Accessibility links

Ғажайып күн


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Дәл осы сәттен бастап жаппай сауап-жәрмеңкеге кірісіп кетсек, қолымызға не ілінер еді?.. Жоқ... Кешіктік. Күн батты, жұмыс аяғы болды, енді көп ештеңеге үлгере алмаймыз...

Шынында ғажайып күн!.. Айтсам – жылайсыз... Ертеңерте әйелім бетімнен сүйіп оятты!.. Бетім, біртүрлі, жыбырлаған соң, шыбын ба деп, ұйқылы-ояу жатқан қалпы, салып қалғам. Алақаным жұп-жұмсақ, жып-жылы бірдеңеге шарт ете түсті. Әйелімнің беті екен... Күректей алақан оңдырсын ба, көзімді ашқанда, қып-қызыл боп дуылдаған сол жақ бетін қолымен басып, күлімсіреп:

– Жаным, оның не, мен ғой, – деді, қыз күніндегі бір сүйкімді үнмен. Жүз жылдан бері «жаным» деген сөзді жатырқап, қаңсып қалған құлағым сасқанынан, әлде ұялғанынан аянышты бір кейіпте ыржиып күлгенін сездім. Әлде кемсеңдеді ме?..

– Не боп қалды?! – деп күңкілдедім, сонда да сыр бермей. – Бірдеңе көрінді ме... таң атпастан?..

– Жаным-ау, енді жан жарымыздың бетінен сүюге де хақымыз жоқ па? – деді бәйбішем, бұдан тағы да жүз жыл бұрын ұмытқан сыңғыр даусымен күле сөйлеп. – Ұйқыңды аша ғой енді, шайың қайнап тұр, жұмысыңа кешігіп қаларсың.

Осыны айтып, мен бірдеңе дегенше болмай, төсегіме төніп келіп, бетімнен тағы бір шөп еткізді де, жатын бөлмеден сып етіп шығып кетті. Міне ғажап! Түсім емес, өңім! Бетімді шымшып, құлағымды тартып көрдім – жоқ, өңім... Мұндай кереметті көргенде, жүрегің мұз болса – ериді, тас болса – жібиді. Айтары жоқ, ғажайып таң!

Ғажап сосын басталды. Жалпы, осы күнім бір-біріне жалғасқан ғажайып құбылыстардың тізбегіне айналды. Аялдамада бір жігіттер жылыұшырай сәлемдескен. Ешқайсысын танымаймын. Автобус салонына кіргенімде, анадай жерде отырған жалпақ қара жігіт «Ассалаумағалейкүм!» деп, ұшып тұрып, орын ұсынды. Түсінбедім... Отырып жатып:

– Сен, немене, мені танушы ма ең? – деп сұрадым.

– Жоға... Мұсылман баласы болған соң... жасыңыз үлкен – құрмет білдіріп, орын ұсыну парыз ғой деп...

Ғажап! Біздің ел тәуелсіздік алғалы бері көріп отырған бірінші мұсылманым...

Қызмет болғасын, менде көптеген бастық та, аздаған бағынышты да бар. Өмір болғасын, олармен қарым-қатынасым да қилы-қилы: бірімен тату-тәтті, бірімен ойқы-шойқы... Ең үлкен бастығым мені қырына алғалы біраз болған. Білмеймін, қай қылығымнан жақпай қалғанымды... Маған бағыныштылар да мені тегіс жақсы көреді деп айта алмаймын, алайда, қызмет бабында, шамам келгенше, адалмын, білігім жеткенше, әділмін деп ойлаймын. Мен сияқты қарапайым пендеден бұдан артықты талап ету де – әділетсіздік болмай ма...

Кабинетіме кіріп, орныма отырар-отырмаста, телефон шарылдап қоя берді.

– Ассалаумағалейку-у-ум...

– Уағалейкум-м... – дей беріп, өз құлағыма өзім сенбей, қалбалақтап орнымнан атып тұрдым. Бастықтың даусы... (Неге әдеттегідей хатшы қыз арқылы емес?!) Бір қолым – тұтқада, бір қолым – бастығым көріп тұрғандай, жалма-жан қисайған галстугімді түзеп жатыр.

– Сәлем бергеннің сауабы сәлем алғаннан да үлкенірек болады екен... – деді Бастығым, жаймашуақ, мейірімді (?!) бір үнмен. – Жасыма, дәрежеме қарамай, алдымен амандасып жатқаным – сол.

– Рахмет, Басеке... рахмет, - деп жатырмын, есім қалмай.

– Мүмкіндігің болса, келіп, кетпес пе екенсің...

Мұнысы енді артықтау. Мүмкіндік... болғанда қандай! Мүмкіндік бағыныштыда болмағанда, кімде болу керек? Бастықтың қалауын табуға мүмкіндік таппаса, оның несі бағынышты?!

Дегенмен, Құдай бірдеңе берер. Мен дегенде бетінің түгі тікірейіп тұратын бастығымның даусынан бүгін шуақ тамшылап тұр. Екі өкпемді қолыма алып, қабылдау бөлмесіне де жеттім. Хатшы қыз «кіре беріңіздің» ишаратын жасап, басын изеп, бастықтың есігін нұсқады. Бастық, мен кіргенде, креслоға көміліп отырған ауыр бөксесін ерінбей-ақ көтеріп, үстелінен бері шығып, амандасып, мені тағы бір таң-тамаша қалдырды. Көңіл-күйімді, әйелімнің, балаларымның амандығын сұрап, жылы жүзімен, мен естіп көрмеген ерекше қамқор даусымен жан-дүниемнің әптер-тәптерін шығарды... Бір кісідей-ақ қаттылығым бар еді, мына ықыластан көңілім босап, әрең отырмын.

– Аңғарбай... – деп, сөз бастады бір кезде бастығым. – Білесің бе, білмейсің бе – мен сені замандас ретінде қатты қадірлеймін. Жақсы маман, тамаша қызметкер деп бағалаймын. Енді... өмірде анау-мынау болмай тұрмайды ғой, кейде қызмет бабына, кейде көңіл-күйге байланысты әртүрлі бір... мінездерім көрініп қалатын шығар. Және ол саған оңай да тиіп жүрмеген болар... Бәрін түсінем. Бірақ өзіңе деген көңілім адал. Артық-кем кеткен жерім болса, жүрегі таза, жаны жайсаң жігітсің ғой, кеңшілікпен кешіреді деп білем. Қыр соңыма түсіп алды деп ойлама – тіпті де олай емес... Қысқасы, арада өкпе-араздық болса, ұмытайық. Адамның көңілінен қымбат не бар мына қысқа ғұмырда...

Мен балқып отырған бойымды күшпен жиып, бастығыма енді күдіктене қарадым. Өлер алдында арыздасып отырған адамның сөзі сияқты... Бетіне тағы да анықтап қарадым: жоқ, ағы – ақ, қызылы – қызыл... Қазір өле қоятын ойы жоқ... Ғажап!

– Айтпақшы, - деді ол тағы да. – Сен баяғы екі бөлмелік тар пәтеріңде тұрып жатқан жоқсың ба әлі... Әкімшілікпен сөйлесіп жатырмын, көп ұзамай, бір жақсылықтар болып қалатын сияқты... Пәтер кеңейтуге арызыңды жазып, құжаттарыңды реттеп қойсаңшы.

Құлағым тұнып, көзім қарауытып, кабинетіме әрең жеттім. Бастық мені сыйлайды екен. Қаншама уақыттан бері кезегінен өзі қағып келген тиесілі пәтерімді де бермекші. Өмірден өмір бойы қағажу көріп келе жатқан мен сияқты жұмыр бастыға мұнша жақсылық – лап қойған қар көшкінінің астында қалғанмен бірдей... Орындығыма сылқ түсіп, талықсып, сүт пісірім уақыт есімді жидым. Мен өзіме-өзім келді-ау деген кезде, телефон шырылдады.

– Аңғарбай, қалайсың?!

Майлық дейтін досым. Әрі түйдей құрдасым. Күйлі-бақуатты, әжептәуір мәнсапты жігіт.

– Шүкір...

– Ақшаң бар ма?

– Бар болса да, саған беретін ақшам жоқ. Сенен гөрі опалырақ шошқаға бергенім жақсы...

– Астафиралла... Оның не, Аңғаш-ау, харамның атын аузыңа ала көрмеші... мынадай күні...

– Қандай күні?..

– Жә, жарайды, айтайын дегенім, сенен ақша сұрап отырған жоқпын. Қайта, қарыз керек болса, менен ала тұруыңа болады дегенім ғой.

– Әнеукүні сұрағанда қайда қалдың? Өлердегі сөзімізді айтып, ала алмап едік қой сенен.

– Ол күні... бір жағдайлар болып... реті енді келіп тұр дегенім ғой...

– Шөп басын сындыру керек екен. Қолтырауын да жылайды, сендей тас сараң да жібиді деп кім ойлаған! Құдай бірдеңе берер...

– Әзілің қалмайды-ей, сенің, осы... Шын айтам, ақша керек пе?

– Ей, сұм! Қарынбай! Сен осылай өзің хабарласып, біліп тұршы бұдан былай: «ақша керек пе» деп. Тек жоғалып кетпей, жиірек хабарлас. Басқа шаруаң бар ма менде?

– Жоға... Соны білейін деп. Дегенмен, күн батқанша, ойлан... Қарыз керек болса, өзімнен сұра. Келіншегіңе сәлем айт, ей. Хош...

Тұтқаны орнына қояр-қоймаста, телефон тағы безектеді.

– Аңғашжан, қалайсың, бауырым?!.

– Ассалаумағалейкум... – дедім, әлдебір себеппен арамыз суып кетіп, көптен көрмеген бір ағамды даусынан танып.

– Аңғашжан, айналайын, мен сенің тілекшіңмін ғой қайда жүрсең де... Мен саған өкпемді баяғыда кешкенмін. Сен де кеш, шырағым. Өмірде не болмайды, пендеміз ғой бәріміз. Бүгін кешке келінді, балаларды алып, үйге келсеңдерші. Көңілдегі кірді кетіріп, арқа-жарқа болып, баяғыдай бір шай ішейік те...

Мына ағам көңілімді бастығымнан жаман босатты.

– Ағатай-ау, - дедім, даусым бұзылып, көзіме жас тығылып. – Құдайдың сенбі, жексенбісінде-ақ қауышсақ болмай ма? Жұмыстан соң, мен сүйретіліп үйге барғанша, одан ырғатылып бала-шағамызбен үйден шыққанша, сөлектеп сіздің үйге жеткенше, күн батып, таң атып кетпей ме?!

– Солайы солай ғой... Дегенмен, бүгін келгендерің жақсы еді... Бүгін бір ғажап күн ғой, - деді ағам.

Жік-жапар боп жыртылып, құлдық ұра ризашылығымды айтып жатып, ағамызды бұл мәселенің бүгін реті келмейтініне әрең сендірдім. Сөз арасында сенбі, жексенбі дегенді қайыра есіне салып едім, ағамыз оны естімегендей елеусіз қалдырды... Қалай болғанда да, бір-бірімізге бұрын болып көрмеген аса мейірлі, бауырмал көңілмен хош айтыстық. Әншейінгі, күнделікті, үйреншікті татулықтан гөрі, кетісіп барып, табысқан қандай тәтті еді! Бұрын қалай білмегем? Ғажап!..

Басымды шайқап, тұтқаны орнына қойғаным сол еді... Қызық енді басталды! Адам болғасын, өмір болғасын, маңыңда тілек қосқан дос та жүреді, қарадай қағынып, әр қадамыңды аңдыған дұшпан да табылады. Білмеймін, сізде ондай жау бар ма, жоқ па... Менде – бірнешеу. Солар, кезекке тұрғандай, бірінен соң бірі телефон шалды. Амандық сұрап, саулығыма тілектестік білдірді. Бір-екеуі, тіпті, жанымды тебірентіп, «бүгін бір кездесіп, шай ішіп отырып, әңгімелессек» деп қиылды... Міне, ғажап! Бүгін мейрам емес пе өзі? Самарқанның көк тасы жібитін Наурыз өтіп кетпеп пе еді... Кідірмей тағы бебеулей жөнелген телефонды алмай, айран-асырым шығып, ойланып отырмын. Көңіліме кенет күдік кірді. Өз-өзімнен қуыстана бастадым. Менің осы қаладағы бар-жоқ танысым өзара келісіп алып, мені ақымақ қылып ойнап жатқан жоқ па, осы? Әйтпесе... мүмкін емес қой – әйелім, бастығым, ағам, досым... жауларым... Таң атқалы, міне, күн түске тармасты, қолым телефоннан босамады. Жұмыс істеуге мұрша болған жоқ – мен шылқыған адамгершілікке, көл-көсір мейірім мен достыққа белшемнен батып, кеңірдектей бөгіп, малтығып жатырмын... Мұншалық ықылас-ілтипат, көл-дария махаббатқа бөленіп көрмеген кембағал басым, бойымды жаңағы бір жайсыз сезік дендей жайлап, мазам біржола кетті. Оған енді бағанадан бері үзіліссіз, тынымсыз шар-шар еткен телефон үні қосылып, әлдегене шамданып, ширығып, әрі-беріден соң жыным қоза бастады... Тұтқаны жұлып алып, қалшылдап, құлағыма тостым.

– Әй, Аңғарбай... Мен ғой – Жайлық... Сен баяғыны ұмыта алмай жүрсің-ау деп... Бүгін бір... сенен кешірім сұрайын деп...

Осыдан екі жыл бұрын, мас болғансып, не үшін екені есімде жоқ – мені келістіріп боқтап кетіп, енді көзіме көрінуге беті шыдамай жүрген ескі дос... Қаным басыма шапшыды.

– Ей, ит... шошқа, - дедім сөзін аяқтатпай, киіп кетіп, - тым болмаса, сен айтшы... не болған сендерге?! Менде не ақыларың бар, осы?!. Бұдан бұрын қайда қалдыңдар? Бүгін не түлен түртті бәріңді? Сендер – келісіп алғансыңдар ғой. Солай ма? Айт, қане... Бұл не мазақ?! Бұл не масқара?!

– Астафиралла, астафиралла... Шошқаң не, Аңғаш-ау?! Бұл қайткенің... Айтпашы харамның атын... Кіммен келісіп алыппын? Не деп тұрсың өзің, жаным-ау?! Мен сенен кешірім сұрайын деп... Саған деген көңілім...

Тұтқаны лақтырып жібердім. Құлағым шыңылдап, зеңіген басымды сығымдап, мәңгіріп отырмын. Жоқ, мұнда бір сыр бар... Мүмкін емес... Жаманшылықтан шаршамайтындар көп екенін білем. Адам – жақсыға да солай тоймайды деп ойлайтынмын... Тойдым мен! Жарты-ақ күнде жақсылыққа аузы-мұрнымнан шыға мелдектедім. Адам баласының ындыны қанша мешкей болғанмен, ыдысына шақтап құймасаң, жақсыны да көтере алмайды екен. Тойғаным сонша, жүрегім айнып, жиіркеніп, дәл қазір көзіме біреу көрінсе, жағасынан ала кетсем деп отырмын... Енді бір ауыз жылы сөз естісем – боқтағым, енді бір жылтыраған бет көрсем – түкіргім кеп отыр.

Осы ойымды сезгендей, есікті біреу тықылдатты. Иә, сәт...

Қабағынан қар жауып... Жексен кірді. О-о... Нағыз антұрғанның өзі келді! Бір мекемеде неше жыл бірге істесек те, жұлдызымыз жараспаған адам – осы. Өмірі бітімге келіп көрмегенбіз. (Келмейміз де!) Не жетпейтінін білмеймін, үнемі тақасып, тіресеміз де жүреміз. Басымыз қосыла қалса, шарпыса кетеміз. Және «неге өйттік» деп ойланбаймыз да. Қысқасы, мен сүйген нәрсенің бәріне бітіспес жау. Менің аузымнан шыққан бар пікірге ымырасыз оппонент. Мен енді мәңгі құтылмайтын, бар өмірімді улаған қара пәле – осы... Жексен!

Тиісерге қара таппай отырған адамға Құдайдан бұдан артық қандай жақсылық тілейсің!

– Мен сені қазір өлтірем! – дедім, орнымнан атып тұрып. – Сүмелек, өте жақсы келдің! Ажалыңа асығып, дәл уақытында келдің.

Ол да қанасына симай тұр екен, көзі қанталай, кіжініп:

– Мен де сондай ниетпен келіп тұрмын, оңбаған! – деді ақыра тепсініп. – Мен де сенің жаныңды алуға әзірмін! Қорлығың өтті әбден, қанішер!

Екеуміз бір-бірімізді түтіп жеп қоярдай қарсы қарап, қалш-қалш етеміз. Арамызды менің жұмыс үстелім ғана бөліп тұр. Үстелдің екі шетінен шеңгелдей ұстап, мойынымызды ішке ала, бір-бірімізге төне түсіп, ентіге дем аламыз. Пыс-пыс етіп, енді болмаса, тұмсығымызбен сүзісер халдеміз... Осылай біраз тұрған соң, бір-бірімізді өлтіре алмайтынымызды алдымен түсінген мен:

– Ең жеңіл болғанда, жағаңды жыртам, мұрныңды бұзам... – дедім сәл саябырсып, шындыққа барынша жақындап.

– Ең жеңіл болғанда, мен де сені итше тепкілеймін, – деп, ол да сабасына түсіп, ақылға сиымды мәмілеге келді.

Осылай тағы біраз тұрған соң, менің ақыл-есім толық орнына түсіп:

– Әйелің бетіңнен сүйді ме?.. – дедім, ақырын ғана, бейбіт үнмен.

Дөп түстім. «Қайдан білесің?!» дегендей, Жексенім қапелімде сасып қалды. Аузы әнтек ашылып, аңырып тұр. Қанша білдірмейін десе де, жанарында бір дүдамал сәуле жылт ете қалып, маған төне, еңкейе ентігіп тұрған бойын тартып, түзелді. Менің келесі сұрағымды күтті.

– Бастықта болдың ба?...

– Иә... Қайдан білесің?...

– Опасыз дос-жаран, қайырсыз ағайын-туған… түгел хабарласты ма?

– ... Қайдан білесің?...

– Менен басқа оңбағандардың бәрі телефон шалып, қаныңды ішіп бітті ғой?...

– Дәл солай... деді, айран-асыр, абыржып тұрған бейшара есін енді ғана жиып. – Оңбағандардың оңбағаны – мына сен келіп, кешірім сұрап, я көлгірсіп, дос көңіліңді білдіріп, құсқымды келтірмей тұрғанда, жағаңнан алайын... жағаласып, қолыңда өлейін деп келгенім ғой үлгеріп...

– Ух, – деп, буыным босап, бойым жеңілдеп отыра кеттім сол кезде. – Сорлы-ай... Азаматым-ай! Осы қалада дәл бүгін жынды болған, мазақ болған жалғыз мен бе десем... Бар екенсің ғой, бауырым!

Түкке түсінбей қалшиып тұрған бейбаққа: «отыршы» деп орындық ұсындым. Темекімді тұтатып, мені өлтірмек ойы бар замандас, тағдырласыма мейірлене қарап, асықпай будақ-будақ түтін шығардым. Өзге молдалығының сыртында, арақ ішпейтін, шылым шекпейтін сопысымақ «әкелші» деп, қолын созды. Сирагет ұсынып, оттығымды тостым.

– Ал енді айтшы, – дедім. – Бұл не комедия? Осы жұрт өзара келісіп алып, елден ерекше, екеумізді жынды қылып ойнап жүрген жоқ па бүгін? Не білгенің бар?

– Жоқ, – деді Жексен, темекі тарта алмайтын адамдардың әдетімен, түтінді ішке тартпай, бер жағымен бұрқ-бұрқ етіп және соның өзіне бір жөтеліп алып. – Бүгін өзі сондай күн екен... Мен де жаңа біліп отырмын... Телефон соқпай, сорына қарай, кабинетіме келіп кешірім сұраған ең соңғы оңбағанды буындырып-қылқындырып жатып айтқыздым... Сосын ғой... ендігі қалған жалғыз оңбаған – сен болған соң, жолыңды кесіп жүгіргенім...

– Сонымен... айтшы енді шаршатпай, не күн екен бүгін? – дедім шыдамым таусылып.

– Іссапардан түнде кеш келіп, мен де естімей қалған екем жаңалықты... Қысқасы, кеше қалалық радио, теледидар, газеттер бүгінгі күнді мейірім, тілектестік, татуластық, бауырмалдық, қамқорлық, әділет, арылу, ақталу, кешу... күні деп жариялапты. Ең қызығы, бұл науқанға жергілікті дінбасылар араласып, анық мұсылман баласы осы күні осы айтылған парыздарды толық атқару керек деп уағыз айтыпты.

– Қызық екен, – дедім мен енді таңырқап. – Онсыз да, мұсылманмын деген пенденің бүгін ғана емес, өмір бойы ұстанатын адамшылық қалыбы – осы емес пе?!

– Солайы солай ғой... Әрине, солай... Бірақ...

– Жоқ, сен маған мынаны түсіндірші. Обал-сауапты ұмытқан, мейірімге, татулыққа, әділетке дүниедегі ең құлықсыз біздің жұрт, атаулы күн жариялаған екен деп, қалай ғана бүгін жыртылып-айырылып, бірімен-бірі жарысып, жаппай иманға ұйып жатыр?

– Бүгінгі күннің сауабы ерекше болады депті...

– Жөн-ақ екен… Сонда… сауаптың бәрін бір күнде жиып алып, ертең бұрынғы таз қалпыңа түсіп, жүре берсең де бола ма? Ана жақта есеп беретін, ғұмыр бойы тірнектейтін сауабың қайда қалады? Ол туралы сөз жоқ па?

– Ол енді... әркімнің өз шаруасы ғой, – деді Жексен, біртүрлі күмілжіңкіреп. – Мына сауаптың сипаты ерекше болып тұр екен. Осы күні, дәл бүгін әділет ойлап, айналасын мейірім мен қайырымға бөлеп, татулыққа жеткен – қысқасы, алабөтен адамгершілік танытқандар ол сауаптың қызығын осы дүниеде көріп, нығыметке көп кешікпей-ақ кенелмекші көрінеді. Бүгінгі жақсылықтың есесі ертең, көп ұзамай – атақ, мансап, ең бастысы, көп ақша, мол дүние түрінде қайтады деп... уәде етіліпті.

– А-а-а… – Ұзағырақ ашылып қалған аузымды жауып жатып: – Міне, мәселе қайда-а... – дедім. – Кімнің атынан уәде етілген екен?

– Белгілі ғой, – деді ол, басын шалқайта, сұқ саусағымен кабинеттің төбесін, оның ар жағындағы аспанды нұсқап. – Сөздің қысқасы, дүниеден үміті бардың бәрі ұмтылып жатыр. Өмірі өзгергісі келмейтін сен сияқты парықсыздан басқасы.

– Сен ше?..

– Жарайды... Сен екеумізден басқасы.

Осы арада, маған қызық ой келді. Қызық болғанда, әлденеден құр қалғандай бір... қоңылтақсыған сезім. Негізі бүгін қаланып жатқан келешек зор игіліктен мына қарсымда отырған ақымақ екеуміз ғана құр қалдық па сонда? Ойланып көрдім: дәл осы сәттен бастап жаппай сауап-жәрмеңкеге мына екеуміз де кірісіп кетсек, қолымызға не ілінер еді?.. Жоқ... Кешіктік. Күн батты, жұмыс аяғы болды, енді көп ештеңеге үлгере алмаймыз... Таңертеңгі қарымтасына әйеліміздің бетінен сүюге ғана болмаса... Жә, оның сауабы қаншалық болар дейсің... Өз әйеліңнің бетінен сүйген де дүнием боп па?..

– Солай, – деді Жексен, менің ойымды оқып отырғандай.

Басымыз салбырап, әрқайсымыз өз ойымызбен – екеуміз біраз үндемей отырдық. Осы отырғанда маған қалған жалғыз жұбаныш – аяқ астынан ізгілік пен мейірге жойдасыз толып кеткен осынау жүрек айнытар тәп-тәтті қалада шіреп ішкен майлы тамақтың басыртқысындай мына жексұрын Жексеннің бар болғаны. Бүгінгідей ғажайып күні мен де ол үшін бір жұтым ауа, адам айтқысыз бақыт екенімді түсінем. Бір күндік мұсылман, қыруар әулиенің ішінде бар сыбаға-сауаптан мақұрым қалған екі мұңлық… екі оңбаған! Біле білгенге, дәл қазір екеумізден тағдырлас тату, екеумізден жақын бауыр бар ма дүниеде?

– Екеуміз бір жерден шай ішсек қайтеді, – дедім ақыры. – Шаршаған шығарсың. Мен де қажыдым бүгін.

– Ішейік... – деді Жексен, ойланып барып. – Қайда барамыз?

– Бәрібір. Кафе ме, ресторан ба – әйтеуір ыстық шайы бар жерді табайық. Көңілің қалап жатса, сыра ішіп, бильярд та соғып қалармыз. Менің есебімнен әрине. Қалай?

– Қарсы емеспін... – деді ол күмілжіңкіреп. Дегенмен, әлденеге екі ойлы. Әлденеден тартыныңқырайтындай.

– Бірақ сен ойлап қалма, сенімен татуласып, сауап жинағалы отыр екен деп. Құдай сақтасын. Бәрібір суқаным сүймейді сені.

– Мен де сені... жек көремін! – деді Жексен кенет жарқ етіп, серпіліп. – Иттің етінен жек көремін! - Ойындағы бар күмәннан арылғандай ширап, жайнап кетті. – Бастай бер!

Адалдығына риза болдым. Мен де арқамнан ауыр жүк түскендей, жадырап:

– Кеттік онда, – дедім. – Қалған әңгімені шай ішіп отырып жалғастырамыз...

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.

XS
SM
MD
LG