ТҮРМЕДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ
Интернетте Тараздағы УЖД 158/4 колониясында жазасын өтеп жатқан Шухрат Ташмұхамедовтың қамау мекемесінде түскен видеосы тарады. Онда 22 жастағы жігіт "Жамбыл облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің озбырлығына және ішкі қауіпсіздік қызметі, прокуратура мен ҰҚК-нің әрекетсіз отырғанына наразы" екенін мәлімдеп, "ақтық сөзі" жазылған хатын электродқа орап жұтқаны көрінеді. Тұтқын өзін "ажалға итермеледі" деп көрсеткен адамдардың есімі жазылған хат наурыздың 23-іне жазылған. Хатта видеоның да сол күні түсірілгені айтылған. Кейін Ташмухамедов аузын тігіп тастаған.
Бұл ақпаратты алғашқылардың бірі болып құқық қорғаушы Елена Семенова жариялады. Кейін хабар Шухраттың анасы – Лола Атаходжаеваға жеткен. Шухрат – қазір Ресейде жұмыс істеп жүрген Лоланың жалғыз ұлы.
- Ол 2017 жылдың желтоқсанда Қылмыстық кодекстің 188 (ұрлық) және 191 (тонау) баптарымен жеті жылға сотталды. Ол түскен УЖД 158/2 жалпы режимдегі колонияда Нұртай Исаев деген бастықтың орынбасары болды. 2018 жылы күзде кездесуге барғанымда, ұлым өзінен телефон бопсалап жатқанын айтты. Мен ҰҚК-ге хабар бердім. Тергеу болып, сот өтті. Исаев айыппұлмен құтылды. Осы іс жүріп жатқанда ұлымды қатаң режимдегі УЖД 158/4 колониясына ауыстырды, - деді Азаттыққа Лола Атаходжаева.
Жоғарғы соттың сайтында УЖД 158/2 колониясы бастығының орынбасары, подполковник Нұртай Исаевтың Шухрат Ташмұхамедовтен жаңа iPhone-7 смартфонын беруін талап етіп, бопсалағаны туралы іс материалы бар. Онда "Ташмұхамедовтың Исаевтан колония ішінде телефон пайдалануға, мөлшерден артық зат өткізу және анасымен қысқа мерзімді кездесулерге рұқсат етуін сұрап өтініш айтқаны, бұлардың заңсыз екенін біле тұра Исаев келісім бергені" жазылған.
Осылайша Исаевқа 11 миллион теңгеге жуық айыппұл салынып, сот оны мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан біржолата айырған.
"БҰЛ - КЕК АЛУ"
Лола Атаходжаеваның сөзінше, УДЖ 158/4 колониясына ауысқан ұлына мекеме қызметкерлері қысымды күшейткен. Ол мұны "айыппұл арқалап, жұмыстан қуылған әріптесі үшін кек алу" деп біледі. Былтыр сәуірде қатты ұрып-соққаннан кейін ұлы наразылық білдіріп, темір зат жұтқан. Сол үшін төрт ай карцерде отырған.
- Төрт айдың ішінде колония басшылығы шағым түсіріп, жалпы режимде өтеуі тиіс жеті жыл жазасының бірі жылын Арқалықтағы жабық режимдегі колонияда өтеу туралы қаулы шыққан. Кейін адвокат жалдап, бұл қаулының күшін жойдық, - дейді Лола Атаходжаева.
Бұл істе Шухраттың құқығын қорғаған адвокат Әубәкір Құлшымановтың Азаттыққа айтуынша, колония басшылығы Ташмұхамедовті күндіз отырғаны, өзге сотталғандармен дауыс көтеріп сөйлескені, темекі тұқылын тастағаны сияқты "ұсақ-түйек тәртіп бұзушылығы" үшін бірден айып изоляторына отырғызып келген.
- Тараз қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты оны бір жылға Арқалыққа жіберу туралы қаулы шығарған. Былтыр күзде облыстық сотқа шағымданып қаулының күшін жойдырдық, Ташмұхамедов Таразда қалды. Одан кейін де қысым жалғасқан соң аштық жариялап, аузын тігіп тастауға мәжбүр болған. Қазір осы әрекеті үшін тағы іс қозғалған, - дейді адвокат.
Құлшымановтың сөзінше, Шухрат өзін Арқалаққа жібере ме деп қорқатын көрінеді, себебі онда жағдайы мүлде қиындайтыны анық. "Ондағы қызметкерлер Шухраттың колония басшысының орынбасарын ұстап бергенін кешірмейді" дейді адвокат.
"РЕЗОНАНС ТУДЫРУДЫҢ АМАЛЫ"
Бұл іс жөнінде Тараздағы УЖД 158/4 колониясы басшылығымен сөйлесу мүмкін болмады. Ақыры жергілікті облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілімен сөйлестік, бірақ ол да "толымды жауап беру үшін ақпаратты жинап алайын" деп алып, сол күйі хабарласпады.
Бірнеше күннен кейін Азаттыққа Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен қысқа жауап келді. Жауапта "құқық қорғаушы Елена Семенова жариялаған Шухраттың видеосындағы жайттар тексерілгені" айтылған. Комитет тұтқын Шухрат Ташмұхамедовты "бұған дейін сотталған", "колония ішінде белгіленген ережені жиі бұзатын" адам деп сипаттаған.
"Сот Ташмұхамедовты қауіпсіздігі аса жоғары колонияға ауыстыру туралы қаулы шығарған. Ол осы қаулыға наразылық ретінде өз денесін жарақаттаған. Сонымен бірге, Ташмұхамедовтен өзге тағы екі адам сондай әрекет жасаған. Осыдан кейін колонияға прокуратура мен сотталғандар құқығының сақталуына мониторинг жасайтын ұйым өкілдері барып, жазасын өтеушілермен әңгімелесті" деп хабарлады Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен.
Мекеменің жазуынша, сотталғандар арасында "ішкі тәртіпке бағынбайтындар өздерін жарақаттау арқылы қоғамда басқа пікір қалыптастырып, алдағысы келеді".
Азаттық Ташмұхамедов пен өзге тұтқындардың қазіргі жағдайы туралы қосымша сұрақтар қойып, Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хат жолдады, бірақ әзірге жауап келген жоқ.
Қазір бұл іске Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро мамандары кіріскен.
Бюро заңгері Анна Солодованың сөзінше, ақпарат мәлім болысымен азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясының Жамбыл облысындағы өкілдеріне бірден хабар берген.
- Олар кездесуге рұқсат алуға тырысты. Себебі қазір карантинде ешқандай кездесуге рұқсат жоқ. Сәуірдің 9-ы түстен кейін коалиция өкілдері колонияға барып, тұтқындармен кездесті. Оларға қауіп төніп тұрған жоқ, медициналық көмек көрсетілген. Қазір барлық материалдар зерттеліп болғасын, тиісті есепті Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкіліне жолдаймыз, - деді заңгер.
Видео: ІІМ ел түрмелерінде азаптау барын мойындады (6 тамыз 2019 ж.)
Солодова есеп дайындалғаннан кейін адвокат жалдап, тұтқындарға құқықтық көмек көрсету жоспарланып отырғанын айтты.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау" қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.
ПІКІРЛЕР