Accessibility links

Жайықтағы балық қоры қалпына келуі үшін қанша жыл керек? Кентаулықтар талабы


Жайық өзенінен заңсыз ауланған балықтарды тәркілеу. Көрнекі сурет.
Жайық өзенінен заңсыз ауланған балықтарды тәркілеу. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ басылымдары балығы қырылған Жайық өзенінің ахуалын талдаған. Кентауда жол мен көпір мәселесіне шағымданған тұрғындар жергілікті биліктің қызметтен кетуін талап еткен. Қазақстанның солтүстігінде "жала жабу" бабы бойынша айыпталған екі журналистің біріне үкім шықты.

Атыраулық “Ақжайық” басылымы осы аптада Жайық өзенінде қырылған балықтар туралы бірнеше мақала жариялаған. Олардың бірінде өзенді өлі балықтардан тазартуға жергілікті тұрғындардың да атсалысып жатқаны айтылады. Басылым оқиға орнынан түсірілген суреттер топтамасын да ұсынған.

Жайық өзенінен өлі балық тазартуға жергілікті тұрғындар да көмектескен. Сурет "Ақжайық" басылымының сайтынан алынған.
Жайық өзенінен өлі балық тазартуға жергілікті тұрғындар да көмектескен. Сурет "Ақжайық" басылымының сайтынан алынған.

Наурыздың 11-і күні жариялаған мақалада басылым “ең оптимист сарапшылардың болжамы бойынша, балық қорын 2018 жылғы деңгейге дейін қалпына келтіру үшін кем дегенде үш-бес жыл қажет” деген мамандар пікірін келтірген.

“Әрине, қынжыларлық жағдай. Балық саласы үшін, балық аулау өнеркәсібі үшін бұл қасірет. Ең оптимистік болжам бойынша, балықты қалпына келтіру үшін кем дегенде үш жыл, қаракөз үшін - 2-3 жыл, сазан, көксерке, ақмарқа үшін 5 жыл қажет” деген басылымға балық аулау өнеркәсібінің маманы Бостан Сүлейменов.

Жайық-Каспий Орхус орталығының директоры Шынар Ізтілеуова басылымға берген сұхбатында “міндетті түрде тәуелсіз сараптама қажет”, “билік жұртқа ашық ақпарат жеткізіп отыруы тиіс” деп айтқан.

Ал Қазақстанның батыс өңірінен ақпарат тарататын Mgorod.kz сайты Атырау тұрғындарының Жайық өзенінен ауланған балықтарды сатып алуға қатты қорқып отырғанын жазған.

“Мұнай астанасындағы көп базарда балық бағасының жанына міндетті түрде “Қиғаш” (Қиғаш өзенінен ауланған) деп жазып қоятын болды” деп жазды басылым.

"Ақжайық" жазуынша, Жайықтағы балықтар мәселесін наурыздың 12-сі күні "Көрісу" күніне арналған айтыста ақындар да көтерген.

Балықтардың жаппай өлуі былтыр желтоқсаннан бері айтыла бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Атырауда 7-11 наурыз күндері Жайық өзінен 3,1 тонна өлі балықтан тазартқанын хабарлаған.

Атырау облыстық полиция департаменті балық қырылуына байланысты "Бөтен біреудің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру" (204-бап, 2-бөлім) және "Суды ластау, қоқыстау немесе сарқу" (328-бап) баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

15 наурызда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекеттік "Хабар" арнасына берген сұхбатында "Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуы бойынша төрт компанияның күдікке ілінгенін" айтқан.

Оның сөзінше, арнаулы комиссия "балықтар қырылуына химиялық улану себеп болды" деген қорытындыға келген.

КЕНТАУ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ШАҒЫМЫ

Қазақстанның оңтүстік өңірінен ақпарат тарататын Отырар TV арнасы наурыздың 13-і күні “Жол не көпір жоқ: Кентау ауылының тұрғындары миллиондаған қаржының қайда жұмсалғанын білгісі келеді” атты мақала жариялап, видеосюжет әзірлеген.

Онда Түркістан облысындағы Бабай-Қорған және Қисық Шоқпар ауылы тұрғындарының әбден тозығы жеткен жолды бірнеше жылдан бері жөндете алмай келе жатқаны айтылады. Бұдан бөлек, өткен жылы ғана жөндеуден өтіп, жыл өтпей жатып қайта тозған көпір жайлы тұрғындар шағымы жазылған.

"Мына көпірге 11 миллион [теңге] қаражат бөлінген. Бұған 11 миллион кетті деп айтуға бола ма? Егер ертеңгі күні оны су шайып кетсе, не болады?" деген тұрғын Амангелді Матпусаев.

Кентау қаласы басшылығымен кездескен тұрғындар жергілікті билік өкілдерінің қызметтен кетуін талап еткен. Олардың кездесуі төбелеске ұласа жаздаған.

АЙМАҚТАҒЫ ТІЛШІЛЕРДІҢ СОТҚА ТАРТЫЛУЫ

"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қоры наурыздың 15-і күні Қостанай өңірінде шығатын “Tobolinfo” агенттігінің тілшісі Алина Сушконы қостанайлық полиция “жала жапты” (клевета) деп айыптап, сотқа бергенін хабарлады. Журналиске екі жыл бас бостандығынан айрылу қаупі төніп тұр.

Tobolinfo агенттігінің жазуынша, арызға өткен жылы тамыз айында жарияланған мақала негіз болған. "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жазуынша, бұл жыл басынан бергі "жала жабу" бабы бойынша журналистерге қарсы қозғалған алғашқы қылмыстық іс емес. Наурыздың 15-і күні Петропавл соты осы өңірде шығатын “Квартал” газетінің тілшісі Елена Кузнецованың бостандығын бір жылға шектеп, 35 мың теңге айыппұл салған.

"Қазақстандық құқық қорғаушылар жылдар бойы Қазақстанда жала жабу бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы мәлімдемелер жасап келеді. 2016-2017 жылдары бұл бап бойынша 93 адам сотталған" деп жазды қоғамдық қор.

АТЫРАУДАҒЫ КӨРІСУ

Қазақстанның батыс аймағында наурыздың 14-і Амал мерекесін тойлау басталды.

Бұл күні тұрғындар бір-бірімен көрісіп, қыстан аман-есен шығуымен, жаңа жыл келгенімен құттықтайды. Бір-бірінің үйлеріне қыдырып, қонақ болады. Амандық-саулық тілеп, өкпе-реніштері болса, бір-бірінен кешірім сұрайды.

Амалды тойлаудан соң да "көрісу" мерекесі наурыз айы бойы жалғаса береді. "Ақжайық" басылымы Атыраудағы көрісу мерекесінен мақала әзірлеп, видео жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG