1
1998-2009 жылдары «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда тұтқындалып, үкім шыққанға дейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астанадағы (қазіргі - Нұр-Сұлтан) тергеу абақтысында қамауда отырды.
«Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев 2010 жылы 14 жылға сотталды. Оған қандай айып тағылды? Қазақстан соты Жәкішевті неге мерзімінен бұрын шартты жазамен бостандыққа шығармады? Жәкішев ісі жайлы деректерді жинап шықтық.
1998-2009 жылдары «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда тұтқындалып, үкім шыққанға дейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астанадағы (қазіргі - Нұр-Сұлтан) тергеу абақтысында қамауда отырды.
2010 жылы наурызда Астананың Сарыарқа аудандық 2-соты Мұхтар Жәкішевті жемқорлық айыбымен 14 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимді колонияда өтеуге кесті. Соттағы соңғы сөзінде Жәкішев өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарды.
2011 жылдың соңында ұлттық қауіпсіздік комитеті Мұхтар Жәкішевке қарсы екінші қылмыстық іс қозғап, оған «ірі көлемдегі алаяқтық» және «өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, ысырап етті» деп айыптады. Екінші сот процесіне қатысудан бас тартқан Жәкішев адвокаттарына да сотқа қатысуға тыйым салды.
2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішев тағы да 10 жылға сотталды, бірақ оның алдындағы сот кескен жаза мерзімімен біріктіріліп, 14 жыл күйінде қалды.
Мұхтар Жәкішев саяси қызметпен айналыспаса да, 2013 жылы қазақстандық құқық қорғаушылардың сараптауынан кейін «саяси тұтқын» деп танылды. Қазақстан билігі «Жәкішев ісінің саяси астары жоқ» деп санайды.
Тәуелсіз сарапшылар Мұхтар Жәкішевтің сотталуының екі саяси себебі болуы мүмкін деп болжайды:
Мұхтар Жәкішев 2003 жылы биліктен оппозициядағы бұрынғы министр Мұхтар Әблязовты түрмеден босатуды сұрап «кепіл болғандардың» бірі. 2010 жылы ақпанда Астанадағы кәсіпкерлер кеңесінде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана групп» компаниясының басшысы Нұрлан Смағұловқа: «Достары, арасында сен де барсың, маған хат жазып, жемқорлығы үшін түрмеге қамалған оны (Мұхтар Әблязовты - ред.) босатуды өтініп, кепіл болдыңдар. Отанға қызмет етеді деп ант-су ішіп, жазбаша түрде маған сөз бердіңдер. Қазір ол барлық достарының бетіне түкіріп кетті. Аты-жөндеріңді атамай-ақ қояйын. Ал сендер жауап беруге тиіссіңдер» деп мәлімдеген.
Жәкішев «Қазатомөнеркәсібінің» шетелдік серіктестерімен жұмысын дамыту барысында «Ресейдің уран өндірісіндегі мүддесіне қайшы әрекетке барған».
Мұхтар Жәкішев басқарған кезде «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясы уран өндіруден әлемде алдыңғы қатарға шықты. Жәкішев «Қазақстанды дайын ядролық отын экспорттайтын елге айналдырғысы келетінін» мәлімдеген.
Жәкішев қамалған соң ресейлік «Росатом» корпорациясы канадалық Uranium One компаниясының Қазақстандағы кеніш орындарындағы үлесін сатып алып, уран қоры мен өндірісі бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Бірқатар шетелдік және қазақстандық сарапшылар «Ресей Қазақстан уранын толық бақылауына алды» деп сипаттады.
2015 жылы қарашада БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті тергеу мен сот кезінде Мұхтар Жәкішевтің құқығы бұзылған деп танып, Қазақстан билігін Жәкішевтің үкімін жойып, оның ісін қайта қарауға және өзін түрмеден дереу босатуға шақырды. Қазақстан БҰҰ комитетінің шешімін орындаудан бас тартты.
2018 жылы мамырда медициналық комиссия қорытындысы бойынша, денсаулығы нашарлауына байланысты тұтқын Мұхтар Жәкішевке 3-топтағы мүгедектік берілді. Сәуірде Қазақстан билігі бір топ шетелдік құқық қорғаушыларға Жәкішевпен кездесуге рұқсат бермеді.
Түрме әкімшілігі 2018 жылы қыркүйекте Мұхтар Жәкішевке шешесін жерлеуге қатысуға рұқсат етпеді. Одан бірер күн бұрын тұтқынның хал үстінде жатқан анасымен кездесуді сұраған өтінішін де қанағаттандырмаған еді.
2018 жылы қарашада Семей қаласының №2 соты Мұхтар Жәкішевтің шартты жазамен мерзімінен босату туралы өтінішін тағы да қанағаттандырудан бас тартты. "Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге (261 миллион долларға жуық) шығынды өтемеді" деген сот шешіміне қарсы тұтқынның адвокаты берген апелляциялық шағым да қанағаттандырылмады.
2019 жылы 24 шілдеде Семейдің 2-қалалық соты Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы кезекті өтінішін тағы да қанағаттандырған жоқ. 12 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы бұл шешімді күшінде қалдырды.
Сот үкімі шыққан 2010 жылдан бері Мұхтар Жәкішев Қарағанды мен Алматы облыстарындағы түрмелерде отырды. 2017 жылғы шілде айынан бері ол Семейдегі түзеу колониясында жазасын өтеп жатыр.
56 жастағы Мұхтар Жәкішев өзіне тағылған айыптардың барлығын «ойдан шығарылған» деп санайды. Халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Мұхтар Жәкішевті дереу қамаудан босатуға бірнеше рет шақырған. Қазақстанда соңғы айларда Мұхтар Жәкішевті бостандыққа шығаруды талап еткен акциялар жиіледі.