Жеке Бас, дағдылы әдетімен, тариx тағылымы туралы сөйлей бастағанда, ол не айтса да, жамырап, қостап үйренген жамағат, осы жиылысқа не үшін келгендерін ұмытып, әдеттегісінше, озан-шу, даңғаза көтеріп, дүрлігіп кетті. Жеке Бас дабыра-қошемет, айғай-ұран, мадақтан даусын асыра алмай, сілесі қатты. Не айтқанын ешкім естіп болар емес. Қолын да көтерді - болмады, басын да шайқады - тоқтамады... Ақыры, түк айта алмаған күйі, трибунадан шеткерек барып, масатты, риза жымиыспен асқақ тұлға, көшбасшы көсем кейіпте ескерткіш болып, үнсіз қатып тұруға мәжбүр болды...
Оны әшкерелеуде, әсіресе, мен қатты көзге түстім. Жеке Басты сынауға жүректері дауаламай, құр шуласқан шарай топтың алдына елден бұрын мен шықтым!.. Өзімді таныстырдым. Мен - Аңғарбаймын дедім... Жеке Бастың түгін қалдырмай сөктім! Батыл-батыл сынадым. Мұндайға енді жол берілмеуі керек екенін айттым. Тариxтан тағлым алуымыз керек дедім. Өткен замандардағы бетімен кеткендерді еске түсірдім. Бүгінгі кейіпкеріміздің ақылға симас жөнсіз қылықтарынан мысалдар келтірдім.
Түсінбедім... Мына жұртқа, сонымен... әділет керек пе, Аңғарбай керек пе?!..
Менің сөзім қатты әсер етті. Ду-ду қол шапалақтау!..
- Бәрекелді!..
- Сөзім-ақ!..
- Дәл солай!..
- Тусаң ту!..
Көзіне жас алғандар қаншама... Міне, енді шындық жеңді, әділет - айтылды десті. Бұл маған ұнады... Мен қыза түстім... Мен енді тоқтай алмайтынымды сездім... Мен болмашы бірдеңе айтқан сайын қол соғу, овация басталды. Аузымнан шыққан әр сөзім жеке-жеке қошаметке көмілді. Әр ишарам дүрлігіс туғызды. Ақыр соңы, мен әлі ештеңе айтып үлгермей жатып-ақ, аузымды ашқан замат, көздері жанып, құтырынып, қозып алған жұрт отырған орнынан атып-атып тұрып, құлақ тұндырар айғай-ұранға басты...
- Жасасын Аңғарбай!..
- Жасасын! Жасасын! Жасасын!..
Түсінбедім... Мына жұртқа, сонымен... әділет керек пе, Аңғарбай керек пе?!.. Соны сұрамақ едім, алақан соғып, жер тепкілеп, ауыздарынан ақ көбік аға шыңғырып, аяғымды сүймекке саxнаға ұмтылған ессіз қауым сөйлетер болмады...
Басқа амалым қалмаған соң, мен енді аузымды жауып, өзімді осынша құдіретке ие қылған топқа деген шексіз ризашылықпен жымия асқақтап, саxна төрінде, алдыңғы шешеннің қасына барып, үнсіз-тілсіз мелшиіп тұрдым да қойдым... Бірте-бірте тасқа айналып, осы орнымда осылай мәңгі қала беретінімді де ұқтым...
Дәл сол кезде бағана "мынау сөйлесін" деп, мені саxнаға демеп шығарып жіберген еңгезердей қара үңірейіп алға шықты. Залдың гуілі пышақ кескендей тыйылып, тым-тырс болды. Мыңдаған ашқарақ көз ентігіп, ішіп-жеп жаңа шешенге қадалды...
Білдім: мынау... енді мені әшкерелегелі келе жатыр!..
Сезем - бұл да сөзін сол... тариx тағылымынан бастайды...
* * * * *
... Жанымда тұрған жансыз ескерткішке көзім түскен... Еңгезердей қара да ескерткіш боп қатарымызға келіп тұрғанда, Жеке Басқа кенет... бір сәтке жан бітіп, езуіндегі қатып қалған масатты жымиысты сүртіп тастап, мұңды жүзбен: "Солай, жігіттер..." деді күбірлеп. Сосын қатты бір күрсініп, қатып қалған мұздай суық қолымен арқамыздан қақты...
* * * * *
... Үш тас мүсін дәл осы сәтте қолын жігерлене, сермей сөйлеп, ду-ду қошеметке бөленіп жатқан жаңа шешенге мүсіркей қарап тұрмыз...
ПІКІРЛЕР