Accessibility links

Тоқаев Пекинде Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін қозғай ма?


Қытайда "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отыр делінген туыстарының суреттерін ұстаған адамдар халықаралық ұйымдардан оларға араша түсуді сұрап баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Қытайда "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отыр делінген туыстарының суреттерін ұстаған адамдар халықаралық ұйымдардан оларға араша түсуді сұрап баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстанда "қытай жобаларына" қарсы акциялар өтіп жатқан шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге мемлекеттік сапармен барды. Наразылар Қытайдың Шыңжаңдағы этникалық қазақтарға қатысты саясатын да айыптаған. Сарапшылар Қазақстанның бұл мәселеде Қытай саясатымен санасуға мәжбүр екенін айтады.

НАРАЗЫЛЫҚ КҮШЕЙГЕН ШАҚТАҒЫ САПАР

Қыркүйектің 11-і күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға алғашқы мемлекеттік сапары басталды. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі күнге жалғасатын сапар барысында Тоқаев Қытай президенті Си Цзиньпин, премьер-министрі Ли Кэцян және басқалармен кездесіп, Пекинде өтетін қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 6-отырысының ашылуына қатысады. Бұл сапарында Қазақстан басшысы Қытайдың Ханчжоу қаласына да барады деп хабарланды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Тоқаев Қазақстанда "Қытай жобаларына" қарсылық акциялары жалғасып жатқан шақта Пекинге сапармен барып отыр. Өткен аптадан бастап Қазақстанның бірнеше қаласында "Қытай экспансиясына" қарсы акцияға шыққан тұрғындар биліктен "Қытай зауыттарының жабылуын" талап етіп, президент Тоқаевты Қытайға сапардан бас тартуға шақырған.


Үкімет өкілдері Қытай инвестициясы "ел экономикасын дамыту үшін маңызды екенін" айтып, бірлескен жобалар аясында елде жоғарғы технологиялық кәсіпорындар құрылып, қазақстандықтарға жаңа жұмыс орындары ашылады деп мәлімдеген. "Қытай экспансиясына" қарсылық акцияларына билік елде "тұрақсыздық" болғанын көксейтін "қаскөйлер"мен "арандатушыларды" айыптаған, бірақ нақты кімдерді меңзегенін түсіндірмеді.

Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшісі Чжан Сяо да Қазақстандағы наразылықтардың артында жұртты "Қытайға және екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына қарсы қойып, жағдайды ушықтырғысы келетін күштер тұр" деп мәлімдеген.

"Қытай экспансиясына" қарсы акцияға қатысушылар. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.
"Қытай экспансиясына" қарсы акцияға қатысушылар. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.


ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАЗАҚТАР МӘСЕЛЕСІ

Қазақстан президенті Тоқаевтың Пекинге сапары туралы таратылған ресми ақпаратта Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтар мәселесі туралы ештеңе айтылмайды.

Шыңжаңдағы өзге аз ұлттармен бірге сол аймақтың байырғы тұрғындары - этникалық қазақтардың да қысым көріп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап жиілеп, бұл Қазақстанда Қытай саясатына наразылықтың күшеюіне себеп болған. Қазақстандық кейбір қоғамдық ұйымдар мен белсенділер ел үкіметі мен халықаралық ұйымдардан Шыңжаңда қысымға ұшыраған қазақтарға араша сұраған.


Қазақстан қоғамында Шыңжаңдағы қазақтарға жасалған қысым туралы деректерді жария еткен Сайрагүл Сауытбай мен Серікжан Біләштің (құжат бойынша - Бияш) істері үлкен резонанс тудырған, екеуінің тағдырына халықаралық ұйымдар да назар аударған.

2018 жылы сәуірде "Қорғас" кеден бекеті арқылы Қазақстан аумағына шекараны заңсыз кесіп өткен Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбай Қазақстанда жауапқа тартылды.

Сайрагүл Сауытбай Панфилов аудандық сотында отыр. Алматы облысы, 13 шілде 2018 жыл.
Сайрагүл Сауытбай Панфилов аудандық сотында отыр. Алматы облысы, 13 шілде 2018 жыл.

Сот процесі кезінде Сауытбай Қазақстанда тұрып жатқан, осы елдің азаматтығын алған жұбайы және екі баласына қосылу үшін атамекенге заңсыз өткенін мойындаған. Ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істегенін, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат бергенін айтып, егер Қазақстан оны Қытайға қайтарса, ол жақта өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін мәлімдеген. Сот Сауытбайды алты айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырды. Алайда Қазақстан билігі оған босқын мәртебесін беруден бас тартты. Биылғы маусымның басында Сайрагүл Сауытбайды Швеция елі паналатты.

Серікжан Біләштің жақтастары сот алдында тұр. Алматы, 16 тамыз 2019 жыл.
Серікжан Біләштің жақтастары сот алдында тұр. Алматы, 16 тамыз 2019 жыл.

Қытайда туған, кейін Қазақстанға көшіп, азаматтық алған Серікжан Біләш Шыңжаңдағы қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы деректерді жариялап, Қытайдың саясатын сынайтын белсенді ретінде танылған. 2019 жылы наурызда Қазақстан билігі Қытайдағы қазақтардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Серікжан Біләштің үстінен "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айыппен іс қозғап, белсендіні бірнеше ай бойы Нұр-Сұлтанда үйқамақта ұстады.

Белсенді Серікжан Біләш. Алматы, 17 тамыз 2019 жыл.
Белсенді Серікжан Біләш. Алматы, 17 тамыз 2019 жыл.

Тамызда Алматыдағы Әуезов аудандық соты "кінәсін мойындайтыны" туралы прокурормен процесстік келісім-шартқа қол қойған Біләшке шартты жаза тағайындап, 110 мың теңге (шамамен 288 доллар) айыппұл салып, жеті жылға дейін қоғамдық ұйымдарды басқаруға тыйым салған болатын.

Қазақстандық кей сарапшылардың пікірінше, Қазақстан билігі "Шыңжаңдағы жағдай - Қытайдың ішкі мәселесі" деген ұстанымда отырған Пекинмен санасуға мәжбүр болғандықтан, мәселені дипломатиялық жолмен, өзара келісім арқылы шешуді жөн көреді.

- Сайрагүл мәселесінде халықаралық ұйымдардың көмегіне немесе АҚШ-тың қолдауына жүгінуге болар еді. Сол арқылы оған босқын мәртебесін беруге мүмкіндік бар еді. Бірақ Қазақстан билігі олай етпеді. Серікжанның да ісінде белгілі бір келісімдер болғанға ұқсайды. Анығында белсендіні ұстаудың, үстінен іс қозғаудың да қажеті жоқ еді. Бәлкім, Қытай үкіметінің талабын, мүмкін өтінішін орындаған болуы керек. Бұл біздің билік үшін "Міне, сіздердің талаптарыңызды орындадық" дегенге қажет болды, - дейді саясаттанушы Мұхит Асанбаев.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.

Орталық Азияда демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева да "Шыңжаңдағы қазақтар" мәселесіне келгенде Қазақстанның Қытаймен санасуға мәжбүр екенін айтады.

- Қазақстан Қытайға көп мөлшерде қарыз, ол елден инвестиция тартып жатыр. Егер оған (Сайрагүл Сауытбайға - автор.) босқын мәртебесін берген жағдайда экономикалық тұрғыдан серіктес ел болудан бас тартатынын айтып, қысым жасаған болуы да мүмкін, - дейді ол.

"Тоқаев Пекинде қандай мәселені талқылайды?"

"Тоқаев Пекинде қай мәселені талқылайды?"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

"ІШКІ МӘСЕЛЕ"

Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры, сарапшы Дулатбек Қыдырбекұлының пікірінше, Қазақстан билігі Қытайға талап қоя алмайды, "тек оның өтінішін орындауға мәжбүр" болады.

- Қазақстан Қытай билігіне қандай да бір талап қойғанымен олар жауап бермейді. Өйткені экономикалық тұрғыдан әлемді жаулап келе жатқан, сауда соғысында АҚШ-пен бәсекелесіп отырған ел үшін біз кімбіз? - дейді сарапшы.

Саясаттанушы Мұхит Асанбаевтың сөзінше, "Қытай билігі Қазақстанды толыққанды серіктес мемлекет ретінде қарастырмайды".

Саясаттанушы Мұхит Асанбаев.
Саясаттанушы Мұхит Асанбаев.

"Осы уақытқа дейін Қазақстан билігінің Қытайдағы аз ұлттар мәселесін ашық көтермеуі, Сайрагүлге босқын мәртебесін бермеуі және Серікжанды шартты түрде болса да соттау – сыртқы саясаттың әлсіздігін көрсетеді. Сондай-ақ бұл тақырыпта сөйлесуге Қытай да құлықсыз" дейді ол.

Ал Толғанай Үмбетәлиева "Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесі өзге елдің ішкі ісі болғандықтан, Қазақстанның оған араласуына, оны ашық түрде көтеруіне халықаралық нормалар рұқсат етпейді" дейді.

Азаттыққа пікір білдірген сарапшылардың барлығы "Бұл жолы да тек экономикалық келісімдер төңірегінде сөз болады" десті.

"ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫЛЫҚ НЕГЕ КҮШЕЙДІ?"

Қазақстандық бұрынғы дипломат, сарапшы Расул Жұмалы Қазақстан мен Қытай арасында этникалық қазақтар мәселесінен басқа да "түйткілді жайттар көп" дейді. Ол "Қытайдағы аз ұлттарға, оның ішінде қазақтарға қысымның азаюы – Қазақстан билігінің дипломатиялық жұмысының жемісі" екенін айтады.

Ол Шыңжаңдағы аз ұлттардың жағдайы жайлы мәселе Тоқаев президент болып сайланғанға дейін шыққанын айтады.

Расул Жұмалы.
Расул Жұмалы.

- 2018 жылы біздің сыртқы істер министрлігі өкілдері барғанда да, министрдің өзі барған кезде де, онан кейін "Ақ жол" партиясының өкілдері барған уақытта, тіпті бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев барған кезде де бұл мәселе көтерілді. Қытайдың ресми өкілдері "біз діни экстремизмге, сепаратизмге қарсы іс-шара бастап едік. Жергілікті атқарушы биліктегілерде асыра сілтеушілік болды" деп қалай болғанда да мойындады. 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы қатқыл режим сәл жібіді. Қытай лагерлерінен азаматтар ондап, жүздеп босатыла бастады, - дейді сарапшы.

Расул Жұмалы "Қытай тарапы да Қазақстанмен арада татулық пен ынтымақтастықты сақтап қалуға мүдделі екенін" айтады. Оның сөзінше, Пекин Қазақстанды "Бір жол - бір белдеу" жобасы бойынша негізгі әріптес санайды.

"Сондықтан Қытайға қарсы фобияның күшейуі өздеріне үлкен нұқсан келтіретінін ресми Пекин де, Шыңжаң басшылығы да түсініп отыр" дейді Жұмалы.

Расул Жұмалы соңғы күндері Қазақстандағы "Қытай экспансиясына" қарсы болып жатқан наразылық акцияларына "Қытай билігінің емес, түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізе алмаған Қазақстан билігінің қатесі себеп болды" дейді.

2017 жылғы көктемнен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде қазақтарға да қысым көрсетіліп, ел ішінде "саяси лагерь" аталып кеткен жаппай қамау орындары пайда болғаны туралы хабарлар тарай бастаған. Түрлі себептермен Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барған қазақтар кері қайта алмай, кейбірін әлгіндей лагерлерге мәжбүрлеп отырғызғаны туралы шағым айтқан.


Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда билік миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбиелеу лагерлерінде" мәжбүрлеп ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда этникалық азшылық өкілдеріне қысым жайлы хабарларды терістеген Пекин кейін Шыңжаңда ондай лагерлер барын мойындап, өз саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген. Қытай билігі әлгіндей лагерлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Биыл наурыздың басында парламенттегі үкімет сағатында Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов "2019 жылы Қытайда қос азаматтыққа ие 33 адамның қамауға алынғаны, Қытайда ұсталған қазақтар саны 80 пайызға азайғаны және екі ел арасында келісімдер жасалып, қазақтардың "жеңілдік" алып жатқаны" туралы мәлімдеген болатын.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG