Үш ай төсек тартып жатты, ондаған шақырым жаяу жүріп, Ақорда алдында наразылық білдірді, қазір дәрінің күшімен ғана ұйықтайды. Қаңтарда баласы оққа ұшқалы 38 жастағы Жәмила Рахымбекованың өмірі осындай, бұрынғы қалыпты тіршілік ұмыт болған. Ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін әйел Қаңтар дүрбелеңінде мерт болған ұлын ақтауға тырысып жүр.
Тараз іргесіндегі кішкентай ауылда тұратын Жәмилаға 19 жастағы ұлы Тоқтар былтыр желтоқсанда аппақ пальто сатып әпереді. "Осылай жарқырап жүрші, мама" дейді.
5 қаңтарда Тоқтар шешесінің жанынан шықпай, қайта-қайта бетінен сүйе береді.
– Қоштасқанын қайдан білейін? Өліп қаларын білсем, аяғына оралып, ешқайда жібермес едім ғой, – дейді Жәмила.
6 қаңтарда кешке қалаға шығып кеткен Тоқтар үйіне қайта оралмады. Жас жігіт дүрбелең кезінде оққа ұшып, қаза тапты.
Ұлының өлімінен соң Жәмила үш ай төсек тартып қалды. Тоғыз айда жиырма келі тастап, әбден жүдеді.
Қара жамылған әйел марқұм ұлын билік таққан айыптан ақтап алу үшін күресіп жүр.
"КҮРЕК ТІСІ СЫНҒАН"
19 жастағы Тоқтар Ошақбай Тараз университетінің спорт факультетінде 3-курста оқып жүрген. Отбасындағы үш баланың тұңғышы еді.
Оқудан бос уақытында әкесімен бірге құрылысқа қажет құрғақ қоспа шығаратын кәсіпорында жұмыс істеп, табыс табатын. "Өзі бойшаң, жайсаң да салмақты жігіт еді".
Тоқтар отбасымен Тараздан 18 шақырым жердегі Түрксіб ауылында тұратын. 6 қаңтар күні кешкі жетілер шамасында "достарыммен жүріп қайтамын" деп үйінен шығып кетеді.
Бұл кезде Тараз орталығында дүрбелең болып жатқан. Жаңаөзенде газ бағасының өсуіне қарсы көтерілген халықты 4 қаңтарда тараздықтар да қолдап шықты. Бейбіт наразылық арты дүрбелеңге ұласты.
Сағат оннан өткенде Жәмила ұлын уайымдап, іздей бастайды. Бірақ Тоқтар телефонын алмайды. Сағат он бірден өте күйеуінің телефоны шырылдайды. Ауруханадан екен. "Балаңызға оқ тиіп, осында түсті" дейді.
Жәмила мен күйеуі жанұшыра Тараз қалалық ауруханасына жетеді. Ондағылар "балаңызға операция істеп жатырмыз" дейді.
20 минуттан соң дәрігер Тоқтардың қазасын естіртеді. Жәмила есінен танып қалады.
Ауруханаға біраздан соң Жәмиланың қарт әкесі мен ағасы да жетеді.
Тоқтарды жоқтаған төртеу таңды ауруханада атырады.
– Көшеге шықсақ, атып тастай ма деп, отыз шақты адам аурухана ауласынан ұзай алмадық, – дейді Жәмиланың әкесі Тұратай Рахымбеков. – Бәрінің туысы жараланған. Аурухана алдында тұрғанбыз. Таңға жақын БТР бір жеңіл көлікке оқ жаудырып, шығысқа қарай қуып бара жатты. Сәлден соң 80-100 метр жерге "Урал" көлігі келіп тоқтады. Оның бортынан арнайы жасақтың 20 шақты адамы секіріп түсті де, көше бойымен кетіп бара жатқан Audi көлігін тоқтатты. Көліктен түсіп, жерге жата қалған төрт адамның бірі "Не болды?" деп сұрағаны сол еді, арнайы жасақ жап-жас жігітті көз алдымыза атып тастады. Бізді ауруханаға қуып тығып, құжаттарымызды тексерді. "Қолдарыңды көтеріп, бастарыңды төмен салып отырыңдар!" деп бұйырды. Бас көтеріп, бетіне қараған екі жігітті сол жерде соққыға жықты.
Қария 7 қаңтарда кешке дейін облыстық мәйітхана алдында жүреді. Алты шамасында мәйіт тиелген жедел жәрдем көліктері бірінен соң бірі келе бастайды. Тоқтардың денесін үшінші көлікпен алып келеді. Сүйекті тану үшін қария мәйітханаға кіреді.
– Мәйітке сараптама жасайтын залда үш үстел тұр. Үшеуі де бос емес. Еденде де мәйіттер жатты. Сол бөлмеден кемінде он адамның сүйегін көрдім, – дейді Рахымбеков. – Менің баламның аузы ашылыңқырап қалыпты. Күрек тістері сынған. Оқ тиіп құлаған кезде сынса керек... Арқасынан тиген оқ жүрек тұсынан тесіп шыққан. Беломыртқасы мен сегізкөзінен тиген екі оқ денесінде қалыпты. "Сүйекті сараптамасыз бермейміз" деді. Қас қарайып қалған. Көп ұзамай комендант сағаты басталатындықтан қасымдағы адамдарды қырып алармын деп мәйітті алмастан үйге қайттық.
Жігіттің денесін туыстары 8 қаңтарда алады. Жәмила мәйітті көріп, тағы талықсып кетеді.
Мәйітхана қызметкерлері Тоқтардың орнына Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан басқа жігіттің сүйегін беріп жіберген екен. Көзіне оқ тиіп, бет-аузы қан-жоса болған бөтен мәйіттен Жәмила шошып қалады. Оның денесін қайта мәйітханаға өткізеді.
Тоқтардың сүйегі ауылдағы үйіне түске қарай жетеді. Үй іші сол күні-ақ марқұмның жаназасын шығарып, ауыл шетіне арулап көмді. Тірі болғанда Тоқтар биыл мамырда жиырмаға толар еді.
Жәмила ұлын кім атқанын білмейді. Тергеушілердің де ол адамды тауып, аты-жөнін әшкерелей қоярына күмәнданады.
– Құдайға тапсырдым, құдайға тапсырдым, – дейді әйел дауысы қарлығып.
Азаттық Жамбыл облыстық прокуратурасына "Тоқтар Ошақбайға оқ атқан кім? Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды ма?" деп сауал жолдады. Прокуратура "Бұл іс әлі сот өндірісінде жатыр" деп қысқа жауап берді.
"БТР-ға ТАС ЛАҚТЫРЫПТЫ"
Отбасы араға үш ай салып, Тоқтардың үстінен қылмыстық кодекстегі "Терроризм" және "Жаппай тәртіпсіздік" баптарымен іс қозғалғанын біледі. Кейін қылмыстық іс қайта сараланып, "Жаппай тәртіпсіздік" бабы қалады.
Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, "Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан" тоғыз адамның ісін Тараз соты 23 қарашада қарай бастайды. Сотқа тартылған тоғыз адамның бесеуі Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған. Арасында марқұм Тоқтар да бар.
Тергеу материалдарында "4-6 қаңтар аралығында белгісіз тұлғалар алдын ала сөз байласу арқылы қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлікті жоюмен, атыс қаруын және жарылғыш заттарды қолданумен, сондай-ақ билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан жаппай тәртіпсіздік жасап, бірнеше мемлекеттік ғимаратқа шабуылдап, оларды басып алып, нәтижесінде өрт қою арқылы бүлдіріп, қылмыс орнынан белгісіз бағытқа бой тасалаған" деп жазылған.
Жәмила тергеудің Тоқтарға тағып отырған айыбымен келіспейді.
– Тергеушінің айтуынша, Тоқтар оқ атып келе жатқан БТР-ға қарай тас лақтырыпты. Бар айыбы – осы! Онысы мүлдем қисынға келмейді, – дейді әйел. – БТР оқ атып келе жатса, адам жанын сақтау үшін қашпай ма? Ол "Терминатор" емес қой. "Қандай дәлеліңіз бар, видео көрсете аласыз ба?" дегенімде тергеуші "Сенің балаң – 200 пайыз террорист!" деп үстелді бір қойды.
Шілде айында Тоқтардан "терроризм" айыбы алынып тасталды. Оған дейін де, одан кейін де шағым айтып, қақпаған есігім жоқ. Тергеу материалдарында әлі де сәйкессіздік көп.
"Тоқтар Ошақбай 5 қаңтар күні алаңда болды" деп жазылған. Ол күні балам үйден мүлдем шыққан жоқ. Біз ол күні соғым сойып, үйге қонақ шақырдық. Тоқтар менің жанымда болды.
Бір тұсында "көшеде қансырап жатқан екі жігітті ауруханаға таксист әкелді" деп жазылған. Ал басқа бір жерінде "ауруханаға Ошақбайдың мәйіті жеткізілген" дейді.
Азаттықтың "Тоқтар Ошақбайдың айыбы дәлелденді ме? Нақты қандай айғақ бар?" деген сауалына облыстық прокуратура "Оның кінәсі бар-жоғын сот шешеді" деп жауап берді.
"ЕНДІ ЖАРҚЫРАП КҮЛЕ АЛМАСПЫН"
Қаңтар басында Таразда екі жарым мыңға жуық адам қатысқан дүрбелең кезінде кемінде 15 адам қаза болды. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, марқұмдардың өлімі бойынша қозғалған істердің қалай тергеліп жатқанын билік айтпай отыр.
Жамбыл облысында Қаңтар оқиғасына байланысты 164 қылмыстық іс қозғалған. Тергеуге тартылған 165 адамның 130-ы қамауда отыр. Айып тағылғандар арасында кәмелетке толмаған 11 жасөспірім бар.
Биыл тамызда Жәмила Қаңтар оқиғасында баласы оққа ұшқан, кейбірінің баласы түрмеде отырған он шақты адаммен Астанаға бармақ болады.
– Тоқтарымнан айрылып, жер басып жүргенім аздай, оған небір жаланы жаптырып қойып, тыныш отыра алмадым, – дейді әйел.
Бірақ жергілікті полиция бір күн бұрын кедергі келтіре бастайды: олар отырған көліктерді бірнеше мәрте тоқтатып, жүргізбей қояды. "Таксилерге айыппұл салады, автобус жүргізушілеріне қысым көрсетеді".
Бұдан соң Жәмила мен бір топ кісі Астанаға жаяу шығады. Олар бұл сапарды "Әділдік талап еткендер маршы" деп атады.
Ондаған шақырым жаяу жүрген соң оларды Жамбыл облысы әкімдігінің қызметкерлері көлікке отырғызып, Астанаға жеткізді.
Марқұмдар мен күдіктілердің туыстары Ақорда алдында бірнеше рет наразылық өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етті. Жиналған сайын оларды полиция мен арнайы жасақ күштеп әкетіп, бөлімшелерде сағаттап ұстап отырды.
Туыстарының Астанадағы наразылығынан соң Тараздағы кейбір күдікті үйқамаққа жіберілген. Бірақ ешбірінің "балам ақталсын" деген талабы орындалған жоқ. Марқұм Тоқтарға тағылған айып та алынбады.
– Өлген балаға неге тыныштық бермейді бұлар?! – дейді Жәмила. – Құдайдың алдына бармай ма бұлар?! Қазақты қазақ қырғасын не үміт, не қайыр?..
Жыламаған күнім жоқ. Балам кеткелі күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмедім. Әлі қырыққа толмасам да түнде тек дәрінің күшімен ұйықтаймын. Айтар сөзімді ұмытып, тұтыға берем. Тоқтарым барда бақытты екенмін ғой. Ендігі мен жарқырап күле алмаспын.
ПІКІРЛЕР