Accessibility links

Үкіметке қарсы шерулер өтетін күні жүзден астам адам ұсталды


Үкіметке қарсылық шеруі өтеді деп жариялаған алаңға келген адамды полиция көлікке күштеп салып жатқан сәт. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
Үкіметке қарсылық шеруі өтеді деп жариялаған алаңға келген адамды полиция көлікке күштеп салып жатқан сәт. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

Ақпанның 22-і күні түстен кейін Қазақстанның бірнеше қаласында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы шеру өтеді деп көрсеткен орындарда жүзден астам адамды полиция ұстады. Түске дейін Алматыда тіркелмеген "Демократиялық партияның" оннан астам жақтасы ұсталды. Екі саяси ұйым үкіметке қарсы екі бөлек шеру жоспарлаған.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен оның лидері Мұхтар Әблязов Қазақстанның бірнеше аймағында жариялаған қарсылық акциялары мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жоспарлаған Алматыдағы наразылық шеруі өтетін күні полиция жүзден астам адамды ұстады.​

Фотогалерея. Оппозиция шеруі өтетін күні полиция адамдарды жаппай ұстады


ҚДТ ЛИДЕРІ ӘБЛЯЗОВ ШАҚЫРҒАН ШЕРУ

Сенбі күні түстен кейін полиция Алматыдағы "Астана" алаңында өтеді деп хабарланған наразылық акциясына келгендерді жаппай ұстады. Бұл шеруге қазір шетелде тұратын бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының шақыруымен жақтастары келген. Әблязов бұл күні үкіметке қарсы шерулер Қазақстанның барлық аймағында өтеді деп жариялаған.

Алматы мен Нұр-Сұлтанда ҚДТ шеруі өтетін жерлерде мобильді интернет байланысы жоғалып кеткендіктен Азаттық тілшілері тікелей эфирден хабар тарату мүмкіндігінен айырылды. Бұл күні Азаттықтың аймақтағы тілшілеріне түрлі кедергі жасалды. Ақтөбеде хабар дайындап жүрген тілшіміз Жаңагүл Жүрсіннің оқиғаны түсіруіне полиция капитаны формасындағы әйел адам бөгет жасады. Ол журналиске өзінің аты-жөнін атаудан бас тартты. Әлдекімдер көлік сату туралы жарнама беретін сайтқа Шымкенттегі Азаттық тілшісі Дилара Исаның ұялы телефонының нөмірін жариялап, журналистің жұмысына кедергі келтірді. Ақпанның 22-і күні түстен кейін Азаттықтың Алматыдағы бюросында интернет арқылы тікелей эфирге шығуға мүмкіндік беретін сервис бұғатталды.

Полиция оппозиция шеруіне келген адамды ұстап, әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 22 ақпан 2020 жыл.
Полиция оппозиция шеруіне келген адамды ұстап, әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 22 ақпан 2020 жыл.

Сенбі күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Республика даңғылы бойында орналасқан "Жастар" сарайының маңы мен жапсарлас көшелерде полиция қызметкерлері мен көлігі жиі көзге түсті. Осы маңындағы сауда орындары мен қаржы ұйымдары бұл күні жұмыс істеген жоқ.

Сағат түскі екі кезінде полиция Республика даңғылының жанында жүрген адамдарды ұстай бастады. Оқиға орнынан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ол жерден ұсталған азаматтарды екі автобусқа тиеп әкеткен. Полиция нақты қанша адам ұсталғаны туралы мәлімет берген жоқ. Әлсіреп қалған бір әйелге жедел жәрдем көлігін шақырған.

Полиция үкіметке қарсы шеруге келген адамды көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
Полиция үкіметке қарсы шеруге келген адамды көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

Алматыдағы "Астана" алаңының маңынан полиция кемінде 15 адамды алып кетті деп хабарлады Азаттық тілшісі. Ұсталғандардың кейбірі "Шал, кет!", "Оян, Қазақстан!", "Назарбаев кетсін! Дариға кетсін!" деп айқайлады.

Ұсталғандар полицияның іс-қимылын айыптады. Полиция алаңға келген адамдардың пікірін жазып алмақ болған Азаттық тілшісіне кедергі келтірді. Полиция күштеп көлікке салып жатқан бір ер адам алаңға қандай мақсатпен келгенін сұраған журналиске "шындық жоқ" деп жауап берді.

Алматыда полиция ұстағандардың арасында Батыс Қазақстан облысының орталығында тұратын мүмкіндігі шектеулі белсенді Ерік Жұмабаев та болды. Ол бұған дейін Оралда бірнеше рет жалғыз адам пикетін өткізген. Полиция мүгедек арбасында отырған Жұмабаевты жедел жәрдем көлігіне көтеріп салып, алып кетті.

Алматыдағы "Астана" алаңының маңындағы көше қиылысында тұрған әйел өзіне жақындап барған полиция қызметкерлерін сөгіп, "Неліктен қалаған жерде жүруіме болмайды? Өз елімде еркін жүре алмайтын болдым ғой. Қайда барсам да полиция. Тиіспеңдер маған!" деп наразылық білдірді. Өзін ұстап жатқанда ол "Қараңдар, мыналардың не істеп жатқанын. Мен не істеп қойдым? Ояныңдар, қазақтар!" деп айқайлады.

Үкіметке қарсы шеру өтетін жерде ұсталған адамды полиция көлікке күштеп салып жатыр. Шымкент, 22 ақпан 2020 жыл.
Үкіметке қарсы шеру өтетін жерде ұсталған адамды полиция көлікке күштеп салып жатыр. Шымкент, 22 ақпан 2020 жыл.

Шымкентте Азаттық тілшісінің көзінше полиция Тәуелсіздік саябағынан жиырма шақты адамды ұстап, алып кетті. Әблязов бұған дейін үндеулерінде ақпанның 22-і күні Шымкентте үкіметке қарсы шеру осы саябақта өтеді деп жариялаған.

Ақтөбе қаласында орталық базар маңындағы көшеден полиция кемінде он адамды ұстап әкетті. Азаттық тілшісі ол жерде ондаған полиция қызметкері жүргенін көрді.

Полиция көшеден ұстаған адамдарды көлікке күштеп салып жатыр. Ақтөбе, 22 ақпан 2020 жыл.
Полиция көшеден ұстаған адамдарды көлікке күштеп салып жатыр. Ақтөбе, 22 ақпан 2020 жыл.

Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында шеру өтетін орын ретінде аталған Белгісіз жауынгер ескерткіші жанында сенбі күні түстен кейін полиция қызметкерлері жүрді. Наразылық танытқан ешкім байқалмады.

Азаттық сенбі күнгі шерулер туралы ҚДТ лидері Мұхтар Әблязовтың пікірін сұраған еді, бірақ ол Азаттыққа сұхбат беруден бас тартты.

Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған ҚДТ қозғалысын Еуропарламент 2019 жылы наурыздағы резолюциясында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Әблязов пен жақтастары Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Сот шешімінен кейін өткен үш жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанда ондаған адам "тыйым салынған ұйымға қатысты" деген айыппен қозғалған қылмыстық істер бойынша жауапқа тартылған, кейбірі әртүрлі мерзімге түрмеге қамалған. Қазақстан билігі ҚДТ өткізген қарсылық акцияларының барлығын заңсыз деп санайды. ҚДТ бұған дейін өткізген шерулердің бәрінде полиция акцияға қатысушыларды ұстаған.

Қазақстанда Әблязовты "бизнес-әріптесі Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берген", бір кезде өзі басқарған "БТА банкінен миллиардтаған доллар ұрлаған", "қызмет өкілетін теріс пайдаланған", "қылмыстық топ құрған" деген айыппен соттап, өмір бойына бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарған. Әблязов бұл айыптардың саяси астары бар деп мәлімдеп, оларды жоққа шығарған. Әблязовты елге қайтаруға күш салған Нұр-Сұлтанның әрекеті нәтижесіз болды. Ресми Париж Әблязовты ірі көлемде қаржы жымқырған деп айыптаған Ресей мен Украинаның экс-банкирді экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Әблязов жариялаған митингілер қарсаңында Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған белсенді ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың көбі бұған дейін биліктің рұқсатынсыз наразылық шеруіне шыққаны үшін жазаланды. Билік кейбіреуін айыппұл төлемегені үшін жауапқа тартса, кейбіріне үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Белсенділер аңду мен қысымға тап болғанын айтады. Қазақстандық құқық қорғаушылар азаматтарды бұлайша алдын ала ұстауды оппозиция жоспарлаған шеруге биліктің "дайындығы" деп санайды.

МАМАЙДЫҢ ЖАҚТАСТАРЫНЫҢ ШЕРУІ

Сенбі күні таңертең Алматыдағы "Астана" алаңына жиналған оннан астам адам үкіметке наразылығын білдірген соң, соның алдында ұсталған белсенділерді босатуды талап етіп, Медеу аудандық полиция бөліміне бара жатқан кезде оларды полиция көлікке күштеп салып, алып кетті.

Тіркелмеген "Демократиялық партия" жариялаған шеру өтетін жерге келген қарт адамды полиция ұстап жатқан сәт. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
Тіркелмеген "Демократиялық партия" жариялаған шеру өтетін жерге келген қарт адамды полиция ұстап жатқан сәт. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

Полиция наразыларды топ-тобымен ұстады. Ең соңында "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі, "Жас алаш" газетінің бас редакторы Инга Иманбайды көлікке мәжбүрлеп отырғызып, алып кетті.

- Көшеге Назарбаевтың атын беруге, астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп атауға бізден келісім сұрады ма? Бұрын Солтүстік Корея мен Түркіменстанға күлетін едік. Назарбаев билігі бәрібір кетеді, Демократиялық партия бәрібір болады, жеңіске жетеді әлі! - деді Иманбай. Полиция оны ұстағаннан кейін бірнеше минуттан соң босатты.

Полиция қызметкерлері журналист Инга Иманбайды көлікке күштеп отырғызып жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
Полиция қызметкерлері журналист Инга Иманбайды көлікке күштеп отырғызып жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

Кейін жақтастары Инга Иманбайды полиция үйіне апарғанын хабарлады. Сенбі күнгі наразылық барысында және тікелей трансляция кезінде ол аяғы ауыр екенін айтқан еді.

Бұған дейін "Астана" алаңына жиналған жиырмаға жуық адам "Жанболатқа бостандық!" деп айқайлап, биліктен қамаудағы белсенділердің барлығын босатуды талап еткен болатын. 31 жастағы Жанболат Мамай өткен түні Алматы облысы Қарасай ауданы сотының шешімімен "заңсыз шеруге шақырғаны" үшін үш тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

"Астана" алаңындағы акция кезінде өзін Алматы қаласы әкімдігінің өкілімін деп таныстырған шенеунік бұл шара жергілікті билік рұқсатсынсыз өтіп жатқандықтан заңсыз болып саналатынын мәлімдеп, жұрттың тарауын сұрады.

"Астана" алаңын қоршап тұрған Ұлттық ұлан сарбаздары. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
"Астана" алаңын қоршап тұрған Ұлттық ұлан сарбаздары. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

- Биліктің өзі заңды сақтауы керек. Ал билік заңды сақтамағасын ешкім оған құлақ аспайды. Конституцияны өзі бұзатын билікті ешкім сыйламайды, - деп жауап берді шенеунікке партия құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі, Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы, 2000 жылдардың ортасында оппозиция қатарына өткен Төлеген Жүкеев.​

Акцияға қатысушылар биліктен елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, азаматтарды бірігуге шақырды.

Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

"Астана" алаңы таңертеңнен бастап полиция қызметкерлеріне толы болды, алаң маңында полиция көлігі де көп екені байқалды.

Полицейлер алаңға бармақ болған журналистердің құжаттарын тексерді. Билік өкілдері бақылап тұрған алаңға таяу жерге жиналған оннан астам адам үкіметтің жүргізіп отырған саясатын сынады.

- Қазіргі уақытта Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев сынды азаматтарымыз түрмеде отыр. Енді Жанболатты да қамауда отырғызбақшы ма? Біз мал емеспіз, біз оларды қорғап қаламыз, биліктің қолына бермейміз! - деді өзін Нұрлан Боранбаевпын деп таныстырған азамат.

Тіркелмеген "Демократиялық партия" жариялаған наразылық шеруіне келген қарт адамды полиция ұстап жатқан сәт. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
Тіркелмеген "Демократиялық партия" жариялаған наразылық шеруіне келген қарт адамды полиция ұстап жатқан сәт. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

Төлеген Жүкеев ел аймақтарынан Алматыға келмек болған Мамайдың жақтастарын билік өкілдері ұстап, кедері жасағанын айтады.

- Онысымен [ұстаумен] бізді тоқтата алмайды. Тарихи процестер мен қоғамның дамуын тоқтатуға биліктің шамасы келмейді. Бұл оның соңғы тұяқ серпуі, - деді Жүкеев.

Полиция билікке наразылық білдіргендермен қоса алаң маңында тағы бірнеше адамды ұстады. Оларды неге ұстағаны туралы сұраққа жауап бермеді.

- Әуелде [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаевке сенім артқан едім. Ол оқыған Мәскеуде мен де оқыдым. Ол халықаралық деңгейдегі дипломат... Бірақ бүгін болып жатқан жайт ұят емес пе? Мені де әкетіңдер дедім, бірақ қарт адамды ұстауға олар (полицейлер - ред.) ұялған болуы керек, - деді наразылыққа келгендерді полиция әкеткен соң Азаттық тілшісіне өзін зейнеткер Абай Мұқатайұлымын деп таныстырған егде адам.

Содан бірнеше сағат бұрын полиция тіркелмеген "Демократиялық партияның" оннан астам белсендісін ұстаған еді. Белсенділер Төле би мен Төлебаев көшелерінің қиылысындағы хостельден шығып, "Астана" алаңына қарай шеру жасап бармақ болды. Олар өткен түні Жанболат Мамайды босатуды талап етіп, аштық жариялайтынын мәлімдеген болатын. Полиция "Бостандық!", "Аштық!" деп айқайлаған наразыларды бірнеше көлікке күштеп салып, алып кетті.

Полиция өкілдері ұстаған адамды "Астана" алаңы маңында тұрған көлікке салуға әкеле жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
Полиция өкілдері ұстаған адамды "Астана" алаңы маңында тұрған көлікке салуға әкеле жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

Митинг өтеді деп жарияланған күні Алматы мен өзге қалаларда белсенділерді ұстап немесе полицияға шақырып, кейбірінің үйінің сыртында торуылдап жүргені туралы хабарлар тарады.

Алматыда таңертеңгі сағат 9.30 шамасында полиция белсенді Шарбат Қаржаубаеваны Бостандық аудандық полиция бөліміне алып кеткені туралы белсенді Даная Қалиева хабарлады. Оның айтуынша, полиция белсендіні неге ұстағанын түсіндірмеген. Полиция көлігінде кетіп бара жатқанын айтқан Қаржаубаева Азаттыққа өзін әуелі Жетісу аудандық полиция басқармасына апарғанын, онда "адам көп болғандықтан" Бостандық аудандық полиция бөліміне апара жатқанын хабарлады.

Шымкентте жеті белсендінің ұсталғаны туралы ақпарат түсті. Белсенді Мұрат Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранованың айтуынша, жұбайын таңертең үйінен алып кеткен. Ол әйеліне өзімен бірге тағы алты белсендінің полиция көлігінде отырғанын, олардың арасында белсенді Ерлан Файзуллаев та барын айтқан. Оларды Әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесіне апарған.

"Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ осы аптада сенбіге жоспарлаған құрылтай съезіне аймақтардан келмекші болған жақтастарына "кедергі келтіріп, қысым жасады" деп билікті айыптап, құрылтайдың орнына митингіге шығатынын мәлімдеген.

Құқық қорғаушы пікірі

Бақытжан Төреғожина, құқық қорғаушы:

Кем дегенде 84 адамның ұсталғанына дәлел бар. Оған түрлі өңірден келіп, 22 ақпанда таңертең қонақүйден шыға бергенде ұсталған "Демократиялық партия" бастамашыл тобының 70 делегатын қосыңыз. "Астана" алаңында тағы жиырма шақты адам ұсталды. Ақтөбеде де полиция көп адамды алып кетті. Оралда, Шымкент пен Семейде бірнеше азаматты ұстады. Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі мен қазіргі шынайы жағдайдың қабыспайтынын, тапсырма орындайтын мемлекет аппаратының қалай жұмыс істейтінін көрсетті. 22 ақпанда Қазақстан бойынша полиция азаматтарды күшпен ұстады. Олар ұялы байланысты емес, интернетті нақты бір аумақта өшіріп тастауға қабілетті екенін көрсетті, митингіге шығу хақымызды сақтауға құлықты емесін байқатты.

Былтыр қазанда Жанболат Мамай бастаған белсенділер елде саяси реформа жүргізуді мақсат тұтатын "Демократиялық партия" құратындарын жариялаған. Партия құру туралы бастаманы қолдағандар арасында құқық қорғаушы Сергей Дуванов, Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Төлеген Жүкеев және басқалар бар. Өткен жылы желтоқсанның соңында Әділет министрлігі бастамашыл топты тіркегеннен кейін Мамай 2020 жылы ақпанның 22-і күні Алматыда "Демпартияның" құрылтайын өткізетінін хабарлаған.​

Қазақстан заңы бойынша, саяси партия ресми тіркелу үшін алдымен елдегі аймақтардың кемінде үштен екісінен сайланған мың адамның қатысуымен құрылтай съезі өтуі тиіс. Партияның кемінде қырық мың мүшесі болуы керек.

Сенбіде жоспарланған наразылық шарасы алдында Қазақстан бас прокуратурасы мәлімдеме жасап, "рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жазаланатынын" ескертті. Қазақстан заңы митингіге шығу үшін жергілікті әкімдіктен тиісті рұқсат алуды міндеттейді. Сенбідегі екі шеруді ұйымдастырушылар билікке ол туралы өтініш бермеген. Әдетте жергілікті әкімдіктер түрлі сылтау айтып, митингіге рұқсат бермейді. Билік рұқсат етілмеген митингілерге қатысушыларды әкімшілік жауапқа тартады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарып, ол орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы маусымда кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша президент болып сайланған. Сайлау кезінде елде жаппай наразылық шеруіне шыққан мыңдаған адам ұсталған. Наразылар президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие болып, билікке ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы, әкесі президенттіктен кеткен күннің ертеңіне парламент сенатының спикері болып сайланған Дариға Назарбаеваны сынаған. Тоқаев билікке келген соң "бейбіт шерулер туралы жаңа заң қабылданады, шеру өткізу туралы рұқсат алуға міндеттеу болмайды" деп уәде еткен.

Биыл ақпанда үкімет қоғам талқысына ұсынған бейбіт митинг туралы жаңа заң жобасында екі жүз елу адамға дейін қатысатын шараны өткізу үшін билікті хабардар ету жеткілікті деп көрсетілгенімен, одан көп адам қатысатын шараға атқарушы биліктің келісімі болуы тиіс деп жазылған. Сонымен бірге шеруді тек билік белгілеген арнайы орында өткізу, бұрын бейбіт шеру өткізу тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылған азаматтар мен әділет органдарында тіркелмеген ұйымдар шеруді ұйымдастырушы бола алмайды деген шектеулер бар. Қазақстандық құқық қорғаушылар үкіметі әзірлеген жобада азаматтардың конституциялық бостандықтарын пайдалану құқығын шектейтін бұрынғы ережелер барын сынаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG