"Уральская неделя" басылымының жазуынша, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Белес ауылында шілденің 16-сы күні алты мұнай-газ кенішін барлауға байланысты қоғамдық тыңдау өткен. Мақалада болашақ кеніштердің аты да аталады: Гремячин, Шығыс-Гремячин, Ульянов, Теплов, Батыс-Теплов және Сыған кеніштері.
Қоғамдық тыңдауға қатысқан тұрғындар онсыз да кеніштердің экологияға зиян тигізіп отырғанын айтып, азаматтардың денсаулықтары нашарлап кеткеніне шағымданған.
"Оралдан келе жатқанда-ақ Белес көкпеңбек болып көрініп тұрады. Ауа ластанып жатыр. Біз ештеңе емес, мына балаларға қиын. Жүректеріміз ауырады, шаншиды қазір" деді ауыл тұрғыны Қуаныш Сәдуақасов.
Кейбір тұрғындар билік пен мұнай өндіруші компаниялар ауданды көгалдандыруға немқұрайлылық танытып отыр деп сынаса, кейбірі кеніштердің өзен-көлдердегі балықтарға зияны тие ме деп қауіптенген.
Ал жергілікті билік өкілдері әуелі кенішті барлайтын компаниялар жұмыс істеп көрсін, жағдайды бақылап көрелік деген ұсыныс айтқан.
"Бұл кісілерге сұрақ қою әлі ертерек. Жұмыстарын бастасын. Ұңғымасын жасасын. Зерттесін. Әлі талай келеді. Сіздердің алдарыңыздан әлі талай өтеді" деді ауыл әкімі Мәлік Ілиясов.
Ашық дереккөздеріндегі мәліметке сәйкес, Белес ауылында шамамен 1500 тұрғын тұрады. Бірақ видеодан қоғамдық тыңдауға шамамен 25-30 шақты ғана адамның келгені көрінеді.
Қоғамдық тыңдау соңында 30-ға жуық адам дауыс беріп, басым бөлігі кеніштің барлауына қарсы еместігін білдірген.
ҚОСТАНАЙДА ГАГАРИН КӨШЕСІНЕ НАЗАРБАЕВ АТЫН БЕРЕ МЕ?
Қостанайдағы Абай даңғылына Назарбаев атын беру жайлы қалалық мәслихаттың ұсынысы кері қайтарылғаннан бері қалада қай көшені бірінші президент атымен атау мәселесі шешілмеген.
"Наша газета" басылымы "Гагарин көшесіне Назарбаев атын беру туралы бастаманы қоғамдық тыңдауда талқылайды" атты мақалада бұл мәселені шешу үшін қоғамдық тыңдау белгіленгенін жазады. Тыңдау шілденің 29-ы күні өтеді, бұл ақпаратты жергілікті әкімдік растаған.
Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов "мұндай ұсынысты бірнеше ұжым өкілдері жасағанын" айтты. Оның айтуынша, бастама көтерген азаматтар Гагарин көшесін - Назарбаев деп өзгертіп, Гвардейский көшесіне Гагарин атын беру туралы ұсыныс жасаған.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кірісе сала ел астанасын Нұр-Сұлтан деп өзгертіп, "облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру керек" деп мәлімдеген еді. Осыдан соң елдегі бірнеше қаладағы көшелерге Назарбаев аты берілді.
Ақпарат бойынша, Қостанай қалалық мәслихатының депутаттары бастапқыда қаладағы Абай даңғылын Назарбаев атымен атау туралы ұсыныс жасаған. "Наша газета" форумындағы ақпаратқа сәйкес, бұл бойынша түпкілікті шешім қабылдамай жатып қаладағы Абай көшесіндегі тақтайшалардың кейбірі алынып та үлгерген. Бірақ кейіннен республикалық ономастикалық комиссия бұл ұсынысты қайта қарау қажеттігін айтқан.
Басылым форумында Қостанайда қай көшеге Назарбаев атын беру туралы шағын сауалнама да бар. Шамамен 123 адамның басым бөлігі Тәуелсіздік көшесін өзгертейік десе, кейбірі Әл-Фараби даңғылына бірінші президент атын берейік деген ұсыныс айтқан. Ұсыныстар арасында Юрий Гагарин, Ғафу Қайырбеков көшелері бар.
"ИМ-ГЕ ҚАТЫСЫ БАР" АҚТАУЛЫҚ СОТТАЛДЫ
Lada.kz сайтының жазуынша, осы аптада "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының жұмысына араласты" деп айыпталған Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылының 31 жастағы тұрғыны (аты-жөні аталмайды) сегіз жылға сотталған. Оған Қылмыстың кодекстің 257-бап 2-бөлім бойынша ("террористік ұйымның ісіне араласу") айып тағылған.
Ақтау қалалық соты берген дерекке сүйенген сайт сотталушының "Сирияға сапарын" ұзақ баяндайды. Қалалық сот дерегіне сәйкес, сотталушы діни- радикалистік идеялармен интернет арқылы танысып, 2015 жылы отбасымен бірге Түркия арқылы Сирияға жеткен, әрі қарай ИМ бақылауындағы аймаққа барып, содырларға қосылған.
Арнайы лагерьде жаттығудан өтіп, идеологиялық тұрғыда да дайындық сабақтарына қатысқан. Кейінірек Сирияның Ракка аймағында содырлар бақылауындағы аумақты күзетуге атсалысқан.
2017 жылы ИМ жасақтары жеңіліске ұшырап, кері шегінген кезде "террористік ұйымның дінмен еш байланысы жоғы екенін түсініп, еліне кеткісі келген". Ақша беріп, отбасымен бірге Түркия шекарасына жетуге тырысқан ақтаулық ақырында күрдтер қолына түскен. Тоғыз ай бойы яғни, 2019 жылдың қаңтар айына дейін тұтқында болған. Кейін Қазақстанның құзырлы органдарының көмегімен елге жеткен.
Lada.kz жазуынша, сотта ол өз кінәсін мойындап, ісіне өкінген. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.
ПІКІРЛЕР