Accessibility links

«Клиент аз». Жұмысын қайта бастаған шағын бизнес өкілдері не дейді?


Карантиннен кейін жұмысын бастаған автосервис орталығы.
Карантиннен кейін жұмысын бастаған автосервис орталығы.

Нұр-Сұлтандағы жеке кәсіпкерлер биліктің рұқсатымен жұмысын қайта бастады. Азаттық шағын бизнес өкілдерінен карантин кезіндегі мәжбүрлі демалыстан кейін кәсібі қалай жүріп жатқанын сұрап көрді.

Мамырдың 4-інен бастап Қазақстанның астанасында билік шаштараз, тігін ательесі, аяқ киім шеберханасы, фотосалон, гүл дүкені, жарнама агенттігі, киім тазалау орындары мен ұялы телефон жөндеу, кілт жасау және аксессуар сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлерге жұмысқа шығуға рұқсат берді. Сондай-ақ азық-түліктен басқа өнім сататын (аумағы 500 шаршы метрге дейінгі) дүкендер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, медициналық орталықтар мен тіс емханалары да ашылды.

Бұл мекемелер төтенше жағдай режимі толық аяқталғанша (11 мамырға дейін) кешкі сағат 17:00-ге дейін жұмыс істеп, клиенттерді алдын ала жазба бойынша ғана қабылдайды. Шағын бизнес өкілдері жұмыс барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау міндет.

«ӘЗІРГЕ ЖҰМЫС ЖАҚСЫ ЖҮРІП ЖАТҚАН ЖОҚ»

Берік Сұлтанов бірнеше жылдан бері ел астанасында такси жүргізушісі болып істейді. Ол карантин режимі жеңілдегелі көшеде көлік көбейгенін, сондықтан жұмыс беруші тарифті бұрынғы деңгейге қайта түсіргенін айтады. Такси жүргізушісі төтенше жағдай кезінде жұмыс істеуге рұқсат алу үшін 70 мың теңге төлеген. Бірақ төтенше жағдай режимінің шарттары жеңілдегелі, такси қызметінен пайда аз түсетін болған. Карантин жеңілдіктер жарияланбай тұрып, ел астанасындағы такси бағасы екі есе өскен.

— Қазір бір тапсырыстың орташа бағасы — 500–600 теңге (1,5$). Таңертеңнен түнге дейін тоқтаусыз жұмыс істегеннің өзінде күніне ең көбі 10 мың теңге (шамамен 24 доллар) табасың. 15–20 тапсырыс қабылдау керек. Күніне үш мың теңге жанармайға кетеді. Әзірге басқа жұмыс жоқ. Үш баланы асырап, несие мен пәтерақысын төлеу керек. Полиция жиі тоқтатып, құжатымды тексереді. Ары қарай не болар екен? — дейді ертеңгі күніне алаңдаған такси жүргізушісі.

Назира Сейдалиева — Нұр-Сұлтанның ескі орталығындағы шағын шаштараздың иесі. Шаштараз ашылған екінші күні үш-төрт адам кезекке жазылған. Әзірге бизнес тек жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Шаштараздың жартысы Нұр-Сұлтанның сыртындағы ауылдар мен көрші қалаларда тұрады. Карантин кезінде үйлеріне кеткен шеберлер қалаға мамырдың 11-нен кейін бір-ақ келеді. Бір бөлмелі ғимаратта орналасқан шаштаразға кіреберісте антисептик құйылған бөтелке тұр. Шеберлер шаштаразға келушілерге қолғап пен маска киіп, қызмет көрсетеді.

Жұмысын қайта бастаған шаштар. 5 мамыр 2020 жыл.
Жұмысын қайта бастаған шаштар. 5 мамыр 2020 жыл.

— Жақында бұрынғыдай табыс түсетін шығар деп үміттенемін. Бағаны өсірген жоқпыз. Маған 42 500 теңге (карантин кезінде берілетін ай сайынғы әлеуметтік төлем – ред) бермегендері өкінішті. Төрт адамға жұмыс беріп отырған бизнесім төтенше жағдай кезінде жабылып қалды. Бір айдан көп уақыт төрт баламен үйде отырдық, мемлекеттен еш көмек алған жоқпыз. Бірнеше рет өтініш бергеннен кейін әлеуметтік төлем сәуірдің 13-і күні тағайындалғаны туралы хабарлама келді, бірақ әзірге ақша түскен жоқ. Мемлекеттің мұнысын түсіне алар емеспін, — дейді кәсіпкер.

Серік Әлібаев бес жылдан бері Шоқан Уәлиханов көшесіндегі базарлардың бірінде кілт жасаумен айналысып келеді. Әлібаевтың бар бизнесі өзі ғана сыятын шағын бөлмеде. Ол кілттің бір көшірмесін 800–1000 теңгеге (2-2,5 доллар) жасайды. Серік те төтенше жағдай аяқталған соң, клиент көбейер деп үміттенеді.

Серік Әлібаев, кілт жөндеу орнының жұмысшысы. Нұр-Сұлтан, 5 мамыр 2020 жыл.
Серік Әлібаев, кілт жөндеу орнының жұмысшысы. Нұр-Сұлтан, 5 мамыр 2020 жыл.

— Әзірге жұмыс жақсы жүріп жатқан жоқ. Кешеден бері төрт клиент ғана келді. Бағаны өзгерткен жоқпын. Қоғамдық көлік жүрсе, бәрі қалпына келер деп үміттенемін. Сонда көшеде халық саны артар еді. Карантинде жұмыс орнын жалдау ақысынан босатқаны көп көмек болды. 42 500 теңгені үш рет өтініш беріп, ала алмай жүріп, ақыры қолымыз жетті. Құдайға шүкір, басымда несие жоқ, бірақ пәтер жалдап тұрамын, — дейді ол.

Астана көшелерінде ғимарат жалға беру, қызметкерлер іздеу немесе дайын бизнесті сату туралы хабарландырулар жиі көзге түседі. Мұндай хабарландырулар әсіресе, базар маңында көп кездеседі.

Әсетхан Баянбайұлы екі жылдан бері «Әсем» базарының маңында киім мен күннен қорғайтын көзілдірік сатады. Мамырдың 5-і күні ол карантин кезіндегі мәжбүрлі демалыстан кейін бірінші рет бутигін ашып, тауарын шығарды.

Саудагер карантин кезінде жалға берушілер төлемнен босатқанын айтып, қуанышын бөлісті.

— Ашылғанымызға қуанып жатырмыз. Ақырындап адамдар келе бастады. Әзірге тауар тапшылығы жоқ. Ары қарай не болса да, бәрі жоғарыдан шешіледі ғой, — дейді бизнесі туралы қысқа қайырған Баянбайұлы.

«КЕШЕ БІРНЕШЕ АДАМ КІРДІ. БҮГІН БІР ҒАНА КЛИЕНТ КЕЛДІ»

Әсетханның сауда орнына жақын жердегі қолдан салынған бірнеше бутик әлі де бос тұр. Оған көршілес орналасқан фотосалон, тігін ательесі мен гүл дүкені де жабық. Саудагерлердің бәрі бірдей жұмысын бірден бастап кете алмаған. Жабық есіктерге шұғыл тапсырыс бойынша хабарласу үшін саудагердің байланыс нөмірі ілінген.

Нұр-Сұлтандағы базар. 5 мамыр 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы базар. 5 мамыр 2020 жыл.

Шағын полиграфияның иесі Арғын Молдан телефон арқылы әлі кеңсесін ашпағанын, әзірге тапсырыс жоғын айтты.

— Алда не боларын білмеймін. Ертең жалға берушімен ары қарайғы жұмысымыз жөнінде сөйлесуге барамын, — дейді Молдан.

— Кеше бірнеше адам кірді. Бүгін бір ғана клиент келді. Жарнама қызметі енді ғана жұмысын бастап жатыр, сондықтан әлі тапсырыс аз. Олардың жұмысы қашан қалпына келетінін айта алмаймын. Қазір бастысы — қайтадан клиент жинау, — дейді типографияның жанындағы баспа және визуалды жарнамаға арналған өнімдер сататын дүкен менеджері Балқия Оспанова.

— Әзірге жұмыс жай жүріп жатыр. Карантинге дейінгі табыспен салыстыруға келмейді. Негізінен ескі тапсырыстармен отырмыз. Көбіне достарымыз бен туыстарымыз келеді. Астанадағы автосервистерге сәуірдің 20-сынан бастап жұмыс істеуге рұқсат берген, - дейді Астрахань трассасының бойында орналасқан техникалық қызмет көрсету станциясының қызметкері Игорь Шпагин.

Вячеслав Тардужманян, аяқ-киім жөндеуші. Нұр-Сұлтан, 5 мамыр 2020 жыл.
Вячеслав Тардужманян, аяқ-киім жөндеуші. Нұр-Сұлтан, 5 мамыр 2020 жыл.

Вячеслав Тардужманян 30 жылдан бері сауда орталықтарының бірінде аяқ киім жөндеумен айналысады. Жұмысқа қайта оралған бірінші күні етікші небәрі үш клиентке қызмет көрсеткен. Екінші күні тағы екі адам келген. Тарджуманян клиенттердің аздығын қоғамдық көліктің жүрмеуімен және жұмыс тәртібінің өзгеруімен байланыстырады.

— Клиенттер аз келіп жатыр. Әзірге тұрақты клиенттеріме хабарласып шықтым. Таңғы 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат берілген. Сондықтан да адам аз. Шынымды айтсам, бұл жұмыс тәртібі бәріне бірдей ыңғайлы емес. Өйткені адамдар көбіне жұмыстан кейін босайды. Карантиннің алдында кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтінбіз. Адамдар карантиннің жеңілдегеніне үйрене бастады. Бір айдан кейін бәрі қалпына келеді деп ойлаймын, — дейді Вячеслав Тарджуманян.

Қазақстанда мамырдың 7-сі күнгі мәліметке сәйкес, 4509 адамға коронавирус жұққан, олардың 853-і —Нұр-Сұлтан тұрғыны. Елде коронавирустан 1450 адам айығып, 30 адам көз жұмды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG