Accessibility links

Қырғызстандағы саяси өзгерістер Қазақстан мен ОА елдеріне қалай әсер етеді?


Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің отставкасын талап еткен қарсылық акциясы. Бішкек, 14 қазан 2020 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің отставкасын талап еткен қарсылық акциясы. Бішкек, 14 қазан 2020 жыл.

Қырғызстандағы сайлау нәтижесіне наразылық және билік алмасу оқиғалары Орталық Азияның өзге елдеріне қаншалықты әсер етеді, оның сипаты қандай? Қырғызстанда басталған кезекті саяси процесс көрші елдермен қатынасқа қалай ықпал етпек?

24 қазан күні Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауын алдағы жылдың 10 қаңтарына белгіледі. Ал 22 қазанда депутаттар парламент сайлауына дейін конституциялық реформа жасауға мүмкіндік беретін заңды және референдум өткізуді мақұлдаған соң оған президент қызметін уақытша атқарушы премьер-министр Садыр Жапаров қол қойған.

Қырғызстанда 4 қазандағы парламент сайлауының нәтижесіне наразылықта қойылған талаптардың ішінде Конституцияны өзгерту жайында айтылмаған. Бірақ наразылықтан кейін сайлау нәтижесі "жарамсыз" деп танылып, президент Сооронбай Жээнбеков биліктен кетті. Оның өкілеті премьер-министр қолына өтті. Даулы жолмен премьер болған Садыр Жапаров президент қызметін уақытша атқарады. Бұл өкілет бірінші кезекте парламент төрағасына өтуі керек еді. Алайда "жарамсыз" сайлаудан кейін тағайындалған жаңа спикер Қанат Исаев президент қызметін уақытша атқарудан бас тартты.

Қырғызстанның жаңа сайланған премьер-министрі Садыр Жапаров жақтастары қырғыз туын ұстап тұр. Бішкек, 15 қазан 2020 жыл.
Қырғызстанның жаңа сайланған премьер-министрі Садыр Жапаров жақтастары қырғыз туын ұстап тұр. Бішкек, 15 қазан 2020 жыл.

АЛТЫНШЫ ПАРЛАМЕНТТІҢ АЛТЫНШЫ ЖЫЛҒА ҚАДАМЫ

Наразылыққа себеп болған парламент сайлауы қайтадан өтетіні әуелден белгілі болған. Мәселе сонымен реттеліп, наразылық талабы орындалған болар еді. Орталық сайлау комиссиясы әуелде 20 желтоқсанға белгілеген парламент сайлауы арада бір күн өтпей жатып алдағы жылдың 1 маусымына дейін өтетін болып мақұлданды. Одан да қызығы президент сайлауы парламент сайлауынан бұрын өтетін болды. 25 қазанда Жапаров "2021 жылдың 10 қаңтарында президент сайлауы болады. Одан кейін, құдай қаласа, реформа жасалып, одан кейін парламент сайлауын өткіземіз" деді.

28 қазанда өкілеті аяқталуы тиіс алтыншы шақырылымдағы Жогорку Кеңеш те конституциялық реформа аяқталғанға дейін жұмыс істей береді. Ал Конституция бойынша парламент бес жылға сайланады. Бұл онсыз да басынан дау арылмаған алтыншы шақырылымдағы парламенттің легитимдігіне көлеңке түсіре бастады.

Егер Қырғызстан конституциясына өзгеріс енгізілсе, президент қызметін уақытша атқарушы адам президент сайлауына қатысуы мүмкін. Қолданыстағы конституцияда ондайға тыйым салынған. Жапаровтың президенттік сайлауға қатысатын-қатыспайтыны референдумнан кейін белгілі болмақ.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков (оң жақта) отставкаға кетуінің келесі күні Жогорку Кеңеш отырысына қазіргі премьер-министр және президент міндетін атқарушы Садыр Жапаровпен кіріп келеді. Бішкек, 16 қазан 2020 жыл.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков (оң жақта) отставкаға кетуінің келесі күні Жогорку Кеңеш отырысына қазіргі премьер-министр және президент міндетін атқарушы Садыр Жапаровпен кіріп келеді. Бішкек, 16 қазан 2020 жыл.

Конституциялық реформа жасауға талпынысты сарапшылар түрмеден шыққан, қазіргі уақытша басшы Жапаровтың жеке билігін заңдастыруға бағытталған әрекет ретінде бағалай бастады. Қырғызстан жоғарғы соты Жапаров босап шыққан соң оның ісін қайта тергеуге жіберді. Одан кейін ол премьер-министр болып тағайындалды. Өзгерістен кейінгі өзгеріс барысында Қырғызстан қоғамында уақытша президенттің әрекетін көршілес авторитарлы мемлекеттермен салыстыратын пікірлер айтыла бастады.

"ҚАЖЕТТІ ӨТЕУ"

Мемлекеттік басқару ісі бойынша қырғызстандық сарапшы Азамат Аттокуров Бішкектегі қазіргі жағдайды билік дағдарысы ретінде бағалайды. Оның айтуынша, “Садыр Жапаровты қолдайтындар алдымен референдум өткізіп, сайлауды кейін өткізбек. Бұл – конституцияны көпе-көрінеу бұзу”.

- Екінші тарап оған қарсы. Азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар құқықтық және моральдық нормалар бұзылды деп санайды. Қалаларда зиялы қауым бұл диктатураға апарады деп алаңдайды. Аймақтағы жұрт әзірге не болып жатқанын түсінбей жатқан сияқты. Дегенмен елдің шекараның ашылуы, доллар бағамының өсуі, бюджет тапшылығы тәрізді көкейтесті мәселелерге көбірек алаңдауы заңды, - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, ел қылмыспен және контрабандамен күрестің де көзбояушылық екенін түсінеді. Жүздеген миллион доллар қаржы жымқырды деп күдіктелетін Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың тым жасанды түрде ұсталып, қайта қолхатпен үйқамаққа алынуы ел алдындағы бір қажетті өтеу үшін істелген шара тәрізді әсер қалдырған.

- Көрші елдер де Қырғызстанда легитимді сайлау өтіп, уақытша президенттің ант қабылдауын күтіп отырған сияқты, - дейді сарапшы Азаттыққа.

КОЗАК ПЕН ҚАЗАҚБАЕВТЫҢ САПАРЫ

Садыр Жапаров премьер болғанда оны Өзбекстан премьер-министрі Абдолла Арипов пен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Станислав Зась қана құттықтады.

Конституциялық реформа бекіген күннің ертесінде Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Мәскеуге барып, сапардың стратегиялық сипатқа ие екендігі айтылған. Қырғыз тарабы сайлаудан кейінгі елдегі саяси жағдайына тұрақтануына көрсеткен Ресейдің "ерекше көмегіне" алғыс білдірсе, оның ресейлік әріптесі Сергей Лавров Мәскеудің Қырғызстанға барынша септесетінін мәлімдеді. Бұл кездесудің алдында Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстандағы сайлау мен өзгерісті "қырғыз халқының соры" деп атап, Мәскеудің Бішкектегі тараптардың қайсыбірін қолдамайтынын, ішкі іске араласпайтынын айтқан.

Жээнбеков те президент ретінде соңғы сапарында Мәскеуге барса, Садыр Жапаров премьер болған соң, Ресей президенті әкімшілігінің орынбасары Дмитрий Козак Бішкекке келіп, жаңа премьермен кездесіп кеткен. Бұл сапарда не талқыланғаны нақты хабарланған жоқ.

ШЕКАРАНЫ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕСІ

Өздерінің авторитарлығымен танымал Орталық Азиядағы елдер Қырғызстандағы толқу кезінде алаңдаушылық білдіріп, бірлескен мәлімдеме жариялаған. Олардың арасында бейтарап Түркіменстан да бар.

Соңғы күндері Түркіменстанның Орталық Азия елдері басшыларының үшінші консультативтік кездесуін өткізуге қызығушылық танытқаны да белгілі болды. Әуелде бұл жиынды биыл Бішкекте өткізу жоспарланған еді. Алайда пандемия мен Қырғызстандағы өзгеріс басқосудың тағы да кейінге сырғуына себеп болды. Сондайда Түркіменстан бұл жиынды 2021 жылы өткізуге ынта білдірген. Бұл кездесу әуелде Наурыз мерекесі кезіндегі Орталық Азия елдерінің басқосуы ретінде белгіленген. Кездесу мәдени шаралар мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа консультативтік кездесудің "құрметті төрағасы" атағын табыстағаннан басқа айтарлықтай мәселелерді талқылаған емес. Ал аймақта ондай бірігіп талқылайтын түйткілдер жетерлік. Соның бірі – шекарадағы дауды реттеу.

Биыл әлемді кернеген коронавирус пандемиясы Орталық Азияда қолға алынған шаруалардың жалғасуына нұқсан келтірген. Қырғызстандағы билік алмасу да кейбір мәселенің қайта талқылануына себеп болуы мүмкін. Қазір шекарадағы ахуал да осы санаттағы іс.

Ресми билік қаншама мүдделілік танытқанымен, Қырғызстанның жиі дау шығатын Тәжікстанмен және Өзбекстанмен шекарасындағы жағдай биыл да оңалып кете қойған жоқ. Шекара сызығының демаркация жасалып, делимитациялануы індетке байланысты созыла түскен. Ферғана аңғарындағы қақтығыстар, шекара маңындағы жайылымдар, барыс-келіс, қозғалыстың өзінен дау шығып, оның соңы көршілес елдердің наразылық нотасын алмасуына ұласып жатады. Биыл да Тәжікстанмен шекарада оқ атылып, бірнеше кісі өліміне жол берілген. Былтыр бұл шекарада 13 қақтығыс тіркелген.

Арадағы анклав-эксклавтар, шекарадағы атыс-тартыс, жер алмасу – мұның қай-қайсысы да даусыз шешілген емес. Бұл – қырғыз-өзбек шекарасына да қатысты мәселе. Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзияев мәселенің оңтайлы шешілу жолдарын қарастыра бастаған.

КӨРШІ ЕЛДЕР НЕ КҮТЕДІ?

Мирзияев билікке келгеннен бері бұл жолы Қырғызстанда бірінші рет билік ауысты. Осы оқиғалардың әсері жайлы Францияда тұратын өзбекстандық сарапшы Камоллиддин Раббимов екі факторды баса айтады. Оның біріншісі – Ташкент билігі қырғыз қоғамындағы әлеуметтік-саяси белсенділік Өзбекстан қоғамына да әсер етеді деп қауіптенеді. Өзбекстанда да әлеуметтік шиеленіс жоғары. Оны президент Мирзияевтің өзі де айтып жүр.

Бұрын елдегі оқиғалар үшін Каримов қоғамды кінәлайтын. Ал Мирзияев мемлекеттік басқарудың қабілетсіздігі туралы айтып жүр.

- Бұрын елдегі оқиғалар үшін Каримов қоғамды кінәлайтын. Демократияға дайын емес деп ол қоғамды сынайтын. Ал Мирзияев керісінше, проблемаларды шешудегі мемлекеттік басқарудың қабілетсіздігі туралы айтып жүр. Сондықтан биліктің Қырғызстандағы оқиғадан қауіптенуіне өзіндік себеп бар, - дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.

Ол Мирзияев билікке келген төрт жылдың ішінде әлі тұрақты тиімді басқару жүйесі қалыптаспағанын, бюрократия мәселені әлі тұншықтырып, мәжбүрлеп шешуді артық көретінін айтады. Сөзінше, Өзбекстандағы реформа өте баяу, инерциямен ғана жүріп жатыр.

Сарапшы екінші фактор ретінде шекарадағы этникалық мәселенің мәз емес екенін айтады. Таяуда Сохта (Қырғызстан үшін – анклав, Өзбекстан үшін – эксклав) болған оқиғалар, тоқсаныншы жылдардағы көп адам құрбан болған Ош оқиғасы, 2010 жылғы Қырғызстандағы этникалық өзбектердің босып кетуі Бішкектегі толқу сайын Ташкентті алаңдатады. Сарапшы бұл жолы Өзбекстан премьер-министрі Абдолла Ариповтің Садыр Жапаровты бірден құттықтауының астарын осы мәселемен байланыстырады.

- Өзбекстан осы арқылы өзінің Қырғызстанмен оң қатынасқа дайын екенін білдірді. Ташкент Бішкекте іс-әрекетке қабілетті билік орнағанын қалайды, - дейді Камолладдин Раббимов Азаттыққа.

Ал тәжікстандық сарапшы Абдумалик Қодиров Қырғызстандағы соңғы оқиғалар кезінде және одан кейінгі аралықта шекарада қақтығыс, жанжал тіркелмегенін айтады. Ол Қырғызстандағы билік алмасудың Тәжікстан қоғамына әсері байқалмады деп санайды. "Соған қарамастан Тәжікстан билігі алдын-алу үшін Қырғызстандағы саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелерді зерттеп жатса керек" деген ол екі ел қоғамы арасындағы айырмашылыққа назар аударған.

Қырғызстанда сөз бостандығы, іс-қимыл бостандығы бар. Ал Тәжікстанда жөндем оппозиция да жоққа тән.

- Қырғызстанда сөз бостандығы, іс-қимыл бостандығы бар. Ал Тәжікстанда жөндем оппозиция да жоққа тән. Оппозицияға 2015 жылы тыйым салынса, қазіргі елдегі бар оппозицияның белсенді іс-әрекет етуі үшін базасы әлсіз, - дейді Абдумалик Қодиров Азаттыққа.

Тәжікстанда биыл парламент және президент сайлауы өткен.

Орталық Азияда парламент сайлауына әзірленіп отырған елдің бірі – Қазақстан. Төменгі палата – Мәжіліс сайлауы алдағы жылдың 10 қаңтарына белгіленді. Жергілікті сарапшы Қазбек Бейсебаев Қырғызстандағы соңғы оқиғалардың Қазақстанға да әсер етпей қоймайтынын айтады. Оның айтуынша, Қырғызстандағы билік алмасудың сайлау нәтижесіне наразылықтан кейін өріс алуы назар аудартады.

- Қырғызстандағы оқиғалар Қазақстан қоғамына психологиялық түрде әсер етеді. Қазақстанда тура көрші елдегідей өзгеріс болмаса да, халықты осылай жасауға болады екен деген ойға қалдырғаны анық, - дейді сарапшы.

Ол Қырғызстандағы оқиғалар Қазақстанда Қауіпсіздік кеңесі отырысында да талқылануы керек деп санайды. Әзірге Қауіпсіздік кеңесі ондай жиын өткізгені хабарланбады.

Қырғызстан Конституциясын өзгерту туралы әңгіме биылғы 4 қазандағы сайлау нәтижесіне наразылықтан кейін шыға бастады. Наразылықтан соңғы оқиғалар "үшінші революция" деп атала бастады. 2010 жылы Сәуір революциясынан кейін өткен референдумда Қырғызстан парламенттік басқаруға өтіп, 2020 жылғы дейін негізгі заңды өзгертуге тыйым салынған еді. Соған қарамастан 2016 жылы премьер-министрдің өкілетін арттырып, парламент пен сот жүйесінің рөлін кемітетін тағы бір референдум өтті. Алдағы жылға жоспарланған референдум Қырғызстан тәуелсіздік алғаннан бергі сегізінші референдум болмақ.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG