Accessibility links

Қауқарсыз билік, Назарбаев пен Тоқаев, "адал ақымақтар" моделі


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші), қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева (сол жақта).
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші), қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева (сол жақта).

Пандемия Қазақстандағы қандай проблемаларды ашып көрсетті? 2020 жылы биліктің ішкі және сыртқы мәселелерге реакциясы қандай болды? Кезекті сайлау науқаны қалай өтіп жатыр? Нұрсұлтан Назарбаев билікке ықпал етіп отырғанда елде саяси өзгерістер болуы мүмкін бе? Азаттыққа берген сұхбатында саясаттанушы, "Тәуекелдерді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаев осы және басқа сұрақтарға жауап берді.

БИЛІК ТҮРМЕГЕ ЖАБА АЛМАЙТЫН ҚАРСЫЛАС

Азаттық: 2020 жыл Қазақстандағы қандай проблемаларды ашып көрсетті деп ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: 2020 жылы болған екі оқиға билік құрған саяси институттардың тиімсіздігін көрсетті деп ойлаймын. Оның біріншісі – Covid-19 пандемиясы, екіншісі – Жамбыл облысы Қордай ауданында болған, билік әдеттегідей тұрмыстық кикілжің деп көрсетуге тырысқан ұлтаралық жанжал (ақпан айында этникалық дүнгендер тұратын ауылдарға шабуыл жасалып, қазақтар мен дүнгендер арасында болған қақтығыста 11 адам қаза тауып, жүзден астам азамат жараланған – ред.). Бұл жанжал маңызды сәтте үнсіз қалған мәслихаттар мен саяси партиялардан бастап Қазақстан халқы ассамблеясына дейінгі көп саяси институттың мәселені шешуге қауқарсыз екенін көрсетті.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Билік пен қоғам арасындағы және мемлекеттік құрылымдар ішіндегі қарым-қатынастың мұндай формасы жүйе үшін өте қауіпті. Билік ресми деңгейде ведомствоаралық байланыс болмағанын, Қазақстанда қабылданған заңдар мемлекеттік органдардың жұмысына көмектесудің орнына, кедергі келтіретінін жартылай мойындады. Яғни, биыл қайшылықты жағдайға тап болып отырмыз: бір жағынан, билік жемқорлық деңгейін төмендету үшін бюрократиялық процестерді қиындатқанын, сол себептен дағдарысқа қарсы шаралар сәтсіздікке ұшырағанын айтып, ақталуға тырысты; екінші жағынан, ең қиын шақта кейбір мемлекеттік құрылымдардың жемқорлыққа қатысы әшкере болды. 2020 жыл тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстандағы кейінгі отыз жылды іске алғысыз еткендей болды.

Азаттық: Бәрі соншалықты күрделі ме?

Досым Сәтпаев: Иә, өйткені елдегі денсаулық сақтау жүйесінің құрдымға кеткенін, біздің қауіпсіздігімізге жауапты мемлекеттік органдардың бір де бірі тиімді жұмыс істемейтінін, 30 жылда өндірістік әлеуетімізден айырылғанымыз соншалық, халықты қарапайым маскамен қамтамасыз ете алмайтын халде екенімізді түсіндік. Дәрі-дәрмек өндірісі туралы айтып отырған жоқпын. Биыл тәуелсіздігіміз иллюзия екенін білдік. Дәрі-дәрмек импортына, елдегі жағдайға әсер ететін сыртқы факторларға қатты тәуелді екенімізді байқадық.

2020 жыл тәуелсіздіктің 30 жылын баянсыз етті. Дамыған отыз елдің қатарына кіреді деп жүрген Қазақстан коронавирус жұққан науқас саны бойынша ауру асқынып тұрған отыз мемлекеттің қатарына енді. Одан бөлек, биыл мемлекеттік ақпараттық саясаттың ел ішіндегі мәселені жасыруға келген алдына жан салмайтынына куә болдық. Бұл жерде мемлекеттің ақпаратпен қалай жұмыс істейтінін көрсеткен коронавирус туралы жалған статистиканы меңзеп отырмын.

2020 жылы Covid-19 биліктің түрмеге отырғыза алмайтын негізгі қарсыласына айналды. Пандемия мемлекеттік басқару жүйесінің бүкіл кемшілігін әшкерелеп, дағдарысқа төтеп бере алмағанын, үкімет, парламент, әкімдік, мәслихат сияқты саяси институттардың қабілетсіз екенін аймандай етті.

Шілдеде (коронавирустың бірінші толқыны өршіп тұрған кезде – ред.) Қазақстан азаматтарын билік айдалаға жалғыз тастап кеткендей жағдай болды. Бір де бір мемлекеттік құрылым не болып жатқанын түсіндіре алмады. Биліктің ел басқарудағы қауқарсыздығы анық көрінді. "Ең бастысы, соғыс болмаса болғаны" деген принциппен өмір сүріп, билікке сәл де болса жақсы қарайтын адамдардың өзі шілдеде мемлекет басындағылар халықты қорғауға қауқарсыз екенін түсінді.

Ең қызығы, биыл билік үшін сәтсіз жыл болды. Саясатқа араласпайтын адамдардың арасында да наразы топтар көбейді.

Азаттық: Бұл наразылықты қалай сипаттар едіңіз?

Досым Сәтпаев: Бұл ас үйдегі наразылық болғанымен, ол да билік үшін қауіпті. Мен Совет одағының құлауына белсенді азшылық емес, кезінде төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитетті (1991 жылы тамызда СССР-ді сақтап қалуға тырысқан жоғары шенді шенеуніктер құрған орган – ред.) қорғауға шықпаған пассивті көпшілік ықпал еткенін үнемі мысалға келтіремін. Совет одағы көп адамның санасында СССР ресми тарағанға дейін-ақ құлап үлгерген.

Тамызда "Тәуекелдерді бағалау тобы" әлеуметтанушы Айман Жүсіповамен бірге кәсіпкерлерден бастап саяси технологтарға дейін әртүрлі салада істейтін 50 сарапшының арасында сауалнама жүргізді. Сауалнаманың мақсаты – басқаруда болған хаостың себебін білу. Сарапшылар құзырет дағдарысы, тиімді саяси институттардың болмауы, ұжымдық жауапсыздық және жемқорлық деген бірнеше маңызды себепті атады.

Біз орталықтағы және өңірдегі биліктің ұзақ жылдар бойы тиімді жүйе құру имитациясын жасап келгені ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деген қайшылықты қорытындыға келдік. Яғни, қазіргі саяси жүйеге оппозиция, сыртқы факторлар мен ішкі қауіптер, [шетелде тұратын бұрынғы банкир әрі оппозиционер] Мұхтар Әблязов емес, биліктің өзі, нақтырақ айтсақ, оның тиімсіздігі қауіпті болып отыр.

Бірақ бастысы, билік болған оқиғалардан сабақ алған жоқ. 2020 жылы билік ес жимады. Ең ақымақ адамның өзі тоқтап, "бізден қателік кетті, бұл – жай ғана сәтсіздік емес, ең сорақы сұмдық" деп ойлануы керек еді.

Азаттық: Жақсы, мәселенің басы ашылды, сыни ойлайтын адамдар тағы да елдегі ахуалдың нашар екеніне көз жеткізді. Ары қарай не істеу керек?

Досым Сәтпаев: "Не істеу керек?" деген сұрақ "жеңіл әрі түбегейлі өзгерістер бастамасын кім көтеруі керек?" деген мәселеге барып тіреледі. Азаматтық қоғам туралы айтсақ, оппозициялық алаңның жік-жікке бөлінгенін (бұл былтырғы сайлауда қатты байқалды) ескеру керек. Қазір бірнеше оппозициялық қозғалыс пен әртүрлі оппозициялық қайраткерлерді көріп отырмыз. Олардың бірқатары бір-бірімен жауласып жүр. Бұл "бөліп ал да, билей бер" принципін ұстанатын билік үшін пайдалы болады.

"Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының Тәуелсіздік күні орталық алаңдағы наразылық шеруі. Алматы, 16 желтоқсан 2020 жыл.
"Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысының Тәуелсіздік күні орталық алаңдағы наразылық шеруі. Алматы, 16 желтоқсан 2020 жыл.

Оппозициялық қоғамның бір бөлігінде былтырдан бері Тоқаев Назарбаевқа қарсы күш бола алады деген аңғал үміт пайда болды, "кітапхана" (бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші президент кітапханасында орналасқан канцеляриясын осылай атайды – ред.) мен Ақорда (Назарбаев орнына қалдырған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігі – ред.) арасындағы "қос билік" жайлы әңгіме айтылды. "Ақорда құзыретін күшейтіп, елді өзгерту үшін билік ресурстарының бір бөлігін өз жағына тартқысы келеді" деген болжамдар айтылды. Бірақ шын мәнінде, бірінші президент тұрғанда Қазақстанда қос билік болмайды. Біз әлі транзитке де жеткен жоқпыз. Транзит бірінші президент өмірден өткен кезде басталады. Назарбаевтың күш-қуаты бар кезде жүйе қазіргі "адал, бірақ ақымақ" деген басқару модель бойынша өмір сүреді.

ІШКІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ РЕАКЦИЯ: "БАС ОЙЫНШЫНЫҢ" ОРЫНДАЛМАҒАН МІНДЕТІ

Азаттық: "Адал, бірақ ақымақ" моделі биліктің сыртқы саяси мәселелерге реакциясына қалай әсер етеді? Жыл соңында Ресей депутаттарының Қазақстанға территориялық талап қойған мәлімдемелерін естідік.

Досым Сәтпаев: Ішкі мәселелерге қатысты сәтсіз реакция білдіретін билік сыртқы соққыларға келгенде де жұмсақтық танытады. Қазақстанның сыртқы істер министрі мәлімдемесін біраз уақыт өткізіп, "алтын уақытын" жіберіп алып, қоғамдық пікір қысымына ұшыраған кезде бір-ақ жасады.

Азаттық: Қазақстанда көп оқиғаға бірден реакция білдірмеу дәстүрге айналған ғой.

Досым Сәтпаев: Мәселе сонда. Мемлекет өзіне бас ойыншының міндетін алған. Ал шенеуніктер өздерін елдегі негізгі адам санайды. Негізгі адам болсаң, жауапкершілікті мойныңа алуың керек. Бірақ олардың қолында билігі көп болғанымен, ақылы аз екені аяқ астынан белгілі болды. Сарапшылардың бірі "билік өзіне адал адамдарды жинап алып, олардан ақылды қызметкердің жұмысын талап етіп отыр" деп еді. Өте дәл тауып айтылған осы пікірді мемлекеттік органдардың қабырғасына алтын әріппен жазып қойса болады. Бұл жыл бізге жүйеге адал адамдар емес, ыңғайсыз сұрақ қойып, өткір мәлімдемелер жасай алатын, өз ісін жақсы меңгерген кәсіби мамандар керегін дәлелдеді. Өйткені кәсіби мамандар жүйеге адал адамдар сияқты қызу жұмыс имитациясын жасауға тырыспайды. Оларды ең алдымен қандай нәтиже болатыны толғандырады.

Азаттық: "Қазақстанның солтүстігі – "орыс халқының сыйы" деген Ресей мемлекеттік думасы депутаттары Никонов, Федоров пен Жириновскийдің сөзінің астарында не жатыр деп ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: Никонов, Федоров пен Жириновскийдің сөздері – Кремльдегі ойың көрінісі ғана. Сайқымазақтар патшаның ойындағы дүниені айтады. [Ресей президенті Владимир] Путин биыл маусымда Ресей халқының басқа мемлекеттерге жасаған "сыйы" туралы мәлімдеген. Негізі бұл – Беларусь пен Қазақстан сияқты шекаралас мемлекеттерге жасалған ашық ишара. Украинадағы жағдайдан кейін Қазақстан Ресей билігінің осындай сипаттағы кез келген мәлімдемесін ресми позиция деп қабылдауы керек. Сыртқы істер министрлігі наразылық нотасынан кейін елге кіруге тыйым салынған азаматтардың қара тізімі жасалғанын жариялауы керек еді. Бұл дипломатиялық тәжірибе аясында бір елдің басқа мемлекет өкілдерінің ақылға қонбайтын мәлімдемесіне қатысты білдірген қалыпты реакциясы саналады. Бірақ [Қазақстан билігі] олай жасамады.

Біз "Овертон терезесі" деген өте қауіпті мәселеге кезігіп отырмыз. Бұл рұқсат етілген әрекеттер шекарасын кеңейту дегенді білдіреді: бірінші рет айтылған тезис тыйым салынған дүние сияқты көрінеді, екіншісі радикалды, үшіншісі солай болуы әбден "мүмкін", ал төртіншісі "Неге солай жасамасқа?" деген ой туғызады. Ресей пропагандистері уақыт өте келе Ресей мен Қазақстанда бірдей қалыпты дүние сияқты қабылдануы керек ой-пікірді қоғам санасына біртіндеп сіңіріп жатыр. Осы ойлар жүзеге асқан кезде қоғамның бір бөлігі мұны заңды құбылыс деп қабылдайтын болады.

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялаған кезде "элита арасында үлкен жік шықса, келесі кезек Қазақстанға келуі мүмкін" деген пікір айтқан едім. Украинамен ұқсас тұсымыз көп. Біздің қоғам бірнеше жікке бөлінген әртүрлі топтардан тұрады. Бір тобы ресейлік саяси және ақпараттық кеңістіктің жетегінде жүр, екіншісі ұлттық-патриоттық көңіл-күйді жақтайды, үшіншісі "Қазақстан – мұсылман әлемінің бір бөлігі" деп санап, мемлекеттің діни моделді ұстанғанын қалайды. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан әлсіз. Өйткені ел ішінде мемлекетті кез келген сыртқы соққыдан қорғайтын ештеңе құрған жоқпыз: экономика осал, әскер әлсіз, қоғам билікке сенбейді. Саяси шиеленіс басталса, мұны сырттағы ойыншылар өз мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін.

"САЙЛАУ" АЛДЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Азаттық: 2020 жылы қандай жетістіктер болды?

Досым Сәтпаев: Мен үшін бұл жылдың бір позитивті тұсы болды: көп жыл бойы биліктің қудалауына ұшырап келген азаматтық қоғам Қазақстандағы дағдарысқа қарсы басқарудың жалғыз тиімді үлгісін көрсетті. Билік азаматтық қоғамды өте тар шеңберде көріп, оған оппозициялық партия, ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйым ретінде қарап келді. Бірақ шын мәнінде азаматтық қоғамның бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желінің арқасында болған қайта жандануына куә болдық. Әлеуметтік желі еріктілер белсенділігінің пайда болуына ықпал еткен жаңа инфрақұрылымдық база қалыптастырды. Шілдеде билік өкілдері тым-тырыс қалған кезде бұл саланы еріктілер толтырып, азаматтық қоғам дағдарысқа қарсы менеджер ретінде жұмыс істеді.

Қазақстанда кәсіби мамандардан тұратын, елді әртүрлі бағытта дамытуға арналған бағдарламалар мен салмақты бастамалар ұсынуға қабілетті азаматтық қоғам қалыптасқанын мойындауға болады.

Азаттық: Осы әлеуетті сақтап, одан әрі дамыту үшін не істеу керек?

Досым Сәтпаев: Жаңа саяси институттар құруды жалғастыру керек. Өйткені онсыз жаңа бағдарламалар мен бастамаларды жүзеге асыру мүмкін емес.

Мысалы, 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауын алайық. "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс съезін көрдім. Тоқаев онда бос отырғандай көрінді.

Азаттық: Партия төрағасы ол емес, Назарбаев қой.

Досым Сәтпаев: Иә. "Нұр Отанның" кезектен тыс съезі парламент сайлауына дайындықты Ақорда емес, "кітапхана" жүргізіп жатқанын көрсетті. Бір де бір жаңа саяси партия тіркелмеген, Әблязовтың "ақылды дауыс беру" туралы үндеулерінен кейін ескі партиялардың біразы қатыспайтын сайлаудың өткізілу форматы да көп дүниеден хабар береді. Айтпақшы, бұл үндеулер партиялар саяси сахнадан өз еркімен емес, жоғарыдан түскен бұйрыққа сәйкес кететін жалған партиялық жүйеміздің жақсы көрсеткішіне айналды.

Маған бірінші президенттің төңірегіндегілер Тоқаевты қауіп көріп, парламент пен "Нұр Отан" партиясын оған қарсы күшке айналдырғысы келетіндей көрінеді. Тіпті орталық партиялық квота бойынша барған 49 адамның бірқатары бірінші президенттің айналасында жүргендер.

"Нұр Отан" съезі қалай өтті? Нұр-Сұлтан, 25 қараша 2020 ж.

Назарбаевты мақтау. "Нұр Отан" съезі қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

Азаттық: Саяси партиялар туралы заң мен бейбіт жиындар туралы заңға пандемия кезінде енгізілген өзгерістер туралы айтсақ, көбі "бұл өзгерістер азаматтарға көрсетілетін қысымды күшейтеді" деп есептейді. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: Бұл жай ғана саяси технология. 2019 жылы Тоқаев "еститін мемлекет" пен саяси жүйені реформалау керегі жөнінде мәлімдеме жасады. Осыдан кейін мұны элита мен саяси жүйе үшін ешқандай өзгеріс болмайтындай етіп жүзеге асыру қажет болды. Яғни, қабылданған жеңіл-желпі өзгерістер элитаның саяси өмірді бақылаудан шығарып алуына жол бермеуі керек еді. Бұл қадамдарды демократияландыру бағытында жасалған шаралар ретінде көрсетуге болады. Мысалы, саяси партиялар туралы заңда партия тіркетуге қажет қол санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін түсірді. Басқа елдерде партия құру үшін мың немесе одан аз мүше болса да жеткілікті. "Партияның бөлімшесі барлық өңірде болуы керек" деген талап жоқ.

Бейбіт жиындар туралы заңға келсек, бәрі бұрынғыдан да нашарлады. Белгілі бір шара өткізу үшін азаматтар 13 түрлі міндеттемені қабылдап, өтініш толтыруы керек, әйтпесе, рұқсат берілмейді. Жалғыз адам пикетіне екі сағат уақыт беру де барып тұрған ақымақтық. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, жалғыз адам шығатын пикетті кез келген уақытта кез келген жерде өткізуге болады. Демонстрациялар мен шерулер өткізу үшін әлі де рұқсат алу керек. "Енді митингіні кез келген уақытта өткізуге болады" деген сөз де шындыққа жанаспайды. Мәслихаттар бәрібір митинг өткізуге болатын жерлердің тізімін жасайды.

Бейбіт жиындар туралы заңда әлі күнге дейін жазалау, ерекше жағдайларда мемлекеттік құрылымдар тарапынан ықпал ету құралдары сақталған. Мысалы, билік флешмобтарды, белгілі бір белгісі немесе үндеуі бар жейде киюді заңды бұзу деп қабылдауы мүмкін.

Билікке ыңғайлы бір дүние бар. Ол саяси мүддесіне қарай коронавирус жұққан науқастар статистикасын әртүрлі деңгейдегі шектеулер енгізуге қолдана алады. Билік әлеуметтік шиеленіс немесе наразылық толқыны басталып келе жатқанын түсінсе, "эпидемиологиялық ахуал нашарлады" деп хабарлауы мүмкін. Авторитар жүйелер үшін бір жағынан, коронавирус елдің легитимдігіне үлкен соққы болып тиді, екінші жағынан, олар эпидемиологиялық жағдайға сілтеп, қандай да бір шектеу шараларын енгізу арқылы саяси процесті бақылауда ұстау мүмкіндігіне ие болды.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG