Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда оққа ұшқан Асхат Бегешовтың үстінен қозғалған төрт томдық қылмыстық іспен марқұмның жесірі Ардақ Темірбаева 1 жыл 9 айдан кейін ғана танысты. "Тергеу шалағай жүргізілген, істе қисынға келмейтін дерек көп" дейді әйел. Ол өзі байқаған олқылықтарды тізіп көрсетіп, марқұм күйеуін толық ақтауды талап етіп прокуратураға арызданған. Прокуратура "шағымды зерделеп" жатқанын айтады.
"АСХАТТЫҢ ЖОҚТЫҒЫ ЖАНЫМА ҚАТТЫ БАТАДЫ"
Тараз қаласының тұрғыны Асхат Бегешовтың Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқанына 21 айдан асты. Артында қалған екі ұлының үлкені Әди қазір үш жарымда, кішісі Әмір екі жарым жаста.
– Балаларымды Асхаттың басына жиі апарып тұрам. Әдиім "папам ұйықтап жатыр" дейді. Зиратқа жақындағаннан-ақ әкесін оятқысы келгендей "папалап" айғайға басады. Мәңгі ұйықтап кеткенін қайдан білсін? Бақшада өздері сияқты балалар әкесінің мойнына асылып еркелегеніне жәутеңдеп қарап тұрады. Сондайда жаным ышқынып, жүрегім кеудеме сыймай кетеді. Ай-күннің аманында, бейбіт заманда азаматың оққа ұшқаны қиын екен. Біреулер "Уақыт – емші" дейді. Мүлде олай емес! Керісінше, уақыт өткен сайын Асхатымның жоқтығы жаныма қатты батып жүр, – деп жылайды отызға жетпей екі баламен жесір қалған келіншек.
Ардақ Қаңтар оқиғасы өмірін түбегейлі өзгертіп жібергенін, күйеуі қаза тапқаннан кейін өзі дінге бет бұрып, намазға жығылғанын айтады. Асхат Бегешов 2022 жылғы 9 қаңтарда жерленді. Ұлының қазасын көтере алмаған анасы Баян, жарты жыл ауырып, биыл 9 қаңтарда қайтыс болды.
"ҚИСЫНҒА КЕЛМЕЙТІН ДЕРЕК ӨТЕ КӨП"
37 жастағы Асхат Бегешов былтыр 7 қаңтарға қараған түні жеке көлігімен келе жатқанда күш құрылымдары қызметкерлері оқ жаудырған. Салдарынан Бегешов қаза тауып, көлікте онымен бірге болған басқа екі адам аман қалған. Кейін олар "комендант сағаты тәртібін бұзғаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылған.
Ал Бегешовтың үстінен Қылмыстық кодекстің 379-бабымен іс қозғалған. Яғни тергеу Бегешовты "билік өкіліне бағынбады" деп айыптаған. Бірақ қылмыстық іс күдіктінің қайтыс болуына байланысты қысқартылған.
– Асхаттың үстінен қозғалған қылмыстық іспен танысуға қол жеткізе алмай 20 ай жүрдім. Қайда барсам да "Бегешовтың заңды өкілі бар. Ол – әкесі. Сіз іспен таныса алмайсыз" деп мені маңайлатпай қойды, – дейді Ардақ.
Ол марқұм күйеуінің ісімен таныстыруды талап етіп, Жамбыл облыстық прокуратурасына осыған дейін үш рет шағымданған. "Қылмыстық-процестік кодекстің 7-бабы 1-бөлігі 25-тармағының талаптарына сәйкес, Темірбаеваға қылмыстық процестің қатысушысы еместігі түсіндірілді. Асхат Бегешовтың заңды өкілінен, яғни әкесі Бақтыбек Бегешовтен өзінің құқықтарын растайтын сенімхат алғаннан кейін ғана Ардақ Темірбаеваға қылмыстық іспен танысу мүмкіндігі берілді" деп хабарлады Жамбыл облыстық прокуратурасы биыл қазан айының басында.
– 4 қазанда Жамбыл облыстық прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу бөлімінен таптым. Төрт томдық істі көріп, Асхаттың қазасын естіген сәттегі күйіме қайта түстім, – дейді Ардақ Темірбаева.
Ол күйеуінің қазасынан кейін көкейінде пайда болған мың сан сұрақ қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан кейін бұрынғыдан да көбейе түскенін айтады.
– Қылмыстық істен Асхаттың билік өкіліне бағынбағанын көрсететін бірде-бір дәлел таппадым. Сол түні блок-бекетте болған елу адамның жауабын қайта-қайта оқып отырмын. Бәрінің жауабы бірдей. "Түнгі сағат бір мен екінің ааарасында BMW X5 маркалы көлік блок-бекетке қарай қатты жылдамдықпен келе жатты. Алдымен көлікке ескерту оғы атылды" дейді. Бірақ елу адамның тым болмаса біреуі ескерту оғын кім атқанын айта алмайды, – дейді Ардақ.
Іс материалында блок-бекетте тұрған күштік құрылым қызметкерлері көлік тоқтамай қойғандықтан оқ атуға мәжбүр болғаны жазылған. Бірақ марқұмның әйелі ол сөзге күмән келтіреді.
– Асхат – ақыл тоқтатқан жігіт. Көлікті тоқтатпады дегенге сенбеймін! Жарайды, ескерту оғы атылды, көлік тоқтамады делік. Бірақ оны тоқтатудың өзге де амалы көп емес пе? Неге дөңгелегінен атпаған? Неге радиаторына оқ атпаған? Бұл сұрақ ешкімге қойылмаған. Қылмыстық істің бір тұсында "BMW X5 көлігінің нөмірі болмаған" деп жазылыпты. Іске тіркелген, оқиға орнында түсірілген фотолардан көліктің нөмірі анық көрініп тұр. Оған да ешкім мән бермеген. Бұл істің ойдан құрастырылғанын аңғару үшін заңгер болудың қажеті шамалы. Істе қисынға келмейтін дерек өте көп, – дейді Ардақ Темірбаева.
Асхат Бегешовтың заң бұзғанына ешқандай айғақ-дәлел жоқтығына қарамастан оны неге айыпты етіп шығарған деген сұрақты Ардақ құзырлы органдарға қойып көрген. Марқұмды "Қаңтардың кездейсоқ құрбаны" деп танып, отбасына 7 млн теңге өтемақы берген мемлекеттің Асхатты осы кезге дейін неге ақтамай отырғаны түсініксіз дейді ол.
Оның ендігі мақсаты – марқұм күйеуін ақтап алу. Сол үшін адвокат жалдап, заңгер қызметіне жүгінген.
– Адвокатым Салтанат Назымбекова істе трасологиялық сараптама жоғын айтты. Мүлде жасалмаған. Бұл да заңсыздық. Прокуратураға шағым жаздым, қаулыны бұзуды талап етіп отырмын, – дейді Ардақ.
Адвокат Назымбекова қылмыстық іс материалдарымен енді ғана таныса бастағанын айтып, Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартты.
"БЛОК-БЕКЕТТЕН 34 ОҚ АТЫЛҒАН"
Ардақ жарымен ең соңғы рет 7 қаңтарға қараған түні сағат 12-ге таман телефонмен сөйлескен. Жұбайы жанындағы адамдарды үйіне жеткізіп тастаған соң қайтатын айтқан. Содан кейін тым-тырыс қалған. Жұбайының кешіккеніне уайымдап, көңілі алабұртқан келіншек таңды көзбен атырған.
7 қаңтар таңертең сегіз айлық сәбиін қолтығына қысып, күйеуін іздеп шыққан Ардақ "Жансая" ықшамауданы жақтағы көпірдің тұсынан өтіп бара жатып, төрт есігі ашық тұрған Асхаттың жеңіл көлігін көрген. Сол маңда жүрген күш құрылымдары қызметкерлері келіншекті көлікке жолатпай, "күйеуіңді аурухана мен мәйітханадан ізде" деп кері қайтарған.
Қылмыстық іс материалдарында Асхат Бегешов Тараздағы Төле би көшесімен солтүстік-батысқа көлікпен кетіп бара жатып, "Алтынкүл" дүкенінің қасындағы №1 блок-бекеттен ескерту ретінде аспанға оқ атылса да тоқтамаған деп жазылған. Блок-бекетте Қазақстан қорғаныс министрлігі "Оңтүстік" өңірі басшылығының №85395 әскери бөлімінің жауынгерлері мен Жамбыл облыстық полиция департаменті қызметкерлері – жалпы саны елуден астам адам болған. 2022 жылғы 7 қаңтарға қараған түні 37 жастағы теміржолшы Асхат Бегешов сол адамдар жаудырған оқтан тіл тартпай кеткен. Бегешовтың басына тиген оқты кім атқаны әлі күнге белгісіз.
Сот-баллистика сараптамасы Бегешовтың миынан алынған оқ фрагменті калибрі 7,62 мм болатын карабиндерден (СКС), Калашников автоматынан (АКМ, АКМС), қол пулеметтерінен (РПК, РПКС) атылатын 7,62х39 миллиметрлік оқтың фрагменті болуы мүмкін деп жазған. Ардақ Темірбаеваның сөзінше, сол түні Бегешовтың BMW X5 маркалы жеңіл көлігіне блок-бекеттен "жалпы саны 34 оқ атылған".
Ардақ Темірбаева оқ тиіп қаза тапқан күйеуі мәйітханаға 7 қаңтарда таңертеңгі 7:15-те жеткізілгенін қылмыстық іспен танысқан кезде білгенін айтады. Туыстары марқұмды 11 сағаттан соң, сағат 18:00 шамасында мәйітханадан алған.
– Мәйітханадағы тізімде күйеуімнің есімі Асхат емес, Ардақ Бегешов деп жазылыпты. Қылмыстық істің де кей томында Ардақ Бегешов деп көрсетілген. Неге олай жазылғанын да ешкім түсіндіре алмай отыр. Неге Азамат емес, неге Бауыржан емес? Неге Ардақ?! Әлде қансырап жатып, мені іздеп "Ардақ, Ардақ" деп сандырақтады ма екен? Мүмкін ол қылмыстық істе көрсетілгендей, тіл тартпастан кетпеген де болар. Бұл істің жұмбағы өте көп, – дейді Ардақ Темірбаева.
"МАҒАН КҮЙЕУІМНІҢ АРЫ ҚЫМБАТ!"
Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда жақын адамы оққа ұшқан бір топ әйел қайғылы оқиғадан кейін әділдік іздеп жергілікті әкімдік пен заң органдарына жиі баратын болған. Кейбіреуі дүрбелең кезінде бауырынан, енді бірі баласынан айырылған. Арасында жастай жесір қалғандары да бар.
Бұрын бір-бірін мүлдем танымаған, қазір бірге жылап, қажет кезде бір-бірін жұбататын тағдыры ұқсас жандар күрес жолында да бірге жүр. Астанаға да бірнеше мәрте бірге барған. Бәрінің мақсаты бір – Қаңтарда оққа ұшқан жақынын ақтап алу.
– Таразда біздің тыныш отыруымызға мүдделі адам көп. Бірақ Асхатыма жаламен қара дақ жаққан кезде неге тыныш отыруым керек? Қолымда екі аманаты қалды. "Әкең билікке бағынбады" деген айып ертеңгі күні екі ұлының алдынан шықпай ма? Сондықтан кім не десе де, Асхатты ақтап алмайынша тыншымаймын. Бір байқағаным, биліктегілер "Бұлар әрі-бері барады да, түбінде райынан қайтады" деп ойлайды екен. Біздің мақсатымыз – өтемақы да, құн сұрау да емес. Билік аруақтарды ақтамайынша тынбаймыз! Мысалы, маған өтемақы ретінде 7 млн теңге берді. Ол ақша Асхатымның тырнағының кіріне де татымайды. Керек болса берген ақшасын қайтарып алсын! Дүниеде ақшадан да маңызды нәрсе бар. Ол – адамның ары, – дейді Ардақ Темірбаева.
Азаттық Асхат Бегешовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша Жамбыл облыстық прокуратурасына сауал жолдаған еді. Прокуратурадан "Ардақ Темірбаеваның шағымы бойынша қылмыстық істің құжаттары қосымша зерделенуде" деген қысқа жауап келді.
Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров былтыр Азаттыққа берген арнайы сұхбатында елде Қаңтар оқиғасы бойынша бірде-бір әскери қызметкердің үстінен "адам өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалмағанын растаған. Ол күш құрылымдарының адамдарға оқ ату себебін "қоғамдық қауіпсіздік қорғау мақсатында қару қолдану құқығы пайда болады" деп түсіндірген еді.
2022 жылғы қаңтардың басында Қазақстанның бірқатар өңіріндегі үлкенді-кішілі елдімекендерде бейбіт басталған жаппай наразылықтың аяғы бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік және жеке меншік дүние-мүлікке зиян келген. Сол шақта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "елге сырттан террористер шабуылдағанын", күш құрылымдарына "ескертусіз атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ақорданың сұрауы бойынша Қазақстанға ҰҚШҰ әскері енгізілген еді.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында елде кемінде 238 адам қаза тапқан.
15 адам мерт болған Таразда кісі өлімі бойынша қозғалған істердің барлығы кейін жабылған.
Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын бірігіп зерттеген Қазақстандағы адам құқығын қорғайтын үш коалиция мен жеті үкіметтік емес ұйым бірігіп "Ескертусіз қасақана оқ ату" атты баяндама әзірлеген. Оның авторлары Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқықтары өрескел бұзылған деген тұжырым жасап, адам өлімі туралы тоқтатылған және "құпия" деп танылған істердің бәрін ашуды және бейбіт халыққа заңсыз күш қолданған құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлерді жауапқа тартуды талап еткен.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын біржақты тергеді, қаза болғандар мен азаптауға ұшырағандар ісі әділ қаралған жоқ деп мәлімдеген.
Бұл тұжырымға келіспейтін ресми Астана Қаңтар оқиғасы бойынша істер ұлттық заң аясында әділ қаралып жатыр деген уәж айтады.
ПІКІРЛЕР