Киев уақыты бойынша кешкі 20.00-де экзит-полл қорытындысы жарияланды.
Оның нәтижесі төмендегідей болды:
- 43,9% - "Слуги народа" (Владимир Зеленский партиясы);
- 11,5% – "Платформа - За жизнь";
- 8,9% – "Европейская солидарность" (Петр Порошенко партиясы);
- 7,6% – "Батькивщина" партиясы (Юлия Тимошенко партиясы);
- 6,3% – "Голос" (Музыкант Святослав Вакарчук партиясы);
Бұл – Киев уақытымен кешкі 18.00-дегі жағдай бойынша экзит-полл қорытындысы және ол тек партиялық тізім бойынша сайланатын (225) депутаттарға байланысты көрсеткіш.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Жоғарғы Радаға бес партия өткен.
Экзит-полл қорытындысы жарияланғаннан кейін Украина президенті Владимир Зеленский "Слуги народа" партиясы мүшелерін парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, бәріне алғыс айтты.
Парламентке өтуі мүмкін партиялардың бірі "Батькивщина" жалпыукраиналық бірлестік" жетекшісі Юлия Тимошенко дауыс беру кезінде "парламент бірден жұмысына кірісуі қажет, Украина талай рет сынақтан өтті, енді оның қателесуіне құқығы жоқ" деп мәлімдеген. Ол партиясы парламентке өтіп жатса, елдің премьер-министрі болуға дайын екенін жеткізген.
Ал жексенбі күні сайлау учаскесінде ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген Владимир Зеленский бұрын-соңды үкіметті басқармаған, экономикалық білімі бар адам премьер-министр болуы қажет деген. Ол әзірге "Слуги народа" партиясымен бірге коалиция құра алатын партия көріп тұрмағанын айтқан.
"Настоящее время" телеарнасы Украинадағы сайлау учаскелерінен тікелей эфирде хабар таратты:
2014 жылғы парламент сайлауы сияқты бұл жолы да Украинада пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесімен дауыс берді.
Сайлау учаскелерінде сайлаушыларға екі бюллетень берілді. Бірінде - белгілі бір округ бойынша сайланатын кандидаттардың аты-жөні, екіншісінде - саяси партиялар тізімі жазылған.
Бір палаталы Жоғарғы рададағы 450 орынның жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы – мажоритарлық (бір мандаттық) жүйе бойынша сайланады. Бірақ ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Донецк мен Луганск облыстарындағы кейбір аудандарда, сонымен бірге 2014 жылы Ресей өзіне қосып алған Қырым түбегінде дауыс беру өтпегендіктен бұл жолы Радаға 424 депутат сайланады.
Бұл орындардан шамамен алты мың кандидат үмітті: 225 депутат - партиялық тізім бойынша, 199-ы округтерден сайланады. Украинада 225 мажоритарлы округ (Украина шығысындағы барлық округті қосқанда) бар. Әрқайсысынан бір депутат қана парламентке өтеді.
Сайлауға елдегі 22 партия қатысқан. Олар парламентке өтуі үшін сайлаушылардың кемінде бес пайыз дауысын алуы тиіс болған. Көбірек дауыс жинаған партияға парламенттен көбірек орын тиеді.
18 шілдеде жарияланған "Рейтинг" тобының әлеуметтік сауалнама қорытындысы бес пайыздық межеден бес партияның өте алатынын көрсеткен еді.
"Рейтинг" тобының зерттеу қорытындысы:
- 49,5% – "Слуги народа";
- 10,5% – "Платформа - За жизнь";
- 7,7% – "Европейская солидарность";
- 6,9% – "Батькивщина" партиясы;
- 5,9% – "Голос" партиясы.
Елде мажоритарлық жүйе бойынша парламентке өткен кандидаттарды "сайлаушыларды сатып алды" деп жиі сынайды. Сайлау алдында олар әдетте "қайырымдылық шараларымен жиі көзге түсіп", тұрғындарға азық-түлік, ақша таратады, балаларға арналған ойын алаңдарын салады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай әрекеттің жазаланбауы жағдайды ушықтырып жіберген.
"Настоящее время" телеарнасының хабарлауынша, бұл осы аралас жүйемен өтіп жатқан соңғы сайлау болуы мүмкін. 2023 жылдан бастап, ел мажоритарлық және жабық партиялық тізімнен бас тартып, дауыс беруді неғұрлым ашық қылмақ.
Владимир Зеленский мамыр айында президент ретінде қызметіне кірісе сала Жоғарғы Раданы тарататынын мәлімдеген. Ол украиналықтардың парламентке сенімі жоғалғанын айтқан еді.
ПІКІРЛЕР