Accessibility links

"Шынайы бәсекеден ада бос әурешілік". Сайлау және саяси жағдай жайлы сарапшы пікірі


Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетін күні сайлау учаскесінде жүрген сайлау комиссиясы мүшелері. Батыс бақылаушылары сайлауда заң бұзу фактілері көп тіркелгенін, биліктің наразылық акциясына шыққан азаматтарды жаппай ұстағанын айтқан. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетін күні сайлау учаскесінде жүрген сайлау комиссиясы мүшелері. Батыс бақылаушылары сайлауда заң бұзу фактілері көп тіркелгенін, биліктің наразылық акциясына шыққан азаматтарды жаппай ұстағанын айтқан. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстанда алда болатын парламент сайлауы саяси режимді консервациялауды көздейді, ал шынайы бәсекесіз өтетін сайлаудың нәтижесі қазірден белгілі деп санайды саясаттанушы Дастан Қадыржанов.

Қазақстанда парламент және жергілікті өкілдік орган депутаттарын сайлау күні жарияланды. Елді отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасынан кейін алғаш рет өтетін мәжіліс сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленді. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғалы үнемі кезектен тыс өтіп келген сайлау бұл жолы заңда белгіленген мерзімінде өтпек.

Парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға партиялар ұсынған кандидаттар ғана сайлана алады. Жергілікті өкілдік органдарға сайлау алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Заңға 2018 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді өзін-өзі ұсынған азаматтар мәслихатқа сайлана алмайды. Билік заңға енгізілген өзгерістер "саяси жүйені нығайтып, партиялардың белсенділігін арттырады" деп сендіреді. Ал сыншылар Қазақстандағы партиялық алаң мемлекеттің бақылауында екенін, биліктің көңілінен шыққан саяси ұйымдар ғана тіркеуден өте алатынын айтып, "бұл өзгерістер азаматтардың сайлау құқығын шектейді" деп есептейді.

Неліктен қазіргі жағдайда бәсекеге толы (Батыс бақылаушылары Қазақстандағы ешбір сайлауды адал әрі әділ деп танымаған) сайлау өткізіп, мықты парламент құру мүмкін еместей көрінеді? Алдағы сайлаудан қандай да бір интрига күтуге негіз бар ма? Азаттық бұл жөнінде саясаттанушы Дастан Қадыржановтан сұрап көрді.

"ОПАСЫЗДАР ШОҒЫРЫ", БӘСЕКЕ ИМИТАЦИЯСЫ ЖӘНЕ ЖАЛҒЫЗ РЕЖИССЕР

Азаттық: Елде парламент сайлауының күні белгіленді. Осыған дейінгі сайлаулардың нәтижесі алдын-ала белгілі болатын: үнемі "Нұр Отан" жеңіске жетіп, парламентке онымен бәсекелес ұйымдар емес, серіктес партиялар өтетін. Осы жолы алдағы сайлаудан қандай да бір өзгеріс күтуге бола ма?

Саясаттанушы Дастан Қадыржанов.
Саясаттанушы Дастан Қадыржанов.

Дастан Қадыржанов: Сайлаудың нәтижесі әлден шешіліп қойған. "Нұр Отан" партиясына (оны бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарады – ред.) қазірдің өзінде сайлауда 75-85 пайыз аралығында дауыс жинайтын жеңімпаз рөлі беріліп отыр. Партия бұл нәтижеге сайлауда шынайы дауыс жинау арқылы емес, әкімшілік ресурстар мен бюллетеньдерге манипуляция жүргізу арқылы қол жеткізеді. Парламенттің қалған бөлігін оппозициялық саяси технологтар арасында "опасыздар шоғыры" деп аталатын партиялар құрайды. Олар бәсекелі сайлау өтіп жатқандай түр танытып, бастысы, сайлау нәтижесін бірауыздан мойындау міндетін атқарады.

Қазір биліктің азаматтарды "қашып құтыла алмайтын жағдайға" дайындап жатқаны осы жорамалды толықтай растайды. Мысалы, "Нұр Отан" партиясының 76 пайыздан көп дауыс жинайтынын көрсететін, халықтың санасын сайлау нәтижесіне дайындау үшін ұйымдастырылған әлеуметтік сауалнамалар жарияланып жатыр. Мұндай сауалнамалардың ғылыми зерттеуге еш қатысы жоғы және халықтың шынайы көңіл-күйінен хабар бермейтіні белгілі. Мұны ескі технологиялардың көмегімен азаматтардың санасын улау деп бағалауға болады.

Интрига – бәсекені білдіреді, ал тіркелген партиялар арасында бәсекенің иісі де сезілмейді. Бұл шынайы бәсеке емес, бір режиссердің көмегімен ұйымдастырылған бос әурешілік.

Сондықтан қандай да бір интрига туралы айтудың өзі артық. Билік насихатшылары не айтса да, қазіргі режим кез келген әдіспен жеңіске жетуге тырысады. Интрига – бәсекені білдіреді, ал тіркелген партиялар арасында бәсекенің иісі де сезілмейді. Бұл шынайы бәсеке емес, бір режиссердің көмегімен ұйымдастырылған бос әурешілік.

Азаттық: Бұл Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келгеннен кейін басталып, әлі аяқталмаған билік транзиті жағдайында өтетін бірінші мәжіліс сайлауы...

Дастан Қадыржанов: Бұл ерекше саяси сәт емес, шын мәнінде ешқандай билік транзиті жоқ. Билік әлі де бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған ескі элитаның қолында. Бәрі бұрынғы сүрлеумен келе жатыр. Азаматтарды "Бәрі олай емес, Тоқаев реформалар жүргізеді" деп сендіруге тырысудан еш нәтиже шықпайды. Тоқаев мойнына артылған тарихи сынаққа жауап бере алмады. Қоғамның сайлауға қандай саяси жағдайда жеткеніне қарап, бәрін жоққа шығармай-ақ қоюға болады. Конституциялық мерзімге сәйкес өтетін сайлауды саяси өзгеріс деп көрсету күлкілі көрінеді деп ойлаймын.

Дегенмен бұл саяси сәттің бір ерекшелігі бар. Бұл ерекшелік бір тараптың қоғамдық келісімді толықтай бұзуынан көрінеді. Көбі әлі күнге қоғамдық келісім ұғымын идеология мен Конституция деңгейінде ғана түсінеді. Бірақ қоғамдық келісім қамтитын салалардың ауқымы одан әлдеқайда кең.

Қазақстанда неше партия бар, қаншасы парламентке өткен?

Қазір Қазақстанда алты саяси партия тіркелген. Оның үшеуі парламентке өткен. Олардың қатарында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын, елдің саяси алаңында үстем күшке айналған "Нұр Отан" партиясы (қазіргі мәжілісте 107 мандаттың 84-іне ие) және билікшіл "Ақ жол", ҚКХП (екеуіне де жеті мандаттан берілген) бар. Қазіргі мәжілістің өкілет мерзімі 2021 жылдың наурызында аяқталады.

Қоғамдық келісім халық билігінің бір бөлігін өкілдік органдарға беру принципіне негізделген. Бұл жерде "халық" – әдеби категория емес, құқықтық ұғым. Өйткені Конституцияда "мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық" деп көрсетілген. Ал қоғамдық келісім – халықтың атынан осы биліктің бір бөлігін өкілдік органдарға беруді реттейтін принциптер жиынтығы.

Халық билігінің бір бөлігін өкілдік органдарға беру принципін бұзу арқылы "элита" опасыз түрде басты конституциялық принципін аяқасты етіп, билікті заңсыз иемденіп отыр. Сондықтан қоғамдық келісімнің қазіргі жағдайы биліктің, мемлекет басында отырған және өкілдік органдарға "сайланған" тұлғалардың легитимділігінен хабар береді.

Сайлауға қатысатын саяси партиялар халықтық бастаманың үлгісі емес. Бұл ұйымдар "жоғарыдан" ұсынылған шарттар негізінде "билікке жалданып жұмыс істеу" принципі бойынша құрылған. Олардың атынан ұсынылатын кандидаттарды астанадан бекітеді. Олардың қатарында "праймеризге" қатысқандар (биліктегі "Нұр Отан" партиясы депутаттыққа үміткер азаматтарды іріктеу процедурасын өткізді; сыншылар бұл шараны "демократияның имитациясы" деп атады – ред.) да бар. Билік оларды халықтық бастама ретінде көрсеткісі келеді, бірақ шын мәнінде бұл тағы да Ақордада бекітілген тізім болып шыға келеді. Міне, сол себепті олардың ешқайсысы халық билігін "элитаға" тапсыратын институт бола алмайды.

"Елбасына рақмет" және "Партия қайда болса, біз сонда..." Депутаттар мәжіліске қайта сайланғысы келе ме?

Қазір ел азаматтары сайлау және сайлану құқығынан айырылған. Азаматтар не өзін-өзі ұсынып сайлауға қатыса алмайды, не "бәріне қарсы" дауыс бере алмайды. Басқаша айтқанда, сайлаушыларда балама мүмкіндік иллюзиясы да жоқ. Алдағы сайлауалды науқанға қатысты негізгі сұрақтардың бірі – осы. Мұның қасында қалған сұрақтардың мәні жоқ.

"ЭЛИТАНЫҢ" МАҚСАТЫ – ҚОҒАМДЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ САҚТАУ

Азаттық: Тоқаев сайлау күнін жариялаған кезде "саяси модернизация жүргізу", "азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын арттыру" бойынша шаралар қолға алынғанын айтты. Биыл заңға "парламенттік оппозиция" мәртебесі және әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беру туралы өзгерістер енгізілгенін мысалға келтірді. Аталған өзгерістерді модернизация шаралары деп атауға бола ма?

Дастан Қадыржанов: Заңға енгізілген өзгерістермен қатар, оппозицияға шын мәнінде жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, мұны алға ілгерілеу деп қабылдауға болар еді. Бірақ бүгінгі мәселенің оппозицияға қатысы жоғын және одан әлдеқайда маңызды екенін түсіну керек. Мәселе халықтың шынайы өкілдеріне қатысты болып отыр. Биліктің квазисаяси институттарын халық өкілі деп атауға болмайды. Қандай да бір күдікті саяси ұйымдар алдағы сайлауда билікке оңай сатылып кететін рөлінің арқасында кішкене билік пен көп материалдық игілікке қол жеткізеді. Ал халық өкілдеріне ештеңе бұйырмайды. Елде тәуелсіздік күні белгіленген қалыптағы демократия мен халық билігі не заңда, не шынайы өмірде кездеспейді.

Азаттық: Былтыр Тоқаев "мықты президент – ықпалды парламент – есеп беруші үкімет" моделіне ұмтылатынын айтқан. Қазіргі жағдайда бұл формуланы жүзеге асыруға болады деп ойлайсыз ба?

Дастан Қадыржанов: Бірнеше қарапайым сұрақ қойып көрсеңіз, бәрін бірден түсінесіз. Кімнің алдында мықты? Ненің алдында ықпалды? Бастысы – кімнің алдында есеп береді? Билік шынайы саясатты "элитааралық баланс, олигархиялық топтар мүддесі мен оларға биліктен бөлінген орындар теңдігі" деп түсінеді. Бітті. Осы үштіктен өзіңіздің азаматтық мүддеңізді іздеп көріңізші, таба алмайсыз.

Жүйе демократиялық бағытта өзгерудің орнына, керісінше қайта құрылымдаудан өтіп жатыр.

Азаттық: Парламент сайлауымен бірге жергілікті өкілдік органдарға да сайлау өтеді. Заңға "мәслихат кандидаттарын тек партиялар ғана ұсына алады" деген өзгеріс енгізді. Азаматтар бұрынғыдай өзін-өзі ұсына алмайды. Бұл қазіргі саяси процестің қисынына келе ме?

Дастан Қадыржанов: Алдыңғы жауаптарға қарап, мұндай жүйенің неге құрылатынын түсінуге болады. Бұл жүйе азаматтарды жергілікті деңгейдің өзінде сайлау құқығынан айырып отыр. Бар болғаны осы. Жүйе демократиялық бағытта өзгерудің орнына, керісінше қайта құрылымдаудан өтіп жатыр. Билік азаматтардың құқығын тартып алумен ғана шектеліп қайтеді? Мемлекеттік деңгейде жүргізілген жұмысты неге жергілікті деңгейде қайталап көрмеске?

Азаттық: Алдағы парламент пен мәслихат сайлауы режимнің сақталып, стагнацияның жалғасуына ықпал етеді деуге бола ма? Режимнің сақталуы неге қауіпті?

Дастан Қадыржанов: Қазіргі "элитаның" мақсаты да – осы: олар қоғамдық қатынастарды өзгеріссіз сақтап қалуды көздейді. Ештеңе өзгермегенін, ешқандай азамат жеке өзі не қоғамдық бастама аясында, партия құрамында ештеңеге қол жеткізе алмағанын, кез келген саяси, экономикалық шешімдерден аулақ жүргенін қалайды. Азаматтар тек үнсіз салық, жарна, айыппұл төлеп, ақылға сыймайтын заңдар мен шешімдерге бағынуы, ал билік барлық игілікті пайдаланып, шалқып өмір сүруі керек.

Мұның несі қауіпті? Бұл сұрақтың жауабын Қазақстанның геосаяси ортасында болып жатқан батыл оқиғаларға қарап табуға болады. Қазір бұл кез келген азамат үшін ұғынықты дүние деп ойлаймын. Бірақ қолында билігі бар азаматтардың жағдайды түсініп отырғанына күмәнім бар.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG