Accessibility links

Шырмауық


"Ода". Ғалым Смағұлұлы салған карикатура
"Ода". Ғалым Смағұлұлы салған карикатура

- Ағаш - қурады... - дедім, мен де таңғала тұрып. - Енді бұл құласа, не болады? Шырмауықтар не істейді?..

Асу, өткелі қиын жерлерде сенімді болғанмен, ұзақ сапарға жайсыздау, жүрісі қатқыл көлікте ырғаңдап, ұшы-қиыры жоқ кең даланың табы өшуге айналған көмескі жолдарымен әлі жүріп келеміз. Анда-санда алдымыздан, я оң мен солымыздан көрініп қалатын жайдақ төбе, аласа жоталардан басқа көз сүрінер бұдыр жоқ... Оның да кейбірі - кезінде азғантай кенін елеп алып, артылған керексіз тау-тау жынысты қазылған орнынан аулақтау апарып үйгенде пайда болған, өзіміз "отвал" деп атайтын жасанды төбелер. Оларды жоны, қапталы теп-тегіс майда, көбіне, трапеция тәріздес келетін пішім-бітімінен, үстіне қылтанақ өспеген тып-тықыр көрінісінен танып келемін. Бұл аймаққа жолым алғаш түсіп отырса да, ұзақты күнгі бірсарынды жүріс пен таусылып бітпейтін құлазыған сұрғылт дала жалықтырып та жіберді. Машина айдап отырған жасы өзім шамалас серігім де әңгімеден тиылып, шаршаңқырап келе жатқан сияқты...

Әлден уақытта алдыңғы жағымызда, алысырақта қарауытқан әлгіндей бір жасанды үйме-төбенің басынан мұнарадай шаншылып, әлдебір биік нысан көрінді. Әйтеуір, қу далада көз тоқтатар бір белгі болған соң, басында, жайбарақат қарап отырғам. Бірақ ол, жақындаған сайын зорая түсіп, бірте-бірте назарымды біржола тартып алды. Алғашында, кәдімгі электр желісін тартатын бетон бағана ма деп те ойлағам. Онда неге айдалада сорайып, жападан-жалғыз оқшау тұр?.. Әлде әдейілеп тұрғызған арнаулы діңгек-белгі ме? Бірақ не үшін?.. Талай жыл дала кезген кәнігі геолог болсам да, оны неге ұқсатарымды білмей, жанымдағы серігіме бұрылдым. Менің неге елеңдеп, басым қатып отырғанын сезіп-көріп келе жатса керек:

- Діңі ішінде қалған... - деді ол, менің жаңағы сұрақтармен аңырған түріме қарап. - Мына шырмауық - тажал!..

- Көп жыл бұрын осы арадан бір өткенім бар... - деді, сәл ойланып. - Ұмытпасам... сол маңда бір үлкен ағаш өсіп тұрған... Бұрыла кетеміз бе?..
Сөйтіп, ойламаған жерден, жолдан қиыстаңқырап барып, әлгі жерге тоқтадық. Машинаны етекте қалдырып, төбеге көтерілгенде, жаңағы мұнара дегеніміз - сыртын бұжыр-бұжыр, бұйраланған қара-жасыл бірдеңемен қаптап тастаған жойдасыз зор бағана сияқты болып көрінді. Сол маңайда ұшып-қонған құсты үркітіп, жақындап келгенде ғана байқадық, әлгі бұжыр-бұжырымыз - шырмауықтың қопсыған қалың жапырағы екен... Әр-әр тұстан сетінеп шыққан иір-шиыр сабақтар қаздың табанындай, шет-шеті үшкілдене біткен жапырақтарының салмағымен шашақтана салбырайды. Былай қарасаңыз, алдыңызда екі-үш адамның құлашы әрең жететін адам сенгісіз алып шырмауықтың діңі тұрған сияқты!.. Мұндайды кім көрген... Дымымыз шықпай, қайран қалып, қарап тұрмыз.

- Керемет бәйтерек еді... - деді серігім, біраз үнсіздіктен соң, басын шайқап. - Алыстан қарағанның өзінде бұйра толқын болып, көз тарта жайқалып, саясына шақырғандай қызықтырып тұрушы еді...
"Қайдағы бәйтеректі айтып тұр?.." деп ойладым. Кен қазғаннан қалған улы жыныс, тастақ кебірге ағаш емес, шөп шығушы ма еді... Ағаш болса, оның сала-сала тармақтанған бұтағы, қарағай ма, емен бе, жоқ, басқа дарақ па - сойына сай тұрпаты болмай ма?... Ал мынау не?..

- Діңі ішінде қалған... - деді ол, менің жаңағы сұрақтармен аңырған түріме қарап. - Мына шырмауық - тажал!.. Мұның осы түрі дүниенің әр жерінде-ақ кездеседі дейді... Бізде де кей аймақтарда бар деп естимін...Тұмшалап, басына күн түсірмей, тамырына ылғал жібермей, шырмап-матап құртқан ғой... Қазір көреміз...

Соны айтып, ол ұйысқан қалың шырмауықтың шиырылған сабақтарынан тартқылай бастады. Оған болмаған соң, беткі бірер қабатының жапырағын қобырата ысырып, арасын ашты. Ар жағындағы жыланша оратылып, шатысып-бытысқан сабақтарын күшпен ажыратып, діңге жету мүмкін болмады. Екеуміз жабылып, шірене тартып, жұлқылап жүріп, шеткері қалған бір-екі сабағын әрең үздік. Соның өзіне алақанымыз ойылып, саусағымыз қиылып кете жаздады. "Не деген жаны сірі пәле!.." дестік. Қара терге түскен серігім, ерінбей барып, көлігіміздің құрал-сайман тиелген жүк салғышынан шапқы, шот алып келді. Екеуміз екі жақтап, не заманнан бері, бірінің үстіне бірі қабаттасып орала беріп, қарыстан аса қалыңдап кеткен шие-шатыс шытырманды бытырлатып шаба бастадық. Сабаудай-сабаудай иір сабақтар қиылған тұсынан дір-дір етіп, ыдырай түседі де, қайта серпіліп, ширатылған күйі, бұрынғыша, тағы оратыла кетеді... Ағаштың діңі ашылар болмады. Біз енді жаңағы айналдыра шабылған тұстан бірер сүйем жоғарырақ алып қидалай бастадық. Біраз алысып, екі ортаны турап түсіргенде барып, арасынан саңылау ашылды. Арғы түптен... бір кездегі алпауыт дарақтың ақжоңқа болып қурап, кеуіп кеткен діңі көрінген...

Былай қарасаңыз, баяғы бәйтерегіңіз қазір, осылайша, шырмауық неше айналдыра торлап, буып тастаған ТЭЦ-тің алып кернейі сияқты...

Бес-он қадам шегініп, ентіккен қалпымызда, шырмауық кебіндеп тастаған бәйтеректің ұзына тұрқын басынан аяғына, аяғынан басына дейін шола қарап тұрмыз. Шырмауықтардың иретілген шым-шытырық сабақтары неше қабат шырмай орап, жылтыраған мың-миллион үшкіл жапырақтар өлі діңді түбінен ұшар басына дейін қалың торқадай шымқаған. Кезінде құлашын кең тастай жайқалған салалы бұтақтарды, сірә, қайырып әкеп, діңімен тұтастыра өріп, байлап тастаған, я , тұншықтыра буып, қуратып, үгіп түсірген... Кәдімгі үй маңында қаптап жататын арамшөп, немесе сәндік, көлеңкелік үшін өсіретін жай шырмауық болмаса, түзде өсетін жабайы һәм сабақтары соншалық жуан, тарамыстай берік мынадай таңғажайып түрін көрмеген екем. Бір замандағы жапырағы жайқалған зәулім бәйтеректің - қазіргі тұттай жалаңаш, серейген қу бағананың басын мифтік алып қарақұстың ұясындай бұйралай торлап, әрі қарай жармаса кетуге ауадан басқа қармайтын түк қалмағанда, қайырылып, сабақтарын төмен салған. Одан жапырақтарын қопсыта, жалбырай құлдап, жерге түскен. Баған түбін айналдыра тағы бір шырмап, не заманнан бәйтеректің төңірегіне тамыр салып, тереңдеп алған, енді інжілдік Самсонның шашындай ұйыса тармасып, жапа-тармағай діңге жармасқан өзге шырмауық сабақтарын сыртынан орай шандып, жапырағын жамырата жыпырлап, қайта өрлеп барады... Былай қарасаңыз, баяғы бәйтерегіңіз қазір, осылайша, шырмауық неше айналдыра торлап, буып тастаған ТЭЦ-тің алып кернейі сияқты...

Бұлар енді, мен білсем, ана өскіннің биіктеп, толып, дараққа айналғанын күтеді.

- Жоқ дегенде, отыз-отыз бес метр болады биіктігі, - деді серігім, шырмауық-мұнараға басын шалқайта көз салып тұрып. - Не деген дарақ!.. Не деген шырмауық, ә!..

- Ағаш - қурады... - дедім, мен де таңғала тұрып. - Енді бұл құласа, не болады? Шырмауықтар не істейді?..

- Діңнің өзегі кеуреп, біржола қаусап түскенде, олардың да саудасы бітеді, - деді ол. - Бұлар ағаш, жартас, не биік жар сияқты асылып, я жармаса кетіп өрмелейтін нәрсе болмаса, өсе алмайды...

Сосын, айнала қарап тұрып, аулағырақта қылтиып өсіп келе жатқан бір жас шыбықты нұсқады.

- Бұлар енді, мен білсем, ана өскіннің биіктеп, толып, дараққа айналғанын күтеді, - деді, біртүрлі кермек жымиып. - Мына құстарды көрдің бе?.. Шырмауықтың піскен дәндерімен қоректенеді. Анау өскен соң, соның басына қонақтайды... Саңғырықпен бірге түбіне бітеу түскен дәндерден тамырланып алып, шырмауық біткен, күндердің күнінде, діңге таласып, лап қояды әлі...

*****

Машинаға отырған соң, былай шыға бере, жол соққандыкі ме, бір сәт қалғып кеткендей болғам... Қиял ма, әлде, қалғыған аралықтағы түс пе - ұйқылы-ояу бір елестер баурап алды. Азғана сәттің ішінде бәйтеректің бар тариxы, күллі ғұмыры көз алдымнан айқын көрініс, тірі суретімен зырылдап-сырғып өтті... Айдалада бой көтерген жалғыз дарақ... Қалай өсіп шыға келгенін де ешкім байқамай қалды. Бұтағына бұлбұл қонақтап, маңайына аң-құс үйірілді... Бұлттар да көкті кезген тынымсыз сапарында құла дүзде оқшау тұрған алпамса ағашқа арнайы бұрылып, жаңбырлатып жиі соғып өтетін болған. Айналасы көкорайға малынып, жас шыбықтар жайқалып, бұта гүлдеді. Ұрығы желге ілесіп келді ме, әлде, құстың саңғырығымен түсті ме - бір-ақ күнде дүр көтеріліп, дарақ түбіне, бәрінен бұрын, шырмауықтар жетіп еді... Сабақтары ширатыла-бұратыла айқасып, діңді шеңберлей қаумалап, тақап келді... Маңайда қаулап өсіп, көлеңкеге таласқан басқа жапырақ, шөп, бұталарды түгел тықсырып, бұл кезде көкке бой салған сом дарақтың саясын өздері иемденді... Өзге тұқымдас-тамырластарынан бұрынырақ жетілген бас шырмауық бәйтеректің түбін қапсыра құшақтап, біраз бой үйреткен соң, сабағының ұшы шиырыла сумаңдап, діңді өрлеп кете барған. Бұраң жүріспен ақырын жылжып, анық оратылып, аз күнде ұшар басына бір-ақ шықты...
Міне, сол кезде дің түбінде бас тартып, тамыр бекітіп, кезегін күтіп жатқан қалың шырмауық қаптай қозғалған... Иретіліп-бұратылып, сүзіле самсап, бірінен бірі оза талпынған өлермен сабақтар дің түбінде шап-шұп айқасып, шатыса оратылып, бас шырмауық тартқан ізбен дүркірей келіп, жаппай жоғары тармасты. Жасыл көбіктей бұрқыраған мың-миллион жапырақ, жапырлай қайнап, көтеріле тасып, алып дарақтың тұла бойын тұтаса көміп кетті. Бұл аттаныстың артын ала, кезек-кезегімен, лек-легімен жаңа шыққан жас шырмауықтар арбиған сала-сала бұтақтарын қоса қаусырып, матап тастады...

- Басыңыз шарықтап, күнге жақындап қалды емес пе... Жапырағыңыз күймесін деп, біз содан қорғап тұрмыз, - деді бас шырмауық, ширатыла күлімсіреп.

Өзі үшін осынша әбігерге түсіп, осынша құштарлықпен тәніне тәнін жабыстыра, құшақ айқастырып, күн мен нәрді мұнымен бірге бөлісіп, бірге тыныстауға құлшынған бұл тіршілік иелері кеңпейіл дараққа қатты ұнады. Олардың күндіз-түні ыстық лебіз, тәтті мадақпен жамырасқан шу-сыбдырына бауыр басқаны сонша - келе-келе, кей сәт бұлар әлденеден үнсіз қалғандай болса, тынышы кетіп, тіпті, жанын қоярға жер таппауға айналған...

Алайда, неге екенін білмейді, кейінгі кезде бәйтерек күннің шуағын, жердің нәрін сезінуден қалып бара жатқандай еді. Майда самалға-ақ сыбдыр қағып, аспан астын шалқар күйге бөлейтін өз жапырақтарының, көптен бері, дыбысы шықпайды... Соған қарағанда, жел де соқпайтын болған-ау...

- Осы... менің басымды күн шалмайтыны несі?.. - деді бір күні, шуақ аңсаған бәйтерек, шырмауық тұмшалаған басын қозғап қойып. - Күн шығып тұр ма, өзі?..
- Шыққанда қандай!.. - деп, шу ете қалды шырмауықтар. - Жарқырап төбеңізде тұрған жоқ па!..
- Онда неге...
- Басыңыз шарықтап, күнге жақындап қалды емес пе... Жапырағыңыз күймесін деп, біз содан қорғап тұрмыз, - деді бас шырмауық, ширатыла күлімсіреп.
- А-а... солай ма... - деп, аңғал дарақ бір көтеріліп қалды. - Дегенмен... тамырымда бір әлсіздік бар... Нәр жетпейтін сияқты ма... Бұлттар келмей кетті ғой!..
- Жо-жоқ, олар, баяғыша, жиі келеді, жел де үдеп соғады, жаңбыр да ағыл-тегіл!.. - деп, жамырай жөнелді шырмауықтар.
- Онда неге...
- Соның өзі де аз болып жатқан жоқ па!.. Өйткені, сіз - тым алыпсыз! Сіз... соншалық биіксіз!.. - деп шуласты жас шырмауықтар, төменнен.
- Сізге енді осы аймақтың ғана емес, барша дүниенің бұлттары назар аударып жатыр! - деді, кеуде тұстағы жасамыстар.
- Сіздің басыңыздан маған жер-жиһан алақандағыдай көрініп тұр... Дүниенің бар жаңбырын арқалап, бұлт атаулы сізге қарай жөңкерілді!.. - деп, сендірді бас шырмауық.
- Соңғы кездері біртүрлі... ауа жетпейтін болып жүр... - деді тағы бір күні, тынысы тарыла бастаған қаперсіз дарақ. - Қапырық болып тұр ма, немене?..
- Айтпаңыз, қапырық болғанда қандай!.. Талайдан бері аптап қайтпай тұр. Біз, қайта, ылғал бойыңызда сақталсын деп, тұла діңіңізді күн түсірмей құндақтап тастадық!.. - деді, бұл кезде бәйтеректің алқымын неше орап үлгерген бір жуан шырмауық.

Бәйтерек, бірте-бірте, ештеңе көрмеуге айналды. Бара-бара, шырмауықтардың қалың шуынан басқа, сыртқы әлемнен ешбір дыбыс та жетпес болды. Жел қайда, күн қайда... Әлгі, дүниенің шартараптан мұны іздеп сабылған бұлты мен жаңбыры қайда?.. "Жә, бір келер, әйтеуір..." деп, жұбатты өзін дарақ. Мына бойы-басын, айналасын бұлттай басып, шырмап-қармап алған қамқоршылары аман болсын... Осынша уақыт ішінде жаны-тәні біте қайнасып кеткендей көрінетін бұлардан, енді, өлсе айырылғысы келмейді. Бұлар болмаса, басы күймек, жапырағы солмақ, діңі қурап, тамыры суалып қалмақ... Шырмауықсыз ешбір бәйтерекке күн жоқ... Ешбір дарақтың басы шырмауықсыз Күнге жетпейді!.. Осыған анық сенетін.

Жалғыз дарақ көп заман осылай тұрып, ақыры, шуақ көрмей, нәр сызбай, желге шайқалып, жапырағын шулата алмай, тік тұрған қалпы, семіп-қатып, үнсіз солды. Өліп бара жатқанын өзі сезген жоқ. Тек дымы бітер жантәсілім сәтте, шырмауық буып тастаған дәрменсіз алып діңі, өзегі қақ айырылардай, күңірене сықырлады... Тарамыс сабақтары топтаса өріліп, білеулене айқасқан мың-сан шырмауық осы кезде сыбыр-шудан кілт тыйылып, арыс дарақты айдаһарша буындырған сірі шеңгелін сығымдай түсіп, тым-тырыс қана бақылап жатыр еді...

*****

... Шынымен-ақ, мызғып кеткен екенмін... Тынысым тарылып, қиналып, қара терге түсіп, ояндым... Серігім ештеңе байқамаған сияқты. Рульді мығымдап ұстап, алдындағы жол сорабынан көз жазбай, қадалған күйі отыр... Біраздан соң, өзіме өзім келіп, өң мен түстің арасында кинотаспадай зырылдап өте шыққан жаңағы бір елес-көріністерді ойша қайта айналдырып отырғанда, алдымызда көлденеңінен түсіп, созыла жатқан аласалау қыратқа да іліндік. Өрлеңкіреп барып, тоқтап, сыртқа шықтық. Кені қазылмай тұмса жатқан, біз барлап, қазығын қағуға тиіс байтақ алаптың шегі осы арадан басталады. Ұйыған аяғымды жаза тұрып, қайырылып, келген жағымызға көз салғам... Алыста, кен қалдығынан пайда болған тылсым жота үстінде, бәйтеректің шырпының талындай ғана болып қылтиған қылдырықтай тұқылы мұнар ішінен бұлдырап, көзге әрең шалынды...

Ескерту: Блог авторының көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымын білдірмейді.

XS
SM
MD
LG