Accessibility links

Қазақстан президентінің "тарихи мүмкіндігі" және Біләш ісінің "саяси астары"


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Семей ядролық полигонының жабылуының 20 жылдығын атап өту шарасында тұрғындармен кездесіп тұр. Семей, 18 маусым 2009 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Семей ядролық полигонының жабылуының 20 жылдығын атап өту шарасында тұрғындармен кездесіп тұр. Семей, 18 маусым 2009 жыл.

Батыс басылымдары алдағы бір жыл Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін шешуші кезең болады деп топшылайды. Олардың пайымдауынша, Назарбаевтың алдында екі үлкен мүмкіндік тұр. Бірнеше басылым Шыңжаңдағы миллионға жуық аз ұлт өкілдері отырған лагерьлерді әлемге әшкерелеген белсенді Серікжан Біләштің Қазақстанда қамауға алынуын талқылаған.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТАРИХИ МҮМКІНДІГІ

Америкалық National Interest журналында жарық көрген "Қазақстан жолайрығында тұр" атты мақалада Совет одағы тарамай тұрып, билікке келген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Орталық Азия еліндегі биліктің ауысу мәселесі қозғалған.

"Батыс Еуропаны Ресей мұнайы мен газына тәуелділіктен құтқара алатын энергетикалық ресурстары бар аймақты елестетіп көріңіз. Ал енді Ресейдің сол аймақты үнемі бақылауда ұстағысы келетінін де елестетіңіз. Қытай ол жерде экономикалық ықпалын күшейтіп жатыр, экстремизм қаупі жоғары, ал америкалық саясаткерлер бұл аймаққа көп мән бермейді. Бұл ойдан шығарылған аймақ емес, бұл - Орталық Азия. Оның қақ ортасында Қазақстан орналасқан, ол жақта жақында болған саяси оқиғалар Вашингтонды таңғалдыруы тиіс еді" деп жазды Heritage қорының Дуглас және Сара Эллисон атындағы сыртқы саясатты зерттеу орталығының директоры Люк Коффи.

Қазақстан экономикасы қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр, бұл Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "үлкен саяси салмақ" түсіріп отыр. "Экономиканы нашар басқарғаны үшін" үкіметті көпшілік алдында сынаған президент ақпан айының соңында кабинет мүшелерін отставкаға жіберді. "Мұндай оқыс қимылға баруының нақты себебі белгісіз" деп жазды National Interest.

"Назарбаев жәй ғана қазақтардың саяси және экономикалық шағымдарына орай шешім қабылдай алатынын көрсеткісі келген болуы мүмкін. Екінші жағынан алып қарағанда, келесі президент сайлауы 2020 жылға белгіленген. 27 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері елді басқарып келе жатқан Назарбаев қазір 78 жаста. Көбі келесі сайлауда кандидатурасын тағы да ұсынады дегенге күмәнмен қарайды. Дәл осы жағдай бәлкім, Назарбаевты бұрынғыға қарағанда біліктілігі жоғары ғана емес, өзі мен отбасына адалырақ жаңа үкіметті жасақтауға итермелеген болар. Бұған қоса, ол билігін одан әрі нығайтып, отбасының саяси әрі экономикалық үстемдігін арттыра түсуді көздейді деген болжам да бар" деп жазды National Interest.

Қазақстан орналасқан жердің стратегиялық маңызы халықаралық ойыншылардың назарын аударады. Елдегі саяси тұрақсыздық "Қытай мен Ресейдің ықпалын арттыруға қолайлы жағдай жасайды".

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Көшпенділер" фильмінің түсірілім алаңында. 2004 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Көшпенділер" фильмінің түсірілім алаңында. 2004 жыл.

Қазақстанның "АҚШ жүктерін Ауғанстанға тасымалдауда негізгі дәліз" екенін ескерсек, бұл АҚШ-тың осы елдегі іс-әрекетіне тікелей ықпал етуі мүмкін.

"Қазақстан саяси өзгерістер кезеңіне - постназарбаев дәуіріне жақындап келеді. Билік заңды түрде ауыса ма? Саяси және экономикалық билік заңсыз басып алынса, осы кезге дейін жасалған реформалардың "күлі көкке ұшуы мүмкін". Бұл сонымен бірге инвесторларды үркітіп, елдің экономикалық жағдайын ушықтырып жіберуі ықтимал, Қазақстанның халықаралық мәртебесіне нұқсан келтіруі мүмкін" делінген мақалада.

Орталық Азиядағы демократияның дамуы мен аймақтың АҚШ үшін маңызын талқылаған мақала авторы "демократияны ыждаһатпен дамыту Орталық Азияда да жемісін беруі мүмкін екенін" Қазақстан әлемге көрсете алады деп жазды.

"Назарбаевтың заманауи Қазақстан мемлекетінің негізін қалаған ұлы басшы ретінде тарихта қалу мүмкіндігі бар. Ол осы мүмкіндікті пайдалана ма, әлде өзі мен отбасының бұдан да көбірек билікке қол жеткізуіне ұмтыла ма? Алдағы 12 ай шешуші кезең болмақ. Америка оны бақылауға тиіс" дейді Люк Коффи.

СЕРІКЖАН БІЛӘШ ІСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ САЯСИ АСТАРЫ

Бірнеше басылым "ұлтаралық араздық қоздырды" деп күдікке ілінген белсенді Серікжан Біләштің қамалуы туралы жазды.

Британдық Economist журналы "Қазақстан қытайлық ГУЛАГ-ты әшкерелеген адамды қамауға алды, бірақ қазақстандық билік мұны Қытай өтінішімен жасағанын жоққа шығарады" атты мақала басқан.

Онда Серікжан Біләштің Шыңжаң провинциясындағы "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлер" жайлы ақпаратты әлемге тарату ісіндегі рөлі айтылады. Бұл лагерьлерде БҰҰ дерегінше миллионға жуық мұсылман отыруы мүмкін.

Қытай қазағы: "Шыңжаңда тоғыз ай қамауда жатқан әйелім мүгедек болып қалған". (20 желтоқсан 2018 жыл).​

"Лагерьге түскен әйелім сал болып қалған"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Қамалғандардың көбі – Шыңжаңның байырғы тұрғындары ұйғырлар, арасында қазақтар мен қырғыздар да бар. Бұл этникалық топтардың бәрі түркі тілінде сөйлейді, негізінен ислам дінін ұстанады.

"Прокуратура Серікжан Біләшті қытайларға қарсы "жиһад" жасауға шақырды деп айыптайды. Біләш мырза жақында сөйлеген сөзінде расымен де "жиһадқа" шақырған, бірақ ол "жиһад" деп "идеологиялық күресті" меңзегенін айтқан" деп жазды британдық журнал.

Серікжан Біләштің адвокаты Айман Омарова істің "саяси астары бар" деп санайды.

"Сарапшылардың айтуынша, Біләш мырзаны қамауға алуға Қытай билігі ықпал еткен, бірақ Қазақстан билігі Қытайдың нұсқауымен әрекет еткенін жоққа шығарады" деп жазды Economist.

Біләштің іс-әрекеті "қуатты көршісіне қарсы шыққысы келмейтін Нұрсұлтан Назарбаевты дипломатиялық тығырыққа тіреді" дейді басылым. Журналдың жазуынша, Қазақстан билігі "лагерьлерді ашық сөккен жоқ", алайда сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қытайдағы бір жарым миллион қазаққа "қысым жасалып жатқанын" мойындаған.

"Орталық Азияның басқа мемлекеттері шетелдегі қандастарына қысым жасалғаны туралы жақ ашпағанын ескерсек, бұл елеулі іс. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков лагерьлерге бола "Қытаймен қарым-қатынасты бұзғысы келмейтінін" ашық мойындады. Оның үкіметі Қытайға қарсы наразылыққа шыққан адамдарды қамауға алды. Түптеп келгенде Қытай - аймақтағы айбатты алып держава, Орталық Азия елдерінен шығатын энергия экспортының негізгі тұтынушысы және "Бір белбеу - бір жол" бастамасы аясында аймақты пайдалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуші" дейді Economist.

Қарай отырыңыз: Қытайда ата-анасы қалған балалар (қараша айы, 2018 жыл).

Қытайда ата-анасы қалған балалар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

Америкалық New York Times газетінде жарық көрген "Қытайдағы мұсылмандар лагерін сынаған адам шетелде қамалды" атты мақалада Серікжан Біләштің Шыңжаңдағы азшылық өкілдерінің құқығын қорғаған іс-әрекеті толық баяндалады.

Қамауға алынардан бірнеше ай бұрын Біләш "Қытай билігі "Атажұрт еріктілері" (кейде "Атажұрт" деп те аталады) ұйымын жабу үшін Қазақстандағы ықпалын пайдаланады" деп ескерткен.

"Қазақстан үшін "лагерьлер" тақырыбы - ерекше проблема. Ресей бұрыннан Қазақстанның сауда бойынша ірі әріптесі, бірақ Қытаймен сауда қатынасы жылдам дамып келеді. 2013 жылы Қытай басшысы Си Цзиньпин "Бір белбеу - бір жол" жобасын жариялау үшін Астанаға келді, бұл жоба Қытайды Азия, Африка және Еуропаға жалғайды" деп жазды New York Times.

Басылымның жазуынша, өткен сәрсенбі күні Біләш әріптестеріне өзін құжаттарға қол қоюға, адвокаты Айман Омаровадан бас тартуға және билік тағайындаған қорғаушыны қабылдауға мәжбүрлегенін айтқан. Мақала авторы "билік енді Омароваға Біләшті қорғауға тыйым салуы мүмкін" деп топшылайды.

Ал сарапшылардың көбі белсендіні қолдап жатыр. Түрік зерттеушісі, "Атажұрт еріктілерімен" бірге жұмыс істеген Мехмет Волкан Касикчидің айтуынша, Біләштің жұмысы Шыңжаңдағы қамауға алу істері бойынша құжатталған база жасауға көмектескен. "Лагерь туралы көбіне "Атажұрттың" куәгерлері арқылы білдік. "Атажұрт" нақты дәлелдер ұсынды" деген түрік зерттеушісі.

Қарай отырыңыз: Серікжан Біләшқа "қысым жасалғаны" хабарланды. (14 наурыз 2019 жыл).

Серікжан Біләшқа "қысым" жасалғаны айтылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:25 0:00

"Жексенбі күні Алматы полициясы бірлестік кеңсесінде тінту жүргізіп, белсенділердің Шыңжаңда болған адамдар туралы бейнеролик жазған техникасын алып кеткен. Бірақ еріктілер YouTube арнасына видео жариялап жатыр. Олар енді Біләш мырзаны босатуды талап етеді" деп жазды New York Times.

Вашингтонда шығатын Diplomat журналы да "Қазақстандық белсенді биліктің қысымына шағымданады" атты мақаласында Біләштің қамалуы туралы жазған.

"Біләш – Қытайдағы этникалық қазақтарға көмек көрсету кампаниясын бастаған тұлға. Қытайдағы лагерьлерге қамалған қазақтарға қол ұшын берумен айналысты. Шыңжаң ауданынан шыққан белсенді соңғы айларда билік қысымына ұшырады. Ол негізінен этникалық қазақтар мен олардың отбасына көмектесуді мақсат еткенімен, кейде батыс журналистеріне қазақстандық билікті сынап, сұхбат берген. Мысалы, 2018 жылы қараша айында NPR (National public radio) радиосына "Қазақстан үкіметі қызметіңді тоқтат деп төрт рет ескерту жасады" деп айтқан" деп жазды Diplomat.

"Олар үндемейді, себебі Қытай ақшасына мұқтаж. Олар өз діндерін сатты, оларға жұмақ керек емес, тек юань керек" деген Біләш америкалық National Public Radio-ға берген сұхбатында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG