Маусымның 12-і күні таңертең Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Ол осыдан екі күні бұрын наразыларды жаппай ұстаумен ерекшеленген және батыс бақылаушылары заң бұзу фактілері көп болды деп бағалаған сайлауда жеңіске жеткен болатын.
66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев үш айға жетпейтін уақыт ішінде осымен екінші рет ант берді. Бұған дейін наурыздың 19-ында Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен президент қызметінен кеткеннен кейін орнына сол кездегі парламент сенатының төрағасы Тоқаевты қалдырған еді. Наурыздың 20-ы күні президент ретінде алғаш рет ант берген Тоқаевтың ұсынысымен Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент сенатының төрағасы болып бекітілген.
Сәрсенбі күні Тәуелсіздік сарайына жиналған парламент депутаттары, үкімет мүшелері мен президент әкімшілігінің лауазымды қызметкерлері және өзге де шенеуніктер таңертеңгі сағат 11-ден бес минут кеткенде залға кірген Нұрсұлтан Назарбаевты тік тұрып, қол соғып қарсы алды. 78 жастағы Назарбаев залдың алдыңғы қатарына дәл ортасына қойылған, басқа орындықтардан түсі де, формасы да өзгеше орындыққа жайғасты.
"ЕЛБАСЫ ЖОЛЫМЕН"
Ұлықтау рәсіміндегі сөзін бұрынғы президент Назарбаевтың заңда бекітілген мәртебесін атап бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 9-ы күні кезектен тыс өткен президент сайлауында өзіне қолдау көрсеткен сайлаушыларға алғысын жеткізді. Ол сайлаудың "әділ" және "демократиялық принциптерге сай" өткенін айтты.
"Ел азаматтары елбасы стратегиясын қолдап дауыс бергенін атап өтуге тиіспіз" деген Тоқаев сайлаушылардан "елбасы жолын, стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту" туралы өтініш-тілек көп түскенін жеткізді.
"Қазіргі дамыған Қазақстан - бұл, ең алдымен, елбасының арқасы" деген Тоқаев Назарбаевты "қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға, жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері" деп атады.
"Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу - бәрімізге ортақ парыз" деді Тоқаев.
"Мен елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтін боламын" деп уәде берді екінші президент. Тоқаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөзінде "өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу", "әлеуметтік саясатты жаңарту", "іскерлік белсенділікті ынталандыру", "орта тапты қалыптастыру" туралы уәделер айтылды. Ол қоғам бірлігін қамтамасыз ету және Қазақстанның мүддесін қорғауды мақсат етіп қоятынын айтты.
"Билік халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, жергілікті жерлердегі проблемаларды шешуге, азаматтар алдында тұрақты есеп беруге міндетті. Құр уәде бермей, жұмыс тындыруы керек. Үкімет мүшелері мен әкімдер осы ережені ұстануы тиіс" деді Тоқаев.
Президент елдегі әлеуметтік проблемалардың бірі - тұрғын үй мәселесін шешу жайлы да айтты.
"Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына ерекше назар аударамын. Біз бірыңғай тұрғын үй саясатын жасаумыз керек. Үкімет нақты шаралар қабылдайтын болады" деді Тоқаев.
Оның сөзінше, жұрт әділдікті, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуін, ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты азайған табысының көбеюін қалайды. Тоқаев елде жаңадан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеді. Соңғы айларда үкіметке наразылық күшейіп отырған қоғамды президент тамыз айында алғашқы отырысы өтетін осы кеңес аясында диалогқа шақырды.
Жаңадан сайланған президент ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде сайлау өткен күні және ертеңінде билік күштерінің үкіметке наразы азаматтарды жаппай ұстағаны жайлы ештеңе айтпады. Бұған дейін, сейсенбіде Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Тоқаев шеруге қатысқан кей азаматтардың "өздерін дөрекі ұстап, полиция қызметкерлерін арандатқаны" және "сырттан алған ақпараттың жетегіне еріп, заңсыз әрекеттерге барғаны" туралы айтқан болатын.
Қасым-Жомат Тоқаев жемқорлыққа қарсы күресу, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу, түрлі санаттағы азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету арқылы тұрғын үй проблемасын шешу, әділетті әлеуметтік саясат жүргізу, жастар бастамасын қолдау, жас кәсіби мамандардан президенттік кадрлар резервін даярлау жұмысының негізгі бағыты болатынын айтты. Кәсіби дипломат, БҰҰ бас хатшысының орынбасары болып істеген тәжірибесі бар Тоқаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстан бұрынғы президенттің тұсындағыдай, сыртқы саясатында көпвекторлықты ұстанатын болады.
Ұлықтау рәсіміндегі сөзін аяқтаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев мінберден түсіп, залда отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың қасына барды. Екеуі қол алысып, бір-бірмен қысқа ғана тіл қатысты. Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайы адына шығып, Қазақстан қарулы күштерінің салтанатты шеруін қабылдады. Қазақстанның екінші президентін ұлықтау рәсімі бас-аяғы жарты сағат уақытқа созылды.
ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІ ҰЛЫҚТАУ
Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсіміне шет мемлекеттердің басшылары қатысқан жоқ. Шараның өзі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы миссиясының бақылаушылары азаматтар жаппай ұсталып, "бостандықтары көпе-көрнеу бұзылды" деп сипаттаған сайлаудан соң екі күн өткенде ұйымдастырылды. Бұған дейін Тоқаев ұлықтау рәсімін маусымның 12-і күні өткізу себебін халықаралық шараларға қатысу үшін бейсенбіде шетелге сапарға шығу қажеттігімен түсіндірген.
Маусымның 9-ы күні кезектен тыс өткен сайлауда Тоқаевтың жеңіске жететіндігіне сарапшылар әу бастан шүбә келтірмеген. Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін кенеттен доғарғаннан кейін орнына көп жылдан бері сенімді серігі болып келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған.
Кей сарапшылар заң жүзінде бекітілген ерекше мәртебесі, Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы бар Назарбаев президенттіктен кеткенімен, билікке ықпал ету тетіктеріне ие болып қалды деп санайды. Назарбаев басқаратын биліктегі "Нұр Отан" партиясы оның ұсынысы бойынша Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына саяси ұйым атынан кандидат етіп бекіткен.
Қазақстандағы кейбір оппозициялық күштер шынайы билік әлі Назарбаевтың қолында деп біледі. Олар билік кезектен тыс президент сайлауын қысқа уақытқа қойып, сайлаудың шынайы саяси бәсекемен өтуіне еш мүмкіндік қалдырған жоқ деп мәлімдеп, сайлауға бойкот жариялаған.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары Қазақстанда маусымның 9-ы күні кезектен тыс өткен президент сайлауы туралы алдын ала есебінде бейбіт шеруге шыққандарды жаппай ұстау мен дауыс беру барысында көптеп тіркелген заң бұзу фактілері "демократиялық стандарт сақталғанын көрсетпегені анық" деп мәлімдеген.
- Билікті ұзақ уақыт басқарған бірінші президент қатыспаған алғашқы сайлау болғандықтан бұл сайлау Қазақстан қоғамы үшін маңызды еді. Жеті кандидат (арасында алғаш рет әйел үміткер де бар) қатысқанымен, сайлау шынайы демократиялық ынтымақтық пен елеулі саяси, әлеуметтік және құқықтық реформалар қажет екенін көрсетті, - деді ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді бақылаушылар миссиясының басшысы әрі арнайы үйлестірушісі Георгий Церетели.
Маусымның 9-ы мен 10-ы күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда президент сайлауына қарсы азаматтар шыққан рұқсат етілмеген акциялар барысында, ресми мәлімет бойынша, 700-ге жуық адам ұсталған. Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев наразылық шерулерін ұйымдастырушыларды "радикалдық пиғылдағы элементттер" деп атады. Шымкент пен Ақтөбеде де полиция азаматтарды ұстаған.
Нұр-Сұлтан мен Алматыда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қазақстандағы қолданушылар интернет жылдамдығы баяулап, WhatsApp мессенджерінің жұмысы нашарлап кеткенін хабарлады.
Батыс бақылаушылары Қазақстанда осы кезге дейін өткен президент және парламент сайлауларының ешбірі еркін және әділ өтпегенін айтады.
ПІКІРЛЕР