Accessibility links

Сириядан оралған отбасы, Арыс кәсіпкерлерінің мәселесі және коронавирус


Сириядағы босқындар лагері. Көрнекі сурет.
Сириядағы босқындар лагері. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ басылымдары Сириядан отбасымен оралған Орал тұрғынының бастан кешкен оқиғасын, СҚО-да қалайы өндіретін компанияға пайдалануға берілетін ондаған гектар орман алқабының оталуы мүмкін екенін жазды. Бұған қоса, аймақтағы коронавирустан сақтану шаралары мен Арыс кәсіпкерлерінің шағымы туралы жазды.

"ШӨП-ШАЛАҢ, КЕБЕК ЖЕДІК"

Қазақстанның батыс өңірінен ақпарат тарататын mgorod.kz сайты осы аптада “Оқуға кетіп, өмірімізді құрттық. Сириядан оралған Орал тұрғыны” атты мақала жариялады. Онда 47 жастағы Орал тұрғыны Дариға Шелеуова мен оның отбасының Сирияда бастан кешкен оқиғасы баяндалады.

Әйелдің айтуынша, 2013 жылы күйеубаласы өзі мен отбасын Египетке оқуға баруға көндіріп, ондағы "жақсы өмір жайлы" айтып алдаған. Ақырында Египет емес, Сириядан бір-ақ шыққан. Күйеу баласының радикалды бағыттағы ағымдарға жақын екенін кеш білген.

“Басында Египетке барамыз, бәрі жақсы болады деді, онда тұратын пәтердің суретін көрсетіп, көлік сатып алып, такси айдайтынын айтты. Бәріміз сендік, мен пәтерім мен саяжайды саттым. Олардың білім алып, оқығанын қаладым. Бірақ кейіннен Египетке бармағанымызды түсіндік. 2013 жылы Сирияның Алеппо қаласында тұрдық, одан Ракка қаласына көшіп бардық, кейіннен Шаддад қаласынды болдық. Онда күйеубаламды өлтірді. 2015 жылы Иракқа барған кезде күйеуімді өлтіріп кетті, осылайша қызым мен немереммен бірге жалғыз қалдық. Сондықтан жесірлер мен жетімдер тұратын лагерьлерде тұрдық” деп еске алады Дариға Шелеуова.

Мақалада Сириядағы әйелдер мен балалардың ауыр жағдайы туралы да айтылады. Дариғаның сөзінше, күйеуінің қазасынан кейін отбасының жағдайы тіпті мүшкіл болып кеткен.

“Қызым екінші рет тұрмыс құрды, бірақ жағдайымыз жақсарған жоқ. Оқ-дәрі толы бөшкеде отырғандай күй кештік. Күн сайын ұйықтар кезде ертең таңертеңге дейін тірі боламыз ба, жоқ па, білмейтін едік. Балаларым үшін қорықтым. Жейтін нан болмады. Шүберектен тігілген палаткаларда тұрдық, нан жоқ, шөп-шалаң, кебек жедік, онда қалдық, тарақандар жүретін. Су да болмады” дейді Дариға Шелеуова.

Ол 2019 жылы “Жусан” операциясымен қызы және екі немересімен Қазақстанға келген. Қазір жұмысқа орналасып, отбасымен бірге Оралда тұрып жатыр.

Басылым дерегінше, "Жусан" операциясымен Сирия мен Ирактан Батыс Қазақстан облысына 116 адам оралған, олардың 30-ы әйел, 87-і - бала және үшеуі - ер адам. 90 пайызы - Орал тұрғындары.

КЕНІШКЕ БЕРІЛЕТІН ЖЕРДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ - ОРМАН АЛҚАБЫ

Петропавловск.news сайты осы аптада Солтүстік Қазақстан облысында орман алқабының бір бөлігі Tin One Mining тау-кен өндірісі компаниясының қалайы өндіретін Сырымбет кенішіне берілетінін хабарлады.

Сайт үкімет қаулысы жобасына сілтеме жасап, үзінді келтіреді. Онда Солтүстік Қазақстан облысының табиғи ресурстарды реттеу және табиғатты пайдалану басқармасына қарайтын “Лесное хозяйство Орлиногорское” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 48,5 гектар жерді шикізат өндіру мақсатында Tin One Mining компаниясына беру қажеттігі туралы жазылған. Сайт дерегінше, бұл аумақтың 46 гектарға жуығы орман алқабын құрайды.

“Егер компания жобаны қабылдаса, орман шаруашылығы өндірісінің шығынын республикалық бюджетке толтыруы тиіс” және аумақты тазарту кезде шығатын ағаш өнімдерін коммуналды мемлекеттік мекемеге беруі тиіс. Қаулы жобасына берілген түсініктемеде шығын көлемі 18 млн теңге көлемінде деп бағаланған.

Сайттың жазуынша, Tin One Mining компаниясының негізгі құрылтайшылары Berkut Mining ЖШС (75% акциясына ие) және "Самұрық-Қазына Инвест" (25% акциясына ие) компаниясы. Berkut Mining Lancaster Group холдингіне еншілес компания. Холдингінің бенефициарлары миллионер Берік Қаниев пен Юрий Пак деп айтылады. Lancaster Group иелерінің бірі ретінде әр жылдары Нұрлан Қаппаров (Қазақстан қоршаған орта және су ресурстары министрі болған. 2015 жылы Пекинде жүрек талмасынан көз жұмған) пен ұлттық банктің қазіргі төрағасы Ерболат Досаев аталған.

АРЫС КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ШАҒЫМЫ

Қазақстанның оңтүстік өңірінен ақпарат тарататын Otyrar TV арнасы былтыр әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласында 60-тан астам кәсіпкердің әлі күнге дейін өтемақыға қол жеткізе алмай жүргенін жазды. Сондай кәсіпкердің бірі Мұхамеджан Сапарханов жарылыстан дәмханасының қирағанын айтып, шығын көлемін өзі 50 млн теңгеге бағалаған. Бірақ, айтуынша, бағалау комиссиясы шығыны екі есе төмен есептеген. Кәсіпкер "сол 25 млн теңгенің өзін ала алмағанына" шағымданады.

"25 млн теңгенің өзі маған үлкен көмек болар еді. Әйтеуір жұмыс бастар едім. Ал менде үш несие бар, жұмыс істеу мүмкін емес. Не істеу керек?" дейді кәсіпкер.

Телеарнаның хабарлауынша, кейбір кәсіпкерлер өтемақы алған кейбір нысандардың барына күмән келтіріп, оларға заңсыз өтемақы берілген болуы мүмкін деп топшылайды. Соның кесірінен өздеріне көмек жетпеген. Анатолий Рунков есімді кәсіпкер мемлекеттен көмек алған коммерциялық нысандарды мекенжайы бойынша тексеріп көргенін, онда тіпті ғимарат жоғын да айтқан.

Телеарнаның дерегінше, кәсіпкерлер бұған дейін жергілікті әкімдік пен облыс шенеуніктеріне барып шағымданған. Министрліктен келген тексеруші адамдар көрсін деп қираған ғимараттарға плакаттар да іліп қойған. "Нәтиже болмады" дейді олар.

Ал кәсіпкерлерге өтемақы төлеумен айналысатын қор әзірге ақша жоқ екенін, қажетті есеп-қисапты мемлекеттік органдар мен демеушілерге тапсырғанын айтқан.

"Үш млрд 97 млн теңге қайда кетті? Олар 403 нысанды жөндеуге жұмсалды. Тағы 62 нысанға ақша жоқ. Есепшотта ақша жоқ, біз қалай төлейміз? Біз барлық дерек, мәлімет, есепті премьер-министр кеңсесі мен ақша аударған компанияларға бердік" деді "Менің атамекенім" қоғамдық қорының директоры Ләззат Шыңғысбаева.

Телеарна дерегінше, көмексіз қалған кәсіпкерлердің өтемақысын төлеу үшін 400 млн теңге қажет.

КОРОНАВИРУС ҚАУПІНЕН КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛГЕН ШАРАЛАР

Осы аптада аймақ басылымдары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерекелік шаралардан бас тарту туралы шешімінен кейін жер-жерде қоғамдық шаралардың шегерілгенін жазды.

Қостанайлық “Наша газета” басылымының жазуынша, аймақта халықаралық әйелдер күніне байланысты мерекелік шаралар облыстық, қалалық және аудан деңгейінде өтпейтін болған. Балабақша мен мектептерге де ертеңгілікөткізбеуге кеңес берілген.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ал Lada.kz сайтының жазуынша, 6 наурыз күнгі дерек бойынша Маңғыстау облысында – 23 адам (15 адам Иран азаматы және сегіз Қазақстан азаматы) коронавирусқа байланысты дәрігерлер бақылауында отыр. Олардың төртеуі “жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ)” диагнозымен ауруханаға жатқызылған.

Сайт дерегінше, облыста жеті санитарлық-карантин пункті бар. Коронавирус инфекциясын зертханада тексеретін тест жүйе Маңғыстау облысына 2 наурызда жеткізілген. Зерттеулер ұлттық сараптама орталығының вирусология зертханасында жүргізіледі.

Otyrar TV сайтының жазуынша, Шымкентте Қытайдан келген 23 адам карантинде жатыр. Ресми дерекке сай, ешқайсысынан коронавирус табылмаған. Жергілікті денсаулық сақтау саласы өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері Қытайдан келген бес адам коранавирус бойынша тексеруден өткен және бесеуінен де “жедел респираторлық вирустық инфекция (ОРВИ)” табылған. Қазіргі кезде айығып, ауруханадан шығарылған.

Atpress.kz сайтының жазуынша, Атырауда 20 ақпаннан бері Қытайдан келген - екі адам, Италия, Оңтүстік Корея, Гонконгтен келген 25 шетел азаматы және жеті Қазақстан азаматы үй жағдайындағы екі апталық карантинге жіберілген. Олардан коронавирус табылмағаны хабарланды.

Әр аймақта имамдар тұрғындарды қоғамдық орындарға, оның ішінде мешіттерге бармауға шақыра бастады.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде коронавирус жұқтырғандар жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG