Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) біраздан бері үнсіз қалып еді. Партия былтыр наурызда өткен парламент сайлауына қатысып, 1,18 пайыз дауыспен депутат мандатын ала алмаған. Сайлау тек президентшіл партиялардың пайдасы үшін өтті деп санайтындар бар. Бұл науқаннан кейін ЖСДП туралы жергілікті БАҚ-та ештеңе жазылмай қалды.
Бірақ жуырда Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясынан жалақы өсіруді талап етіп кеншілердің ереуілге шығуы ЖСДП-ға жан бітіргендей.
Желтоқсанның 11-інен бастап шахтерлар бірнеше күн бойы кен орындарынан, жер астынан шықпай қойған. Жер бетіндегі жиындарды күшпен таратып үйренген жергілікті билікке бұл наразылықты басу қиынырақ тиген. Төрт күнге созылған ереуіл туралы Қазақстан БАҚ-тары хабарлап бақты.
Көре отырыңыз: Кеншілер наразылығы аяқталды
БАҚ-тың назарына көп ілінген оқиғаға қатысты ЖСДП желтоқсанның 14-інде мәлімдеме таратты.
Құжатта: "Жалпыұлттық Социал Демократиялық Партия "АрселорМитталТеміртау" АҚ-ның ереуілге шыққан шахтерларының әлеуметтік-экономикалық талаптарын абсолютті әділ деп есептейді және оларды толық қолдайды!" деп жазылған.
Партия "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басшылығын "кеншілердің әділ талаптарына ден қойып, қанағаттандыруға" шақырған".
Мәлімдеме Қазақстан үкіметін "еңбек барысындағы жанжалдар туындаған кезде ірі жұмысберушілердің мүдделерін қорғау тәжірибесін тастауға, ереуілге шыққандарға қарсы репрессивті шараларды мүлдем қолданбауға" үндеген.
Қазақстанның мемлекеттік ақпарат құралдары ЖСДП мәлімдемесі туралы жақ ашқан жоқ. Бір қызығы Ресейдің "Интерфаксы" бұл туралы хабарлай қойды.
ЖСДП-ның вебсайты партияны белсенді етіп көрсетеді. Ұйымның жастар қанаты түрлі іс-шаралар өткізуді көбейткендей. Бұдан басқа жоққа айналған оппозициялық партиялардай емес, ЖСДП-ның әлі дәурені жалғасатындай көрінеді. ЖСДП үлкен бір саяси күшке айналмаса да, Қазақстанның саясатындағы кіші ойыншы болып қала береді деп сенуге негіз де бардай.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы жас белсенділердің халі нешік?
2007 жылғы Мәжіліс сайлауында ЖСДП бес пайызға жуық дауыс алып, барлық 98 мандатты жалғыз иемденіп кеткен билеуші "Нұр Отан" партиясынан кейінгі екінші орын алған. Бұдан кейін ЖСДП-ның сайлаудағы шамасы әлсірей түскен.
2012 және 2016 жылғы Мәжіліс сайлауларында билікшіл "Ақжол" демократиялық партиясы мен Қазақстанның коммунистік халық партиясына бірнеше орын тиген. Бұл екі партия Мәжілісті көппартиялы етіп көрсетіп отыр. Біреуі өзін "демократиялық" етіп, екіншісі "коммунистік" деп сипаттаса да, екі ұйым да президент саясатын қолдайды.
Вебсайтына қарағанда ЖСДП болашақта сайлауға қатысудан әлі де үмітті сияқты.
2004 жылы және оған дейін Қазақстан парламентінде оппозициялық партиялар болған. Прецедент бар.
Қазақстанға да өзгеріс таяп келеді. Алдағы шілдеде президент Нұрсұлтан Назарбаев 78-ге толмақ. Ел ішіндегі саяси топтар Назарбаевтан кейінгі кезеңге қамданып жатыр, олардың ішінде ЖСДП да барға ұқсайды.
Ескерту: Блог авторының көзқарасымен редакцияның ұстанымы сәйкес келмеуі мүмкін.