Accessibility links

Қуғындағы олигархтар мен саясаткерлер. Зеленский кезеңінде Украинаға тағы кімдер оралуы мүмкін?


Украинаның жаңа сайланған президенті Владимир Зеленский ант беру рәсімінен кейін. 20 мамыр 2019 жыл.
Украинаның жаңа сайланған президенті Владимир Зеленский ант беру рәсімінен кейін. 20 мамыр 2019 жыл.

Украинаға еркін кіріп-шығу мүмкіндігіне қайта ие болған Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили жарлық күшіне енген күннің ертесінде Киевке ұшып келді. Украинаның жаңа президентінің сайлануы бұрынғы билік кезінде елден қашқан бірқатар олигархтар мен саясаткерлердің "елге оралу үмітін" қайта оятқандай.

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили мамырдың 29-ы күні Украинаға ұшып келді. Бір күн бұрын елдің жаңа президенті Владимир Зеленский оған Украина азаматтығын қайтарып беру туралы жарлыққа қол қойған.

Михаил Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын алып, Одесса облысының губернаторы болып тағайындалған. Екі жылдан соң елдің сол кездегі президенті Петр Порошенко оны азаматтықтан айырып, 2021 жылға дейін елге келуіне тыйым салған. Соңғы бірнеше айда Саакашвили Еуропа Одағы елдерінде ықтиархатпен тұрып келген.

Михаил Саакашвили өзін күтіп алған жақтастары мен журналистер алдында сөйлеп тұр. Киев, 29 мамыр 2019 жыл.
Михаил Саакашвили өзін күтіп алған жақтастары мен журналистер алдында сөйлеп тұр. Киев, 29 мамыр 2019 жыл.

Зеленский кезеңінде тағы бірнеше саясаткер мен бизнесмен Украинаға оралуы мүмкін.

Президент сайлауының екінші кезеңі өтісімен мамыр айының ортасында бизнесмен Игорь Коломойский Киевке ұшып келді. Порошенко тұсында Игорь Коломойский мемлекеттік "Укрнефть" кәсіпорнын басқару құқығынан айрылған. Кейінірек 2016 жылы қаржы мәселесіне байланысты мемлекет иелігіне өткен елдегі ірі қаржы институттарының бірі ПриватБанктің басшысы қызметінен де алынды. Бұл оқиғаларға дейін банк Коломойскийге қатысы бар "ғұмыры қысқа" делінген фирмаларға бір миллиард АҚШ доллар көлемінде күмәнді несие берген.

Андрей Портнов - 2011-2014 жылдар аралығында елдің бұрынғы президенті, "мемлекетке сатқындық жасады" деп сырттай сотталған Виктор Януковичтің кеңесшісі болған. Майдандағы қанды оқиғалардан кейін 2014 жылдың ақпан айында Портнов Киевтен Мәскеуге кеткен. Дәл осы кезде Қырымда түбекті аннексиялау бойынша ресейлік операциялар жалғасып жатқан. Портнов кейінірек Мәскеуден Венаға қоныс аударды. Онда тағы бір украиналық олигарх Дмитрий Фирташ тұрып жатыр. Оны АҚШ билігі "ақша жымқырды" деп айыптаған.

Мамырдың 19-ы күні Андрей Портнов Facebook-тағы парақшасында Борисполь әуежайында (Киев) түскен суретін жариялап, "бәрі енді басталады" деп жазып қойған. Киевке келгенге дейін ол Венада олигарх Коломойскиймен кездескен.

Мамырдың 29-ы күні "Укртранснефть" компаниясы басқармасының бұрынғы басшысы Александр Лазорконың Украина ішкі істер министрлігінің іздеудегі азаматтар жайлы дерек қорынан алынғаны белгілі болды. 2015 жылы Украинаның қауіпсіздік қызметі оған қарсы тергеу амалдарын жүргізе бастаған. Сол кезде Лазорко "магистральді құбыр желісінен мұнай ұрлау схемасын ұйымдастырды" деген күдікке ілінді. Лондонда тұрып жатқанына шамамен үш жыл болған Александр Лазорко бұған дейін Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған. Бірақ соңғы өзгерістерге қарағанда оның да елге оралуына мүмкіндік пайда болған сияқты.

Тағы бір қуғында жүрген азаматтардың бірі - Жоғарғы Раданың депутаты Александр Онищенко. Өткен аптада ол өзінің үстінен қозғалған іс бойынша Украина соты алдында жауап беруге дайын екенін мәлімдеді. Алайда сәрсенбі, мамырдың 29-ы күні Онищенко соттың эпизодты жеке өндіріске алғанын, сондықтан елге әзірге келмейтінін хабарлады. Онищенко - "газ ісі" деген атпен белгілі іс бойынша айыпталушы. Ол елден 2016 жылдың жазында қашып кеткен.

Украинаның төртінші президенті, елде "мемлекетке сатқындық жасағаны" үшін 13 жылға сырттай сотталған Виктор Янукович Зеленский жеңісінен кейін Украинаға келгісі келетінін мәлімдеді. Бірақ заңгері Виталий Сердюк оның сот үкімінің күші жойылса ғана Украинаға оралатынын айтқан. Виктор Януковичтің Мәскеу түбіндегі Переделкиноға жақын саяжайда тұрып жатқаны айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG