал тұқымын асылдандыруға көмектесетінін атап өту керек" делінген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бордақылау алаңының иесі асыл тұқымды бұқа сатып алғаны үшін субсидияға өтініш бермес бұрын селекциялық және мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының ақпараттық қорына табындағы асыл тұқымды бас бұқаны тіркеуі қажет.
Ведомство жауабында "Өтініш беру кезінде ақпараттық қор автоматты түрде аналық мал басының бар-жоғын және асыл тұқымды бұқаны жалға алған табында немесе шаруашылықта оған қандай жүктеме түсетінін анықтайды. Бірақ Қарағанды облыстық жемқорлықпен күрес қызметі "облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы субсидия беру кезінде заңбұзушылықтарға жол берген" деп тапқан. Министрлік жағдайды түсіндіріп, ережеге өзгерістер енгізген. Бұл өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта асыл тұқымды бұқа немесе қойды тауарлық табынға/отарға жалға беру кезінде етті мал шаруашылығы/қой шаруашылығы операторы өтінім беруші саналады. Бір аталық малға 13-тен кем емес және 25-тен аспайтын аналықтан келуі керек (бұл ереже асыл тұқымды және дистрибьютерлік орталықтарға қолданылмайды)" делінген.
Не істерін білмей отырған шаруалар өз кәсібінің болашағын ойлап, алаңдайды. Олар құрғақшылық салдарынан онсыз да қиын жағдайда қалған. Қарағанды облысындағы ондаған мың гектар жайылым өртеніп кеткен, күн ысып, жауын-шашынның аз болуынан шөп бітік шықпаған. Шаруалар облыс әкіміне хат жазуды ұйғарған.
– Әкімнен малға азық жинауға, субсидия мәселесін шешуге, жем-шөпті арзан бағада алуға көмек сұраймыз. Өйткені қазір мал азығын табу қиынға соғып отыр. Жазда қанша жағармай кетті, ал шөп біз күткендей емес, аз болды. Бір гектардан азын-аулақ шөп жиналады. Өрттің де кесірі тиді. Өрт болмаған күннің өзінде, алдыңғы жылы жинаған шөбіміз бен биылғыны салыстыруға келмейді, – дейді шаруа.
Бұрын ауыл шаруашылығы министрі болған, қазір Қазақстанның ет одағын басқаратын Асылжан Мамытбеков те бұл маусымда малға азық дайындау қиынға соғып отырғанын мойындаған. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші ұсақ шаруашылықтар банкрот болуы мүмкін, өйткені көп қиындықтың астында қалған шаруалар малын сойып, сатып жібереді, осыдан алдағы екі-үш жылда ет өнімдері қымбаттап, бұл халыққа ауыр тиеді.
ПІКІРЛЕР