Қазақстанда Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған ресейлік зымырандардың бөлшектері құлайтын аумақ тұрғындарына өтемақы төлеу мәселесі көтеріліп жатыр. Бұған қатысты тұрғындар мен билік өкілдері не дейді?
Қазақстанның ең ірі ауданы саналатын Ұлытауда (аумағы жөнінен мұнайлы Атырау мен халық саны көп Түркістан облыстарынан да үлкен) тарихи ескерткіштер, тасқа салынған суреттер мен киелі жерлер көп. Қарағанды облысына қарайтын, елдің қақ ортасында орналасқан аудан ежелгі заманда сауда керуендері өткен, билеушілер орда тіккен жазық даласымен және қырлы-төбелі көркем табиғатымен танымал. Ұлытау жерінің асты металл рудасына, үсті еш жерде кездеспейтін флора мен фаунаға бай.
Кейінгі жарты ғасырда бұл аудан Ресей жалға алып отырған Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған тасымалдағыш зымыранның бөлшектері құлайтын аумаққа айналған. Міндетін атқарып болған соң зымыраннан ажырап қалған бөлшектердің басым бөлігі Қарағанды облысының осы бөлігіне құлайды. Кезінде аудан тұрғындары зымыранның қаупін түсінбей, жерге құлаған ірі бөлшектерді үйіне әкетіп, мал ұстайтын, астық сақтайтын қора салуға пайдаланған.
Жезқазғандық белсенді Мақпал Орынбетованың айтуынша, жергілікті тұрғындар ғарыш айлағынан ұшырылған зымырандардың зардабын тартып отыр. Ол құлаған бөлшектер, ғарыштық құрылғыны ұшырар кезде басталатын өрт пен зымыран отынынан бөлініп, су мен жерге сіңетін токсикалық қалдық халық денсаулығына кері әсер етпей қоймайды деп есептейді.
Мақпал Жезқазған облысы (1997 жылы бұл облыс жойылып, елдімекендер Қарағанды облысының құрамына өтті) Сарысу ауылында электрик болып жұмыс істеген марқұм қайын атасы Сман Қаржасовты еске алды. Ол өмірінің соңғы жылдары қатты ауырып, бүйрек жетіспеушілігінен 70 жаста көз жұмған. Жақындары Қаржасовтың диагнозын экологиялық жағдаймен байланыстырады. Мақпал зымыран бөлшектері құлайтын аумаққа жақын орналасқан елдімекен тұрғындарының арасында ауру-сырқау түрлері көп кездесетінін айтады.
– Экологиялық зардап үшін Ұлытау ауданының, Жезқазған мен Сәтпаев қалаларының тұрғындарына ақша төлеу керек деп есептеймін, өйткені үшеуі де бір жерде орналасқан, – дейді белсенді.
Кейінгі жылдары Ұлытау ауданындағы халық саны азайып келеді: 1999 жылғы халық санағы бойынша, мұнда 20,5 мың адам тұрса, 2019 жылы жергілікті тұрғындар саны 13 мыңға жетпеген. Тұрғындардың көбі туған жерін тастап кетіп жатыр.
Жезді ауылында тұрып, зымыран ұшыру сәтіне куә болған 73 жастағы Владимир Ляпич далада шашылып жатқан металл сынықтарын көргенін айтады.
– Қазір зымыран сынықтарын жинайтын болды, бұрын ондай жоқ еді. Зымыран сынықтары төгілген дала әбден бүлінді, жазықта тіпті киік те кездеспейтін. Зымыран ұшыратын кезде жазықта тұратын адамдарды уақытша үйлерінен алып кеткенін көрдім. Жұмыс істеп жүргенімде, басында климаттық және экологиялық жағдайы нашар ауданда тұратын азамат ретінде айлығыма 25 пайыздық аудандық коэфициент қосылатын. Ал зымырандар ұшырыла бастағанда, аудандық коэффициентті 45 пайызға көтерді. Бұл тегін емес, демек, бірнәрсе болған ғой. Кейін 1990-жылдардың соңында бәрін алып тастады, – дейді 2000-жылдардың ортасында отбасымен бірге Жездіден Сәтбаевқа көшкен Владимир Ляпич.
Оның әйелі Валентина Ляпич денсаулығының нашарлығын зымыран ұшырудың кері әсерінен көреді.
– Ауылдан 30 километр жерге қарақат теруге барғанда зымыран сынықтарын көргеніміз есімде. Балалар әлгі сынықтарды сүйреп, төбеден сырғанатып ойнап жүрді. "Протон" құлаған кезде бірден қан қысымым көтеріле бастады. Зымыран ұшқанда, ауа райы да өзгереді. Бұл кәдімгідей сезіледі, – дейді Валентина Ляпич.
– Зымыран бөлшектері құлайтын ауданда тұратын адамдарға ақша төлеу керек деп ойлаймын, көбі осындай пікірде, – дейді ол.
ГЕПТИЛ МЕН ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ АРАСЫНДА БАЙЛАНЫС БАРЫН РАСТАЙТЫН ДӘЛЕЛ ЖОҚ
Қыркүйек айында Мақпал Орынбетова Қарағандыда жергілікті билік пен орталық ведомство өкілдерінің қатысуымен өткен, экология тақырыбындағы кездесуде тасымалдағыш зымыран бөлшектері құлайтын аудан тұрғындарына өтемақы төлеу мәселесін көтерген. Белсенді ондаған елдімекен тұрғындары үшін өтемақы талап етіп отыр.
– Бұл – радиоактивті зат. Гептил жерге сіңеді, әсері жан-жаққа тарайды. Кез келген қатерсіз ісік қатерлі ісікке айналуы мүмкін, – дейді ол.
Ресей ғалымы, "Химиялық қауіпсіздік үшін" одағының негізін қалаушы Лев Федоров (2017 жылы қайтыс болған – ред.) Азаттық радиосының Орыс қызметіне берген сұхбатында "Байқоңырдан ұшырылатын "Протон" зымырандарына отын ретінде пайдаланылатын гептил жерге сіңіп, өте ұзақ уақыт ыдырайды. Гептил ыдыраған кезде онкологиялық ауруларға әкеп соғатын мутаген түзіледі" деген. Ол ондаған жыл бойы зымыран бөлшектері құлаған аудандарда туабітті мүгедектік, ал гептил төгілген аумақтарда бүйрек, бауыр және тыныс жолдарының аурулары, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы сияқты диагноздар жиі кездесетінін айтты.
Қарағанды облысында онкологиялық ауруларға шалдығудың орташа деңгейі жалпы республикалық көрсеткіштен жоғары. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, облыс анықталған онкологиялық аурулар саны бойынша алғашқы бестікке кіреді. Жезқазған тұрғындарының қалада онкодиспансер ашу туралы өтінішінен кейін (онкологиялық клиника 20 жыл бұрын жабылған, содан бері науқастар Қарағандыға барып емделеді) билік өкілдері онкологиялық қызметті біртіндеп іске қосатынын хабарлады.
2020 жылдың 1 қазанындағы ресми дерек бойынша, Қарағанды облысында онкологиялық ауруы бар 21 078 науқас диспансерлік есепте тұр. Биылғы тоғыз айда 2196 онкологиялық ауру тіркелген. Азаттық тілшісі дәрігерлерден "онкологиялық ауру санының өсуі мен экологиялық жағдайдың нашарлығы арасында байланыс бар ма?" деп сұрады.
"Қарағанды облысындағы онкопатология мен экологиялық фактордың арасында байланыс барын дәлелдейтін зерттеу жүргізілмеген. Дәлелдер базасы жоқ. Сондықтан бұл сұраққа жауап беру мүмкін емес", – деді бұрын облыстық онкодиспансер болған Қарағандыдағы №3 көпсалалы аурухана басшысының міндетін атқарушы Сергей Шерстов.
Онкология мен радиология жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институтының дерегінше, қатерлі ісіктің даму себептері анықталмаған. Қызметі канцерогенді заттар және радиациямен байланысты кәсіпорын жұмысшылары; ауасы лас қала тұрғындары мен ультракүлгін сәулесін мөлшерден тыс қабылдаған адамдар "тәуекел тобына" кіреді.
ТӨНГЕН ҚАУПІ ЖОҒАРЫ
Тәуелсіз эколог, "Қарағанды облыстық экологиялық мұражай" директоры Дмитрий Калмыков зымыран бөлшектері құлайтын аудандарда тұратын тұрғындарды басқа жаққа көшіру керек деп есептейді.
– Менің ойымша, адамдарды, тым болмаса Ұлытау ауданындағы зымыран бөлшегі құлайтын жерге жақын салынған қыстауларды басқа жаққа көшіру керек. Бір жылға (Байқоңыр ғарыш айлағының – ред.) жалдау құнын көтеріп, адамдарды көшірсін, сонда бәрі тыныш болады. Қазақстан өз халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Жағдайды өзгерту керек, – дейді Калмыков.
2000 жылы Байқоңыр ғарыш айлағының әсері (Ұлытауда сол кездің өзінде облыстың басқа аудандарына қарағанда жүрек-қан тамыры, бронхиалды демікпе, ана мен бала өлімінің көрсеткіші жоғары екені айтылған) туралы парламент тыңдалымына материал дайындауға қатысқан Калмыков зымыран бөлшегі құлаған жерлерді шаруашылық айналымнан шығарып, адам мен мал кірмейтін аумақ жасау қажет деп есептейді. Экологтың пікірінше, билік өкілдері қауіптің алдын-алуы керек.
Калмыков апатты жағдай туа қалса, зымыран басында белгіленген жерден басқа аумаққа құлап, адам шығыны болуы мүмкін деп қауіптенеді.
– Бұл қауіп туралы ешкім айтпайды, бірақ "басқа жаққа" ұшып бара жатқан ресейлік зымырандардың көзін жою мүмкін емес. 2007 жылы Жезқазғанда болған "Протон" апатын алайық. Сол күні бұрынғы президент Назарбаев сол жақта болды. "Протон" ұшып барады, мұнда мемлекет басшысы тұр, ал "оның төбесінен 800 тонналық улы зымыран ұшып бара жатыр" деген ой ешкімнің басына кіріп-шықпайды. Зымыран Жезқазғанға небәрі 40 километр ғана жетпей жарылып, диаметрі 60, тереңдігі 20 метрлік кратер пайда болды. Зымыран құлаған жер мен оған жақын қыстаудың арасы – шамамен бір жарым километр. "Апатты құлау кезінде зымыранды жойып жіберетін батырма жоқ" дегенде, осы қауіпті айтып отырмын. Ондай батырма болса, жерге металл сынықтары ғана түсер еді. "Протон" толық күйінде құласа, көп шығын келуі мүмкін. Жарылыс кезінде оның қуаты тротил эквивалентінде 80-100 тоннаға барады. Бұл ядролық қарудың қуатына тең. Зымыран Жезқазғанның үстіне құласа, кварталдар жермен-жексен болады. Бұл "рулетка" ойыны сияқты, – дейді эколог Дмитрий Калмыков.
20 жыл бұрын өткен парламент тыңдалымы кезінде бірнеше кеңес ұсынылған. Бірақ бұл ұсыныстардың маңызды бөлігі әлі орындалмаған: бағытынан жаңылған зымыранның көзін күштеп жою жүйесі жасалмаған; құлаған зымыранды іздеп табуға қажетті радиомаяктар орнатылмаған; зымыран бөлшектері құлайтын аудан маңына тиісті белгілер қойылмаған; бұл аумақ қоршалмаған. Бірақ қолға алынған шаруалар да жоқ емес, олардың қатарына зымыран құлаған жерге барып, сынық бөлшектерді жинау, улы отын қалдығы бөлінген жағдайда топырақты реагенттермен өңдеу, өрт шыға қалса, жерді рекультивациядан өткізу шаралары жатады. Осыған дейін экологтар арнаулы бригадамен бірге зымыран құлаған жерге барып, жұмыс барысын түсіріп алған. Калмыковтың айтуынша, арнаулы бригада жұмыс істей бастаған алғашқы жылдары халық пен мамандар арасында "зымыранды кім бірінші табады?" деген бәйге болған. Кейде тұрғындар зымыран құлаған жерге жүгіріп жетіп, металл бөлшектерді темірге өткізу үшін үйлеріне әкетіп отырған. Гептил мен қышқылдардан денесі күйген адамдар да кездескен.
БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ: "МӘСЕЛЕ ҚАРАЛЫП ЖАТЫР"
Қазақстан билігі зымыран ұшыру мен оның қоршаған ортаға әсері туралы пікір беруде барынша сақ болуға тырысады. Шенеуніктердің айтуынша, зымыран ұшырылғаннан кейін комиссия бөлшектер құлаған жерді қарап, топырақты тазарту және рекультивациядан өткізу бойынша жұмыстар жүргізеді.
Қарағандыда өткен жиында экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов "Барлық құлаған зымыран бөлшектері бақылауда болып, мұндай жағдайда әрекет ету хаттамасы дайындалады. Иә, гептил отынын пайдалануға байланысты мәселе (Жезқазғандағы қоғам өкілдері, оның ішінде белсенді Мақпал Орынбетова көтерген – ред.) бар. Ресей Федерациясымен гептил отынын жиі пайдаланатын "Протон" зымыранын ұшыруды біртіндеп азайту туралы келісім жасалған. Өтемақы төлеу мәселесі Ресей Федерациясымен бірге қосымша қаралып жатыр" деді.
Биыл Байқоңырдан ғарышқа тағы бір "Протон" ұшырылған. 31 шілдеде өткен зымыран ұшыру процесі сәтті аяқталған.
"Протон" қолданылған жарты ғасырға жуық уақыт ішінде 404 зымыран ғарышқа ұшырылып, оның 49-ы апатқа ұшыраған. 2013 жылы болған ең ірі апат кезінде "Протон" ұшуының 32-минутында ғарыш кешенінен бірнеше километр жерге барып құлаған. Зымыран ішінде жүздеген тонна қауіпті отын болған. "Протон" жарылған жерге барған "Роскосмос" басшысы Владимир Поповкин бір жылға жетпейтін уақыт ішінде онкологиялық аурудан көз жұмды. Дәрігерлердің пікірінше, Поповкиннің денсаулығына гептил буы әсер еткен. Қазақстан бұл апат шығынын 13 миллиард теңгеге бағалаған, бірақ Ресей тарапы бұл шығынды өтемеген.
Кейінгі жылдары Ресей зымырандарын көбіне Плесецктегі, кейде Қиыр Шығыстағы ғарыш айлақтарынан ұшырады. Ғарышқа зымыран ұшыру нарығында Мәскеудің үлесі азайып келеді. Бұған америкалық жекеменшік SpaceX компаниясымен арадағы бәсеке әсер етіп отыр. SpaceX ауыр салмақтағы Falcon зымыранының бөлшектерін қайта қолдану әдісінің арқасында ғарышқа ұшыру шығындарын едәуір қысқартқан.
Қазақстанның экология министрлігі 2025 жылға қарай Байқоңырдан "Протон" ұшыру тоқтатылатынын хабарлады.
Ұлытау ауданының тұрғындары мен Жезқазған қаласындағы белсенді Мақпал Орынбетова гептил құйылған зымыран ұшыруды тоқтату туралы уәдені бірнеше жылдан бері естіп келе жатқанын айтады. Ал аудан экологиясы мен халқы ғарышқа зымыран ұшырудың кері әсерінен зардап шегіп отыр.
ПІКІРЛЕР