Ауыр қылмыс былтыр 9 шілде күні жасалған. Жәбірленуінің әпкесі Дарья Домушеваның сөзінше, Жасөспірімдер үйінде тәрбиеленетін 16 жастағы қыз көшеде жолыққан үш жігіттен (біреуі оның сыныптасы) мобиль телефоны өшіп қалғанын айтып, такси шақыруға жәрдем сұраған. Жігіттер оны көпқабатты үйдегі пәтерге кіруге көндіріп, сол пәтерде біреуі қызға беріп, зорлаған.
Зорлық көрген қыз жанұшыра биік үйдің 10-қабатындағы пәтерден секіріп кеткен. Тірі қалғанымен ауыр зардап шегіп, омыртқасы үзілген. Сот процесі жабық өткендіктен, қылмыстық істің өзге бүге-шігесі айтылмайды.
10 тамызда Павлодар соты 19 жастағы азаматты Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-1 бөлігінің 1-тармағы бойынша ("Кәмелетке толмаған адамды күш қолданып зорлау") және 121-бабының 3-1 бөлігінің 1-тармағы бойынша ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық") айыпты деп танып, оған 15 жыл 6 ай түрме жазасын кесті. Бұған қоса оны жәбірленушіге 8 млн теңге моральдық өтем төлеуге міндеттеді. 22 және 24 жастағы өзге екі жігіт Қылмыстық кодекстің 434-бабы ("Қылмыс туралы хабарламау") бойынша айыпты деп танылып, әрқайсысы төрт жылға бостандығынан айрылды.
Сот үкім шығарған кезде жазаны "жеңілдететін жайттарды"– сотталушылардың бұған дейін қылмыстық жауапқа тартылмағанын және жастығын ескергенін айтты.
К. мен Т. қыздың терезеден секіріп кеткенін көре тұра, ең болмағанда медициналық жедел жәрдем шақырмаған.
– К. мен Т. жасаған қылмыс туралы бапта бостандығын шектеу жазасы да болғандықтан сот оларға жазаның балама түрін қолдану мәселесін де қарастырған. Бірақ сот оларды қоғамнан оқшаулап қана түзеуге болады деген ұйғарымға келді. Мұндай жазаға олардың іс-әрекеті себеп болды. [Қылмыс] жасалғаннан кейін К. мен Т., қыздың терезеден секіріп кеткенін көре тұра, ең болмағанда медициналық жедел жәрдем шақырмаған. Түк болмағандай ол жерден тайып тұрған. Сіздер айыптарыңызды ішінара мойындасаңыздар да, ешқандай көмек көрсетпегенсіздер, – деді сотталушыларға судья Бақыт Нұрланов.
Жазаны "жеңілдететін жайттарға" қарамастан, жәбірленуші тарап үкімге қанағаттанды.
– Олардың үкімін естігенде сіңлім наразы болмас деп ойлаймын. Әрқайсысы лайықты жазасын алды ғой, – деді Дарья Домушева.
"ҰЗАҚ ОҢАЛТУ ҚАЖЕТ"
Былтыр қылмыскерлер лайықты жазасын алмай қалуы мүмкін деп қауіптенген Дарья "Не молчи"қоры арқылы көпшілікке үндеу жасаған. Бұл қылмыс жария болғаннан кейін қазақстандықтар апалы-сіңлілерге қаржылай қолдау білдірген. Содан бері жәбірленушіге үш рет күрделі ота жасалған, әлі де бірнеше ота жасату керек.
– Сіңлімді біраз демалсын деп, ауруханадан уақытша шығарған. Қазір ол Жасөспірімдер үйінде, үнемі барып тұрамын, бір-бірімізбен хабарласып отырамыз. Ол беріспейді, бірақ әлі көп жұмыс бар. Психологиялық тұрғыдан оның жағдайы тұрақты емес, қорқынышты түстен шошып оянады, көңіл-күйі жиі өзгереді, бойында үрей бар. Әзірге аяғына тұра алмайды, бірақ тырысып-ақ жатыр. Онымен реабилитологтар жұмыс істеп жатыр. Өте зор жұмыс істеген дәрігерлерге, "Не молчи"қорына және адвокат Гүлмира Қажиеваға айтар алғысымыз шексіз. Олар қатты көмектесті, сөзбен де, іспен де қолдау білдіріп, көмектесіп тұрады, – деді Дарья Домушева.
Жәбірленуші мен оның әпкесі – жетімдер. Кішісі Жасөспірімдер үйінің қамқорлығында. Балалар үйі комментарий беруден бас тартты.
– Сіңлім болашақта кім болатынын ептеп жоспарлап бастаған. Ол жануарларды жақсы көреді, ветеринар қызметін көрсететін емхана ашуды армандайды, – деді Дарья.
"Не молчи"қорының мәліметі бойынша, 2023 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында Қазақстанда жасөспірімдерге қатысты 1080 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 7,6% көп. 198 оқиға құқық бұзудың "аса ауыр"түріне жатады. Осы уақыт ішінде зорлау қылмысы – 83, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық оқиғалары – 80, тағы 64-і – жас балаға қатысты жасалған азғындық әрекеттер.
ПІКІРЛЕР