ПРЕЦЕДЕНТ
"Басты мәселеміз – жергілікті әкім, оны өзіміз сайлағымыз келеді". Көктенкөл ауылындағы бастамашыл топ мүшелері әңгімені осылай бастады.
Көктенкөлде небәрі 604 адам тұрады. Шағын ауылда бар-жоғы 250 үй ғана бар. Ауылды былтыр тағайындалған әкім Қуаныш Қоршабеков басқарады. Бірақ жергілікті жұрт пен белсенділердің ауыл басшысына көңілі толмайды. Ал әкім өзіне қарсылықты "арандату" деп бағалайды.
Биыл Қазақстанда бірінші рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткен. Бірақ Көктенкөл ауылы бұл сайлаудан шет қалған. Көктенкөл халқы жаңа әкім сайлау мүмкіндігіне үш жылдан кейін қазіргі басшының қызмет мерзімі аяқталған кезде бір-ақ ие болады.
Ауыл халқы сотқа "дәлел жинау үшін" әкіммен болған әңгіменің бәрін аудиоға жазып, видеоға түсіріп алуды әдетке айналдырған. Осыған дейін әкім мен кей тұрғын арасында сотқа дейін жеткен кикілжің болған.
– Әкімнің халықпен қарым-қатынасы ұнамайды. Мемлекеттік қызметкер әдебін мүлде сақтамайды. Тұрғындармен кикілжіңге барады. Жазда сол үшін сөгіс те алған. Әкімнің үстінен қанша рет шағым да бердік. Бірақ жоғары жақта оны қолдайтындар бар сияқты. Жақында президент, президент әкімшілігі басшысы мен облыс әкіміне хат жаздық. Халықтың қиналып отырғанын көріп жүрміз. Әкімге жамандық тілемейміз, бірақ біздің пікірімізді ескеріп, ауылдың мәселелерін шешуде белсенділік танытса деген талабымыз бар. Жоғарыдағылар қазіргі әкімнің жұмысы жалғасқанын қаласа, оны тәжірибе жинап, жұртпен сөйлесуді үйрену үшін бір жаққа жіберсін, ал бізге халықпен соттасудың орнына ауылдың мәселелерін шешетін әкім берсін. Қит етсе бірден "сотқа беремін" деп қорқытады. Ауыл халқының сотта өзін қорғайтын адвокат жалдауға ақшасы жоқ. Біздің халық ұрысқа бейім емес, бірақ ел ішінде наразылық бар. Жағдай шиеленісіп барады, – дейді жастағы ауыл белсендісі Амангелді Базарбаев.
30 жастағы Амангелді Базарбаев – қалаға көшпей, туған ауылында қалған аз жастың бірі. Белсенді әкіммен кикілжің моральдық тұрғыдан діңкелетіп, жұмысқа кедергі болып отырғанын айтады.
– Біз шу шығарғаннан кейін "совхозымызға" азын-аулақ ақша бөліп, көшелерге жарық жүргізе бастады. Бірақ жұмыс шала болды, оны байқаған халық наразылық білдірді. Әкім келіп, мені балағаттап, жанжал шығаруға арандата бастады. Бәрін жазып алып, мені қорлағаны үшін әкімді жауапқа тартатынымды айттым. Әкім маған қарсы арыз берді. Үш сот отырысынан кейін әкім арызын қайтарып алды. Маған қарсы қозғалған іс жабылды. Енді мені заңсыз түрде қылмыстық жауапкершілікке тартып, моральдық шығын келтіргені үшін әкімнің үстінен арыз беремін. Өйткені сот отырыстары жүйкемді жұқартып, көп уақытымды алды. Ол мені аудан әкімімен кездесетін кезде де арандатып, таңертең үйіме учаскелік полиция қызметкерін ертіп келді. Мен бәрін видеоға түсіріп, болған жағдайды тіркету үшін 102-ге хабарластым. Бірақ кейін бұл номенклатуралық іске айналып кетті, – дейді Базарбаев.
Ауыл тұрғыны Айгүл Искакова жергілікті мектепте мұғалім болып істейді. Ол да әкіммен "ұстасып" жүрген азаматтардың бірі. Мектеп мұғалімі әкім мен оның туыстары күн бермей жүргенін айтады. Осыдан біраз уақыт бұрын Айгүл полицияға ауыл әкімінің ағасынан балағат сөз естігені жайлы арыз берген. Әкімнің туысы да дәл осындай айыппен мұғалімді жауапқа тартпақ болған. Бұл оқиғадан бұрын Айгүл ауыл әкімімен де келіспей қалған. Жақында мұғалім президент әкімшілігіне хат жазып, жәрдем сұраған.
– Бейсенбі күні тағы бір сот отырысы өтеді. Маған "балағат сөз айтты" деген айып тағып, моральдық өтемақы талап етіп отыр. Әкім мен оның отбасы мүшелері күн бермейді, қоқан-лоқы көрсетеді. Олардан келген хабарламаның бәрі менде сақтаулы тұр. Ары қарай не боларын білмеймін. Қант диабетімен ауырамын, маған ашулануға болмайды. Күнде жүйкем жұқарады. Ол әкім қызметінен кетпесе, маған тыныштық жоқ. Басқа әкім келгенін қалаймыз, – дейді Айгүл Искакова көз жасына ерік беріп.
Көктенкөл тұрғыны Рысқали Мартыкенов те жергілікті әкімнің халықпен тартысы жайлы білгенімен бөлісті.
– Бір апта бұрын әкімдіктен адам келіп, мәселе көтермеуді сұрады. Оған "қазіргі әкімді алып тастаңдар, басқа әкім келсе тыныш өмір сүріп, жұмыс істейміз" дедім. Әкім көп уәде береді, бірақ тындыратыны шамалы. Бізге белсенді, шаруаға икемді, елді тыңдап, ести білетін басқа әкім керек, – дейді ол.
ХАЛЫҚ АУЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ
Белсенділер ондаған гектар жерді алып жатқан қоқыс полигонын ауылдағы негізгі көкейкесті мәселенің біріне жатқызады. Қазір қоқыс полигонына ауыл шаруашылығы қалдығын төгуге тыйым салынған.
Ауыл халқының айтуынша, желді күні полигоннан тараған сасық иіс пен қоқыстың бір бөлігі ауылға қарай ұшады. Ал полигондағы кепкен шөп пен ағаш қалдығынан өрт шығуы мүмкін дейді олар.
Жұрт ауыл әкімінен бұл мәселені тезірек шешуді талап етіп отыр. Қазір белсенділер экология департаментіне хат дайындап жатыр. Хатқа видеоматериал да қоса тіркеледі.
Жергілікті халықты ауылда аурухана, жедел жәрдем мен дәрігер жоғы да алаңдатады. Ауырған адам Көктенкөлден 50 километр қашықтағы Жаңаарқаға немесе 200 километр жердегі аудан орталығына баруға мәжбүр. Анықтаманы да осы екі аурухананың бірінен алады.
Аудан орталығына жету де оңай емес. Көлігі жоқтар тасжолдың бойына шығып, ары-бері өткен көлікті ұстайды. Өйткені ауылдан аудан орталығына автобус қатынамайды.
– Бізде интернет те әзер істейді. Оның өзі санаулы адамда ғана бар. Ауылда тұратындардың көбі орта жастан асқан не қарт адамдар. Жастар жоқтың қасы. Сондықтан ауыл мәселесін әлеуметтік желіге салып, жағдайымызды көрсететін адам жоқ, – дейді ауыл адамдары.
Жазда асфальт төселмеген топырақ жолдың шаңы шығып, қыста қар басып қалады.
– Ол аздай, бізде шағын бөгет пен шлюз бар. Бөгетке су жиналып, шлюз арқылы өзенге құйылып, ары қарай ауылды жағалап, көлге кетеді. Алайда бізде оларға ешкім қарамайды. Жергілікті билік мүлде назар аудармайды. Жылда су өз бетімен ағып, кейде сарай-бақшаны алып кетеді. Бірақ билік өкілдері бұған көз жұма қарайды. Бірнеше жылдан бері су шлюздің жанынан ағып кетіп жатыр. Шаруаға пайдаланайын десек, жаз ортасына дейін су қалмайды, ағып кетеді. Шенеуніктердің жұмысқа деген қатынасы осы. Бұл қауіпті, бұрын су тасып, жолды шайып кеткенде басқа жақпен қатынас болмай, ауыл оқшау қалған, – дейді Амангелді Базарбаев.
ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ?
46 жастағы Қуаныш Қоршабеков Көктенкөл ауылы әкімі болып 2020 жылы желтоқсанның басында тағайындалған. Әкімнің қызмет мерзімі – 4 жыл. Ауыл басшысы белсенділер өзіне қарсы әдейі күрес жүргізіп отыр деп санайды.
– Маған қарсы адамдар бар. Солар мазамды алып, жұмыс істеуіме мүмкіндік бермейді. Маған қарсы астыртын амал ұйымдастырып, үстімнен шағым жазады. Олардың бірі әкім болғысы келіп, жақтастарын жинаған, мұны жоққа шығармаймын. Сот процесіне келсек, бұл – жеке мәселе, – дейді Көктенкөл әкімі.
Қуаныш Қоршабеков тұрғындармен соттасуының себебін түсіндіруге тырысты.
– Ол мені балағаттады, жақтасымен бірге арандатуға тырысты: біреуі ашуыма тиеді, екіншісі видеоға түсіріп тұрады. Ұрсысып қалдық, ол менің шамыма тиді, сондықтан мен де дөрекі жауап қайырдым. Ол мені балағаттады. Оған дөрекі жауап қайыра бастағанымда көлігіне отырып кетіп қалды. Учаскелік полиция қызметкеріне барып, арыз жазыпты. Өзімді қорғау үшін "мені балағаттады" деп қарсы арыз бердім. Оның арызы сотқа жетпей қалды, ал менің арызым қарала бастады. Судья бізге өзара келісімге келуді ұсынды. Басында ашуға беріліп, бас тарттым, ал кейін келісімге келейін деп шештім. Бәріміз бір ауылда тұрамыз, өз халқыммен соттасып қайтемін? Сотта жеңіске жетсем де, бұл маған халық алдында абырой әпермейді, – дейді Қуаныш Қоршабеков.
Әкім мектеп мұғалімі мен ағасының арасында жанжал болып, оның соңы сотқа жеткенін жасырмайды. Қоршабековтың айтуынша, мұғалім ағасының ашуына тиген, ол дөрекі жауап берген. Осыған дейін мемлекеттік қызмет істері агенттігі ауыл әкіміне Айгүл Искаковамен кикілжіңге келгені үшін айыппұл салған.
Қоршабеков ауыл тұрғындарының "әкім уәдесін орындамайды" деген сөзін жоққа шығарады. Ол халықтың жол сапасы жайлы шағымына "ауылдағы екі орталық көшені орташа жөндеуден өткізуге ақша бөлу туралы өтініш дайындадым, жөндеу жұмысына 85 миллион теңге кетеді екен. Әзірге қаржы бөлінген жоқ" деп жауап берді.
– Бюджеттен асфальт төсеуге ақша бөлінеді деп үміттенемін. Автобус жоғы рас. Бұрын автобус жүретін, кейін естуімше, бұл бағыт тиімсіз болып шыққан. Жалған сөйлеп қайтейін, өзім әзірге автобус мәселесімен айналысқан жоқпын. Бірақ бұл жаққа автобус жүргізуге ешкім келісе қоймас. Біріншіден, жол нашар, екіншіден, жолаушы да аз, – дейді ауыл әкімі.
ПОЛИГОН ЕМЕС, ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН КҮРЕСІН
Әкімнің айтуынша, Көктенкөл ауылында қоқыс полигоны жоқ. Бірақ қолдан жасалған күресін бар, халық тұрмыс пен шаруашылықтан шыққан қоқыс пен қалдықты жылдар бойы соған төгіп келген. Қазір жергілікті билікке бұл жерді тазартып, полигон салу міндеті жүктелген. Мемлекет осы мақсатқа тоғыз гектар жер де бөлген. Бірақ әкім экологиялық кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты құжаттарды дұрыс рәсімдей алмағанын айтады. Мәселе ауылдан шығатын қалдықтың 90 пайызы – мал тезегі екенінде жатыр.
– Аудан күресінді тазартуға 10 миллион теңге бөлді. Тамызда құжат рәсімдеп, жұмысқа кірісу үшін экология департаментіне бардық. Олар қолымызда эмиссияға рұқсат беретін құжат болмаса, полигонға бөлінген жерге тиюге де, бұрынғы күресінге қалдық төгуге де құқығымыз жоғын айтты. Бірнеше күн бұрын қалаға барғанымда біз құжатын рәсімдеп жүрген жаңа полигонға қи төгуге болмайтынын білдім. Ал ауылдан шығатын қалдықтың 90 пайызы – малдың қиы, өйткені бізде мал көп. Бізге "Қиды ауыл шаруашылығына арналған жерге немесе бақшаға төгу керек, өйткені бұл биоқалдыққа жатады" деді. Ал бізде ауыл шаруашылығына арналған жер жоқ. Ауылдық округте 39 шаруа қожалығы бар, олардың үшеуі ғана жерін игеріп, бидай, арпа егеді. Бірақ оларға қи керек емес. Жаңа полигонның құжаттарын рәсімдеп үлгерсем де, ол жаққа қи төгуге рұқсат етпес еді. Қазір қоқыс шығару (қиды ескі күресінге төгу – ред.) тоқтады. Әркім өз жеріне жинап жатыр. Енді "Қиды қайда төгеміз?" деген сұрақ басты мәселеге айналып отыр, – дейді әкім.
Әкім халықтың ауылда аурухана, жедел жәрдем мен медицина қызметкері жоқ деген шағымына қосылады. Көктенкөлде фельдшер-акушерлік пунктін ашу жоспарланған. Жергілікті әкімдік бұл нысан ауылға медицина қызметкерлерін тартуға көмектеседі деп үміттенеді.
– Бізде медицина қызметкері тапшы. Ауылдық округке ешкім жұмысқа келгісі келмейді. Жастар ауылдан қашып, қалаға жұмысқа тұруға асық. Қазір бір ғана учаскелік медбикеміз бар, дәрігер жоқ. Бұл кәдімгідей мәселе, – дейді Көктенкөл әкімі.
Жергілікті белсенділер "әкім ауылдың мәселелерін шеше алмаса, орнына басқа адамды қою керек" деген пікірінен қайтпай отыр. Ал ауыл әкімі Азаттық тілшісінің "Ауыл әкімін таңдайтын уақыт келгенде сайлауға түсесіз бе?" деген сұрағына "Уақыт көрсетеді, оған дейін не боларын ешкім білмейді" деп жауап берді.
Бірақ ауыл тұрғындарының белсенділігі қазірдің өзінде нәтиже бере бастаған: билік өкілдері Көктенкөл тұрғындарын Шет ауданы әкімімен кездесуге шақырған.
ПІКІРЛЕР