Коронавирус пандемиясы Шымкент қаласының төңірегіндегі ауылдарды да әуреге салды. Әкімшілігі қалаға қарайтын, тіршілігі қаламен матаса байланысқан ауылдар да карантинге алынып, кірер жолға блокпост қойылған. Азаттық тілшісі бірнеше тұрғынынан коронавирус табылған "Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылының блокпостына барып қайтты.
"Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылы Шымкент қаласының Абай ауданында, Жаңаталап және Игілік ауылымен шекаралас жатыр. Ауылдағы 24 жастағы ер адамнан коронавирус табылған. Ол ауылға 24 наурызда Нұр-Сұлтаннан автобуспен келген. Кейін 51 жастағы шешесінен де коронавирус анықталған. Осыдан соң бірден, 25 наурызда ауыл карантинге жабылды.
Вирус жұқтырған екі адаммен жақын қарым-қатынаста болғандардың барлығы оқшауланған. Отбасындағы бес адам қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Қазіргі уақытта короновирус жұқтырған шешесі мен баласының денсаулығы қалыпты, аурудың беті қайтқан.
"КАРАНТИНДЕГІ АУЫЛДА ГАЗ БЕН СУ ЖОҚ"
"Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылына Бекжан базары мен "Колос" аялдамасынан жолақысы 100-150 теңге таксилер жүреді. Бірақ олар ауылға бұрынғыша кіре алмайды.
Шымкенттегі Бекжан базарынан "Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылындағы блокпост арқылы Жаңаталап ауылына дейін 180-бағыттағы қоғамдық көлік қатынап жатыр. Жолаушы аз, бір-бірімен сөйлесіп отырғандар жоқтың қасы.
"Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылының блокпостын полиция мен солдаттар күзетіп тұр. Жанында жедел жәрдем көлігімен дәрігерлер жүр. Бәрі арнайы киім киген. Әскерилердің екі палаткасы Игілік ауылының аумағына, дәрігерлерге арналған палатка карантин аумағына тігіліпті. Дәрігерлер постқа келген әрбір адамның температурасын тексеріп тұр.
"Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылын жағалай салынған теміржолмен шамамен екі сағаттың ішінде жүк тиеген үш пойыз өтті. Теміржол жиегінде, карантин аймағында су құбырын тарту үшін жер қазып жүрген жұмысшылар байқалады. Оларға әкімдік рұқсат беріпті.
Блокпост түбінде "Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылының паспорты тұр. Онда ауылда қырық көше, жеті жүзден аса үйде 3 мыңға жуық адам тұратыны жазылған. Үш жүзге жуық студент, мыңға жуық бала бар екені көрсетілген.
Дәрігерлер мен әскерилер келіп-кеткен адамның бәріне екі метр ара қашықтық сақтауды талап етіп, адамдармен қол алып амандаспауды ескертеді. Бірақ қол алысып жүргендер көп.
– Ауылға рұқсаты бар дәрігерлер, жедел жәрдем қызметкерлері, полицейлер мен әскерилер ғана кіреді. Басқа ешкім кіріп, шықпайды, – дейді Абай аудандық әкімдігінің өкілі Әлиакбар Нұрбеков.
Оның жанында карантин ережесін түсіндіріп тұрған кезекші полицейдің бірі "Посттан әрі-бері өткендердің бәрі видео камераға жазылады. Құдай бетін аулақ етсін, карантиндегі ауылдан өлген адамның сүйегін ғана алып өтуге болады" деді.
Әлиакбар Нұрбековтың айтуынша, "Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылында ауыз су, газ жоқ. Карантинге жабылған соң толық дезинфекция жасалған. Әкімдік әр отбасына күніне 100 литр ауыз су тасып береді, Сатып алғысы келетіндерге газ баллонын апарады. "Азық-түлік пен көкөністі арзан бағамен жеткізіп отырмыз" дейді.
Әкімдік жеке кәсіпкерлерге салмақ сала бастағанға ұқсайды. «Кәсіпкерлер есебінен 750 отбасына тоғыз түрлі азық-түлік бердік, дүкен иелеріне азық-түлікті қарызға бере тұруды тапсырдық» дейді.
ҚАМАУДАҒЫ АУЫЛ
"Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылының тұрғындары коронавирус шыққалы сыртқы әлемнен бөлініп қалғанға ұқсайды. Карантин жарияланғанға дейін ауылдан кетіп үлгерген адамдар қайта кіре алмайды. Енді олар ауыл тұрғындарына қажетті заттарды блокпостқа дейін жеткізіп беріп жүр.
– Алғашқы екі күн қиналдық. Үрейленген, ашынған халық блокпостта шу шығарды. Үшінші күні дезинфекцияға кірісті, төртінші күні әскерилер келді, азық-түлік кіргізіле бастады, – дейді Нұрбол есімді азамат.
Біздің көзімізше блокпостқа он шақты адам келіп, туыстарына арналған дәрі-дәрмек, азық-түлігін, бензин мен құрылыс заттарын тастап кетті. Олар кімге әкелгенін блокпостқа айтады, ауыл тұрғындары әрі қарай өздері әкетеді.
Дүкенші Жібек Нажмуддинова телефон арқылы саудагерлерге тапсырыс беріп, жүргізуші алып келген жүгін қабылдап алды.
– Карантин жариялаған соң әкімдік “көшеге маскасыз шықпаңдар, үш адамнан артық жиналмаңдар” деді. Жұрт абдырап, не істерін білмей қалды. Қазір еті үйрене бастаған сияқты. Балалардың бәрін үйде, есік алдында ұстап отырмыз. Сыртқа шығып ойнағысы келеді. Тұрғындар күнделікті ішіп-жемін дүкеннен алып жатыр. Көбіне айран, сүт сатып алады. Ет жоқ, тауық етін жеп жатыр, – дейді дүкенші жүгін жеке көлігіне тауарын тиеп жатып.
Шамамен екі сағат ішінде блокпосттан ауылға өту үшін бес адам келді. Екеуі – оқушы, екеуі – қалада жұмыс істеп, ауылға кіре алмай қалған жастар, бірі – карантин кезінде ауруханаға түсіп, емделіп шыққан ауыл тұрғыны. Блокпост емделіп шыққан Серікбай Амандықовты ауылға өткізіп, қалғанын кейін қайтарды.
ЖҰМЫССЫЗДЫҢ УАЙЫМЫ
Блокпостқа туысы әкелген азық-түлікті алған Нұрғали карантин салдарынан жұмыссыз қалған. Алты баласымен үйінен шықпай отырған ол карантин біткен соң жұмыс таба алмай қаламын ба деп алаңдайды.
– Интернетті ашсақ, беріліп жатқан көмек көп сияқты. Бізге тек үш келі картоп, үш келі пияз, бес келі шекер, үш литр сұйық май, он келі ұн берілді. Тегін маска жоқ. Үйде сегіз адамбыз. Қалай жеткіземіз? Үкімет емес, ағайындар көмектесіп жатыр, – дейді ол ашынып.
Нұрғалидың айтуынша, тұрғындар барынша сақтық жасауға тырысып отыр. Көшеде бейсауат жүрген адам жоқ. Сыртта жүргеннің бәрі маска таққан. Әкімдік әр отбасында қанша адам бар екенін жазып алумен шектелген.
– Шымкентте "Бекжан" базарында жұмыс істейтін едім. Карантиннен сыртқа шыға алмай қалдық. Жұмысқа хабарлассам, жұмыстан босадың дейді. Әйелім бала күтімімен отыр. Карантин біткен соң қалай күн көреміз? – дейді Нұрғали.
"Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылындағы негізгі жұмыс орындарының бірі – кірпіш зауытының жұмысы уақытша тоқтатылып, зауыт жұмысшылары үйлерінде оқшауланған.
– Төтенше жағдайға байланысты құрылған штабта ауылдың барлық тұрғынынан сынама алу мәселесі талқыланып жатыр. Шешім күтіп отырмыз. Оқшауланған адамдардан короновирус анықталса, карантин уақыты созылады, – дейді департамент басшысы.
Әбдіманап Төлебаев Шымкент қаласында "Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылынан өзге коронавирустың үш ошағы анықталғанын айтады.
Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Санжар Бөрлібаев "Тәуелсіздікке 20 жыл" ауылына көмек беруі үшін еріктілер мен әкімдік қызметкерлері және жедел жәрдем қызметі карантин аумағына кіргізілгенін айтады. Оның сөзінше, карантинге байланысты жұмысқа шыға алмаған мыңнан аса адамның жұмыс орны сақталады.
– Жұмыс орнын сақтау мәселесін әкімдік қадағалайды. Тегін маска таратылды. Кейбір тұрғынға маска жетпей қалған болуы мүмкін, – дейді шенеунік.
5 сәуірдегі мәлімет бойынша, Шымкент қаласында 14 адамнан вирус табылған, біреуі қайтыс болған.
Шымкент қаласында 1 сәуірде коронавирус анықталған адамның шаңырағында тұсаукесер және құдалық болған. Осы тойға келген тоғыз адамнан 2 сәуірде коронавирус анықталды. Оның сегізі – Шымкент қаласында, біреуі – Түркістан облысы Сайрам ауданында. Қазір той болған үй "вирус ошағына" айналған. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған жүзден астам адам карантинде жатыр.
ПІКІРЛЕР