Accessibility links

Сотталған кітапханашы: "Түсіме кітапхана кіреді"


Наталья Шарина
Наталья Шарина

Экстремизм бойынша сотталып, "қара тізімге" енген мәскеулік кітапханашы Наталья Шарина Азаттық тілшісіне берген сұхбатында соңғы бір жарым жылын қалай өткізгені туралы баяндайды.

2017 жылы маусым айында Мещан соты Мәскеудегі Украина әдебиеттері кітапханасының бұрынғы директоры Наталья Шаринаны "экстремистік әдебиет таратты", "қызметтік жағдайын пайдаланып, өшпенділікті қоздырды" және "қомақты қаржыны орынсыз жұмсады" деген айыптармен соттады.

Дәл осының алдында тергеу органдары кітапханадағы бірқатар кітаптарды ("Киев", "Война в толпе", "Киев-Нью-Йорк", "Время поэзии", "Роман Шухевич – бывший командующий УПА" буклеті және т.б. кітаптар) "украин ұлтшылдығына қатысы бар" деп тауып тәркілеген.

Шаринаның айтуынша, өзі басқарып тұрған кезде кітапханада ешқандай "экстремистік кітаптар" болмаған. Ал 16 кітапты тінту кезінде әдейі тастаған.

Мәскеудегі Украина әдебиеттері кітапханасы
Мәскеудегі Украина әдебиеттері кітапханасы

Прокурорлар Украина әдебиеттері кітапханасының бұрынғы қызметкері Сергей Сокуровтың жауаптарына сүйеніп, соттан Шаринаны бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ сотта Шаринаны қорғаған адвокат Иван Павлов Сокуровтың "директормен қарым-қатынасы нашар болғанын, кітапханада акциясын өткізуге рұқсат бермегені үшін ренішті болғанын" дәлелдей алған.

Ақыр соңында Шарина түрмеге қамалған жоқ. Бірақ Росфин мониторингісінің экстремистер тізіміне енді. Терроризм бабымен сотталған өзге азаматтар сияқты оның құқықтары шектелді, қазір тіпті банктен өз атына шот та аша алмайды.

"ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ТҮСІМЕ ЕНЕДІ"

"Настоящее время" сайтына берген сұхбатында Шарина өмір бойы істеп келген кітапхананың бос қабырғалары мен ондағы кітаптардың әлі күнге дейін түсіне енетінін айтты.

Наталья Шарина: - Қазір XXI ғасыр емес, 10 не 15 жыл бұрын өмір сүріп жатқан сияқтымын. Тек қолма-қол ақшаны ғана қолдана аламын. Банк картам жоқ. Тіпті зейнетақыны картамен ала алмаймын, поштаға барып, кезекке тұрып аламын. Бірақ осы қолайсыздықтың бәрі... Мұның бәрі болған жағдаймен салыстырғанда түкке тұрмайды. Иә, қолайсыздықтар көп, бірақ адам бәріне үйренеді. Отбасым бар, күйеуім, балам бар және маған қатысы жоқ көптеген мәселелер бар.

Азаттық: - Сізге ауыр үкім шығарды, оның әділетсіз екенін бірнеше рет айттыңыз. Осы уақыт бойы үкімге қатысты көзқарасыңыз өзгерді ме және сізге қатысты пікірін өзгерткендер бар ма?

Наталья Шарина: - Қазанның 28-і күні мені тұтқындағандарына тура үш жыл толды (сотқа дейін Шарина бірнеше ай үйқамақта болды). Үкімнен кейінгі кезең емес, мені қамауға алған кезеңнен бастап есептеп отырмын, сол кезден бастап жазаландым. Ендігі сауалдың бәрін бізге емес, осыны ойлап тапқандарға қою керек.

Видео: Наталья Шаринаның соты (05.06.2017 жылы түсірілген)

"С этой библиотеки глаз не спускали". Первые слова Натальи Шариной после приговора
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

Азаттық: - Бостан-босқа сотталғаныңыз үшін өкінбейсіз бе? Өзіңіз заңға қайшы ештеңе істемедім дейсіз. Мүмкін қандай да бір айыбыңыз болғанда реніш те болмайтын ба еді?

Наталья Шарина: - Бұл туралы процесс жүріп жатқанда адвокатыма да, тергеу органдарына да, сот отырыстары кезінде де айттым. Әркез қалжыңдап "шынымен де айыбым болғанда ғой, осыншама реніш болмас еді" деуші едім.

Азаттық: - Ал қазір қалай наразылық танытар едіңіз?

Наталья Шарина: - Наразылықтан еш пайда жоқ деген қорытындыға келдім. Мені және кітапхананы қорғаған адамдар көп болды. Олардың ішінде танымалдары да бар. Түрлі инстанцияға хат жолдады. Ресей кітапханалары қауымдастығы мен өзге де жерлерде көп пікір айтылды. Команда 29 (Шаринаны қорғаған заңгерлер тобы) тобы әлі күнге дейін қолдарынан келгенін жасауға тырысып жатыр. Сондықтан қазір бәріне пәлсапалық тұрғыда қарай бастадым.

Иә, өте өкінішті. Осының бәрін ойлап тапқан адамдардың көзіне қарағым келеді. Олардың не үшін бұл істі қозғағандарын білмеймін, шен алу үшін бе, пайда табу үшін бе, әлде Украина мен Ресей қарым-қатынасында бірнеше жылдан бері созылып келе жатқан процесте ұту үшін бе? Әйтеуір ісіміз біреулерге пайдалы болды.

Азаттық: - Осы оқиғадан соң сізбен қарым-қатынасын үзген немесе керісінше байланыс орната бастаған адамдар бар ма? Соттан кейін айналаңыз өзгерді ме?

Наталья Шарина: - Қарым-қатынас ортам өзгерген жоқ. Ешкім "ат құйрығын кесіскен жоқ". Керісінше, ортам кеңейді. Көп адамдармен таныстым, халықаралық ортада таныстар таптым. Танымал тұлғалар да бар, олардың бәрін атамай-ақ қояйын.

Азаттық: - Ал Ресейдегі кітапхана қауымдастығы көмектесті ме?

Наталья Шарина: - Ресей кітапхана қауымдастығы көп хат жазды, әсіресе, тарихи кітапхана директоры Афанасьев көп еңбек етті. Сіз жаңа басында дұрыс айттыңыз: егер адам кінәлі екенін сезсе, не үшін қудаланғанын біледі, ал кінәсіз болса – қиналып, ойлана бастайды. Мұндай кезде адамның ойы шартарапты кезіп, шарлап кетеді. Маған сол нәрсе кедергі болды.

Азаттық: - Сотты түсіңізде көресіз бе?

Наталья Шарина: - Көремін, жиі көремін.

Видео: Оқырмандардың "кітапханашы ісіне" қатысты пікірі (Орыс тілінде)

"А судьи кто?" в деле библиотеки украинской литературы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:43 0:00

Азаттық: - Түсіңізде тағы нені көресіз?

Наталья Шарина: - Түсіме кітапхана кіреді. Біресе бос қабырғаларды көремін. Қасымнан адамдар өткендей, мені әлдебір жаққа шақырғандай болады, ал мен ақтала бастаймын. Кейде үйіліп жатқан кітаптарды көрем. Кейде басымды жастыққа қоямын да, бірақ ұйықтай алмаймын. Сол кезде өзімді алдап, ойымды басқа жаққа бұру үшін барған музейлерді, көрген заттарымды еске түсіріп жатам.

Қазір көп нәрсені көруге мүмкіндігім бар, табиғатқа шығамын. Табиғат, хайуанаттар, хайуанаттар бағы, орманды алқаптар мен бақшаларды аралап сергіп қалам. Жолдасым екеуміз таңғы ас ішкен соң көлікке отырып, табиғатты аралап кетеміз.

Азаттық: - Адвокат Иван Павлов жетекшілік ететін Команда 29 тобы мемлекеттен қысым көрген адамдарға қатысты көптеген істермен айналысты. Оның арасында мемлекетке сатқындық жасау, тыңшылық, экстремизм, т.б айыптары бар. Олармен қарым-қатынас жасағаннан кейін мұндай істерге қатысты пікірлеріңіз өзгерді ме?

Наталья Шарина: - Менің жолым болды деп ойлаймын. Себебі Команда 29 басынан бастап аяғына дейін менімен бірге болды. Олар болмаса, немен тынары белгісіз еді.

Екіншіден, қоғамда да дәл осылайша шу болмас еді. Ақырын ғана істі тындыра салар еді. Команда 29 – қажет кезде жаныңнан табылатын жебеуші періштелер сияқты. Олар бұған дейін азаматтарға көмектесіп келген, қазір де көмектесіп жатыр. Енді не істейтінімізді әзірше айта алмаймын, бірақ әділдікке жету үшін заң аясында тынбай іздене береміз.

(Азаттықтың "Настоящее время" сайтының мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG