2019
жылдың маңызды оқиғалары
Автор: Руслан Меделбек
Фото: Петр Троценко, Ержан Әмірханов,
Өркен Жоямерген, Дилара Иса, Reuters, AP
Дизайн: Pangea Digital
Аудио: Дана Сансеева
4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтандағы уақытша баспана өртеніп, бір үйдің бес қызы қаза тапты. Олардың
ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткен.
5 ақпанда бес бала жерленді.
Бес қыздың өлімінен кейін елде көп балалы әйелдердің наразылығы күшейді. Олар биліктен көп балалы отбасыларға жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді талап етті. Сурет 6 ақпанда Нұр-Сұлтандағы әйелдер наразылығынан түсірілген.
19 наурызда Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кететінін жариялады. Бірақ ол «Нұр Отан» партиясының және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап қалды.
1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жұрт билікке қарсы наразылыққа шықты. Олар биліктің Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуіне, елде АЭС салу жоспарына, кезектен тыс президент сайлауын өткізуге қарсылық танытты. Сурет Алматы қаласында түсірілген.
9 маусым Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні халық тағы да билікке қарсы наразылыққы шықты. Олар сайлауға бойкот жариялайтындарын айтып, биліктен саяси және әлеуметтік реформалар талап етті. Сайлау күні және сайлаудан кейінгі митингілерде мыңдаған адам ұсталып, жауапқа тартылды. Сурет Алматыдағы наразылықтан түсірілген.
Халықтың наразылығына қарамастан биліктегі «Нұр Отан» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауында жеңімпаз деп танылды.
24 маусымда Арыс қаласында әскери қоймадағы қару-жарақтар жарылып, қаланың басым бөлігі қирап қалды. 40 мыңнан астам тұрғын Арыс маңындағы елдімекендер мен Шымкентке бас сауғалады. Жарылыстан бес адам мерт болған, жүздеген адам жараланған.
27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап етті. Арыстықтардың бұл талабы орындалмады. Олар кейін қалаға қайта оралды.
30 тамызда Алматыда жас белсенділердің «Oyan, Qazaqstan» ұйымы марш өткізіп, биліктен конституциялық реформа талап етті.
Тамыз-қыркүйекте Қазақстанда жұрт биліктен «саяси тұтқындарды», соның ішінде «жемқорлық» айыбымен 14 жылға сотталған «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етті. Белсенділер Жәкішевтің ісінде саяси астар бар деп санайды. Сот Жәкішевті қамаудан босатқан жоқ. Сурет 10 қыркүйекте Алматыда болған акциядан түсірілген.
Қыркүйекте бірнеше қалада жұрт «Қазақстандағы Қытай жобаларына» қарсы наразылыққа шықты. Олар Нұр-Сұлтанға «елдегі Қытайдың 55 жобасы жұмысын тоқтатсын», «билік халықпен санасын» деген талаптар қойды. Билік бұл наразылық шарасын заңсыз деп тауып, біраз қатысушыны әкімшілік жауапқа тартты.
«Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі лагерьлерде туыстарымыз қамауда отыр» деген қазақтар Алматы мен Нұр-Сұлтанда жиындар өткізіп, Қазақстан билігінен бірнеше рет көмек сұрады.
16 желтоқсанда Алматыда халық Тәуелсіздік монументіне жиналып, билікке талап қойды. Олар 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына лайықты баға берілмегенін айтты. Наразылар «Шыңжаңдағы қысымнан қашып, қазақ-қытай шекарасын бұзуға мәжбүр болған» екі қазақ Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеуді талап етті.
16 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда халық 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын еске алуға жиналып, билікке талап қойды. Жиналғандар наразылығын Ақорда маңында жалғастырмақ болған. Бірақ полиция оларды Ақордаға жеткізбей ұстай бастады. Ұсталғандар «Шал, кет!», «Оян, Қазақстан!» деп айғайлады.
27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, оннан астам адам қаза тапты. Ұшақта 93 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған.