Алматыда қоршауға алынған белсенділерге жедел жәрдем қызметін шақырды.
Жедел жәрдемді жүкті әйелге және қатты тоңып қалған белсендіге шақырған. Оларды арнайы жасақ сарбаздары түстен бері шеңберге алып, сыртқа шығармай тұр.
"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі Әсем Жәпишева әкімдік қызметкерлерінің келіссөз жүргізгенін, "екі-үштен шығару туралы талап қойғанын", бірақ оған келіспегенін айтты. "Шықсақ бәріміз бірге шығамыз. Құқық қорғаушыларды бізге жібермей жатыр. Маған және үсіп қалған бірнеше адамға жедел жәрдем шақырды" дейді ол.
Алматыда наразылыққа шыққандарды қоршауға алған полиция оларды бірнеше сағат бойы ұстап тұр
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің хабарлауынша, Алматыдағы Республика алаңында наразылыққа шыққан адамдардың бірнеше сағат бойы полиция қоршауында тұрғанын хабарлады. Оның сөзінше, бейбіт жиынға шыққандар екі жерде қоршалған, біріне 15 адам, бірінде 20 адам. Құқық қорғаушы полиция қоршауына алынғандардың арасында жүкті әйелдің барын айтады.
"Ұсталғандар (полиция мені табандылықпен жоққа шығарып отыр) қоршауда әлі тұр. Олар шеңберге 12:30-13:00 шамасында алынғаны айтады. Далада ауа температурасы -2 градус, -4 градус болып сезіледі. Сағат 18:00-ге бейбіт шеру қатысушыларын қоршауға алған полицейлер 8 рет ауысқан" деп жазды Чернобиль Facebook-те.
ОСК: Сағат 18:00-ге сайлаушылардың 58,2 пайызы дауыс берді
Қазақстан орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Нұр-Сұлтан уақыты сағат 18.00-ге қарай сайлаушылардың 58,2 пайызы дауыс берген. 18 миллион тұрғыны Қазақстанда 11,9 сайлаушы тіркелеген. Олар 10 060 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр.
Аймақ бойынша дауыс беру көрсеткіштері мынадай:
- Ақмола облысы бойынша – 65,1 %
- Ақтөбе облысы бойынша – 52,4 %
- Алматы облысы бойынша – 66,5 %
- Атырау облысы бойынша – 51,1 %
- Батыс Қазақстан облысы бойынша – 57,7 %
- Жамбыл облысы бойынша – 68,3 %
- Қарағанды облысы бойынша – 65,2 %
- Қостанай облысы бойынша – 69,1 %
- Қызылорда облысы бойынша – 67,9 %
- Маңғыстау облысы бойынша – 49,1 %
- Павлодар облысы бойынша – 64,5 %
- Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 69,8 %
- Түркістан облысы бойынша – 59,9 %
- Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 67,2 %
- Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 44,0 %
- Алматы қаласы бойынша – 27,7 %
- Шымкент қаласы бойынша – 53,2 %
Оралда жиырмадан астам адамды ұстап әкетті
10 қаңтар күні Орал қаласының орталық алаңында полиция жиырмадан астам адамды ұстап әкетті. Олар "әділетсіз сайлауға" наразылық білдіруге келген. Наразылардың ұсталғанын Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті растады.
— Маған Абай алаңында 25-ке жуық адамның жиналғанын хабарлады. Олар елімізде бүгін өтіп жатқан сайлауға қарсы шықпақ болған қала тұрғындары, бейжай қарамайтын азаматтар. Сайлау таңдаусыз, әділетсіз өтіп жатыр, — деді азаматтық белсенді Бекболат Өтебаев Азаттыққа телефон арқылы.
2-топ мүгедегі Өтебаев бейбіт жиынға қатысқысы келгенін, бірақ денсаулық жағдайына байланысты қатыса алмағанын айтты.
Полиция департаментінің хабарлауынша, 21 адам ұсталған.
ПІКІРЛЕР