Шілденің 31-і күні "ОВД-Инфо" құқық қорғау порталы өткен демалыс күні Мәскеудегі митингіге қатысқан екі азаматтың үйін полиция тінтіп жатқанын хабарлады.
"Левый блок" қозғалысының жетекшісі Василий Кузьминнің үйін полиция тінтіп, компьютерін тәркілеген. Тінтуден соң Кузьминнің өзін тергеу комитетіне апарған. Алдын ала ақпарат бойынша, тінту "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" ісі аясында жүргізілген. Ол бұл іс бойынша куәгер ретінде танылған.
Тінту сонымен бірге белсенді Сергей Фоминнің үйі мен ата-анасының үйінде болған.
ТАСС агенттігінің жазуынша, тінту шараларын ФСБ-ға (федералдық қауіпсіздік қызметі) қарасты конституциялық құрылымды қорғау мен терроризммен күрес қызметі, ішкі істер министрлігінің экстремизммен күрес орталығы жүргізген. Олар шілденің 27-сі күнгі акцияны ұйымдастырушыларды іздеп, акцияға қатысушылардың әлеуметтік желідегі жазбаларын тексерген.
Шілденің 30-ы күні Ресейдің тергеу комитеті Мәскеудегі митингіге байланысты "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру" бойынша іс қозғаған. Мұндай бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тергеу комитеті бұған қоса "полицияға күш қолдану" фактісі бойынша да істі қолға алған.
Сенбі, шілденің 27-і күні Мәскеу орталығында бірнеше мың адам қатысқан митингі өтіп, азаматтар тәуелсіз кандидаттарды қалалық дума сайлауына жіберуді талап еткен еді. Акцияны полиция қызметкерлері мен Росгвардия жасақтары дөрекі күш қолдана отырып басты. 1300-ден астам адам ұсталды, 80-ге жуық адам жараланды. Кейбірінің қол-аяғы, мұрны сынған, бас сүйегі жарылған.
Еуроодақ және Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы Мәскеудегі бейбіт шеру кезіндегі жаппай ұстауды айыптады.
Кейіннен акцияға қатысушыларды әкімшілік жазаға тартты. Шілденің 30-ы күнгі жағдай бойынша сотта 278 әкімшілік іс тіркелген. 61 іс бойынша - әкімшілік қамау, 161 іс бойынша айыппұл салу туралы шешім шыққан.
Шілденің 29-ы күні сот 40 шерушіні қамауға алды. Оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан "Навальный Live" бағдарламасының жүргузішісі Владимир Милов 30 күнге қамалды. Жемқорлықпен күрес қорының дирекоры Иван Жданов және тағы үш адам 15 күнге қамалды. Қалалық дума сайлауына тіркеле алмаған Илья Яшин және Константин Янкаускас та ұсталған.
Шілденің 30-ы күні 79 адамға жалпы сомасы миллион рубльден астам айыппұл салынды. Pussy Riot тобының мүшесі Мария Алехинаға 150 мың рубль көлемінде айыппұл салынған.
Қалалық дума сайлауына тіркеле алмаған тәуелсіз кандидаттар тамыздың 10-ы күні митинг өткізетінін айтып отыр. Бұл ұсынысты қолдап отырған саясаткерлер арасында Дмитрий Гудков, Геннадий Гудков бар.
Шілденің 30-ы күні Либертариан партиясының өкілдері биліктен тамыздың 3-і күні митинг өткізуге рұқсат сұраған. Бірақ жергілікті әкімдік (мэрия) белсенділерге басқа орынды ұсынған. Бірақ өтініш берушілер билік ұсынысымен келіспеген.
Бұған дейін ондаған оппозициялық және тәуелсіз кандидаттар саяси себеппен өздерін Мәскеу қалалық дума сайлауына жібермей отырғанына шағымданған еді. Олардың басым бөлігінің айтуынша, сайлау комиссиясы оларды қолдайтын азаматтардың қолын тіркеуден бас тартқан.
- Мәскеу қалалық думасына сайлау 8 қыркүйекте өтеді. Бір мандаттық округ бойынша барлығы 45 депутат сайланады. Парламентке енбеген партияға мүше адамдар сайлауға қатысу үшін бірнеше мың сайлаушы қолын жинауы керек.
- Кейбір дерекке қарағанда, рейтингісі төмен болуына байланысты "Единая Россия" депутаттарын сайлауға ұсынбаған. Олар өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде сайлауға қатыспақ.
- Сайлауға тіркеле алмаған тәуелсіз кандидаттар арасында мәскеулік депутаттар Илья Яшин, Юлия Галямина, Жемқорлықпен күрес қорының өкілі Любовь Соболь, Иван Жданов, саясаткерлер Дмитрий Гудков, Сергей Митрохин бар.
ПІКІРЛЕР