Accessibility links

"Биік креслоға ауысу" һәм "көзбояу". Назарбаев президенттіктен кеткен екі жылда не өзгерді?


Президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Астанадағы (Нұр-Сұлтан болып өзгертілді) Наурыз мерекесіне арналған шарада жүр. 21 наурыз 2019 жыл.
Президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Астанадағы (Нұр-Сұлтан болып өзгертілді) Наурыз мерекесіне арналған шарада жүр. 21 наурыз 2019 жыл.

Бүгін, 19 наурыз Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кеткеніне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болғанына (20 наурызда уақытша президент болып бекітілді, кейін 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауында жеңімпаз деп танылды) екі жыл толды. Осы аралықта елде қандай өзгерістер болды?

2019 жылы 19 наурыз кешке, жұрт жұмыстан қайтқанда, сағат жетілер шамасында Нұрсұлтан Назарбаев күтпеген жерден халыққа үндеу жасап, президенттіктен кететінін жариялады. Назарбаевтың үндеуінен соң Азаттықтың шұғыл эфиріне келген сарапшының бірі, оппозициялық саясаткер, марқұм Серікболсын Әбділдин "елді 30 жыл басқарған адамның өз еркімен кеткені тарихи оқиға" деп атады. Бірақ Назарбаевтың жұмысын сынап, "қандай мемлекет қалдырғанына әділ баға берілуі керек" деді.

Азаттықтың шұғыл эфиріне шыққан сарапшылар Назарбаевтың президенттіктен кеткеніне таңғалмады. Өйткені кетіп бара жатқан президенттің Қауіпсіздік кеңесі мен "Нұр Отан" партиясының төрағасы болып қала беремін дегені бұған дейін "Назарбаев билікке әсерін сақтап қалады" деп айтылған болжамдарды растап берді. Бұған қоса, ол өз орнын жақын серігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады.

"ХАЛЫҚ КҮТКЕН ӨЗГЕРІС БОЛА ҚОЙМАДЫ"

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар Назарбаев президенттіктен кеткеніне екі жыл болса да, елдегі саяси жағдайға араласып отыр деп санайды.

Тарихшы, профессор Хангелді Әбжанов билік ауысқанда халықтың өзгеріс күтуі қалыпты жағдай, бірақ сол өзгеріс әлі болған жоқ дейді.

– Президент ауысқанымен халық күткендегідей күрт өзгерістер бола қоймады. Халық билік бірінші кезекте жемқорлық пен көзбояушылықты тоқтатса деп армандайды, соны күтті. Бірақ Тоқаев қоғам өмірінде байқалатындай өзгеріс бастаған жоқ. Ол Конституцияда өзіне берілген құқықты толық пайдалану керек еді. Бірақ "кеттім" деген президент одан да биік креслоға ауысып алып, кедергі жасап отырған сияқты, – дейді ол.

Жұрт пікірі: Назарбаев кеткен соң не өзгерді?

"Биліктен кеткені сезілмейді де". Назарбаев кеткен соң не өзгерді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Тарихшының ойынша, Тоқаевтың билікте отырған екі жылы – тарихи кезең тұрғысынан алғанда көп те уақыт емес, бірақ өзгерістерді бастауға жеткілікті уақыт.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің пайымдауынша, Назарбаев "президенттіктен кеттім" дегенде қоғамда біршама эйфория болған, бірақ ол эйфория Тоқаевтың Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы Конституцияға сай келмейтін жарлық шығарған кезде-ақ тоқтаған.

– Бастапқыда Назарбаевтың кеткені қазіргі саяси тоқыраған өмірге жан бітіретіндей көрінді. Көлеңкеде жүрген жаңа адамдар саяси сахнаға шығар деген үміт болған секілді. Жұрт жаңа саяси күштер пайда болуы мүмкін деп биыл қаңтардағы парламент сайлауынан да үміт күтті. Бәрі алдамшы болып шықты. Қазақстанда ешқандай өзгеріс болмағаны Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы жайлы қарарынан көрінді (Қазақстанда адам құқығы жақсармағаны, бейбіт митингіге шыққандар қудаланатыны, елде саяси себеппен сотқа тартылатындар көбейгені айтылады - ред.), – дейді сарапшы.

Видео: Қоғамда Назарбаевтың билікке ықпалы әлі де күшті деген пікір бар. Неге?

Назарбаевтың президенттіктен кеткеніне 2 жыл. Не өзгерді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Парламент сенатының бұрынғы депутаты, саясаткер Зәуреш Батталова – Назарбаев кеткенде айтарлықтай өзгеріс болады деп күтпегендердің бірі. Ол Назарбаев еркін сайлау өткізудің орнына өзі қалаған адамды тағайындап кетті деп санайды. Батталованың сөзінше, президент ауысқан екі жылда саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістер болмаған.

– Тоқаев өзіне бағынатын бірнеше агенттік құрып, іске кірісетін сыңай танытқанымен оның әсері байқалған жоқ. Жаңа билік іске кірісерде экономикадағы қателіктерді анықтап, оларды кім жібергенін айтып, түзеу жолын жариялауы керек еді. Жаңа өзгерістерге бастайтын бағдарлама жасауы керек еді. Олай болмады. Саяси реформа деп дабырайтып айтқанымен шын мәнінде көзбояу болып қалды. Мысалы, парламент сайлауының алдында "Саяси партиялар туралы" заңға "партиялар сайлауға ұсынатын кандидаттардың кем дегенде 30 пайызы жастар мен әйелдер болуы тиіс" деген өзгеріс енгізді. Иә, осыдан кейін партиялар әйелдер мен жастар кандидатураларын көбірек ұсынды. Ал нәтижеде 30 пайыз меже орындалған жоқ. Өйткені ол заңның талабы тек үміткерлерге ғана еді. "Парламенттік оппозиция туралы" өзгерісті де билік өзіне ыңғайлап жасаған. Парламентте оппозициялық партия болуы тиіс дейді де шын мәнінде оппозициялық партияларды тіркемейді, парламентке де өткізбейді, – дейді ол.

"ЕКІ ЖЫЛДА ТОҚАЕВ НАЗАРБАЕВТЫҢ ҮМІТІН АҚТАДЫ"

Тоқаев билік пен халық арасында диалог орнату үшін құрған Ұлттық кеңеске мүше болып, кейін шығып кеткен белсенді Жәнібек Қожық Назарбаев президенттіктен кетсе де, биліктен кеткен жоқ деп санайды.

– Назарбаев президенттіктен кеткенде халықта айтарлықтай үміт болған жоқ. Орнына Тоқаевты ұсынғанда-ақ бұрынғы жүйе жалғаса беретіні түсінікті болған еді. Назарбаев та солай деп үміттенген болар. Меніңше, екі жыл ішінде Тоқаев Назарбаевтың сол үмітін ақтаған сияқты. Оған өзгеріс жасауға мүмкіндік бермей отыр, – дейді ол.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан. 25 қыркүйек, 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан. 25 қыркүйек, 2019 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған саяси жүйені сынап жүрген құқық қорғаушы, "Ар. Рух. Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина "жаңа саяси өзгерістерден әлі де үміттенеді".

– Жақында бір танысым Қазақстаннан неге кетіп қалмайсыз деді. Кететіндер кетті, осы елде өмір сүргісі келетіндер өзгерісті қалайды. Совет кезеңінен қалған ауыр мұраға Назарбаевтың 30 жылдық жүйесі қосылды, оны емдеуге көп уақыт кетеді, – дейді ол.

Төреғожинаның сөзінше, "өзгеріс халықтың өзіне де байланысты, халық мемлекет басқару ісін кімге тапсыратынын өзі шешетінін де түсінуі қажет".

"Назарбаевтарсыз Қазақстан!" деген жазу ұстап, наразылық шеруіне шыққан жастар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
"Назарбаевтарсыз Қазақстан!" деген жазу ұстап, наразылық шеруіне шыққан жастар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Заңгер Руслан Түсіпбеков "президент ауысқанда қарапайым халық өзгеріс күтті. Саяси өзгерістер жасалады, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарады деп үміттенді. Бірақ бұрынғы саясаттан өзгерген ештеңе байқалған жоқ" деп санайды.

– Бір кездері мен де "Нұр Отанның" орталық аппаратында істегенмін. Біздің жұмысымыз биліктің саясатына халықты иландыру болатын. Ал шын мәнінде, қандай өзгеріс болғаны Еуропарламенттің жақында берген бағасынан анық көрінді. Қазақстанда ештеңе өзгермегені бізге ғана емес, шетелге де түсінікті болды, – дейді ол.

"БИЛІК ТРАНЗИТІ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ"

Қазақстандағы саяси жағдайларға болжам жасап жүрген саясаттанушы Талғат Қалиев екі жыл бұрын Назарбаев президенттіктен кеткенде желіде "Назарбаевтың бүгінгі шешімі зор құрметке лайық. Транзит болатынын күттік, оның болмай қомайтынын ұқтық, шынын айтқанда сескенгеніміз рас. Бізде жоғары билік ауысымы дәстүрі мен мәдениеті қалыптаспаған, тіпті оның қалай өтетінін биліктегілердің өздері де білмейді. Көршілер мен ТМД-ның өзге де елдеріндегі жағдайларды көріп, катаклизмнен, сыртқы күштерден қауіптендік. Сөйтіп жүргенде билік транзиті күтпеген сәтте бола салды" деп жазған еді.

Арада екі жыл өткенде Азаттық тілшісі Талғат Қалиевке хабарласып, билік транзиті жайлы пікірін қайта сұрап көрді. Оның сөзінше, Қазақстанда "билік транзиті сәтті жүзеге асқан".

Түркістаннан Кентауға баратын жол бойында тұрған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар билборд. 17 ақпан 2021 жыл.
Түркістаннан Кентауға баратын жол бойында тұрған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар билборд. 17 ақпан 2021 жыл.

– Назарбаев биліктен дер кезінде және өзі кетті. Мәселен, Беларусь, Ресей билігі транзитті тым созып жібергені байқалады, олардағы наразылық соны көрсетіп отыр. Назарбаевты жоғары билікке ықпал етіп отыр деп сынайтындар бар. Бірақ факт – Назарбаев президент емес. Ол қазіргі қызметінің ауқымында ғана билікке араласады. Тоқаевқа берілген президент құзыры өзгерген жоқ. Иә, оның "Назарбаевпен кеңесіп отырамын" деген сөзі бар. Осының бәрі елімізде билік транзиті мәдениеті орныққанын білдіреді. Ешқандай катаклизм болған жоқ, катаклизмсіз билік ауысқанын қаладық, солай болды, – дейді ол.

Кейбір сарапшылар мен белсенділер Тоқаев президенттікке келген соң саяси реформа жасаймын деген уәдесін орындамады деп санайды. Ал Қалиевтің Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларға кіріспеді деуге болмайды деп санайды.

– Тоқаев құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтың саяси құқығына тікелей әсер ететін сайлау туралы, саяси партиялар туралы, бейбіт жиындар туралы заңдарға өзгерістер, "парламенттік оппозиция" ұғымын енгізген. Осы өзгерістер біртіндеп жүзеге асып жатыр. Ұлттық кеңесті сынайтындардың өзі де мұны мойындайды. Ұлттық кеңес қазіргі саяси процестерге ықпал етіп отыр, – дейді Қалиев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG