"Крымский мост. Сделано с любовью" фильмін ресейлік режиссер Тигран Кеосаян түсірген. Сценарийін оның әйелі, үкімет қаржыландыратын ағылшын тілді Russia Today телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян жазған.
Ресей кино қорының 100 миллион рублін (1,5 миллион долларға жуық) байқауға қатыспай-ақ "жеңіп" алған фильм Ресейде қараша айының басынан бастап көрсетіле бастады. Фильмге киносыншылар бірден төмен баға берді. Ресейлік "КиноПоиск" сайтында да (10 ұпайдың 2,3-і), дүниежүзілік Internet Movie Database киноресурсында да (10 балдан 1 балл) фильмнің рейтингісі өте төмен.
Фильм Қырымдағы көпірдің құрылысына атсалысып жатқан жас құрылысшылар, әдемі археолог қыздар, Мәскеуден келген пиар мамандары, Қырым татарлары, америкалық журналистер және олардың арасындағы қарым-қатынас туралы. Кинода олар оқтын-оқтын түрлі қызықты оқиғаларға (фильмді түсірушілердің пікірінше) тап болады.
Киносыншылар мен кино әуесқойлар фильмнің үгіт-насихат ретінде түсірілгенін айтып, оны төмен бағалайды.
"Қызуқанды көрермен "Қырым көпірін" пропаганда деп атауы мүмкін. Олай емес. Пропаганда дегеніміз – жоғарыдан басқарылатын машина. Фильмнен басқа нәрсені көреміз, ессіз сандырақ, шындыққа үш қайнасы сорпасы қосылмайтыны былай тұрсын, қарапайым сюжет желісі де жоқ" дейді киносыншы Антон Долин.
АНОНС ЖАСАДЫ, БІРАҚ КӨРСЕТПЕДІ
Қырым көпірі туралы бұл фильм әуелде Қазақстан кинотеатрларында да көрсетіледі деп хабарланған. Елдегі кино туралы ең ірі сайттардың бірі оның анонсын да жариялады.
Бірақ кино қазақстандық көрерменге көрсетілмеді. "Қырым көпірін" таратумен ресейлік "Централ Партнершип" кинокомпаниясы айналысады. Оның өкілдері комедияны Қазақстанда прокатқа шығармақ болғандарын, бірақ жергілікті кино прокатшылардан өтініш аз түскендіктен картинаны Қазақстан экранына шығара алмағандарын айтты.
- Қазақстандық прокатшылар Мәскеу мен Питердегі кинонарығына қатысады, ресейлік кинонарыққа қарап, соған бейімделеді. Қазақстандық премьера да өте көп болды. Питерде бәрінен сұрап шықтық, бірақ бір өкініштісі, көрермендер орындарынан тұрып, шығып кетті. Прокаттан шығып қалғанын хабарладық. Мүмкін кейін көрсететін шығармыз. Қазан айынан бастап түрлі блокбастерлер көбейеді, оған отандық фильмдер қосылады, - деді кино компания өкілі.
Әдетте Қазақстан кинопрокат жасағанда Ресей тәжірибесіне көбірек сүйенеді. Мәскеу қабылдаған фильмдерді алып, қабылдамағандарынан бас тартады. Мысалы, биыл Қазақстанда "Сталиннің ажалы" атты британдық тарихи комедияны көрсетпеді, себебі Ресей одан бас тартты. Ресей билігінің пікірінше, "картина совет әнұранын, орден-медальдарын қорлайды", маршал Жуковты "ақымақ" етіп көрсетеді. 2015 жылы Қазақстан Ресей прокатына өтпей қалған "Номер 44" триллерінен де бас тартты.
"Қырым көпірінің" қазақстандық прокатқа шықпауын киносыншы Олег Борецкий прокатшылардың "сақтық танытуымен" байланыстырады. "Жоғарыдан" ресми тапсырыс болмаған сияқты, дистрибьюторлар конъюнктураны есепке алған болар, "олар да біз сияқты адамдар ғой" дейді.
- Біздегілер фильмде саяси немесе идеологиялық нюанс бар екенін сезсе, Ресей мен Украинаға қатысты қандай да бір қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін байқаса, ондай фильмді прокатқа шығармасақ та болады деп санайды. Екіншіден, мұндай картинаны прокатқа шығарудың қандай қажеті бар деп ойласа керек. Бұл ресейлік картина, Қазақстанда бәрібір мұндай фильмге көрермен аса қызыға қоймайды, онсыз да қазір басқа да фильмдер де шығып жатыр, оларға көбірек көрермен барады деп ойлаған болар, - дейді Олег Борецкий.
ҚЫРЫМ ТАҚЫРЫБЫН АЙНАЛЫП ӨТУ
Қазақстан Қырым тақырыбын кинопрокатта ғана айналып өтпейді. 2014 жылы Қырымда өткен референдумнан соң Астана екіұшты мәлімдеме жасады.
Онда Қазақстанның БҰҰ жарғысына сәйкес халықаралық құқық принциптеріне адал екені, "Ресей Федерациясының қазіргі жағдайдағы шешіміне түсіністікпен қарайтыны" айтылған. БҰҰ бас ассамблеясында мемлекеттердің көбі референдумды заңсыз деп таныды, ал Қазақстан дауыс бергенде қалыс қалды.
БАҚ-тың жазуынша, Қырым көпірі, дәлірек айтқанда, оның суреті Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы форумынан тыс өткен жергілікті пікірталас кезінде назарға ілініпті. Қарашаның 9-ы күні Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Петропавлда екі ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин шекаралас аймақтағы туристік сала әлеуетін талқылап, туристік көрмені аралады.
Ресейлік "Московский комсомолец" пен өзге де БАҚ-тың жазуынша, Қырым көпірінің суреті бар стендті Назарбаевтың протокол қызметі көргенде "шошып" кеткен. Сосын оны жасанды өсімдікпен қалқалап, көрсетпеуге тырысқан. Ал Ресей тарапы "Ресей Қырым көпірі үшін ұялмайтынын, керісінше мақтан тұтатынын" айтып көршілерінің бұл әрекетіне қарсы болған. Ақырында стенд қалған, бірақ экскурсия кезінде президенттерді оның қасынан өткізбеген.
Қазақстан президентінің баспасөз қызметі Петропавлда Қырым көпіріне қатысты болған жағдайды терістеді.
- Ондай ештеңе болған жоқ. Көрме болды, Қазақстан мен Ресей жақтан әр облыс өз туристік орындарын таныстырды. Көпір туралы бірінші рет естіп тұрмыз, - деді олар.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 12 қарашада екі ел президенті Қырым көпірінің суреті бар стендтің жанынан өтпес үшін Қазақстан жағының көрмедегі президенттер жүріп өтетін маршрутты өзгертуді сұрағанын растады.
2015 жылы күзде Азаттық қазақстандық география мен тарих оқулықтарында аннексияланған Қырымды Ресей Федерациясының территориясы деп көрсеткені туралы жазған еді.
Украина елшілігі осы мақаладан соң Астанаға нота жіберіп, орта мектептердегі оқулықтарды өзгертуді сұрады. Оқулық жазумен айналысатын "Мектеп" баспасы түзету енгізді, келесі жылы Қырым туралы абзацтар оқулықтан мүлдем алынды.
Дегенмен де, Қазақстан әлі күнге дейін Қырым тақырыбына жоламауға тырысады. 2018 жылы қыркүйекте БҰҰ бас ассамблеясы отырысында Астана "Украинадағы уақытша оккупация жасалған аумақтар жағдайы" мәселесін күн тәртібіне енгізуге қарсы шықты.
Қазақстанмен бірге Ресей, Беларусь, Армения, Бурунди, Иран, Сирия, Мьянма, Никарагуа, Судан, Куба, Филиппины және Венесуэла бұл тақырыпты талқылауға қарсы болды.
ПІКІРЛЕР