Бұл аптада шетел басылымдары Қазақстан президентінің Франция президентіне Әблязов туралы жазған хатын, Қазақстан сияқты мемлекеттерден шетелге кеткен байлықтың "әлемдік клептократияға қызмет ету жүйесін" қалыптастырып жатқанын және Ұлыбританияда шетелден келген арам ақшаға тыйым салудың тетігі жұмыс істей бастағанын жазды. Бұл тетік осыған дейін Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевке қарсы қолданылып, сәтсіз аяқталды.
ЕЛИСЕЙ САРАЙЫ МЕН "АҚОРДА" АРАСЫНДАҒЫ ХАТТАР
Парижде орналасқан Le Monde басылымы Франциядан саяси баспана алып, артынша қамауға алынған қазақстандық экс-банкир әрі саясаткер Мұхтар Әблязов туралы жазды. Қазақстан үкіметі сырттай соттаған оппозициялық саясаткер екі тәулік түрмеде отырып шықты. Басылым Елисей сарайы мен «Ақорда» арасындағы бір жыл бұрынғы хаттарды қолға түсіргенін, онда Әблязовтың аты аталғанын жазады. Саясаткер қамауға алынуын осы хаттармен байланыстырады.
Басылым "Қазақстанның басты оппозиционері" деп сипаттаған Әблязовты Франция тәртіп сақшылары 5 қазанда Париж көшелерінің бірінде ұстаған. "Осыдан жиырма жыл бұрын Орталық Азиядағы ең авторитар режимдердің бірі саналатын Қазақстанның мемлекеттік аппаратындағы жаппай жемқорлықты сынап шыққаннан соң үнемі ізінен аңдып жүретіндерге үйренген ол (Әблязов – ред.) әлгілерді шпион деп ойлап қалған" деп жазады басылым.
Журналист Қазақстанның Әблязовты тұтқындау туралы 2017 жылы берген өтінішіне Франция құқық қорғау органдарының енді назар аударуы жайдан-жай емес дейді. "Сот органдарының бұл іске қызығуының бір ұшы Елисей сарайына барып тіреледі" деген басылым 2019 жылдың қазан-желтоқсан айларында Қазақстан мен Франция президенттерінің Әблязовқа қатысты хат алысқанын айтады.
Франция президенті Эммануэль Макронға жазған хатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "екі ел арасындағы тиімді стратегиялық әріптестікті, он жыл ішіндегі 50 миллиард доллар көлеміндегі сауданы" еске салған. "Содан соң Қазақстан президенті франциялық әріптесін "аса маңызды проблема" – Мұхтар Әблязовқа назар аударуға шақырған" деп жазады Le Monde. Тоқаев экс-банкирді "Қазақстан сотынан қашып, саяси босқын образын жасап жүр" деп айыптаған.
Жауап хатында Эммануэль Макрон Қазақстан президентін "сабырға шақырады": "Францияда атқарушы билік сот істерінің барысына араласа алмайды, бірақ олар осы мәселені шешу үшін Қазақстанның құқық қорғау органдарымен "толық әрі белсенді" ынтымақтасып жатқанын байқатты" деп дәйексөз келтіреді басылым.
Соңында Макрон "Мұхтар Әблязовтың қас жауы – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық ықыласын жеткізуді сұрайды".
Басылымға сұхбат берген Әблязовтың айтуынша, саяси баспана алғаннан бірнеше күн өткен соң қамалуына "Франция мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстар" себеп болған.
"БИЛІКТІҢ РЕСУРСТАРДЫ ТОНАУЫНА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН МЕМЛЕКЕТ"
"Клептократиялық" ("клептократия" – ежелгі грек тілінен аударғанда "ұрылар мемлекеті" деген сөз) режим орнаған ел үкіметтерінің "күдіктіні" тұтқындау туралы өтінішін көп мемлекет шынайы құқықтың жүйеден келген өтініш деп тура түсінеді. Есесіне, мұндай елдерден ағылған мол ақшаға құныққан батыстағылар олардың қалағанын істейді. Журналист Том Бургистің "Клептопия: лас ақша әлемді қалай жаулап жатыр?" атты кітабына шолу жасаған The Economist осындай тұжырым жасайды.
Шолу авторының өзі клептократияға "басты мақсаты – элитаның ресурстарды тонауына мүмкіндік беру саналатын, ал пара, таныстық және зорлық-зомбылық басқарудың басты әдісі есептелетін мемлекет" деген анықтама береді.
Кітаптың біршама бөлігі Қазақстанға, ондағы компанияларға, жекелеген тұлғаларға арналған. Соған қарағанда, автор Қазақстанды да "клептократиялық" ел қатарына жатқызған сияқты.
Автор "оппозиция серкесіне айналған қазақстандық бұрынғы министр және банк магнаты" деп сипаттаған Мұхтар Әблязовқа тоқталады. "Әблязов мырза режиммен араздасып қалған соң оны, оның отбасын және қызметкерлерін қудалау, аңду, жалған айыппен тұтқындау және қинау басталды" дейді автор. Оның айтуынша, "Клептопия" кітабы зимбабвелік баскесерлер, совет дәуірінің соңғы кезеңінде КГБ офицері болып, кейін кәсіпкерге айналғандар және бақталас олигархтар балаларының арасындағы "Ромео мен Джульетта махаббаты" туралы қызықты да сұрқай оқиғаларды баяндайды".
Бургис Қазақстандағы және әлемдегі металл және өзге де шикізат өнімдерін өндіріп, тасымалдаумен айналысатын алпауыт ENRC корпорациясына ерекше тоқталған (ENRC 2013 жылы Eurasian Recourses Group (ERG) корпорациясына сатылған, содан бері ERG деп аталады). "Жартылай Қазақстан үкіметіне тиесілі болған бұл мекемені Орталық Азиядан шыққан үш адам құрған, олар Совет одағының бұрынғы зауыттарын арзан бағаға сатып алып, тез арада миллиардер атанған. [2007 жылы Лондон биржасына енген] соң Батыс инвесторларынан ақша ағылып, олар Африкаға құлаш жайды, сөйтіп Замбия мен Конгодан тағы ақша ала бастады" деп жазады The Economist.
Автор айтып отырған үш адам – ERG құрылтайшылары әрі директорлар кеңесінің мүшелері Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шодиев. 2019 жылы Forbes журналы Машкевичтің байлығын 2,4 миллиард долларға, Ибрагимовтыкін 2,3 миллиард долларға, ал Шодиевтікін 2,1 миллиард долларға бағалаған.
Режиммен келіспей қалып, қуғынға ұшыраған адамдар әлем елдерінің құқық қорғау жүйелерін шатастырды. "Батыс үкіметтері мен ақпарат құралдары қазақтардың қылмыстарын айтқанда Бургис "қалыптылық презумпциясы" (presumption of regularity) деп ат қойған ұғымның жетегінде кетеді. Еуропа соттары Қазақстаннан келген халықаралық тұтқындау туралы ордерді қарағанда, оны билік басындағы әлдебір сыбайлас тобырдан емес, нағыз ұлттық құқық жүйесінен келген деп қарастырады. Ең жаманы – ақшаға құныққан батыс банктері, заңгерлері, PR компаниялары және қауіпсіздік бойынша кеңесшілері бұл ынсапсыздықты одан әрі өршітеді, сөйтіп халықаралық клептократияға қызмет жүйесін ұлғайтады" дейді автор.
БРИТАН СОТЫ "ШЫҒУ ТӨРКІНІ БЕЛГІСІЗ БАЙЛЫҚТЫ" ТӘРКІЛЕДІ. КІМГЕ ТЫҚЫР ТАЯНДЫ?
Ұлыбританияда "шығу төркіні белгісіз байлық" (UWO) ордері негізінде алғаш рет "күмәнді ақшаға алынды" деген мүлік тәркіленді. Құқық қорғаушылар бұл прецедент әрі қарай жалғасып, заңсыз жолмен тапқан ақшаны Британиядағы зәулім үйлер мен басқа активтерге салатындарды тыяды деп үміттенеді.
Ұлыбритания қылмыспен күрес агенттігі (NCA) "шығу төркіні белгісіз байлық" ордерінің негізінде жергілікті бизнесмен Мансур Махмұд Хусейннің құны 10 миллион фунт-стерлинг болатын дүние-мүлкін тәркіледі. Жұлдыздармен жиі суретке түсіп, сән-салтанатты тұрмысын ашық көрсетіп жүрген Хусейн бұл байлықты адал жолмен жиғанын британ құқық қорғау органдарына дәлелдей алмаған.
Біріккен Араб Әмірліктерінде ағылшын тілінде шығатын The National басылымы бұл оқиға туралы: "Арам ақшаны заңдастырумен күресте Ұлыбритания қылмыспен күрес агенттігі (NCA) қолында бар соңғы тетікті қолданды" деп жазады. Ал америкалық The Economist "Британияның жемқорлыққа қарсы жаңа құралы кей жағдайда тиімді болатынын дәлелдеді" деген тұжырым жасады. Reuters агенттігі болса, "Шығынның көптігі бізді арам ақшаны аңдуымызды тоқтата алмайды" деген Британ полициясының пікірін берді.
Байлықты адал жолмен жинағанын дәлелдей алмаған Хусейн Британия аумағындағы 45 жылжымайтын мүлік нысанын мемлекетке тапсыруға тиіс.
Арам ақшамен күресуге бағытталған UWO жүйесі іске қосылған екі жыл ішінде Ұлыбританияның Қылмыспен күрес агенттігі миллиондаған доллар мүлікке қатысты төрт бірдей ордер берген.
Хусейнмен қоса, "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері мемлекеттік банктің ақшасын жымқырды деп айыпталып, Әзербайжанда ұзақ жыл түрме жазасына кесілген Жаһангир Хаджиев пен оның әйеліне және Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға мен оның ұлы, Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевке және аты-жөні аталмаған солтүстікирландиялық әйелге берілген.
Хаджиевтердің ісі әлі аяқталған жоқ.
Ал Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиев "шығу тегі белгісіз байлық" ордеріне қарсы апелляция беріп, биылғы сәуірде сотта жеңіп шыққан.
Олардан Лондондағы құны 80 миллион фунт-стерлинг (103,8 миллион доллар) болатын мүлікті, соның ішінде Лондонның "Миллиардерлер көшесіндегі" жертөлесінде бассейні мен кинотеатры бар зәулім үйді қандай ақшаға сатып алғанын түсіндіру талап етілген.
Лондонның Жоғарғы соты тергеушілердің "Назарбаевтар үйді сатып алғанда ақшаны заңдастыруға тырысты" деген дәлелдерін негізсіз деп тапқанымен, сарапшылардың көбі Ұлыбританиядағы қымбат үйлердің қожайындарын және ол үйлерді сатып алуға көмектесетін делдалдардың аты-жөндерін анықтауда UWO құралының тиімді екенін байқаған.
BBC-дің жазуынша, NCA-дың экономикалық қылмыспен күрес бөлімінің басшысы Грэм Биггар "Бұл іс "шығу төркіні белгісіз байлық" ордерінің қуатын көрсететін маңызды жетістік болды, ол Ұлыбританиядағы заңсыз қаржымен күрес ісіне ерекше серпін бермек" деген.
ПІКІРЛЕР