Accessibility links

Кения атлеттері Қазақстан атынан жарысқа қатыспақ


Кениялық Норе Джируте (571-нөмірде) Африка чемпионатына қатысып жатқан сәт. Дурбан, 26 маусым 2016 жыл.
Кениялық Норе Джируте (571-нөмірде) Африка чемпионатына қатысып жатқан сәт. Дурбан, 26 маусым 2016 жыл.

Кениялық бірнеше атлет Қазақстан азаматтығын алған. Олар енді осы ел атынан халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлайды.

ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ ЖЕҢІС

25 қаңтарда Өскеменде жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Қазақстан чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста ерлер арасында 1500 метрге жүгіруде 19 жастағы Шэдрак Кимутаи Коеч чемпион атанды. Ал әйелдер арасында 1500 және 3000 метрге жүгіруде алтынды 24 жастағы Каролине Кипкируи иеленді. Күміс және қолаға 23 жастағы Норе Джируте мен 22 жастағы Дэйзи Джепкемей ие болды. Бұл төрт атлет Кенияда туған. Ал Өскемендегі жарысқа Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысқан.

Төртеуін де кениялық бапкер Кен Ротич жаттықтырады. Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің ресми сайтындағы дерек бойынша, Кенияда туған атлеттер Өскемендегі жарысқа Қазақстан спортшылары ретінде қатысқан.

Каролине Кипкируи.
Каролине Кипкируи.

Өскемендегі турнирде кениялық спортшыларды Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова және Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Данил Ахметов марапаттады.

Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Григорий Егоров vesti.kz сайтына кениялық атлеттердің Қазақстан азаматтығын алғанын растаған. Бапкердің сөзінше, қазір кениялық спортшылардың Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысу мәселесі шешіліп жатыр.

КЕНИЯ АТЛЕТТЕРІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Қазақстан атынан жарысқа қатысуды жоспарлайтын Кения атлеттері Африка чемпионаттарында және әлемдік жарыстарда жүлде алған.

  • Норе Джируте - 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден 2016 жылғы Африка чемпионы. 2011 жылы Лилльде (Франция) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын алған. 2017 жылы Ослода (Норвегия) өткен Diamond League кезеңінде 3000 метрге жүгіруден алтын медаль иеленген.
  • Каролине Кипкируи 2011 жылы Лилльде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына Кения атынан қатысып, 3000 метрге жүгіруден қола медаль алған. Осы жылы Ботсванада өткен жастар арасындағы Африка чемпионатында 5000 метрге жүгіруде жеңіске жеткен. 2012 жылы Барселонада (Испания) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 5-орын алды. 2018 жылы Дохада (Катар) өткен Diamond League кезеңінде 3000 метрге жүгіруде жеңімпаз атанған.
  • Дэйзи Джепкемей негізінен 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру жарысына қатысады. 2012 жылы Барселонада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын, 2013 жылы Донецкте (Украина) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль алған. Былтыр ересектер арасында Шанхайда (Қытай) өткен Diamond League кезеңінде қола медаль иеленген.
  • Шэдрак Коеч бірнеше рет Кения чемпионатында жүлде алған. 2017 жылы Алматыдағы Ғұсман Қосановты еске алу турнирінде ерлер арасында 5000 метрге жүгіруде жеңіске жеткен.

ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН ЛЕГИОНЕРЛЕР

Қазақстан 2005 жылдан кейін елге шетелдік спортшыларды шақыру үрдісі басталған. 2012 жылы Лондон олимпиадасына Қытайдан келген ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло мен Мая Манеза, Ресейден келген Светлана Подобедова барған. Үшеуі де Лондонда алтын алған. Бірақ 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті олардың допинг сынамаларын қайта тексеріп, “рұқсат етілмеген препарат қолданды” деп айыптаған. Үш атлет те олимпиада медальдарын қайтарған.

2016 жылы Риода өткен жазғы олимпиада ойындарында Әзербайжаннан келген легионер Нижат Рахимов – алтын, Моңғолиядан келген дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг қола медаль иеленген.

Галбадрах Отгонцэцэг (ақ формада) Рио олимпиадасында қола медаль жеңген сәт. 2016 жыл.
Галбадрах Отгонцэцэг (ақ формада) Рио олимпиадасында қола медаль жеңген сәт. 2016 жыл.

2010 жылы Ванкуверде өткен қысқы олимпиадада Ресейден Қазақстан құрамасына ауысқан биатлоншы Елена Хрусталева күміс медаль алған. Оңтүстік Кореяда туған Ким Йонг А шорт-тректен Қазақстан құрамасының сапында Пхенчхандағы олимпиадаға қатысқан.

Қазір теннис турнирлеріне Қазақстан атынан қатысып жүрген Юлия Путинцева, Михаил Кукушкин, Галина Воскобоева, Тимофей Скатов, Александр Бублик, Елена Рыбакина Ресейден келген.

Футзалдан Қазақстан құрамасында бразилиялық легионерлер – Игита, Лео, Дуглас ойнайды. Елде легионерлердің келгенін қолдайтындар да, шетелден спортшы шақыруға қарсылар да бар. Жанкүйерлер мен қазақстандық спорт сарапшыларының кейбірі "шетелдік атлеттерге емес жергілікті спортшыларға мүмкіндік беру керек" дейді. Ал Қазақстандағы спорт федерацияларының өкілдері "легионерлер шақыру - спортты насихаттау әрі елдегі балаларды спортқа тарту және ішкі біріншіліктегі бәсекені арттыру" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG