Accessibility links

Украинада президент сайлауы өтіп жатыр


Дауыс беріп жатқан азаматтар. Киев, 31 наурыз 2019 жыл.
Дауыс беріп жатқан азаматтар. Киев, 31 наурыз 2019 жыл.

Наурыздың 31-і күні Украинада президент сайлауы басталды. Орталық сайлау комиссиясы президенттіктен үміткер 39 азаматты тіркеген. Бұл - бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіш. Ресейде сайлау учаскелері болмағандықтан екі облыс тұрғындары Нұр-Сұлтанға барып, дауыс береді.

Азат Еуропа/Азаттықтың "Настоящее время" жобасы сайлаудан тікелей эфирде хабар таратып жатыр.

Тікелей эфирді көріңіз:

Украинада азаматтар Киев уақытымен таңғы сағат 8-ден бастап дауыс бере бастады. Елде ашылған 30 мың сайлау учаскесі кешкі сағат 8-ге дейін істейді. Ресей аннексиялап алған Қырым мен Киевке бағынбайтын Донбастағы аумақ тұрғындары дауыс беру үшін өздеріне жақын сайлау учаскелеріне баруы тиіс.

Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваков бұған дейін Киевке қарайтын сайлау учаскелерін 130 мыңнан астам полиция қызметкері күзететінін хабарлаған.

Украинаның орталық сайлау комиссиясы 17 ел және 19 халықаралық ұйымнан келген шамамен 2400 халықаралық бақылаушыны тіркеген. Бірақ олардың арасында Ресей азаматтары жоқ. Жоғары рада бұған дейін Ресейді "агрессор мемлекет" ретінде танып, сайлауды бақылау мүмкіндігінен айырған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУ УЧАСКЕСІ

Бұған дейін Киев Ресейде сайлау учаскелері де болмайтынын хабарлаған.

Сол себепті Ресейдің екі облысы Новосібір және Свердлов облысының тұрғындары Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Украина елшілігінде дауыс береді.

"Ресей аумағында сайлау учаскесі болмағандықтан ондағы Новосибирскі және Свердлов облысы да біздің учаскеге қосылған" деді Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскесінің төрағасы Виталий Локтев 31 наурызда Азаттық тілшісіне.

Нұр-Сұлтандағы сайлау учаскесі. 31 наурыз 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы сайлау учаскесі. 31 наурыз 2019 жыл.

Оның айтуынша, дауыс беруге құқығы бар Қазақстан бойынша - мыңнан астам адам, ал Ресей бойынша үш мыңнан астам адам тіркелген. Түскі сағат 11-ге дейін 33 адам дауыс берген. Бұл - Қазақстан бойынша жұмыс істеп жатқан жалғыз сайлау учаскесі. Бүгін ол жаққа келген азаматтар арасында Алматы, Семей, Петропавлдан келгендер болған.

Ресей 2014 жылы Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін екі ел арасындағы жағдай күрт нашарлаған. Сол жылы сәуірде Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында соғыс басталған. Қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Бірақ Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, ол әлі күнге толық орындалмай келеді.

Украинадағы президент сайлауына түсетін жалпы кандидаттар саны – 39. Олардың арасында шоумен Владимир Зеленский, қазіргі президент Петр Порошенко мен оппозициялық "Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимошенко бар.

Әлеуметтік зерттеу халықтың кандидаттар арасында актер Владимир Зеленскийді көбірек қолдайтынын (20,3%) көрсеткен. Одан кейін "Батькивщина" партиясының жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко (13,9%), қазіргі президент Петр Порошенко (13,1%) тұр.

Егер үміткерлердің ешқайсысы сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысына ие бола алмаса, онда сайлаудың екінші кезеңі өтеді. Оған алғашқы кезеңде көбірек дауыс жинаған екі кандидат қатысады. Саясаттанушылар сайлаудың екінші кезеңі өтуі мүмкін деп санайды.

Осымен Украинада жетінші рет президент сайлауы өтіп жатыр.


XS
SM
MD
LG