Accessibility links

Қаза тапқан жігіттің әкесі: "Ұлымды бірнеше адам өлтірген"


"Древний Рим" ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өткен тергеу абақтысы. Қарағанды, 4 қыркүйек 2019 жыл.
"Древний Рим" ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өткен тергеу абақтысы. Қарағанды, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Қарағандыда биылғы қаңтардың 1-іне қараған түні адам өлімімен аяқталған жаппай төбелеске байланысты қозғалған іс бойынша алдын-ала сот тыңдауы өтті. Қоғамда резонанс туғызған қылмысқа күдікті ретінде 13 адамға айып тағылған.

Қарағандыда биылғы қаңтардың 1-іне қараған түні адам өлімімен аяқталған жаппай төбелеске байланысты қозғалған іс бойынша алдын-ала сот тыңдауы өтті. Қоғамда резонанс туғызып, шет мемлекеттерде лауазымды тұлғалар реакция білдірген қылмысқа күдікті ретінде 13 адамға айып тағылған. Айыпталушылар мен адвокаттары іс материалдарында "заңбұзушылық" барын мәлімдеп, соттан істі прокуратураға қайтаруды сұрады.

Қыркүйектің 4-і күні Қарағандының тергеу изоляторында осыдан сегіз айдан сәл астам уақыт бұрын "Древний Рим" мейрамханасының қасында адам өлімімен аяқталған, Қарағандыда наразылық жиыны мен Қазақстаннан тыс жерде жасалған мәлімдемелерге себеп болған жаппай төбелеске байланысты қозғалған іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Оған арасында жәбірленушінің туыстары мен достары, жергілікті белсенділер бар ондаған адам қатысты.

Таңертеңнен бастап түске дейін тергеу изоляторының айналасында полиция қызметкері көп болды. Олардан бөлек, көше мен ғимарат ішінде жағдайды бақылап қарапайым киімдегі азаматтар жүрді.

Қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген 13 адамға "Топтасып бұзақылық жасау", Юсиф Н. есімді азаматқа "Бұзақылық" және "Кісі өлтіру" баптары бойынша айып тағылған.

"КІСІ ӨЛТІРУШІ ЖАЛҒЫЗ БОЛМАҒАН"

Қылмыстық іс материалдарында жаппай төбелесте қаза тапқан 23 жастағы Рақымжан Жансейіттің әкесі жәбірленуші есебінде тіркелген. Төбелес кезінде жарақат алған басқа бірнеше азамат жәбірленушілер қатарында болған жоқ. Кейіннен олардың қарсы тараппен келісімге келіп, арыз жазудан бас тартқаны белгілі болды.

"Древний Рим" мейрамханасындағы жаппай төбелес кезінде қаза тапқан 23 жастағы Рақымжан Жансейіттің әкесі Бақытжан Жансейітов. Қарағанды, 4 қыркүйек 2019 жыл.
"Древний Рим" мейрамханасындағы жаппай төбелес кезінде қаза тапқан 23 жастағы Рақымжан Жансейіттің әкесі Бақытжан Жансейітов. Қарағанды, 4 қыркүйек 2019 жыл.

- Төбелес кезінде ұлымның өліміне қатысы болғандардың бәрі бірдей айыпталушылар тізіміне ілінген жоқ. Видеоға қарасақ, төбелеске 20-дан астам адамның қатысқанын көреміз. Ұлыма 12-13 адам жабылған. Үш рет пышақ салып, ұрып-соққан. Ұлымның басы мен денесіне көп жарақат түскен. Кісі өлтіруші жалғыз болмаған. Неге елден қашып, кейін Ресейде ұсталған жігітті басқалармен бірге сотқа тартпайды? Онсыз сот қалай өтеді? - дейді қаза тапқан жігіттің әкесі Бақытжан Жансейітов. Ол Ресейде ұсталып, қазір Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатқан Нарек Г. есімді азаматты меңзеп отыр. "Бұзақылық" және "Кісі өлтіру" баптары бойынша айып тағылған Юсиф Н. есімді азаматтың анасы журналистерге ұлының кінәсіз екенін айтты.

12 айыпталушы сегіз ай бойы Қарағандыдағы тергеу изоляторында қамауда отырды. Олардың қатарында ағалы-інілі Арман мен Хачатур О., Юсиф пен Васиф Н., Давид Г., Армен Х., Каир Н., Болат Ж., Сохак М., Тигран С., Торгом М., Жасур П. бар. Тағы бір айыпталушы Ильи Щ. тергеу кезінде басқалар сияқты қамауда отырмаған, оған өзгеше бұлтартпау шарасы қолданылған. Айыпталушылар 19 бен 46 жас аралығында.

Сотта айыпталушылардың ешқайсысы бұрын жауапқа тартылмағаны айтылды. Көпшілігі Қазақстан азаматтары. Айып тағылғандардың арасындағы басқа елдің бірнеше азаматы Қарағандыда тұрады. Қамауға алынғанға дейін айыпталушылардың көбі жұмыс істеген, арасында бірнеше студент болған.

АЙЫПТАЛУШЫЛАР: ІС МАТЕРИАЛДАРЫНДА ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ БАР

"Древний Рим" мейрамханасындағы адам өлтіру ісі бойынша сот тыңдауынан трансляция. Қарағанды, 4 қыркүйек 2019 жыл.
"Древний Рим" мейрамханасындағы адам өлтіру ісі бойынша сот тыңдауынан трансляция. Қарағанды, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Айыпталушылар мен олардың адвокаттары соттан 63 томдық істі прокуратураға қайтаруды сұрап өтініш берді. Олар іс материалдарында заңбұзушылық бар деп мәлімдеді. Бірқатар айыпталушының адвокаттары қорғауындағы азаматтардың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтату қажет деп санайтындарын айтты. Олардың пікірінше, іс материалдарына қылмыс кезінде айыпталушының өз әрекетіне жауап бере алатын жағдайда болғанын растайтын дәлелдер қосылмаған. Сонымен бірге қорғаушы тарап соттан қамауда отырғандарды кепілмен және елден кетпеу туралы қолхатпен босатуды сұрады. Жәбірленуші жақтың адвокаттары айыпталушыларға бұған дейін қолданылған бұлтартпау шарасын өзгертуге қарсылық білдірді.

Алдын ала сот тыңдауына мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан қос прокурор - Әділ Дәуітов пен Мәулен Баринов – айыпталушы тарабы ұсынған деректер істі қайта қарауға жіберу үшін жеткіліксіз екенін, айыптауды өзгерту туралы өтініштің негізі жоғын айтты.

Тыңдау кезінде 13 айыпталушының бірі Каир Н. азаптауға ұшырағанын мәлімдеді.

Мені ұстаған кезде ұрып-соқты, тіпті аузымнан қан ақты, осылай мәжбүрлеп, "кінәмді" мойындатқызбақшы болды.


- Мені ұстаған кезде ұрып-соқты, тіпті аузымнан қан ақты, мені осылай мәжбүрлеп, "кінәмді" мойындатқызбақшы болды. Сонда да мойындаған жоқпын. Тінту кезінде пәтерімдегі кір жуғыш машинаға әдейі коллекциялық пышақ салып қойды, - деген айыпталушы бұған дейін тергеушілер оның денесіндегі жарақаттарын түсіріп алғанын, бірақ азаптау фактісі бойынша жазбаша шағым бермегенін айтты.

Судья Шәріп Сисимбаев кеңесу бөлмесіне кетер алдында сотқа тапсырылған өтініштер жайлы шешімін қыркүйектің 6-сы күні жариялайтынын хабарлады. Судья азаптау туралы шағым бойынша кейін "құзырлы органдарға" жолданатын жеке шешім шығаратынын жеткізді. Судья негізгі сот отырысын бастауды ұйғара ма, жоқ әлде істі қайта қарау үшін прокуратураға жібере ме, ол енді қыркүйектің 6-сы күні белгілі болмақ.

23 жастағы Рақымжан Жансейіт жаңа жыл түні мейрамхана жанында екі топқа бөлінген жастар арасында болған төбелесте пышақтан көз жұмған. Жараланған басқа үш азамат ауруханаға жеткізілген. Полицияның дерегінше, қонақтарға мейрамхана жабылатынын айтудан басталған кикілжің төбелеске ұласқан. Қантөгіспен аяқталған оқиға Қарағандыдағы наразылық пен Қазақстаннан тыс жерлерде жасалған түсініксіз мәлімдемелерге себеп болды. Қоғамдық наразылық әлеуметтік желілерде төбелеске армян диаспорасының өкілдері қатысқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін өршіді. Қазақстан мен Армения билігі төбелесті "тұрмыстық жанжал" деп атап, оқиғаға ұлтаралық сипат бермеуге шақырды.

Өзін Нарек Г. деп атаған азаматтың мәлімдемесі жарияланған видеодан скриншот.
Өзін Нарек Г. деп атаған азаматтың мәлімдемесі жарияланған видеодан скриншот.

"Древний Рим" мейрамханасындағы оқиғадан кейін қоғам тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді, шетелге қашқан күдіктіні жауапкершілікке тартуды талап етті. Қаңтардың 7-сі күні іздеу жарияланған Нарек Г. есімді азамат интернетте видеоүндеу жариялап, ешкімді өлтірмегенін, полицияға берілуге дайын екенін мәлімдеді. Кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі ол азаматтың Ресейде ұсталғанын хабарлады. Қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG