Accessibility links

Қаңтар қырғыны болған елдегі адам құқының ахуалы


Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова
Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Айдана Жанәділова

Кемінде 238 адамның өмірі қиылған Қаңтар оқиғасымен басталған 2022 жылы Қазақстанда адам құқығын бұзу жаппай сипат алды дейді құқық қорғаушылар. Билік ескертусіз оқ атуға пәрмен бергенде атылғандардың туыстарынан, полицияда азапталғанын, тергеу мен сот әділдігіне қол жеткізе алмағанын айтқан адамдардан арыз-шағым көп түскен. Үкіметтің берген уәдесіне қарамастан, азаматтар бейбіт жиын өткізу, бірлестікке бірігу бостандығын еркін пайдалана алмай, билікті сынайтындар қудалауға ұшыраған.

ҚАНДЫ ҚАҢТАР. ҚАЗА ТАПҚАНДАР МЕН АЗАПТАЛҒАНДАР

Жылдың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық лезде бүкіл елге жайылып, Қазақстанның көптеген аймағында жұрт жылдар бойы қордаланған проблемаларды шешуге қауқарсыз билікке қарсы бас көтерді. Жаңаөзендіктер талабын қолдағандар Алматы мен астанада, сонымен бірге Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Екібастұз, Қызылорда, Орал, Өскемен, Семей, Талдықорған, Тараз бен Шымкентте және шалғайдағы кейбір аудан орталықтары, шағын ауылдарда да наразылық акциясына шықты.

Демонстранттар әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қоса саяси талаптар да көтерді. Елді отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлі де билікке ықпал жүргізіп отырғанына наразылығын білдіріп "Шал, кет!" деп ұрандаған халық қымбатшылық пен жұмыссыздықты ауыздықтауды, сыбайласқан жемқорлықты жоюды, үкімет пен парламентті таратып, еркін де әділ сайлау өткізуді талап етті.

Бұрынғы президент Нұсұлтан Назарбаевтың демонстранттар тұғырынан құлатқан ескерткіші. Талдықорған, 5 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Сандуғаш Дүйсенова
Бұрынғы президент Нұсұлтан Назарбаевтың демонстранттар тұғырынан құлатқан ескерткіші. Талдықорған, 5 қаңтар 2022 жыл. Фото авторы - Сандуғаш Дүйсенова

Бейбіт басталған митингілер кейін бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік және жеке меншік дүние-мүлікті: әкімшілік ғимараттар, сауда орындары мен басқа да нысандарды, автокөліктерді бүлдіріп-қиратты, өртеді. Мұны шетелде дайындалған "террористердің" ісі деп мәлімдеген билік ол сөзіне еш дәлел келтірмеді. Маңғыстауда газ бағасы төмендетілгенін хабарлап үлгерген үкімет іле-шала отставкаға кеткенімен наразылық басылмады. Билік алдымен бірнеше өңірде, кейін бүкіл ел аумағында төтенше жағдай режимін жариялады.

Ресейдің ықпалы мол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұрауымен Қазақстанға әскер кіргізді. 7 қаңтарда Тоқаев "20 мың бандит шабуылдаған" Қазақстанда "террорға қарсы операция" жалғасатынын және күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол бұған дейін экс-президент Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын өз қолына алды. Елде интернет өшірілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып келген Кәрім Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен тұтқындалды. Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишельмен сөйлескенде Тоқаев елге "шабуыл жасағандар Орталық Азиядан, Ауғанстаннан, Таяу Шығыстан келген" деген.

Құқық қорғаушылар мен қоғамдық ұйымдар, тәуелсіз басылымдар Қаңтар құрбандарын өз бетінше анықтауға тырысты. Азаттық қазірге дейін 201 адамның аты-жөнін, кейбірінің қазасының жай-жапсарын нақтылады. Олардың арасында наразылық болған жерде мерт болған немесе жараланып, кейін көз жұмған, сонымен бірге көшеде кездейсоқ оққа ұшқан бейбіт тұрғындар, кәмелетке толмаған балалар бар.

Билік Қаңтар құрбандарының тізімін араға жеті ай салып жариялады. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында кемінде 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы – күш құрылымдары қызметкерлері. Құқық қорғаушылар полициядағы тергеуден кейін суицид жасағандар мен із-түзсіз жоғалғандар ресми тізімге енбей қалғанын айтады. Тізімдегілердің аты-жөні толық көрсетілмегенін сынаған қоғамдық ұйымдардың әр адамның қазасының жай-жапсары жөнінде толымды ақпарат беру туралы талабы әлі күнге орындалмады.

Кейбір куәгерлер Алматыда алаңда жай ғана тұрған бейбіт адамдардың қарша бораған оқтан кейбірі қаза тауып, кейбірі жараланғанын айтқан. Оларға оқ атқан және бұйрық бергендер неге анықталмайды, жауапқа неге тартылмайды деген сұраққа әлі күнге жауап жоқ. Сондай-ақ бейбіт митингілердің айналадағы дүние-мүлікті жаппай бүлдіріп, қиратуға ұласуына кімдер кінәлі екені де белгісіз қалып отыр.

Абақтыда азап көрді деген Азамат Батырбаев
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

Қаңтар құрбандарының туыстары, оқиға кезінде және кейін тергеуде жапа шегіп, азапталғанын мәлімдеген жүздеген адам биліктен Қаңтар оқиғасын тыңғылықты тексеріп, себепсіз оқ атқандар мен азаматтарды азаптағандарды анықтап, жауапқа тартуды талап еткен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, Еуропарламент өкілдері Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын ашық әрі әділ тергеуге шақырған. Құқық қорғаушылардың халықаралық ұйымдардан сарапшылар тартып ашық зерттеу жүргізу туралы бірнеше мәрте айтқан ұсынысын кері қаққан Ақорда "әрбір адамның өлімі мұқият тергеліп, ашылады, адам азаптағандар жазаға тартылады" деп уәде еткен.

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін оң мыңдай адам ұсталып, көбі кейін босатылды. Билік жүздеген адамға іс қозғап, "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және қатысу", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тақты. Осындай айыптармен қылмыстық істі оқиға кезінде қаза тапқандардың да үстінен қозғады. Марқұмдардың туыстары мен өзге күдіктілер тергеу органдары еш айғақ-дәлелсіз айып тағып отыр деп шағымданып, астанадағы орталық билік орындарына дейін барды, наразылық акцияларын өткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жариялағаннан кейін Алматы қаласындағы Республика алаңында жүрген қарулы сарбаздар. 6 қаңтар 2022 жыл
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жариялағаннан кейін Алматы қаласындағы Республика алаңында жүрген қарулы сарбаздар. 6 қаңтар 2022 жыл

Өткен аптада Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын тергеуді біржақты жүргізіп жатыр, үкімет Қаңтар оқиғасы кезіндегі адам өліміне жауапты орган қызметкерлерін анықтауға және жауапқа тартуға құлық танытпай отыр деп сынап, қаза тапқандардың отбасылары мен жараланған я азапталған жүздеген адам әділдік қашан орнайды деп күтіп отырғанын айтты. "Наразылыққа шыққан мыңнан аса адам әртүрлі, соның ішінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан деген айыппен сотталды, ал адам қазасына байланысты құқық қорғау органдарының тек бір қызметкері жауапқа тартылды" деді HRW Қазақстан бас прокуратурасы бұл сынмен келіспей, "тергеу ашық, заңға сай жүріп жатыр" дейді.

Бас прокуратура дерегінше, қазірге дейін Қаңтарға байланысты қылмыстық іс қозғалған 1249 адам сотталған, олардың 160-ы бостандығынан айрылған. Сотталғандардың көбіне "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айыптар тағылған. Кісі өліміне күдікті әскери қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс "қызметін асыра пайдалану" бабымен қозғалған.

Бас прокуратура "Қаңтар оқиғасын ұйымдастырды" деген айып тағылған 21 адамның ісі әлі тергеліп жатқанын айтады. Маусым айында прокуратура "Қаңтарды ұйымдастырушылар 27 адам" деп есептейтінін мәлімдеген еді. Мәсімов пен орынбасарларының үстінен қозғалған істі ҰҚК тергеген, "мемлекеттік құпия" болғандықтан, олардың соты жабық өтіп жатыр дейді прокуратура өкілдері.

– Адам өлімі фактісі бойынша қозғалған 92 қылмыстық істі әскери қызметкерлер мен полицияның іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп қысқартты. Алматы бойынша жүріп жатқан 15 іс құпия саналып отыр. Оқ тиіп қаза болғандарды да сотқа тартып жатыр. Кім өлтірді, қандай қарудан атқан оқтан өлді деген сауалдарға жауап жоқ. Президенттің өзі адамды өмір сүру құқынан айырып, ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін ескерсек, Қазақстанда адам құқығы саласында өзгеріс болды, елді демократияландыру басталды деп қалай айтуға болады? – дейді "Ар.Рух.Хақ"" қоғамдық қоры жетекшісі Бақытжан Төреғожина.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның бірнеше қаласынан өздерін полиция бөлімшесі мен тергеу изоляторында соққыға жығып, қатыгездікпен азаптағаны (үстінен қайнаған су құю, тоқпен соғу, ыстық үтік басу, резеңке таяқпен зорлаймын деп қорқыту, т.с.с.) жайлы жүздеген адамнан арыз-шағым түскен. Олардың арасында кәмелетке толмаған кемінде он үш бала бар. Азаптауға ұшырағандардан кемінде алты адамның қайтыс болғанын кейін билік мойындады.

Шымкентте, Таразда, Талдықорғанда Қаңтар оқиғасына байланысты істі болған полицейлер соты әлі аяқталған жоқ. Қазақстан бойынша тек бір өңірде – Талдықорған қаласында азаптау туралы 24 адамның берген арызы сотта қаралып жатыр. Іс бойынша күдікке ілінген полицейлер үйқамақта. Олар сот кезінде жәбірленушілердің жанында отырады. Адвокаттар жапа шеккен адамдар тергеу кезінде таныған кейбір полиция қызметкерлеріне іс қозғалмаған дейді.

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

БЕЙБІТ МИТИНГ ӨТКІЗУГЕ КЕДЕРГІЛЕР

Қаңтар оқиғасынан кейін Ақорда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізуге уәде бергеніне қарамастан, елде белсенділерді қудалау бұрынғысынша жалғасты дейді құқық қорғаушылар. Олар екі жыл бұрын қабылданған, билік қоғамды демократияландыруға жасалған қадам деп атап жүрген "Бейбіт жиын туралы" заңның халықаралық стандарттарға сай келмейтінін, азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығын шектейтінін айтады. Заңда митинг өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат алу қажет емес, ол жайлы ескертсе жеткілікті деп жазылғанымен, іс жүзінде әкімдік көбіне келісім бермейді. Ал биліктің келісімінсіз өткен жиын заңсыз саналып, оған қатысқандар жауапқа тартылады. Әкімдік келісім бермеуге жеткілікті сылтау табады дейді сын айтушылар.

Қазақстанда өтіп жатқан кезектен тыс президент сайлауға қарсылық білдіріп Республика алаңына бейбіт акцияға шыққан Oyan Qazaqstan қозғалысы белсенділерін полиция күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 20 қараша 2022 жыл
Қазақстанда өтіп жатқан кезектен тыс президент сайлауға қарсылық білдіріп Республика алаңына бейбіт акцияға шыққан Oyan Qazaqstan қозғалысы белсенділерін полиция күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 20 қараша 2022 жыл

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының мәліметінше, 2022 жылдың 11 айында жеке пикеттер мен митингтерді қосқанда елде 191 бейбіт жиын өткен. Бюро заңгері Артур Алхастов былтырғымен салыстырғанда биыл бейбіт шеру, пикеттер көп өткенін айтады. Бірақ мұның себебін заңның "жақсарғанымен" емес, адамдардың саяси белсенділігінің артуымен байланыстырады.

– Менің ойымша, Қаңтар қоғамға қатты әсер етті. Адамдар оларды ұстаса да, соттаса да үнсіз қалмауға бел буғанын байқатып жатыр. Көбі [берген өтінішін билік] бірінші немесе нешінші мәрте кері қайтарса да мойымайды. Тағы да өтініш түсіреді немесе құқығын сотта қорғауға тырысады. Ал "жақсартылды" деген заң керісінше, бейбіт жиын өткізуді күрделі бюрократиялық процедураға айналдырып жіберді, – дейді Артур Алхастов.

Оның айтуынша, биыл Қазақстан бойынша бейбіт митинг өткізу туралы жергілікті атқарушы билікке берілген өтініштердің тек 10 пайызы қанағаттандырылған. Алхастовтың сөзіне қарағанда, билік көбіне бюрократиялық шектеулерді алға тартады. "Бейбіт жиын туралы" заңға сай, митинг өткізуге келісім алу үшін 13 тармақтан тұратын мәліметті (өтетін орны, қатысатын адам саны, уақыты, жауапты адамдар мен олардың жеке деректері, т.с.с.) көрсетуге тиіссің, егер соның біреуін толтырмай кетсең немесе дұрыс толтырмасаң, ол биліктің келісім бермеуіне негіз болады дейді заңгер.

Украинаны қолдап және Ресей агрессиясына қарсылық білдіріп митингіде тұрған адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл
Украинаны қолдап және Ресей агрессиясына қарсылық білдіріп митингіде тұрған адамдар. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл

– Өкінішке қарай, бұдан басқа да, тіпті күлкілі уәж жетерлік. Референдум мен сайлау алдында билік өте көп өтінішті кері қайтарды. Кейбіріне "митинг өткізуге сұраған орын бос емес, ол жерде AMANAT партиясы өкілдері Тоқаевты қолдайтын акция өткізеді" немесе "Халық ассамблеясы концерт қояды" деген. Принципке сүйеніп тексеріп барсаң, көбіне сол күні ол жерде ештеңе де өтпейді. Бұл ісі, әрине, заңға қайшы, – дейді Алхастов.

Жергілікті биліктің келісімімен 5 ақпанда Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың тағайындалуына қарсы, 12 наурызда Астанада әйелдер құқығына арналған, 2 сәуірде әлеуметтік желіні "реттеуді" көздейтін заң жобасына қарсы, 10 сәуірде есірткіге қарсы, 17 сәуірде Торғай облысын қайта ашу талабымен жергілікті билік келісім берген митингілер өтті. 6 наурызда Алматыда әкімдіктің келісімімен өткен Украинаны қолдау және Ресей агрессиясына қарсылық митингісіне бірнеше мың адам жиналды. Бұдан бөлек мамыр айында Астанада бұрынғы кеденшілер өтемақы мәселесін көтерген, әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митингілер, тамыз айында тәуелсіз бақылаушылар мен қаладағы ретсіз құрылыстарға қарсылық акциялары өткен.

Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингіне шыққан адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл
Республика алаңына Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингіне шыққан адамдар. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл

Ал билік келісім бермей қойған митингі мен пикет саны бұдан әлдеқайда көп дейді құқық қорғаушылар. 13 ақпанда Алматыда Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу митингісіне 700-дей адам қатысты. Биліктің келісімінсіз өткен жиын барысында полиция бірнеше адамды алып кеткен.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі, белгілі супермарафоншы Марат Жыланбаев өз жақтастарына елдің әр өңірінде атқарушы орган тарапынан митинг өткізуге 360 рет қарсылық болғанын айтады. Ал құрамына жеті қазақстандық және екі халықаралық ұйым енген "АктивистыНеЭкстремисты" ("Белсенділер экстремист емес") құқық қорғау ұйымдары коалициясының өкілі Данияр Хасеновтың сөзінше, 2022 жылы митинг өткізу туралы тапсырған 151 өтінішке билік келісім бермеген.

– Оның 49-ы Украинаны қолдау туралы митинг болатын. Іс жүзінде бұдан көп болуы мүмкін. Себебі бәрі бірдей тапсырған өтініш пен жауаптарын жариялай бермейді. Ал бұл тек ресми құжат бойынша, – дейді ол.

Сайлау туралы заңға өзгерту енгізілетіні белгілі болған кезде Erkin.baiqaushy ұйымы оған наразылық митингісін өткізетіні жөнінде жергілікті әкімдікті 30 рет жазбаша түрде ескерткенімен билік келісім бермеген. Украинаны қолдап шеруге шықпақ болған Астана тұрғындары Әйгерім Шадеева мен Равкат Мұхтаровқа әкімдік келісім беруден 8 рет бас тартқан.

Мәскеуден Украинаға басқыншылығын тоқтатуды талап етіп, Ресей консулдығы алдына жиналған адамдарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 24 ақпан 2022 жыл
Мәскеуден Украинаға басқыншылығын тоқтатуды талап етіп, Ресей консулдығы алдына жиналған адамдарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 24 ақпан 2022 жыл

Ақтаулық азаматтық белсенді Жадыра Доскеева он шақты рет, "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құрғысы келетін белсенділер жиырмадан аса рет митинг өткізуге келісім ала алмаған. Соған қарамастан олар Алматы мен Астанада саяси қудалауды доғаруды, партияны тіркеуді және саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық акцияларын өткізген. Оның соңы қудалау, қамаумен аяқталған.

Маусымда Қазақстан Конституциясына өзгертулер енгізу жөнінде референдум, қарашада кезектен тыс президент сайлаған күні және оған дейін саяси акцияға шыққан және шықпақ болған ондаған белсендіні полиция түрлі сылтау айтып, алып кеткен.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ЖОСЫҚСЫЗ ҰСТАУ МЕН ҚУДАЛАУ

Заңгер Артур Алхастов 2022 жылы азаматтық белсенділерді жосықсыз ұстау оқиғасы көп болғанын, бірақ оған мониторинг жасау қиын екенін айтады.

– Азаматтық белсенділерді үйінің есігін торуылдап немесе көшеден ұстап әкетеді де, митинг өтетін уақыт біткен соң жібере салады. Біз оны тіркей алмаймыз, өйткені оларға ешқандай хаттама толтырмайды, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартпайды. Мұндай жағдайлар Мұхтар Әблязов [Қазақстан билігін сынап жүрген қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир көп жылдан бері шетелде тұрып жатыр – ред.] митингіге шақырғанда, Қаңтар оқиғасына қатысушыларды қолдау акциялары кезінде үнемі болды және оларды күштеп алып кетеді. Мынадай бір жайт есімде қалды. Астанада мүмкіндігі шектеулі екі белсендіні сайлау қарсаңында митингіге шықпақшы болған жерінен әкетіп, ішінде дәрігері жоқ жедел жәрдем көлігіне салып алып, төрт сағат бойы қаланы аралап, ақырында түсіріп кеткен. Олар өздерін кімдер ұстағанын білмейді, себебі ұстағандар өзін таныстырмайды, кім, қайдан екенін айтпайды. Бізді ұстап әкетті деп сотқа да шағымдана алмайсың, себебі кімдер екені белгісіз болса сот та қарамайды, полиция да айналыспайды, – дейді Артур Алхастов.

Оппозиция митинг өткізуді жоспарлаған күні белсенді Бибігүл Иманғалиеваны (ортада) полиция үйінен әкетіп, Әуезов аудандық полиция бөлімінде екі сағат жауап алып босатқан. Алматы, 25 қазан 2022 жыл
Оппозиция митинг өткізуді жоспарлаған күні белсенді Бибігүл Иманғалиеваны (ортада) полиция үйінен әкетіп, Әуезов аудандық полиция бөлімінде екі сағат жауап алып босатқан. Алматы, 25 қазан 2022 жыл

"АктивистыНеЭкстремисты" құқық қорғау тобы 20 қарашада елдегі 16 қала мен елдімекенде азаматтарды саяси қуғынға салудың 58 фактісін тіркегенін хабарлады. Соның ішінде, Алматы мен Астанадағы оқиғаларды қоса алғанда, 37 жосықсыз ұстау, бір адамды 15 күнге әкімшілік қамау жазасы аталған. Бұған қоса қарашаның 11-і мен 19-ы аралығында 17 қала мен елдімекенде кемінде 46 адамды ұстаған. Құқық қорғаушы топ оны "превентивтік ұстау" деп атаған. Кемінде 23 адам бес күннен 18 күнге дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынған. Ал Ішкі істер министрлігі заңда превентивтік ұстау деген ұғым жоғын айтып, белсенділер полицияның қудалауына ұшырағаны туралы хабарды жоққа шығарған.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның дерегінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабымен (бейбіт жиын ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзу) 210 адам әкімшілік жауапқа тартылған. "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық бірлестігі биылғы жылдың басынан елде 125 адам әкімшілік қамауға алынып, 5 күннен 18 күнге дейінгі мерзімге абақтыға қамалып, 66 адамға 30, 50, 60 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салынған дейді.

САЯСИ ПАРТИЯ ТІРКЕУ МАШАҚАТЫ

Биыл күзде "Саяси партиялар туралы" заңға енгізілген өзгерістер партия құруға қажет бастамашыл топтағы адам санын мыңнан жеті жүзге түсіріп, тіркеуге қажет қолды 20 мыңнан 5 мыңға азайтты. Тіпті кейінгі оншақты жылдың көлемінде алғаш рет елде бір жаңа саяси партия – "Жасылдар-Байтақ" экологиялық партиясы ресми тіркелді.

"Жасылдар-Байтақ" экологиялық партиясының құрылтай съезі. Алматы, 24 қыркүйек 2022 жыл
"Жасылдар-Байтақ" экологиялық партиясының құрылтай съезі. Алматы, 24 қыркүйек 2022 жыл

Ақорда партия тіркеуге қажет қол санын азайтуды демократияға қарай кезекті қадам деп көрсетуге тырысқанымен, оппозиция мен құқық қорғаушылар билік өзіне қолайлы санайтын ұйымды ғана тіркейтін баяғы әдетіне басып отыр дейді.

Президент Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын мәлімдеп саяси сахнаға шыққан "Жасылдар-Байтақ" партиясынан бөлек жыл басынан бері Әділет министрлігіне жаңа партия тіркеу жөнінде оннан астам өтініш түскен.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құрғысы келетін азаматтар бастамашыл топты тіркетуге талпынып 8 рет құжат өткізгенімен, барлығына Әділет министрлігінен тапсырған құжаты "Саяси партиялар туралы" заңның 8-бабына сай емес, бастамашыл топ мүшелері арасында кәмелетке толмаған, қайтыс болған адамдар бар деген бірсарынды жауап алған. Оппозициялық ұйым мүшелері бірнеше мәрте сотқа жүгініп еді, жеңіліп қалды. Министрлік өкілі сотта жауабын түсіндіруден бас тартып, сот тіркеу мекемесін қолдап шешім шығарды.

Белсенділер әділет министрлігі өкілдерінен "Алға, Қазақстан" партиясын тіркемеу себебін сұрап келіп отыр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 5 мамыр 2022 жыл
Белсенділер әділет министрлігі өкілдерінен "Алға, Қазақстан" партиясын тіркемеу себебін сұрап келіп отыр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 5 мамыр 2022 жыл

"Алға, Қазақстан" өкілдері Әділет министрлігі талап еткен бастамашыл топ мүшелерінің әрбірінің жеке құжатын ұстап түскен арнайы видеоматериалды тіркеу құжаттарымен қоса тапсырып келеді. Министрлік олар берген құжаттағы 700 адамның жеке мәліметі заңға сай емес деген. Бірақ оппозициялық партия құруға ынталы топ министрлікке екі мыңнан астам адамның құжатын өткізгенін, 700 мәлімет жарамсыз болса, қалғанының құжатын қабылдамауға негіз жоқ деп санайтынын айтады.

"Біздің таңдау" партиясын құрып жатқан белгілі кәсіпкер Болат Әбілов, "Алаш Орда" саяси партиясын құруға талпынып жүрген бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсаров қазір Әділет министрлігімен соттасып жүр. Екеуінің де партияның бастамашыл тобын тіркеуге берген құжатын министрлік заңның 8-бабына сілтеп, төрт рет қайтарған.

Тіркелмеген "Демократиялық партия" лидері Жанболат Мамай (ортада) Қаңтар құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл
Тіркелмеген "Демократиялық партия" лидері Жанболат Мамай (ортада) Қаңтар құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл

Оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай да жақтастарымен бірге бірнеше жылдан бері "Демократиялық партияны" тіркете алмай жүр. Үстінен "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша іс қозғалған Мамайдың соты әлі жалғасып жатыр. Билік оны ақпанда абақтыға қамап, қазанда үйқамаққа ауыстырған.

Саяси ұйымды тіркете алмай жүргендер арасында "Біздің құқық" партиясын құрғысы келетін азаматтық белсенді Санавар Закирова, "Ел тірегі" партиясының құжатын өткізе алмаған бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев та бар.

Қазірге дейін елде түрлі топтар мен белсенділер "Халық дербестігі", "Намыс", HAQ, "Еркін халық", "Халық таңдауы", "Жанашыр", "Қазақстанның халық конгрессі", "Сақтау", "Еңбек", "Алаш – Желтоқсан" ұлттық партиясы, "Халық сенiмi", "Алаш жолы", "Ел мен Жер", "Жер қорғаны", "Ынтымақ", "Халық таңдауы" атты партиялар құрылатыны жайлы мәлімдегенімен, ешбіреуі әлі тіркелмеген. Бес жылдан бері шеттегі, әсіресе Қытайдағы қазақтардың құқығы мен бостандығын қорғаумен белсенді айналысып жүрген, ресми тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымы өкілдері ұйыммен аттас саяси партия құруға ниет білдірген.

Қазір Қазақстанда ресми тіркелген 6 саяси партия бар: AMANAT партиясы, "Ақжол" демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, "Жасылдар – Байтақ" жасылдар партиясы. Кейбірі өзін "оппозициямыз" деп атағанымен, барлығы да Ақорданың жүргізіп отырған саясатын қолдайды.

Биыл қандай партиялар тіркелді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG