Accessibility links

"Кеттім" деп, билікте қалған. Қазақстандағы "транзит" ерекшелігі


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы өтетін залға кірген сәт. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы өтетін залға кірген сәт. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.

Бірінші президенттің өзі құрған сценарий бойынша билікке келген екінші президент немесе қазақстандық "транзит" биыл халықаралық ақпарат құралдарының назарын аударып, "Қазақстандағы билік ауысуы" медиа құралдарының ең көп қолданған сөз тіркесіне айналды. Орталық Азиядағы елде отыз жылда бірінші рет президент ауысты: Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына оның төңірегінде жүрген басқа адам келді. Бұрынғы президенті билікте қалған елде екінші президент қызметке қалай келген еді?

ҚЫЗМЕТ ЛАУАЗЫМЫН ТАПСЫРДЫ, БИЛІКТІ БЕРГЕН ЖОҚ

2019 жыл, наурыздың 19-ы. Сейсенбінің кеші. Елді 30 жылға жуық басқарған адам мемлекеттік арна эфирінде "өзі үшін қиын шешім қабылдағанын" мәлімдеді. 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен бас тартатынын жариялады. "Қазақстанның бірінші президенті Өзбекстан мен Түркіменстан мысалындағыдай, өмірінің соңына дейін өз қызметінде қалады" дегендер бұл жаңалықты қуана қабылдады.

- 30 жылда Назарбаев мырзаның отставкасын күтуден шаршадық. Оның биліктен кеткенін көрмей өлетін шығармыз деп ойлайтынбыз. Сондықтан сол күні жақсы өзгерістер болады деген үміт пайда болды. Өзімді оптимист сезіндім, - дейді наурыздың 19-ы күнгі оқиғаны еске алған қазақстандық құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақытжан Төреғожина.

Келесі күні Қазақстанда екінші президент пайда болды. Бұл лауазымға көп жыл Назарбаевтың маңайында премьер-министр, сыртқы істер министрі болып жұмыс істеген, соңғы жылдары парламент жоғарғы палатасының төрағасы болған кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев ант беріп, президент қызметін атқаруға кірісті. Конституцияға сәйкес, президент отставкаға кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, оның қызметі сенат төрағасына өтеді. Бірнеше сағатқа босап қалған сенат төрағасы қызметіне бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева келді.

- Назарбаев тағы да бізден қулығын асырғаны белгілі болды. Ол билікті тек ресми беріп, шын мәнінде оны өз уысынан шығарған жоқ. Осының бәрін көріп, көңілім қалды. Бұл өте ұят әрі масқара жағдай болды, - дейді Төреғожина.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесі кезінде. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесі кезінде. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

Демалыс күндері халық көне наурыз мерекесін тойлады. Мереке күндері жаңа президент алғашқы жарлығымен Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертті. Қоғамда бұл шешімге наразылық пайда болды, қарсылық акцияларына шыққан ондаған адам ұсталды.

Үш айға жетпейтін уақыт ішінде елде дауыс беру бюллетенінде бірінші рет Назарбаевтың аты-жөні кездеспеген кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сайлауда бұрынғы президент өз орнына қалдырған Тоқаев жеңіске жетті. Әдеттегідей Қазақстан билігі сайлау әділ өткенін жарияласа, ЕҚЫҰ бақылаушылары саяси науқан ашық болмағанын, дауыс беру кезінде заңбұзушылық фактілері өте көп болғанын мәлімдеді. Бұрынғы сайлау науқандарымен салыстырғанда, осы жолы әуелі дауыс беруден бас тартып, бойкот жариялауға, кейін сайлаудың ресми қорытындысын мойындамауға шақырған жаппай наразылық акциялары өтті. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында төрт мыңға жуық адам ұсталып, мыңға тарта азамат жауапкершілікке тартылған.

Сайлаудан кейін Тоқаев пен Назарбаев бұл сценарийді бірнеше жылдан бері дайындағанын мәлімдеді. Батыс басылымына берген сұхбатында Тоқаев өзінің екінші президент болатынын Назарбаевтан үш жарым жыл бұрын естігенін айтты. "Дауыс берушілер сізді қолдамайды деген күдік болған жоқ па?" деген сұраққа Тоқаев "Мен көшеден келген жоқпын ғой" деп жауап берді.

"Саясатқа көшеден келген жоқпын". Тоқаев президенттікке қалай дайындалғанын айтты

"Саясатқа көшеден келген жоқпын"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

Соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрып келе жатқан журналист, ағылшын тілінде жазатын Eurasianet.org сайтының шолушысы, "Қараңғы көлеңке: Қазақстанның құпия әлемінің ішінде" ("Dark Shadows: Inside the Secret World of Kazakhstan") кітабының авторы Джоанна Лиллис "Назарбаев екінші президентті тағайындау арқылы өзінің және отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысты, бірақ кейін болған оқиғалар "бәрі жоспарға сай жүрмегенін" көрсетті" деп есептейді.

- Бұл Назарбаев пен оның айналасындағылардың халықтан "Осыны қалайсыңдар ма?" деп сұрауды ұмытып кетуінен болған шығар. Халық наразылыққа шыға бастады, - дейді Лиллис. Ол халық наразылығына Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсылық емес, биліктің азаматтарды таңдау құқығынан айыруы себеп болғанын айтады. Лиллистің пікірінше, "Таңдауым бар" сөз тіркесінің наразылықтың негізгі ұранына айналуы тегін емес.

Жиырма жылдан астам уақыт бойы "Еуропаның соңғы диктаторы" атанған Александр Лукашенко басқаратын Беларусь елінің саяси шолушысы Юрий Дракахруст Қазақстандағы "транзитті" бақылап, соңғы уақытта Орталық Азиядағы мемлекетті басқару жүйесінен "турбуленттік" байқағанын айтады.

- Бұрын Қазақстанда президент сайлауы өтіп, Назарбаев өте жоғары (90 пайыздан көп) көрсеткішпен жеңіске жеткенде елде ешкім орнынан да қозғалған жоқ. Енді Тоқаев президент сайлауында Путинмен шамалас, қарапайым "диктаторлық" көрсеткішке (70 пайыздан төмен) қол жеткізгенде бүкілхалықтық болмаса да, жаппай наразылық акциялары өршіді. Билік Назарбаевтың қолында болған кезде бәрі кімнің бірінші екенін білетін. Бұл жолы ондай болған жоқ. Жаңа схемамен жұмыс істей бастағанда, сондай үлкен турбуленттік байқалды. Назарбаевтың көзімен қарағанда мұнда бір қайшылық бар: бір жағынан, ол лауазымды тапсырғанымен, билікті өзінде қалдырды; екінші жағынан, бұл орында бәрін өз уысында ұстайтын адам болғанын қалайды. Жаппай наразылық шаралары кезінде Назарбаев Тоқаевтың халықты уысында ұстау қабылетіне күдіктеніп қалған сияқты, - дейді шолушы.

НАЗАРБАЕВТЫҢ "БИІК" ҚҰЗЫРЕТІ

Пушкин атындағы мемлекеттік орыс тілі институтының зерттеуінде "2019 жылы "Қазақстандағы билік ауысуы" сөз тіркесі "наразылық" сөзімен бірге орыстілді медиада ең көп қолданылған сөзге айналды" делінген. "Яндекс" іздестіру жүйесі "Назарбаев отставкасын" қолданушылар назарын аударған үздік 10 оқиға тізіміне қосты.

- Орталық Азия елдерінде билік транзитінің әртүрлі тәжірибесі бар. Олардың қаншалықты сәтті өткені туралы сөз таластыруға болады. Өзбекстан мен Түркіменстан тәжірибесі бар. Қырғыз тәжірибесі бар – бізде қазір бесінші президент (төртінші президент болған Алмазбек Атамбаев қазір жемқорлық айыбымен абақтыға қамалған) отыр. [Қазақстан] Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстанның билік транзиті бойынша тәжірибесін ескеріп, бәрін қауіпсіз әрі жұмсақ өткізуге тырысты. Ең бастысы – таңдаған бағытты қамтамасыз ету, – дейді Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Темір Сариев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі "Нұр Отан" партиясының шарасында. Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі "Нұр Отан" партиясының шарасында. Нұр-Сұлтан, 7 маусым 2019 жыл.

Қазақстандық "транзиттің" өзіндік ерекшелігі болды: Назарбаев президент қызметінен кеткенімен, кең құзыреті мен мемлекеттік аппаратқа ықпал ету тетіктерін сақтап қалды.

Назарбаев отставкасынан кейін әлеуметтік желіде "Қазақстанда ғана президент қызметінен жоғары лауазымға өсуге болады" деген әзіл тарады. Назарбаев қазіргі президент маңызды мемлекеттік қызметтерге тағайындауларды келісетін ықпалды орган – Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару мүмкіндігіне ие болды. Ол сондай-ақ елдегі саяси алаңда басымдыққа ие, сайлауда Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған (2018 жылы елде президент қызметіне өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі жойылған, дәл сол жылы Қауіпсіздік кеңесі туралы заң қабылданған) "Нұр Отан" партиясын басқарады.

- Енді бұрынғы президент Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі жиындарында үстел басында, ал қазіргі президент Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің басқа мүшелерінің арасында отырады. Мәселе кімнің қай жерде отыратынында емес, президентке кадрлық мәселені Қауіпсіздік кеңесімен ақылдасу міндеті артылғанында болып тұр. Ал барлығын кадр шешеді – бұл әрқашан көкейкесті саяси аксиома. Назарбаев биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы қызметін сақтап қалды. Ал Тоқаев партияда оның орынбасары да емес, білуімше, саяси кеңес сияқты ресми бюроның мүшесі ғана. Басқаша айтқанда, Назарбаевтың жоғары мемлекеттік қызметтен кеткенін растайтын белгі көп болғанымен, оның өзі биліктен кеткен жоқ. Керісінше, енді Назарбаев президент Тоқаевтан да жоғары тұр деуге толық негіз бар. Бірақ екеуі де Қазақстанда қос билік жоғын айтады, - дейді журналист Джоанна Лиллис.

Билік пен оппозицияда болып көрген 72 жастағы Петр Своиктың сөзінше, желтоқсанда өткен Қоғамдық сенім кеңесінің (даулы сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған консультативті-кеңесші орган) жиыны – қазіргі президенттің барынша сақ екенін көрсеткен. Тоқаев саяси партиялар туралы заңның кей нормаларын жұмсарту, бейбіт жиындар туралы жаңа заң әзірлеу, "Жала жабу" бабын әкімшілік заңға ауыстыру сияқты бірнеше ұсыныс жасады.

- Тоқаев мәлімдемесінде барынша сақ болуға тырысты: кезектен тыс сайлау, құзыреттерді қайта бөлу, партиялар үшін шекті меже белгілеу, сайлау жүйесіне бұрмалауға жол бермейтін өзгерістер енгізу туралы бірде-бір сөз айтпады. Ұсыныстарда пайдалы әрі қоғам көптен күткен мәселелер аталғанымен таласпаймын, бірақ олар өз алдына саяси жүйеде ештеңе өзгерте алмайды. Оның үстіне бұл ұсыныстар парламентте заң жобасын талқылаған кезде алғашқы нұсқасынан өзгеріп кететіндей етіп жасалды, – дейді Своик.

Тоқаевтың "саяси реформасына" белсенділер сенбейді

Тоқаевтың "саяси реформасына" белсенділер сенбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:48 0:00

Джоанна Лиллис Тоқаевтың билігі "әзірге әлсіз", ал Назарбаев "өз күшінде" болғандықтан, либералды заңдар қабылдаған күннің өзінде олар Қазақстанның демократиялық мемлекет екенін растайтын конституциялық декларация сияқты ресми құжат қана болып қалуы мүмкін екенін айтады.

"Қазақстанда билік транзиті басталған жоқ" дейді Своик. Қазір "жартылай транзит" туралы сөз болып жатқан шығар. Бұл пікірге нағыз билік транзиті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси сахнадан толық кетуінен кейін ғана басталады дейтін қазақстандық сарапшылардың көбі қосылады.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев ішкі саясатқа белсенді араласып келеді, мәселен, тамыз айында ол кезектен тыс парламент сайлауы өтпейтінін мәлімдеді. Бірақ кезектен тыс сайлау өткізу құзыреті қазіргі президенттің қолында. Одан бөлек, шетелдік шараларға Қазақстан атынан Назарбаев қатысады. Ол Жапония жаңа императорының таққа отыру салтанатына қатысып, Токиода Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Бакудегі түркі мемлекеттерінің әріптестік кеңесі саммитінде болып, артынша Ташкентте өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты. Желтоқсан айында Сантк-Петербургтегі Жоғарғы Еуразиялық экономикалық комиссия отырысына барды.

Орталық Азиядағы жағдайды бақылап отырған батыс басылымдары бұрынғы президент өзін қазіргі президент сияқты ұстап, дәл сондай құзыретке ие болғандықтан, Қазақстан "Назарбаевтың мемлекеті" ретінде қалып отырғанын айтады. Жаңа президенттің жарты жылдық қызметінен кейін шетелдік ақпарат құралдары "Өңірдегі ірі мемлекеттегі билік ауысымы тек қағаз жүзінде өтті. Қазақстанның иесі бұрынғы президент боп қалып отыр" деп жазды. Екінші президент Тоқаев қоғамдық мәселелерге жедел реакция білдіретін "халық пікіріне құлақ асатын мемлекет" концепциясын жариялады. Қазан айында америкалық Diplomat басылымы мақаласында "Тоқаевтың "тыңдаушы мемлекеті" біреуді тыңдаса, ол тек Назарбаевтың дауысы болады" деп жазған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG