Ғалы Бақтыбаевтың Атасу ауылындағы ескі үйінде марқұмның жылын беруге дайындалып жатыр. Мамырдың 30-ы күні отағасының жерленгеніне бір жыл толады.
— Ғалы қайтқаннан кейін жесірі мен кенже баласына қиын болды. Ұлы Элдар анасына тірек болу үшін жүк тасушы болып ақша тауып жүр, — дейді Бақтыбаевтың қарындастарының бірі Раушан.
59 жастағы Бақтыбаевқа жасалған қастандық оның туған ауылын ғана дүр сүлкіндіріп қойған жоқ. Transparency Kazakhstan қоғамдық ұйымы ел билігін қылмысты объективті және ашық зерттеуге шақырып, белсендінің өлімін «Қазақстанның құқық қорғау және азаматтық саласы үшін орны толмас қасірет» және «заңбұзушылықтар туралы ашық айту мүмкіндігінен айырылған қоғамға салынған жарақат» деп бағалады.
Ғалы Бақтыбаев Жаңаарқа ауданында белгілі адам болған. Өзі екінші топ мүгедегі. Заң бойынша жоғары білім де жоқ. Сөйте тұра қарапайым халыққа мемлекеттік органға шағым жазуға, сотқа арыз беріп, ресми хат дайындауға көмектесетін. Адамдарға тегін көмек беруден ешқашан бас тартқан емес. Ол қайтыс боларынан бұрын ірі энергетикалық компаниядан сот арқылы 300 миллион теңге өндіріп, оны арнайы ашылған есепшотқа аударуды сұрап, ауыл тұрғындарынан шағым жинаған.
Ғалының туыстары мен достарының айтуынша, бұл ақшаға жарығы жиі өшетін ауылға электр желісін жүргізу жоспарланған, құрылыс жобасы да дайын болған. Бірақ белсендінің қазасынан кейін жиналған шағымдар сол күйі қалып қойған. Ғалының қарындасы Зәуре өзімен көзқарасы ортақ адамдармен бірге ағасының ісін жалғастыруға ниеттеніп отырғанын айтады.
ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ
Ғалының жесірі көз алдында болған қазадан кейін әлі ес жия алмай жүр. Сол себепті жәбірленуші тараптың заңды өкілі деп Зәуре Бақтыбаева танылған. Ол бауырының өлімі туралы істі ұзаққа созбауды бірнеше ай талап етіп келген.
Белсендінің әпкесі кінәлілер жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп қауіптенеді. Ол бас прокурор мен ішкі істер министріне «сотқа дейінгі тергеу органдары мен облыс прокуратурасының әрекетсіздігі мен істі созбаққа салғанына» шағынып, хат жазған. Ішкі істер министрлігі жақында Зәуренің «істі дұрыс қарамау» туралы шағымына «қылмыстық іс 2020 жылы мамырдың 11-і күні Қарағанды облысының прокуратурасына жіберілді” деп жауап берген.
Бірнеше күн бұрын Зәуре Бақтыбаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «соттағы істің барысын» бақылауға алуды сұрап, хат жазған. Ол хатында «еститін мемлекет» концепциясын насихаттап жүрген президентке кезінде інісі де «үнін мемлекетке жеткізу үшін қолынан келгеннің бәрін жасағанын» атап өткен.
Хатта «Отбасы күйеуі мен әкесінен, Атасу ауылының тұрғындары өздерінің құқығы үшін күресіп, қарапайым адамдардың мүддесін қорғап келген адамынан айырылды. Ғалы көзі тірісінде белсенділік танытып, билігін асыра пайдаланған, жол мен мектеп салуға арналған қаржыны жымқырған шенеуніктерді әшкерелеп, кінәлілерді сотқа тартуды талап етіп жүрді. Қылмыскерлер президент сайлауы қарсаңында осындай арам іске барудан тайынған жоқ. Бұл қастандық облыста ғана емес, бүкіл елде қоғамдық резонанс тудырды. Тергеушілер ауылда екі жыл бойы болған бұзақылықтарды назардан тыс қалдырмады: осы уақыт ішінде інімді ұрып-соғып, оның үйіне бірнеше рет оқ атқан. Осының бәрі Ғалыны қорқытып, өз принциптерінен бас тартуға мәжбүрлеу үшін жасалды. Бұл ескерту болатын, бірақ ол мойымай күресін жалғастыра берді. Біз әділ үкім күтеміз. Сот қылмыстық істі объективті қарап, сіз соттағы тергеу барысын жеке бақылауыңызға аласыз деп үміттенеміз», — делінген. Бірақ әзірге хатқа жауап келмеген.
Ғалы Бақтыбаевтың жақындары белсендіге қоқан-лоқы көрсету 2017 жылы басталғанын айтады. Белсенді ол кезде аудандағы салғырттық, жемқорлық және алаяқтыққа қатысы бар бірнеше істі қоғамдық зерттеумен айналысқан. Белгісіз адамдар Бақтыбаевтың үйінің терезесіне оқ атып, Ғалының көшені жарықтандыру үшін қойған шамдарын сындырған. Бұл «ескерту» болатын. 2019 жылы ақпан айында Бақтыбаевқа шабуыл жасалған: кешқұрым маска киген екі адам белсендінің бетіне газ балонын шашып, оны өз үйінің ауласында ұрып-соққан. Осыдан кейін Бақтыбаев ауруханаға түскен. Туыстары полиция сол кезде қылмыскерлерді тапса, кісі өлтірумен аяқталған қастандықтың алдын-алуға болар еді деп есептейді.
СОТ ОТЫРЫСЫ ӘЛІ БОЛМАҒАН
Ғалы Бақтыбаев өлтірілгеннен кейін үш айдан соң ішкі істер министрлігі резонансты қылмыс «ашылып», күдіктілер ұсталғаны туралы есеп берді. Титрға «күдіктілер тұтқындалып, кінәсін мойындады» деп жазылған видео жарияланды. Екі минуттық роликте тұтқындалғандардың түрлері жасырылған. Видеода «заттай дерек (қару) тәркіленгені» айтылады.
Кейінірек тергеу органдары журналистердің сұрауы бойынша қысқа ғана ақпарат беріп, тапсырыспен жасалған кісі өлтіру фактісі тақырыбын айналып өтуге тырысты. Белсендінің өліміне қатысты шу басылған кезде ешқандай жаңа ресми дерек берілген жоқ.
Азаттық тілшісі мамырдың 20-cы күні осы қылмысты зерттеген Қарағанды облыстық полиция департаментіне сауалхат жіберді. Хатта іске қатысы бар күдіктілердің әрқайсысына нақты қандай айып тағылып отырғаны туралы да сұрады. Бірақ департамент ақпарат жіберуге уәде бергенімен, материал жарияланған кезге дейін хатқа жауап келмеді.
Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты істе төрт күдіктінің бары белгілі. Оның бірі — бұрынғы полиция қызметкері. Туыстарының айтуынша, «кісі өлтірді» деген күдікті — бұрын сотты болған жергілікті жас жігіт. Азаттық тілшісі белсендінің қазасынан кейін Атасу ауылына барғанда, тұрғындардың ашық сөйлесуден қорқуының себебі осы болса керек.
Жақында Азаттық тілшісі іс материалдары қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотқа түскенін анықтады. Бірақ сот отырысы әлі белгіленбеген.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары баяндамаларында Қазақстандағы белсенділердің жағдайы туралы жазып, билікті сыни пікірді басып-жаншып, қоғамдық-саяси мәселе көтерген азаматтарды қудалайтыны үшін сынап келеді.
P.S. Мақала жарық көргеннен кейін полиция департаменті редакция сауалына жауап беріп, қылмыстық істегі төрт күдіктінің екеуіне Бақтыбаевты ұрып-соғуды ұйымдастыру және тапсырыспен өлтіру бойынша айып тағылғанын хабарлады. Бақтыбаевқа оқ атты деген күдіктіге кісі өлтіру, бұзақылық, ұрып-соғу, суық қаруды сақтау және алып жүру және Ақмола облысы тұрғынының өміріне қаcтандық жасау айыбы тағылды. Тағы бір адамға Бақтыбаевты ұрып-соғуға сыбайлас болды деп айыпталып отыр.
ПІКІРЛЕР