“Ақжайық” басылымы осы аптада Атырауда балықтардың қырылуының себебі мен зерттеу тобының қорытындысы жайлы бірнеше мақала жариялады. Өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзенінде балықтар қырылып, өзеннен сол кезде 120 тонна өлген балық жиналғаны хабарланған.
Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған басылым зерттеу нәтижесінде "Атырау су арнасы" коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының күдікке ілінгенін, зерттеу тобы "кәсіпорынның өзенге хлоры бар заттарды төгуі балықтардың қырылуына себеп болды" деген қорытынды жасағанын жазды.
Қазіргі кезде кәсіпорын директоры, оның орынбасары және "Атырау су арнасы" кәсіпорнының су тазарту станциясының басшысы екі бап бойынша (“cуды ластау” - Қылмыстық кодекстің 328-бап 3-бөлімі және “бөтен біреудің мүлкін бүлдіру” - 204-бап 2-бөлім) күдікті деп танылған. Бұған қоса, кәсіпорын басшысының үстінен қосымша “Салғырттық” (371-бап) бабы бойынша іс қозғалғаны айтылады.
“Жайық балығын "Атырау су арнасының" сұйық хлоры мен шенділердің салғырттығы құртты” атты мақалада ішкі істер министрлігінің шұғыл тергеу тобының кейбір қорытындылары жарияланған. Онда 2018 жылдың 3-13 желтоқсан аралықтарында Жайық өзеніндегі хлорид мөлшері қалыпты деңгейден 1,9 есе артық болғаны айтылады. Кәсіпорынның "су тазарту станциясының апатты жағдайда" болғаны, өнеркәсіптік құбыры дұрыс істемегендіктен Жайыққа химиялық заттар қосылған судың төгілгені жазылған.
Қарай отырыңыз: Жайықта қырылған балық (Сәуір айы, 2019 жыл).
Мақалада "экологиялық қауіпсіздік ережелерінің сақталмағаны көзге ұрып тұрса" да жергілікті шенеуніктердің бұған қатысты тиісті шара қолданбағаны жазылған. Шұғыл тергеу тобының зерттеу қорытындысына сүйенген автордың жазуынша, кәсіпорын басшылығы "ұзақ уақыт қаржы болмағандықтан бұл қалдықтарды тазалайтын станция салынбағанын" айтып түсіндірген. Әзірге бұл кәсіпорынның оқиғаға байланысты түсініктемесі жарияланған жоқ.
Атырау облыстық полиция департаменті өкілдеріне сілтеме жасаған "Ақжайықтың" жазуынша, "оқиғаға қатысы бар" деп танылған Атырау жылу электр орталығы (Атырау ТЭЦ) балықтардың қырылуына кінәлі екенін мойындап, шығынды толтырған. Сол себепті оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтаған.
15 наурызда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекеттік "Хабар" арнасына берген сұхбатында "Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуы бойынша төрт компанияның күдікке ілінгенін" айтқан еді. Бірақ әзірге жоғарыда көрсетілген екі компаниядан басқа "балықтардың қырылу оқиғасына қатысы болуы мүмкін" басқа мекеме аты аталмайды. Басылым жазуынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғандықтан жақын арада іс сотқа жіберіледі.
ҚЫТАЙ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯСЫ
Оралда таралатын "Уральская неделя" басылымы осы аптада қытайлық CITIC Construction инвестиция компаниясының Батыс Қазақстан облысындағы ірі су қоймасына "қызығып отырғанын" жазды. Жергілікті мемлекеттік қызметкер сөзіне сүйенген басылым маусымның 1-і күні Батыс Қазақстан облыстық әкімдік өкілдерінің Қытайдан келген делегацияға су қоймасы маңына экскурсия ұйымдастырғанын жазды.
"Қытай компаниясының делегациясы Оралға 1 маусымда келді. Әуежайда қонақтарды облыстық әкімдік және ауыл шаруашылығы басқарма басшылығы қарсы алды. Бірнеше көліктен құралған кортеж әуежайдан бірден Янайкино ауылына жақын Бәйтерек ауданында орналасқан Киров су қоймасына жол тартты. Қытай компаниясының өкілдерін ауыл шаруашылығы өндірісінде су қоймасының суын игеру және пайдалану қызықтырды" деп жазды басылым.
"Уральская неделя" жазуынша, кездесу кезінде "Қытай компаниясының инвестициялық жобасын жүзеге асыруға қажетті" су қойма маңындағы 20 мың гектар жер туралы әңгіме болған.
Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі облысқа CITIC Construction Co LTD өкілдері келгенін растап, аймақтағы суармалы егіншілікті дамыту бойынша келіссөз жүргенін айтқан. Ал ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі инвесторлардың ауыл шаруашылығы саласына инвестиция құйғысы келетінін айтып, әзірге нақты жобаға келіспегенін жеткізген. Басылым дерегінше, CITIC Қытайдағы ірі мемлекеттік инвестициялық корпорациялардың бірі. Қазіргі кезде оған 44 еншілес компания бар.
ОМБЫДАҒЫ ЖАҢА ҚАЗАҚ РАДИОСЫ
Петропавловск.news сайты "Мектеп оқушысы Омбыда алғашқы қазақ радиосын ашты" атты мақалада ресейлік оқушы Илья Гальцовтың наурыз айында Qazaqresei Radiosy атты онлайн радиостанция ашқанын жазды. Сайттың жазуынша, Ресейде туып-өскен Гальцовтың апасы мен атасы Петропавл маңындағы елді мекендердің бірінде тұрады. Сол себепті оқушы Қазақстанға жиі келіп тұрады.
Ильяның өзі 2016 жылы қазақ тілін үйрене бастаған. "Омбы қазақтары" атты коммерциялық емес ұйымға мүше Гальцов радиода әлеуметтік жарнамалар, жаңалықтар, музыка жаңалықтары таратылатынын айтқан.
"Гранттың көмегімен нағыз эфирде хабар тарататындай мүмкіндік алғымыз келеді, себебі оның танымал екеніне көзіміз жетіп отыр. Адамдар тобымызға жазылып, эфирімізді тыңдап жатыр" деді Гальцов.
Ашық дереккөздеріне сәйкес Қазақстанның солтүстігіне жақын орналасқан бір миллионнан астам тұрғыны бар Омбы тұрғындарының 3,6 пайызын қазақтар құрайды.
ПІКІРЛЕР